Бұл қасірет ешқашан ұмытылмайды

0

Құрметті жерлестер!

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні — еліміз үшін айрықша маңызға ие.  Халқымыз қуғын-сүргін кесірінен жазықсыз жапа шеккен қайраткерлердің есімдерін еске алу, олардың рухына құрмет көрсетуді әр уақытта да есінен шығарған емес.

Сол жылдары Кеңес үкіметінің қазақ елінің ішінде жүргізген зобалаң саясаты орасан зор зардап әкелді. Оның әсіресе қазақ ұлтына зияны мол болды. Мал басының саны күрт төмендеп кетті. Малынан айырылған, әрі күштеп қоныс аударылған ауылдар жаңа жағдайға бірден көндіге алмай тұрмыс-күйлерін нашарлатып алып, жаппай ашаршылыққа ұшырады. Қазақтың қаншама тұлғалары, ұлт зиялылары сол саясаттың құрбандарына айналып, жаппай қуғындауға ұшырады. Қазақ даласында болған ашаршылық салдарынан екі миллионға дейін адам құрбан болды. Кеңес Одағының барлық аймақтарын қамтыған қуғын-сүргін шаралары ауданымызды да теріс айналып өтпеді. Ғасырлар бойы көшпелі тірлікпен күн кешіп, төрт түлік малдан азығын айырып, еркін өмір сүрген халықты күштеп ұжымдастыру Сарысу халқын да қынадай қырды. Мемлекет және қоғам қайраткерлері Ораз Жандосов, Жанайдар Сәдуақасовтар нәубетке ұшыраған сарысулықтар көшінің алдынан шығып, қиналған халыққа қажетті көмектер көрсетті. Аудан аумағын таңдауға ерік беріп, ауданымызды ұйымдастыруға тікелей ықпал етті.  Ауыр кезеңде Қазақстан ондаған этнос үшін туған мекеніндей болды.  Қазақ халқы, өздері қуғын-сүргінге ұшырап отырғанына қарамастан тағдырдың тәлкегіне түскен барша ұлыстарға қамқорлық көрсетті. Олардың қатарында финдер, поляктар, кавказдықтар және басқа да көптеген түрлі ұлт өкілдері болды. Елімізге қоныстанған сол этнос-тар өкілдерінің барлығы бүгінде біздің отандастарымызға айналды.

Саяси қуғын-сүргінге ұшырап, құрбан болған азаматтар тарихта өшпес  із қалдырды. Қазақ үшін қайғы-қасіретті, тарих бетінде өз таңбасы қалған бұл жылдарды еш ұрпақ ұмытпақ емес. Өткенге салауат айтып, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын жадымызда сақтау – біздің қасиетті борышымыз. Сол замандағы қиын кезеңдер біздің бірлігімізді одан әрі бекемдеп, мәңгілікке сақталатын болады!

Еліміздің болашағы-білімді, зерделі жастардың қолында

Құрметті ұстаздар мен мектеп түлектері!

Қадірлі ата-аналар!

Сіздерді дәстүрлі Соңғы қоңырау мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл-қимастық пен қуаныш, арман сезімдері араласқан жас түлектер үшін ең бір қымбат, ұмытылмас, олардың ата-аналары мен ұстаздары үшін үлкен мереке, ерекше тебіреніс пен толғанысқа толы күн. Мектеп-әрбір адамның жүрегінен ерекше орын алар елеулі естелік, балғын шақ. Білім мен тәрбиенің ордасы, мектептің жүрегі — аяулы ұстаздар айрықша алғысқа, құрметке лайықты. Ерен еңбектері мектеп мерейін асқақтатып, шәкірттерін жаңа биіктерге, армандарға, жеңістерге жеткізеді.

Жастарымыз білімнің алтын ұясы болған мектеппен қоштасып, үлкен өмірге қанат қағады. Білім ордасынан нәр алып, мектептен тәлім-тәрбие алған әрбір түлек үшін бұл сәт жаңа өмірдің бастамасы. Мектепте алған білімі шешуші рөл атқарады. Адам өміріндегі ең маңызды болашақ мамандықты таңдауға және тәуелсіз өмірге енуге байланысты жаңа кезең басталатын жауапты кезең.

Елімізде әр азаматтың сапалы білім алып қалыптасуына қажетті барлық жағдай жасалған. Ауданымыздың мектептерінің материалдық-техникалық базасын нығайту, білім беру сапасын арттыру, жаңа технологияларды ендіру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Осының барлығы жастарымыздың келешекте бәсекеге қабілетті, білікті маман болып қалыптасуы үшін жасалып жатқан нақты шаралар.

Ауданымыздың мектептері 2022-2023 оқу жылында көптеген жетістіктерге жетті. Оқушылар оқу жылын толайым табыстармен тәмамдағаны қуантады. Түрлі республикалық, облыстық, аудандық байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленді. Алдағы уақытта білім ордасы осы қалпынан таймай, білім деңгейін өсіріп, одан да зор жетістіктерге жетіп, биіктен көрінсін. Білімді ұрпақ қана ел дамуына даңғыл жол ашады. Еліміздің болашағы — білімді, зерделі жастардың қолында.

Құрметті жас түлектер!

Бүгінгі күн Сіздер үшін — ерекше күн, үлкен өмір жолының бастауы болғалы тұр. Сапалы білім, саналы тәрбие берген ұстаздардың және аялап өсірген ата-аналарыңыздың үмітін ақтап, еліміздің өсіп-өркендеуіне зор үлес қосатындарыңызға сенімдіміз. Өмірде қанаттарыңыз талмасын, озық ойлы, білімді, парасатты азамат болыңыздар!

Бар мейіріміміз балаларға

Құрметті сарысулықтар,

Кымбатты балғындар мен ата-аналар!

Сіздерді  бүгінгі 1 маусым-Балаларды қорғау күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Жаздың алғашқы күнімен келетін мереке балғын бүлдіршіндеріміз үшін ең қуанышты жəне жыл сайын асыға күтетін басты мереке. Жүзімізді жадыратып, жүректегі мұзды ерітетін сәбидің сыңғыр күлкісі екені белгілі. Ата-ана үшін бөбегінің шат күлкісі мен баянды болашағынан қымбат дүние жоқ.

Әрбір ата-ана өз баласын жарық дүниеге әкелген сәттен бастап оған барлық жүрек жылуын, ата-ана қамқорлығын сыйлап, болашақта сол баланың өмірде өз орнын тауып, қалыптасуына ықпал етеді. Ата-ананың ең үлкен бақыты-баласының жақсы азамат болып өсуі.

Бүгінде баршамыздың алдымызда тұрған зор міндет – ұрпаққа заманауи білім беріп, салауатты өмір салтын ұстануға жағдай жасау. Ауданымызда жеткіншектердің білім алуына, шығармашылығын шыңдауына тиісті жағдай жасалған. Бұл бағытта балабақшада, мектепте, мектептен тыс уақытта балалардың тиісті күтім мен қамқорлық көруіне жұмыс жасалып келеді.

Қадірлі балалар!

Баршаңызға мықты денсаулық, баянды өмір, бақытты балалық шақ тілеймін. Оқуда озат болуларыңызға, жарқын болашаққа нық қадам басып, еңсесі биік ел азаматтары атануларыңызға тілектеспін. Жүздеріңізден қуаныш пен бақыт күлкісі кетпесін, жүректеріңізге тек мейірім мен шапағат ұяласын. Болашақтарыңыз жарқын, аспандарыңыз ашық болсын!

Ш.Мұсабеков, аудандық мәслихаттың төрағасы

Leave A Reply

Your email address will not be published.