ЖАЗЫҚСЫЗ ЖАЗАЛАНҒАНДАР НЕМЕСЕ ҚАНДЫ СТАТИСТИКА

0

Көрнекті журналист, белгілі  қаламгер, мұрағатшы,  марқұм Мақұлбек Рысдәулет облыстық «Ақ жол» газетін  ұзақ жылдар бойы абыроймен басқарды. Ол зейнет демалысына шыққан соң Жамбыл облысының  мемлекеттік  мұрағатын басқарды.

Ізденімпаз қаламгер  Жамбыл  жерінде туған, тұрған, еңбек еткен,  жазықсыз жазаланған, кейіннен ақталған  азаматтар  туралы  көптеген  деректерді  жинақтады. Сөйтіп  2014 жылы Жамбыл облыстық мемлекеттік  мұрағатының  ұжымының тарапынан «Жазықсыз  жазаланғандар» деген  көлемді жинақ шығарып, оған басшылық жасады. Кезінде республикалық, облыстық басылымдарда жарияланған және жекелеген кітаптар  бойынша жазықсыз жазаланған азаматтардың қысқаша  мәліметтерін  ерінбей жинақтады. Сондай-ақ, ол соңғы  кездері айқындалған деректерді тауып, тізімді одан әрі  нақтылап толықтыра  түсті.

Сонау жиырмасыншы жылдардың соңынан басталып, ашаршылыққа жалғасып, 1937-1938 жылдардың  қасіретті  күндеріне ұласқан осы зұлматты шақта  республика  бойынша 103 мыңдай адам  қуғын – сүргінге  ұшырап,  олардың 25 мыңдайы  атылғаны жөнінде толық нақтыланбаған деректер  түрлі еңбектерде,  басылымдарда жария-ланып жүр.

Қазақстандағы  қуғын – сүргін, көп жағдайда, 1937-1938 жылдармен байланыстыра айтылады. 2010 жылы шыққан Қазақстан тарихының 4-томының 415-бетінде: «Бүгінде ұжымдастыру және ашаршылық зардаптары жариялылық сипатқа ие болды. Мемлекеттің  осы кезеңмен байланысты  жүргізген қуғын – сүргін шараларына назар аударуға қолы жетті. 20 –жылдардың  соңында, 30 – жылдардың бас кезінде 100 мыңнан аса адамның  қуғын – сүргінге  ұшырағаны анықталды. Осы цифрды түпкілікті деп айтуға болмайды. Өйткені  жергілікті билік органдарының, аудандық және округтік соттардың  тарапынан әр түрлі, жазаға  тартылғандар туралы деректері осы уақытқа дейін беймәлім», — деп жазылған.

1993 жылдың  14 сәуірінде  Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың  Жарлығымен «Жаппай саяси қуғын – сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңның  қабылдануы ел тарихындағы  аса  бір  ауыр кезеңнің  құпия, жабық  беттерін ашу ісіне  зор қарқын  бергендігі  белгілі. Кейін осы ауқымды  шараның сәл бәсең тартып қалғандығы ақиқат. Соған байланысты  аса  көрнекті тарихшы, қоғам қайраткері Бүркіт Аяған бастаған 20 шақты ғалым Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа  хат жазып, ақталмаған қуғын – сүргін құрбандарының әлі көптігін баян еткен – ді. «Репрессияға  ұшыраған миллиондаған тағдырды ақтау үшін деректер  жинау қажет. Мәселен, олар өздері ғана  емес, олардың  әйелдері,  балалары да қуғынға  ұшырады. Сол кезде кеткен  адамдардың тізімін жасап, шамамен  санын  келтіріп, категорияларға  бөліп,  анықтау керек. Кезінде милицияның үкімі  шыққан қағаздар  жойылып отырды. Адамның  құқығын таптау ғой бұл. Отбасынан  айырылды, дүние – мүлкі  тәркіленді. Өйткені көпшілігі  жөнінде ақпарат, құжат жоқтың  қасы. Мәселен, шетелге  кеткен  қазақтардың біразы атылды, қырылды.  Оларды  табу  қиын болуы мүмкін», — деді.   Осы төңіректе  айтылған ұсыныс Мемлекет  басшысы тарапынан үлкен қолдау тапты.

2020 жылдың 24 қарашасында  Президент  Қасым-Жомарт Тоқаев  саяси  қуғын – сүргінге  ұшыраған азаматтарымызды одан әрі  ақтап, жазықсыз жазаланған жандарды нақтылап, тарих алдында ақ – қарасын айқындауды  тапсырды. Бұл орайда, 49 адамнан тұратын арнайы  мемлекеттік комиссия құрылып, қазір іске кірісіп жатыр. Бұл орайда  комиссияның жұмысы оңай болмайтындығы  айқын.

Жалпы  нақтыланбаған  деректер  бойынша   Жамбыл облысында қуғын – сүргінге  ұшырағандар  саны  5 мыңнан  асады. Ал оның 850 –дейі  атылды деген мәлімет  алға тартылуда. Алайда, ол деректерді нақтылайтын  құжаттардың  әлі жеткіліксіз  екендігі  белгілі.  Көптеген  дерек  көздерінің  прокуратура мен Ұлттық  қауіпсіздік  комитеті  тарапынан әлі де жабық екендігі кейініректеу мәлім болды.

Мен, бұл орайда, М. Рысдәулеттің  жинақтауымен және  жетекшілігімен  дайындалған бұл ауқымды жинаққа біршама  уақытымды  бөліп, талдаулар  жасауға  ықылас  таныттым.  Сөйтіп кітапта  қамтылған 1896 жазаланған азаматтардың қала, аудандар  бойынша сандарын  нақтылап, сонымен  бірге  мерзімді жыл арқалап, сотталғандар мен ату жазасына кесілген жандардың ұлттарын жекелей  талдауға күш салдым.

1937-38 жылдары Жамбыл облысы  аймағында 14 аудан болғандығын, олардың  Алматы облысына және  Оңтүстік  Қазақстан облысына тиесілі  болғандығына оқырмандардың есіне салуды ойға  ұстадым. Себебі Жамбыл облысы 1939 жылы 14 қазанда құрылғаны белгілі ғой. Сол кезде  оның құрамына Оңтүстік Қазақстан облысының Жамбыл, Луговой, Меркі, Сарысу, Свердлов, Талас, Алматы облысынан Красногор, Қордай, Шу  аудандары енді. 1951 жылы 15  наурызда Оңтүстік Қазақстан облысының  Жуалы ауданы Жамбыл облысына берілді. Ал Мойынқұм ауданы 1964 жылы 31 желтоқсанда  құрылған болатын. Ол бұрынғы Красногор, Көктерек аудандарының негізінде  жасақталған еді. Бүгінде  тарих  қойнауына  кеткен  Красногор, Мирзоян, Свердлов, Әулиеата, Көктерек  аудандары  туралы  кейінгі  ұрпақтар  біле  бермейді. Бұл орайда, әр кезеңде  жоғарғы  басшылық  тарапынан аудандардың   әкімшілік әр түрлі бөліністерге түскендігіне  куә  боламыз. Сол 1936-38 жылдары осы күнгі Тараз қаласының  Мирзоян  қаласы атанғандығы  тарихтан  белгілі. Яғни 1936 жылы 10 қаңтарда Әулиеата қаласы республиканың бірінші басшысы Мирзоян атымен аталды. 1938 жылы Мирзоян «халық жауы» болып ұсталғаннан кейін сол жылдың  5 маусымында  қала  ұлы ақын Жамбыл атын иеленді. Ал 1997 жылы 7 қаңтар күні Тұңғыш Президент Назарбаевтың Жарлығы бойынша қалаға өзінің  ежелгі «Тараз» атты тарихи атауы қайтарылды.

Енді жоғарыда келтірілген  кесте  бойынша  талдау жасайық. Онда жазаға  тартылған ұлттар саны  43 –ті құрайды. Олардың  барлығы 1896 адам.

Ең көп жазаға  тартылған  ұлттардың  санын 646 қазақ, 441 орыс, 158 украин, 104 неміс құрайды. Бұдан кейін  дүнгендер  94, кәрістер 76, беларустар 51, поляктар 47, өзбектер 42, күрділер 35,еврейлер 30, қашқарлар 27, түріктер 14, қытайлар  12, әзірбайжандар 12, молдавандар 11, армяндар  11, латыштар 10, ал қалған ұлттардың сан көрсеткіші 1 мен 9  аралығында.

Осы 1896 жазықсыз  жазаланған  азаматтардың  689-ы  ату  жазасына  кесілген. Қалған 1207 жазаланушы  азаматтар 5 жылдан 20 жылға дейін  бас бостандығынан  айырылған.  Өлім  жазасын  арқалаған жандардың  қатарында  208 қазақ, 116 орыс, 57 неміс, 51 кәріс, 50 украин, 31 дүнген, 23 еврей, 23 өзбек, 23 белорус, 18 күрді, 18 қашқар, 17 поляк, 9 қытай, 5 молдаван  бар. Басқа  ұлттардың  үлесі 1 мен 4-тің  арасында. Яғни 34 ұлттың  өкілі өлім  жазасына  кесілген. Сол 1896  жазықсыз жазаланған  жандардың ішінде 46 әйел болған. Оның 9-ы ауыр үкімнің заңсыз құрбаны болды. Олар жұмыссыз әйел Болдырова Мария, мұғалім Егор Софья, карамель цех шебері Литовкина Анна, жұмыссыздар Лоцман  Мария, Лезвинская Гертруда, карамель цехының жұмысшысы Лир Анна, Машанова Елизавета, жеке шаруа Машанло Исмаз, колхоз басқарма мүшесі Голопузова Пелагеялар еді.

Ал түрмеге тоғытылған қазақ әйелдерінің қатарында сарысулық Жүнісова Айымкүл, жамбылдық Беделбекова Бекбике, таластық Келімбетова Төлбасылар бар.

Бұл қаралы  тізімге  көрнекті  мемлекет  қайраткерлері  Тұрар Рысқұлов, Қабылбек  Сармолдаев, Сыдық Абыланов, Әшір Бүркітбаев, Мағаз Масанчы, Сақып- Керей  Құрамысов, Жүнісбек  Дүрімбетов, Түймебай  Әшімбаев, Дінмұхаммед Әділов  секілді  көптеген азаматтардың  енгізілмегендігін қаперде ұстаған  абзал.

Ал сол сотталған, ату жазасына кесілген азаматтардың әлеуметтік  тегіне зерделей қарасаңыз, жағаңызды ұстайсыз. Аудан, ауыл, мекеме басшыларынан тыс сотталғандар  қатарында қарапайым малшы, диқан, жай қара жұмысшы, жұмыссыз, үй шаруасындағы әйел, жеке шаруа шаштараз, балықшы, мұғалім, қарауыл, балташы, етікші, көлік жүргізуші, колхозшы, таразышы, ұста, құрылысшы, жүкші, қоймашы, есепші, арбакеш, т.б. жиі кездеседі.

Бір әкенің үш ұлы  неміс Фрицлер Герман,  Фрицлер Карл, Фрицлер Эмануил, белорус Уейский Адольф, Уейский Сигизмунд, Уейский Франц, неміс Валл Корней, Валл  Герград, қазақ  Тұржанов Жалабас, Тұржанов Құсайын, жеке шаруалар Ханқожаев Қарақожа, Ханқожаев  Төреқожа, малшылар Абысбеков Қоңырбай, Абысбеков  Орымбай, колхозшылар Әлімбеков Тұрабек, Әлімбеков Кемел, малшылар Әбезов Әбілбек, Әбезов Карл, Садо-оғлы Гамид, Садо-оғлы Гасандар өлім жазасына кесілген.

«Жазықсыз  жазаланғандар» жинағында, ату жазасына  кесілгендердің әрқайсысының  тұсына  РСФСР –дың  Қылмысты істер кодексінің  58- бабының 10,11- тармақтары  бойынша сотталғаны  нақтылы көрсетіліп  отырған. Содан соң  олардың  әрқайсысының тұсына қай жылы, қай айда, қай күні қандай  құзырлы органның  қаулысымен, шешімімен, тұжырымдамасымен ақталғандығы көрсетіліп отырған.

Биылғы  жылы саяси  қуғын – сүргінге  ұшыраған азаматтарымызды ақтау  жөніндегі мемлекеттік  комиссияның архивтердің  құпия қойнауларында  құлыптаулы  жатқан көптеген құжаттардың  бетін ашатындығы сөзсіз. Сталиндік  қанды қылыштың жүзінен опат болған небір  асыл, бейкүнә, қарапайым азаматтарымыздың ақталып, өздері болмаса да, кір шалмаған рухтары өз халқымен қайта  табысатындығына кәміл сенеміз.

Пернебай ДҮЙСЕНБИН,

Қазақстан Жазушылар

одағының  мүшесі,

Жаңатас  қаласы.

НАҚАҚТАН

КЕТКЕН АҒАЛАР

Аспаннан түскен жасын-ды,

Жасынға тіктім басымды.

Теңізден маржан сүзгендей,

Теріп бір алды-ау асылды.

 

Қаптай да көшкен қауымның,

Қорымы қалды-ау, о, жалған!

Ардағы кетіп ауылдың,

Тобыры қалды-ау, о, жалған!

(1937-1938 жылы туған жоқтау)

«1937-1938 жылдары КСРО-да 7-8 миллиондай адам жаппай қуғын-сүргіннің құрбаны болды. Оның 1 миллиондайы партия мүшелері еді… 1937-1938 жылдары тұтқындалғандардың 1 миллиондайы ату жазасына кесілді, қалғандары лагерге жіберілді. Бұл адамдардың ақталу бақытына тірі жеткендері аз». Астарына шырқыраған ащы шындық бүккен осы бір қасіретті жолдар «Аргументы и факты» газетінің 1989 жылғы 5-нөміріндегі «Трагичес-кая статистика» деген мақалада келтіріліпті.

Жоғарыдағы халық жоқтауының: «Ардағы кетіп ауылдың, тобыры қалды-ау, о, жалған!» — деген соңғы екі жолы сол кездегі алып Кеңес Одағының басындагы трагедиялық халдің соншама дәлдікпен бергендігіне еріксіз қайран қаласың. 1924-1925 жылдары Саяси Бюро құрамына кірген жеті революционердің отызыншы жылдардың аяғында Сталиннен басқа біреуі де тірі қалмапты. Бәрі де жалған жаламен атылды. Жоғары дәрежелі сексен бес корпус командирінің елу жетісі, он бес әскери қолбасшының он үші, бес маршалдың үшеуі атылып кетті.

Ал Қазақстанда болған қанды сорақылық бұдан бір кем түскен жоқ. Халық үшін шыбын жанын шүберекке түйіп, тар жол, тайғақ кешудің небір қиын соқпақтарынан өткен азаматтарымыздың кө-бі, ұлтымыздың қаймақтары қанқақсап қылыштың құрбаны болып кетті. Отыз екі, отыз үшінші жылғы шұбырыншылықта ереуіл атқа ер салып,  ат үстінен түспей, сонау Арқа, Шу бойынан шұбырып, қынадай қырылған халықты қайтіп аман алып қалсақ деп шырылдаған қос боздақ Ораз Жандосов пен Жанайдар Садуақасовтар тағдыры не болды?! Көне Қаратаудың теріскей беткейінен қоныс тепкен ағайындардың тілегіне елгезектіктен үн қатып, сонау Сарысу өзені бойынан тағдыр толқынымен ауа келген жұрттың рухани жадын сақтау үшін аудан атының «Сарысу» болып қалуына күш салған да сол Ораз Жандосов болатын. Ашаршылық азабынан енді арылып, қаншама туыс-бауырдан ажырап, шаң бораған жол бойына шашылып, түз тағысына жем болып қалған ағайындарының, туыстарының, бауырларының, балаларының, әкесі мен шешелерінің зарлы да сорлы бейнелері түстерінен енді-енді шығып, уақыт атты емшінің ес жиғызар аялы алақанының табын енді сезіне бастадық-ау деген кезде батыстан соққан қара дауыл селеудей болып селдіреп қалып, енді-енді ес жия бастаған елдің үстіне қанды жауын болып жауды. Алмас қылыш жүзі жат жерден жауығып келген сырт дұшпанға емес, кеуде көтерер кермеи ығына, бас көтерер ардағына, көкірек көзі сәулелі зиялысына тиді. Мал баққан момын мен өз ісіне маман, қаңқу сөзден аман бозым жандар да осы қанды құйынның жындай ұйытқуынан аман қалған жоқ.

Енді мына Сарысу ауданынан ұсталып жазаға тартылған азаматтардың бір тобының не үшін жазаланғандығына зер салайық. Ысқақов Мәдікен «Интернационал»  колхозы бастығының орынбасары болған. Кеңес өкіметіне қарсы насихат жүргізген деген сылтаумен 25 жылға сотталған. Жазықсыз екендігі туралы жоғарғы жаққа шағымданғаннан кейін жазасын 5 жыл мерзімге ауыстырған. Бірақ жазасын өтеп шыққанымен, елге жете алмай, Ақтөбеде қайтыс болған. Баласы Мәдікенов Асқарәлі Саудакент ауылының тұрғыны болған.

Сәрсенов Байна Жақыпұлы Орал қаласында 4 жылдық Қазақ өлкелік медициналық техникумын 1930 жылы бітірген. Аудандағы алғашқы медицина саласының маманы болған. Ауданда денсаулық сақтау бөлімінің тұңғыш меңгерушісі қызметін атқарған. Садуақасов Жанайдармен нағашы-жиенді болып араласқаны үшін 10 жылға сотталған. Мерзімін өтеп шыққанымен, елге жете алмай дүние салды. Жалғыз ұлы Киміл Байнаұлы Ермекбаев Аса ауылында, туған інісі Жақыпов Орынбек Саудакент ауылында тұрады.

Омарбеков Жазкен «Аққойлы» колхозының бастығы болған. Байдың баласы, Кеңес өкіметіне қарсы болған деген жаламен сотталған. 1940 жылы түрмеден шығып, елге оралады. Түрме зардабының әсерінен сол жылы қайтыс болады. Інісі Омарбеков Төкен Саудакент ауылында тұрады.

Оразалиев Өтебай колхозшы кезінде ұсталған, түрмеде біраз жыл болып, елге келіп қайтыс болды. Исатаев Сапалай болыстық кеңес төрағасының орынбасары болған. Сол кезде елде кооператив тонау оқиғасы болған, соны ұйымдастырды деген желеу-мен алып кеткен. Елге қайтып оралмаған. Ғажайып әнші, өнер адамы болған еді.

Мырғанов Аққұман қарапайым колхозшы болған. Колхоз бастығына сегіз өрім, бұзаутіс қамшы өріп берген. Сөз арасында: «Қандай мықтың болса да, шірене тартсаң, арқасын осып түседі?», — деп мақтаған. Жетерлер: «Үкіметтеріңнің омыртқасын бір-ақ ұрғанда омырып түсіреді», — деп бұрмалап жеткізген. Ұстап әкеткеннен қайтып оралмаған. Баласы Аққұманов Тоғай Саудакент ауылында өмір сүріп, 2002 жылы қайтыс болды.

Исабеков Көшен ауылдық денсаулық сақтау бөлімінің бастығы болған. «Үштік» алып кетіп, содан хабарсыз. Қызы Көшенова Уәжан Тараз қаласында тұрады. Інісі Исабеков Айшырақ – Саудакент ауылының тұрғыны.

Оралбеков Кұрманбек мал дайындау мекемесінің бастығы болған. Әкесі қажы болған. Дінді насихаттап, қожа-молдаларға көмектесіп жүр деген желеумен «үштік» алып кетіп, содан елге қайтып оралған жоқ. Баласы Құрманбеков Ермек Жаңаталап ауылында тұрады.

Бөпежанов Тілеп ауылдық кеңестің төрағасы болған. «Үштік» алып кетіп, 10 жылға сотталған. Елге оралған соң ауданда су бөлімінің бастығы болып, беріде қайтыс болған. Баласы Шардарбеков Карл Тілепұлы Саудакент ауылында тұрады.

Аяпов Жақсылық аудандық жер бөлімінің бастығы болған. 1937 жылы 30 сәуірде түн ішінде үйден алып кеткен. 7 жыл түрмеде болып, елге оралған. Көп ұзамай қайтыс болды.

Дүйсенбеков Жаңабай аудандық атқару комитетінің жауапты хатшысы болған. Жанайдар Садуақасовпен хат алысып тұрған. Ол ұсталған соң мұны да бір күнде қамап, 10 жылға соттап жіберген. Мерзімін өтеп елге келген соң 1949 жылы Кеңес өкіметіне қарсы үгіт жүргізді деген сылтаумен қайтадан 5 жылға сотталған. 1955 жылы елге қайтып келіп, «Байқадам» кеншарында аудандық су бөлімінде еңбек етті. 1976 жылы қайтыс болды. Баласы Дүйсенбеков Берікбай Саудакент ауылында тұрады.

Ал түгіскендік Төреқожа Ханқожаұлы, Қарақожа Ханқожаұлы деген азаматтар бай балалары деген жаламен ұсталып жазаланған. Қарақожа бай баласы болғандықтан Кеңес өкіметіне қастандық ұйымдастырып жүр деген жалған жаламен атылып кетті. Ал Төреқожа Карлагта отырып, отызыншы жылдың аяғына таман елге оралды. Төреқожа — айтулы ақын, суырып салма болған. Беріде 90 жасқа келіп қайтыс болды. Сол сияқты Жүнісбек Дүрімбетұлы да жазықсыз жазаланған. Сондай-ақ ауданымыздан Дүйсебай Жарықбасов, Мырзахмет Алашбайұлы, Оспан Мырзахметұлы, Оспан Медеуұлы, Төлебек Смағұлұлы, Жаңаталап ауылынан Өмірбек Жұманбаев, Бекұзақ Омаров, Айдарбек Сейітқұлов, Елеубай Ақшолақов, Есжан Жолбарысов, Қандек Алтынбаев, Балғынбек Әлібеков, Нұрыш Данияров, Жантөре Иманов, Отыншы Шөмшекбаев, Нұрхан Жұмабеков, Әлі Жұмабеков, Жөкен Еспенбетов, Оңдыбай Мұсаев, Сәрсен Қоржықаевтар түрлі жалалармен ұсталып, көпшілігі атылды, біразы түрмеде өлді. Бұлардың ішінен ақталып келгендер мүлдем аз. Осы отыз жетінің қанды қылышы Жайылма аумағында тұратын халыққа мүлдем батыңқы тиген. Бұл өңірден қырыққа жуық адам жазықсыз жазаланып, халық жауы тізіміне ілігіп, олардың көпшілігі атылып, көпшілігі түрмеде өлді. Елге келіп қайтыс болғаны саусақпен санарлық. Мысалы ағайынды Сыздық жөне Әубәкір Байдәулетовтер, Сәтмақан Жиенбайұлы, Мәдікен Ысқақұлы Ақтөбе түрмесінде қаза болды. Белгілі ұстаз Әбуғали Байдәулетов түрмеде жабысқан ауыр науқастан 1949 жылы Арқа жерінде, Есболов Ескермес, Қозыбағаров Нұрлан түрмеде, ал Сармолдаев Ахмедия Камчаткада, Қойшығараев Баймахан Шымкент түрмесінде қайтыс болды. Түсен Күшікбасов Шымкент түрмесінен шыққаннан кейін үш күннен соң қаза болды. Қошқар Жандәулетов, Қасымбек Ұзынғазиев, Аққұман Мырғанов, Аяп Ахметов, Жасымбек Оралов, Наурызбай Оразәлиев, Кенешбай Ысқақов, Қоныс Оразбаев, Байна Жақыпов, Тәжібай Елібаев, Балғынбек Әлібекұлы ұсталған қалпы елге қайтып оралған жоқ.   Қосай Оралов түрмеден босанып, елге келіп қайтыс болды. Әлтай Тауасарұлы, Ақмахан Жандәулетұлы, Қалманбай Исабеков,  Әбдімәжит Ыбырайұлы,   Өтебай Оразалиев, Тәжібай Қашқынұлы, Құтжан Орақбайұлы, Құтмағанбет Байқадамұлы, Қалыбек Балжырұлы, ағайынды Иса, Ыса Қосжанұлдары да жазықсыз жазаланып, кейіннен ақталды.

Жалған жала құрбаны болған азаматтардың бірі, «Қаратас» колхозының түлегі  Әшір Бүркітбаев еді. Ол Қарағандыдағы ФЗУ-да жақсы оқып, комсомол ұйымының хатшысы болған, кейін тау-кен институтында ректоратта кызмет істеген. «Үшбас» колхозының түлегі Ағабек Байділдаев облыстық тұтынушылар Одағының басшысы болып жүргенде ұсталып кеткен.

Пернебай Дүйсенбин, жазушы

Leave A Reply

Your email address will not be published.