Сарысу ауданы әкімінің міндетін атқарушы С.Мамытовтың Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтауы
Құрметті аудан тұрғындары!
Сіздерді елдің елдігін, мемлекеттің мәртебесін айқындайтын бірегей белгісі – Мемллекеттік рәміздер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Рәміздеріміз – Ту, Елтаңба және Гимн тәуелсіз еліміздің дербестігін әлемге танытып ғана қоймай, өткені мен бүгінін жалғастырып, болашағымен сабақтастырады.
1992 жылдың 4 маусымында жас әрі тәуелсіз мемлекет Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері бекітілді.
Міне, сол жұлдызды сәттен бері рәміздерімізге 31 жыл толып, тарих беттеріне алтын әріптермен қалатыны сөзсіз. «Туы биік елдің — тұғыры биік» деген дана халқымыз.
Бүгінде, жастарымызға патриоттық тәрбие беру, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыру мақсатында ауданда да әртүрлі мәдени-көпшілік және ұйымдастыру шаралары да жүргізілуде.
Өткізілген барлық қоғамдық-саяси, салтанатты іс-шаралар мен спорттық жарыстар Мемлекеттік Гимннің орындалуымен ашылып, көк Туымыз көтеріліп, ел рәміздері ұлықталуда.
Яғни, Әнұранның орындалуы мен Көк байрақтың көтерілуі жастар бойындағы елге, жерге, Отанға деген сүйіспеншілігін оятып, патриоттық сезімдерін нығайта түсуде.
Құрметті жиналған қауым!
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Елтаңба, Ту, Әнұран-Тәуелсіздігіміздің бас-ты құндылықтарының көрінісі, бейбітшіліктің, бірлік пен келісімнің, өсіп-өркендеудің белгісі», – деп айтқанындай, аспан түстес Көк Байрағымыз асқақтап, тұлпар тұрпатты Елтаңбамыз жарқырап, Гимніміз шарықтап, Тәуелсіздігіміз нығая берсін!
Әрдайым еліміз тыныш, халқымыз аман, туымыздың мәртебесі биік болсын!
Мемлекеттік рәміздер-ұлт мақтанышы
Қадірлі жерлестер!
Сіздерді Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Еліміздің егемендігін, мемлекеттілігін айқындайтын басты құндылықтар ол — елдің шекарасы, астанасы және мемлекеттік рәміздері. Ұлтаралық татулық пен бейбітшілікті насихаттау жолында және мемлекетіміздің әлемдік деңгейде танылуына төл нышандарымыздың атқаратын қызметі айрықша.
Мемлекеттік рәміздер -халқымыздың ұлттық санасын, қаһармандығы мен даналығын жеткізетін ерекше құнды белгілер. Еліміздің тарихын, тәуелсіздігімізді айғақтайды.
Күн астында қалықтаған қыран бейнелі көк Ту еркіндікті сипаттаса, алтын қанатты қос тұлпар арасындағы шаңырақ-бірліктің бейнесі ретінде елімізді мекендейтін барлық халықтың ортақ қонысы екендігін білдіреді.
Көк Ту астында берекелі бірлігіміз бен тату тірлігіміз, Әнұранымыз бен жетістігіміз дүниежүзіне танылуда.
Тәуелсіз Қазақстанның Көк Туы экономикалық және достық қарым-қатынас орнатқан көптеген шетелдерде желбіреп тұр. Еліміздің ежелден аңсаған тәуелсіздігіне қол жет¬кізіп, қазақ ұлтының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының қайта жаңғыруы, мемлекеттік рәміздердің бекітілуі болашақ дамуға бет алған егемен еліміз үшін ерекше құбылыс. Тәуелсіздіктің тұмарына айналған мемлекеттік рәміздерді қадірлеп, құрмет тұту – әрқайсымыздың қасиетті борышымыз.
Ардақты ағайын!
Тәуелсіздігіміздің алтын күмбезі саналатын мемлекеттік рәміздердің мәртебесі арта берсін. Еліміздегі тыныштығымыз бен бірлігіміз бекем болсын. Сіздерге зор денсаулық, отбастарыңызға бақыт-береке тілеймін.
Әнұранымыз әрбір қазақстандықты бірлік пен татулыққа үндей берсін. Бірлігі жарасқан тәуелсіз еліміздің қасиетті Туы мәңгі желбіресін!
Ш.Мұсабеков, аудандық мәслихаттың төрағасы