Қанаттарың талмасын!

0

Соңғы қоңыраудың үні сыңғырлап соғылып, алтын ұя мектеп бізбен қоштасуда. Ия бұл 11 жыл бойы естіген қоңыраудың соңғысы. Осы кезде расында көңілге қимастықтың оты алаулап, сағыныштың лебі еседі. Кешегі қызықты күндердің бәрі естелік болып қалады. Алда енді даңғыл жол күтеді. Үлгілі оқушыдан білімді білімгер болуға бір қадам тұр. Алтын ұямның берген білімінің арқасында алдағы кедергілерден мұқалмай өтеріме сенемін. Осы орайда, балалық шақты бірге өткізген сыныптас — түлектерге айтарым әрқашан жоғары оқу орындарының білікті білімгері болайық. Мектебіміздің есімін тек  жақсы жақтардан көрсетейік. Себебі біздің жолымыз — дара жол. Құрметті ұстаздар, бізге соншалықты махаббатты арнап, қуанышқа қауышуда еткен еңбектеріңіз үшін алғысым шексіз. Біз Сіздерді ұмытпаймыз. Ұстаз деген ұлы есімді әрқашан ұлықтап жүреміз. Сіздерге бар жақсылықты тілеймін.

Аяулым Ыдырыс, Абылай хан атындағы мектеп лицейінің 11-сыныбының түлегі

Міне, алтын ұя мектебімді аяқтап, арманға аттанып жатырмын. Сағымдай жылдам өткен уақытта мектепке деген қимастық пен ыстық сағыныш қалды. Алдағы мақсатым — жоғары оқу орындарында озат шығып, үлгілі студент атану. Осы жолда адаспай, ата — анамның үкілеген үмітін ақтауда аянып қалмаймын. Алтын ордам- мектебімнің үнемі жақсы атын шығарып, әлі талай биіктерді бағындырамын. Мықты маман болуда мектептің берген тәрбиесін санама құйып, есімнен бір сәтке де ұмытпаймын. Мен мектебімнің ең үздік түлегі атануға сенемін. Себебі, оқуды үздік аяқтап, қызыл аттестатқа қол жеткіздім. Бұл бір ғана белесті бағындырғаным. Алда күрмеуі терең жол күтіп тұр. Арманға жетуде, сынақтардан сүрінбей жеңіске жетуде бар күшімді саламын.

 

Айнұр Сағатова, Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясының

11 «А» сыныбының түлегі.

Тарыдай болып кіріп, таудай болып шығатын ыстық ұя — мектепті аяқтап, үлкен мақсаттарға қадам басып жатырмын. Мектеп деген  бір сөзбен айтқанда, ұлы кеме, білімнің мұнар шыңы мен таусылмас азық. Білім нұрын беріп, шуағын төккен ұстаздарымның еңбегін ақтап, ұятқа қалдырмауды өзіме басты міндет еттім. Сол мақсатқа жетуге барымды саламын. Қанатты қатайтып, сынақтардан сүріндірмеген мектебімді сағынамын, қимастық та бар. Кеше ғана табалдырықтан имене кіріп, ақ қағаздай кіршіксіз көңілге білім нәрін алғаш сусындатқан ұлы ұямның бүгінде бітіруші түлегіне айналып отырмын. Осы орайда, өзіммен қатар  бітірген замандастарыма тілерім ақ айдында қанаттарың талмасын! Қашан да мектептің үлгілі түлегі болып қала берулеріңе тілек білдіремін.

Мейірбек Ернұр, М. Әуезов атындағы мектеп-гимназиясы, «Алтын белгі» үміткері

Сәт сапар, жас түлек

Қызығы мен шыжығы мол мектеп кезеңі 11 жылда артта қалып, алда үлкен даңғыл жол ашылды. Балалық шақпен басталып, жастықтың буы ұрып тұрған жалынды кезге жалғасқан білімге баулитын оқу орындарында сансыз армандар тосып тұр.

Табалдырығын мектептен аттап, жауапты өмірге қадам басқан сәтте ҰБТ-дан жоғары балл жинағандар талапқа сәйкес келген оқу орындарына грантқа оқуға түседі. Грантқа өте алмағандар ақылы түрде университет қабырғаларына және колледждерге құжаттарын тапсырады. Енді бірі әскерге барып, Отан алдындағы асыл борышын өтеп қайтса, кәсіпке икемі келгендер кәсіптерін дөңгелетіп несібесін адал табыстан табады. Осы орайда, қалғаны не істейді деген сұрақ туындайды. Сандарды сөйлетсек, биыл ауданда 379 оқушы 11 сыныпты  тәмамдағалы жатыр. Бұл аудан үшін аз көрсеткіш емес. Жоғарыда айтқандай, оқуға түсе алмағандар немесе жұмыс жасай алмағандар NEET санатындағы жастардың санын толықтырып, жұмыссыздық санын арттыратыны белгілі. Ал, жұмыссыздық арты құқықбұзушылыққа алып келеді. Қоғамға теріс пікір қалдырып, өкпесін білдіретіндердің дені оқуын аяқтамай қоғамнан тыс қалған жастар. Қазіргі таңда, түрлі мемлекеттік бағдарламалар ізденемін, оқимын деген жастарға мол мүмкіндік ашуда. «Жастар практикасы», «Бизнестің жол картасы», «Серпін» сияқты тиімді жобалар тұрғындарға, әсіресе жастарға берілген үлкен көмек. Тек құлық танытып, құрыққа бой алмай, болашақты бағдарлай білу қажет. Жастарға арналған бағдарламалар бойынша «Жастар ресурстық орталығы» КММ-сі кешенді жоспар бойынша мекемелермен бірігіп түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді.

Біздің ойымыз сол 379 оқушының барлығы өз жолын тауып, тұрақты жұмысқа орналасса деген ниет. Әйтпегенде адам мен адам таласып дамып жатқан уақытта қолжетімді мүмкіндіктерден құр қалу — бұлыңғыр болашақтың белгісі екенін естен шығармау керек.

Сонымен, санаулы күндерден соң соңғы қоңыраудың сыңғырлаған үні соғылып, жарқын келешекке ұмтыл деген белгі береді. Студенттік шақтың бал қызығына бөленіп, таласа жүріп оқығанға не жетсін! Серпіліс пен асқан жауапты сәтте қажет ететін уақытта мамандық таңдаудан қате кетпеу керек. Себебі, мамандығың-өмірің. Ал, өмірді дұрыс сүруді қазірден бастап қалыптастыру керек. Мемлекет мейлінше, қолдау көрсетіп жатқан кезде қалт жібермей қарманып қалуға ұмтылу қажет. Ендеше, барлық түлектерге жоғарғы оқу орындарына түсуде сәттілік серік болсын деп тілек білдіреміз. Ақ айдында жолың болсын, жас түлек!

Самат Тоқбанов,

 «SARYSÝ»

“Маған жақсы мұғалім бәрінен қымбат, өйткені мұғалім-мектептің жүрегі”

Ауыл. Ауылдың қақ ортасында қызыл кірпіштен қаланған екі қабатты Коммунар сегіз жылдық мектеп.  Мектептің есігін ашпаған азамат бар ма екен?… Жоқ, әрине. Сол алтын ұяда әліппемен танысып, балалық шақтың ең қызықты кезеңін өткіздік.

Кез келген мектептің тарихы кірпіші қаланғаннан туады, қалыптасады, дамиды және бірге жасайды екен. Мектеп бұл ерекше ғажап орын, ал ондағы мұғалім – сенің балалық шағыңның куәсі. Өмірдегі табыстың кілті-мұғалімнің ақыл парасатына ғана емес оның жүрек жылуына, жан дүниесіне де байланысты деп ойлаймын. Тура қазір абыр –сабыр болып жатқан ауыл елестеп отыр. Азанымен тұра сала беті-қолды жуар-жумас қорадағы малды өріске қосамыз. Анаңның ұйытып кеткен айранын күбіге құйып, бір-екі рет пісіріп қойсаң сабақтан келгенде май шығару жеңіл болатын. Біздің үй мектепке қарама-қарсы еді, жолдың екінші бетінде. Таң қылаң бере әкем марқұм ерте тұрып бірден терезе перделерді ашып, күннің сәулесі үйге түсіп тұрғанды жақсы көретін. Пердені ашып жатып анам марқұмға жәй ғана сыбырлап «тұр екенсіз ғой» дейтін. Сондағысы  жолдың қиылысында  үнемі  ауылдың тыныс-тіршілігін бағдарлап, бақылап тұрған мектеп директорының сұлбасы. Сабырлы, әділ, мейірімді, ерекше жаны жайсаң адам еді. Бойы ұзын болып көрінетін көзіме сом денелі, иықты, өзі көрікті еді. Мүшбай Абишев ағай үшін  үйі де, отбасы да, жеке басының бақыты да мектеп еді.

Мектепке кіре-беріс қақпа алдында  кішкене көпір бар еді, «ақыл көпір» деуші едік. Себебі кешке жастар сол жерге жиналып гитара тартып, ән айтатын. Үнемі сенбілік жасап арықтардың  ішін қоқыстан тазалайтынбыз. Қақпадан кіргенде оң жағында  Жеңіс күніне арналған «Мәңгілік алау» ескерткіші бар еді. Гүлдер мен ағаштардың арасындағы арам шөптерді жұлып, су құйып, ақтаушы едік. Сол ескерткіштің жанында пионер қатарына  ант қабылдап, алғашқылардың қатарында тұрған едім. Мектептің тазалығы ерекше еді, жан-жағы түрлі гүлдер, үлкен жеміс ағаштары, іші түрлі әдіспен безендіріліп тұратын. Осы істердің жанында жүретін Әскербек Жұматаев ағайдың еңбегін ұмытуға болмайды.

Ата-анамның «Білімді бойыңа сіңіру үшін мұғалімнің айтқанын қабыл алып, аса құрметпен  қараңдар» дегені есімде.Тура жарты ғасыр бұрын мектептің есігін айқара ашып, өз оқушыларын қарсы алған  Тілеукүл (Оңласын) Түсіпбаева апайды сағынышпен еске алып отырмын. Өзі көп сөйлемейтін, салмақты, ер мінезді кісі. Сырттан  қатал болып көрінетін, бірақ сол бейненің арғы жағында бізге деген мейірімі сезіліп тұратын. Әр оқушының қабілетін, мінез-құлқын, тұрмыс –тіршілігін жетік білетін. Сыныпта  сабақты тартысып оқитын оқушылар саны басым болатын. Үзіліс кезінде ойнап жүріп біреу-біреуді тиіп қалса болды жүгіріп барып «Апай, ананы қараңызшы» деп қанша мазалап жатсақ та  жай ғана зекімей ұлдарға «оның не, ұят емес пе?» деп қыздарға жақтасып қоятын. Дене шынықтыру сабағы әлі есімде. Бізге «Ақсерек пен Көксерек» ойынын ойнатушы еді. Ал қыстың күні мектептің артқы жағында орналасқан алаңқайда міндетті түрде аққала жасап, қолдан тоқылған қолғаптың бәрін су-су етіп ішке кіргенімізде жаппай шешіп алып кептіріп қоятынсыз. Тағы бір есіме түсіп отырған жер ол мектеп жанында балабақша бар еді. Бақшаның артқы жағында мен үшін сол кезде көп болып көрінетін, ал қазір ойласам санаулы ғана талдар. Ұлдар сол жерге барып «ләңгі» ойнайтын.

Әрқайсымыздың қолымызға қаламсап ұстатып, жазу жазудың тәртібін байыппен түсіндіретін. Жұмыс үстелінің  үстінде басы артық зат тұрғанды ұнатпайтын. Сол кезде таза ағаштан сүрлеп жасалған ауыр партаның астына қалбырдағы түрлі-түсті мәмпәсиді сабақ үстінде апайға көрсетпей бір-бірден аузымызға салып сорып отыратын әдетке салып, мен қақалып қала жаздағаным есімде.

Сыныпта қалыптасқан тағы бір жайт тақта сүртетін шүберекті арнайы ортасына мақта салдырып, қолмен өзімізге тіктіріп алдырушы едіңіз. Сабақ оқымай, үй тапсырмасын орындамай келген оқушыны  апай қалай біліп қояды деген сұрақ бастауышты бітіргенше мазалағанына  қазір күлкіңді келтіреді. Мектеп формасы ерекше еді. Мереке күндері алмалы-салмалы ақ жаға, ақ жең, ақ фартук киетінбіз. Бантикті міндетті түрде тағамыз. Оңласын апайдың айтқаны біз үшін заң-етін. 1-мамыр парадқа қызыл түсті белдемше киіп келіңіздер деген тапсырма келді. Үйде анам марқұм 40 күндік сессиясына Алматы қаласына кеткен ( сырттай оқушы еді). Сонда әкеме жылап тұрып алдым. Сасқанынан үйдің тура түбінде тұрған бағанаға  іліп кеткен қызыл матаны алып, ( жалауша)  екі жағын қызыл жіппен қолымен көктеп,  беліне резинка салып бергені есіме түсіп, әкемнің жоқтан бар жасап қатардан қалдырмай өсірген өмірлік азығы ол бізге берген жақсы тәрбиесі деп білем.

Көзімді жұмсам болды кішкене тап-таза бөлмедегі Оңласын апай, қатар түзеген қоңыр партада отырған сыныптастарым. Қандай қуанышты, бақытты сәт! Тақта алдына шығып, тапсырманы орындап келсең апайдың бойын ерекше қуаныш билейтін. Кей кездері апай қуанып қалсын деп те оқыған күндеріміз болды. Сіздің мінез-құлқыңыз, даусыңыз, жүріп-тұру мәдениетіңіз шынайы, барлығы табиғи болатын. Әдеп-дағдыңызбен, шеберлігіңізбен әрқайсымыздың жүрегімізге жол таба білдіңіз. Менің арманым мұғалім болу еді. Сол арманым үшін мектебімнің ұстаздарына мың алғыс, рахмет.

Орны толмайтын биік, өз ісіне адал, абзал атқа лайық  болған сол жылдары қызмет еткен ұстаздарымыздың тәрбиесі мен берген білімі әрбір түлекке мұра . Алдағы уақытта  ауыл мектебінен талай белестерді бағындыратын жастарымыздың қатары толығатынына сеніміміз мол.

Динара Мелдебекова,

Өндіріс ауылы

Leave A Reply

Your email address will not be published.