РӘМІЗДЕРІМ-РУХЫ БИІК АЙБЫНЫМ!

0

4 маусым күні Қазақстанда Мемлекеттік рәміздер күні аталып өтеді. 1992 жылы ең алғаш рет тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік рәміздері тағайындалды. Бұл күн еліміздің тарихында мемлекеттік нышандар күні болып қалады.

Мемлекеттік рәміздер -мемлекет негізінің мызғымас бір бөлігі. „ҚР Президентінің жарлығына толықтырулар енгізу туралы” 2007 жылғы 4 маусымдағы ҚР Президентінің жарлығына және „ҚР кәсіби және басқа да мейрамдары туралы” 1998 жылғы 20 қаңтардағы жарлықтарына сәйкес 4 маусымда Республикада мемлекеттік рәміздер күні тойланады.

Қазақстан Республикасында Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік Гимн мемлекеттік рәміздер болып табылады.

Қазақстан байрағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы -ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек нақышталған тік жолақ көктеп өтеді. Күн, шұғыла, қыран және өрнек бейнесі алтын түстес. Тудың ені мен ұзындығының қатынасы- 1:2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы мен оның бейнесі, көлемдеріне қарамастан, Қазақстан Республикасы Президентінің Резиденциясында сақтаулы тұрған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы эталонының түрлі-түсті және сызба бейнелеріне дәлме-дәл сәйкес келуі тиіс.

Қазақстан елтаңбасы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасында көгілдір түс аясында шаңырақ (киіз үйдің жоғарғы күмбезі тәрізді бөлігі) бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған, оны аңыздардағы пырақтар қанаты көмкеріп тұр. Елтаңбаның төменгі жағында «Qazaqstan» деген жазу бар. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы көшірме бейнесі, көлеміне қарамастан Қазақстан Президентінің Резиденциясында сақтаулы тұрған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы эталонының түрлі-түсті немесе ақ-қара бейнесіне дәлме-дәл сәйкес келуі тиіс.

Еліміздің барша азаматтарын бүгінгі атаулы мерекемен шын жүректен құттықтаймыз!

М.ҮРКІМБАЕВ,

Сарысу аудандық

сотының төрағасы

Еліміздің бойтұмары

Әр халықтың айбынын асқақтатып, жанына рух беретін, елдің елдігін, мемлекеттің мәртебесін айқындайтын бірегей белгісі – мемлекеттік рәміздер. Мемлекеттік рәміз – халқымыздың тарихынан сыр шертіп, ғасырлар қойнауынан белгі беріп, өткеніңнен тағылым танытатын тәуелсіздіктің тұмары емес пе? Себебі, Рәміздеріміз – Ту, Елтаңба және Гимн – тәуелсіз еліміздің дербестігін әлемге танытып қана қоймай, өткені мен бүгінін жалғастырып, болашағымен сабақтастырады. Демек, Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың рухын, ұлттық санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа деген үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер.

Кемел келешекке керуен түзеп, болашаққа батыл қадам жасаған Отанымыздың ғұмырнамасында дамуы мен демократиялық құндылықтарының қалыптасуы қатар жүріп, мемлекеттік рәміздеріміз тұғырына нық орнап, мәртебесі артты. Мемлекет басшысының тың идеясымен елімізде жүзеге асып жатқан реформа – мемлекетіміздің іргетасын нықтай отырып, жыл санап әлемдік қауымдастықтар алдында беделін нығайтумен қатар танымалдығының артуына негіз болды. Теңдіктің тірегі, елдің жүрегі болған рәміздеріміз әрбір қазақстандықтың мақтанына, ардақтап, қастер тұтар құндылығына айналды.

Мемлекеттік рәміздеріміз – қазақ елінің өзіндік өмір салтын, тарихы мен тағдырын, болмысындағы ерекшелігін, ұлы мақсатқа ұмтылысын, өзгелермен қарым-қатынас орнатудағы бейбіт мұратын айқын бейнелейтін құнды құжаты. Халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын бейнелейтін ерекше құнды белгілерді құрметтеу, насихаттау – әрбір Қазақстан азаматының міндеті!

Бәріміз бір Тудың астына жиналып, Қазақстан атты ұлы мемлекетте өмір сүріп жатқандықтан, мемлекет ортақ болғандықтан, мемлекеттік тіл мен мемлекеттік рәміздер де Қазақстанды мекендеген әрбір ұлтқа ортақ болуы керек. Себебі, Қазақстанның рәміздері мен мемлекеттік нышандары ұлтқа бөлінбейді, барлық ұлтқа ортақ белгілер. Сондықтан, сіз мейлі қазақ болыңыз, мейлі орыс, түрік не неміс болыңыз, қай ұлт өкілі болсаңыз да, Қазақстан азаматысыз. Демек, мемлекет мүддесін қорғау, оны қорлауға жол бермеу – әрбір азаматтың айнымас борышы. Әр ел мемлекеттік рәміздерін құрметтеп, онымен мақтана білуі керек. Тәуелсіздігіміздің тұмарына айналған мемлекеттік рәміздеріміз болашаққа бастаған ұлы көшімізді демеп, игі істерімізді қолдай берсін! Қазақстан Туымен тұғырлы,  Елтаңбасымен еңселі,  Әнұранымен айбарлы!

Әрдайым еліміз тыныш, халқымыз аман, Елтаңбамыз төрімізде жарқырап, Әнұранымыз шарықтап, Туымыздың мәртебесі биік болсын.

Т.КЕНЖЕБАЕВА, Абай атындағы орта мектептің директоры

Leave A Reply

Your email address will not be published.