ӨЗЕКТІ ӨРТЕР ШЫНДЫҚ

0

Көктемнің соңғы айы мамырдың 31-ші жұлдызы күллі қазақ елі саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алады. Осы күні аудан тұрғындары жазықсыз жапа шеккен ата-бабаларымызды еске алу мақсатында «Даңқ» монументі жанында митингі өткізді. Митингіге аудан әкімінің орынбасарлары, еңбек ардагерлері, аудан әкімдігінің бөлім басшылары  мен қызметкерлері қатысты.

Шарада аудан әкімінің орынбасары Қайрат Аманов «Жиырмасыншы ғасырдың отызыншы жылдарындағы жаппай саяси қуғын-сүргін миллиондаған адамға қайғы-қасірет әкелді. Халқымыз тұлғалы азаматтарынан, зиялы қауым, мәдениет өкілдерінен, ірі қоғам қайраткерлерінен айырылды. Қазақтың көрнекті перзенттері -Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мағжан Жұмабаев, Бейімбет Майлин және басқа да көптеген саңлақтарымыз «қызыл қырғынның» құрбандары болды.

Боздақтар қатарында Сарысу топырағынан   шыққан   жерлестеріміз     Әшір        Бүркітбаев,     Жанайдар     Садуақасов, Бәкен Серікбаев, Дінмұхаммед Әділов сияқты ел ардақтылары да бар еді. Арыстарымыздың қанымен, аналарымыздың жасымен жазылған ол кезең тарихымызда өшпес дақ болып қалды. Олардың есімдерін есте сақтау, ұлықтау,  аза тұту – ұлтымыздың ұлы тұлғаларына көрсетілген үлкен құрмет!»-деді. Мұнан соң сөз кезегін алған аудандық мәслихаттың төрағасы Шаттық Мұсабеков тарих парағындағы қаралы  жылдарды еске алып, ұлт тағдыры үшін күрескен зиялылардың еңбегі мен ерлігін ұрпаққа дәріптеу құрбандардың рухына жасалған үлкен тағзым екенін айтты. Митингіге қатысушылар қуғын-сүргін құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алып, белгітасқа гүл шоқтарын қойды.

Еске алу рәсімі Саудакент ауылында да өтіп, аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Есмаханов зобалаң жылдардың құрбаны болған қоғам қайраткерлерінің тағдырына тоқталып, халқымыздың бастан өткерген адам төзгісіз қиындықтарын айтып, елімізде тыныштық болуын тіледі.

Еске алу рәсімінде ауданның Құрметті азаматтары Басие Абдрахманов, Алтын Досжанова ата-апаларымыз сол заманда аталары көрген қиындықты айтып, бейбіт уақыттың қадірін білуге шақырды. Шара соңында саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш тақтасына гүл шоқтары салтанатты рәсіммен қойылды.

Камели Сүлейменова, «Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.