ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНДАРЫНА ТАҒЗЫМ
Саяси сахнада қаралы уақыт деп аталатын қуғын — сүргін елімізді түрлі сынақтарға жетеледі. Біз бұл күні қаралы дата деп атап өтіп, оңай айта салғанымызбен, оның түбінде үлкен қайғы-қасірет жатыр.
Ерлер есімін ардақтап, жастарға насихаттау мақсатында мамырдың соңғы күнінде аудандық кітапхананың «Коворкинг» орталығында «Сарысудағы саяси қуғын-сүргін құрбандары мен қазақ зия-лылары» атты дөңгелек үстел жиыны өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Есмаханов, аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков, қуғын-сүргін құрбаны болған Иманов Жантөре ағаның ұрпағы, Сарысу ауданының Құрметті азаматы Тыныштық Бектөреева, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі Пернебай Дүйсенбин, КСРО Журналистер Одағының мүшесі Бергентай Нұрмаханов, ҚР Журналистер Одағының мүшесі Диханбай Ақділда, аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Жақсыбек Дәулетбаев, еңбек ардагерлері Марқаш Мизенбаев, Болат Үсенбаев, айтыскер ақын Талғат Құсайынов, қуғын-сүргін құрбаны болған Сармолдаев Ақмедия ағаның ұрпағы Бақыт Сармолдаев, этнос өкілдері, жастар және кітапхана оқырмандары қатысты.
Жиын барысында аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Нұрғалиұлы сөз сөйлеп, қуғын-сүргіннің зардаптарын ұмытпау, қоғам қайраткерлерінің еңбегін жастарға сіңіру керектігін айтты. Жазушы Пернебай Дүйсенбин мен Бергентай Нұрмаханов қуғын-сүргіннің тарихына кеңінен тоқталып, талдау жасады. Қуғын-сүргін құрбанының ұрпағы, Сарысу ауданының Құрметті азаматы Тыныштық Бектөреева, неміс ұлттық-мәдени орталығының жетекшісі Лилия Вайс ата-бабаларының басынан өткен зобалаң жылдар туралы естеліктер айтып, енді мұндай зұлмат күндердің болмауын тіледі.
Жиынды аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков қорытындылады. Мағынаға толы жиынның барысында аудандық мәдениет үйі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен тақырыптық көрініс көрсетіліп, мәдениет үйінің қызметкері Ж.Абдрахманов «Біздің елдің жігіттері», айтыскер ақын Талғат Құсайынов » Самалтау» әндерін орындады.
Туған топырағын тастап Қазақстанға келген халықтарға пана болып, барымен бөлісті. Біздің ауданымызда да тарихи Отанынан еріксіз қоныс аударған өзге ұлт өкілдері тұрып жатыр. Тәуелсіздік алғаннан кейін көптеген ұлт өкілдері өздерінің тарихи Отанына қайта көшті.
Бүгінде ауданда тұрып жатқан ұлттар мен ұлыстар мәдени орталықтарға бірігіп, ауданның тыныс-тіршілігіне, аудан өміріне белсене араласып келеді. Біздің халық қуғын-сүргін кесірінен жазықсыз жапа шеккен қайраткерлердің есімдерін еске алу, олардың рухтарына құрмет көрсетуді әр уақытта да есінен шығарған емес. Бұл — тарихтан тағылым алып, биік мақсат – «Мәңгілік Елге» бет алған ұлы халықтың ұлағатты ісі.
Самат Тоқбанов,
«Sarysý»