Аудан әкімінің міндетін атқарушы С.Мамытовтың 31 мамыр-Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арнаған сөзі
Ардақты ағайын!
Жыл сайын мамырдың 31-і елімізде саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні ретінде аталып өтеді.
Бұл күні біз жазықсыз жазаланған арыстарымыз бен ашаршылық жылдарында құрбан болғандарды еске алып, рухтарына тағзым етеміз. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары қолдан жасалған ашаршылық салдарынан екі миллионға жуық қазақ құрбан болды.
Ұлтымыздың ең ардақты азаматтары саяси қуғын – сүргінге түсті. Олар «Халық жауы» деген жаламен қырғынға ұшырады. 100 мыңнан астам адам сотталды. 25 мыңнан астам адам атылды.
Олардың арасында Тұрар Тысқұлов, Сәкен Сейфуллин, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатов, Халел Досмұхамедов, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Ораз Жандосов секілді ұлтымыздың бетке ұстар азаматтарымен қатар, Сарысудан шыққан мемлекет және қоғам қайраткерлері Әшір Бүркітбаев, Жанайдар Садуақасов, Бәкен Серікбаев, Дінмұхаммед Әділов сияқты көптеген арыстарымыз болды. Сол бір зұлмат жылдары облысымызда бес мыңнан астам жамбылдық жазықсыз жазаланды. Олардың ішінде сарысулықтар да бар. Сая-си қуғын – сүргін және ашаршылық Сарысу ауданын да айналып өткен жоқ.
Сол кездегі ауданның бірінші хатшысы Нұрыш Данияровтан бастап, атақты әнші Сапалай Исатаев, Ақмедия Сармолдаев, Жазкен Омарбеков, Мәдікен Ысқақов, Жантөре Иманов, Тілеп Бөпежанов, Жақсылық Аяпов, Байна Сәрсенов, Құрманбек Оралбеков сияқты көптеген ауданның бетке ұстар азаматтары дерлік қамалды. Көпшілігі атылды, біразы түрмеде өлді. 1928 жылы алғашқы тәркілеуге іліккен сарысулық ірі 8 байдың арасында атақты қобызшы Ықыластың үлкен ұлы Түсіпбек те болды. Солақай саясаттың кесірінен орта шаруаға дейін тәркіленді.
Қолындағы малынан айырылған ел аштыққа ұрынды. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұранмен қолдан жасалған ашаршылықтың салдарынан Сарысу өзенінің бойынан үдере көшкен ел ұзақ жолдың бойында, Бетпақдалада қынадай қырылды.
Тарихи деректерге сүйенсек, Сарысу өзенінің бойынан шыққан алты мыңнан аса шаңырақтың Қаратау өңіріне 2 мыңға жетер-жетпесі ғана іліккен. Бұл біздің халқымыздың қасіреті. Сондай – ақ сол жылдары көптеген ұлт өкілдері Қазақстанға күштеп жер аударылды.
Ресми деректер бойынша Қазақстанға 800 мыңдай неміс, 102 мың поляк, 18 мыңдай кәріс отбасы, 507 мыңдай кавказдықтар, қырым татарлары, түріктер, гректер, күрділер тағы басқалар келген.
Осындай қиын кезде оларды қазақ халқы бауырларына басты. Өздері қиналып отырғанына қарамастан қолындағы барымен бөлісті. Біздің ауданымызда да тарихи Отанынан еріксіз қоныс аударған өзге ұлт өкілдері (неміс, кәріс, күрді т.б) тұрып жатыр. Ауданымызда ең көп шоғырланған өзге ұлт өкілдері Арыстанды ауылында. Бұл елді мекенде 305 күрді ұлтының өкілдері мамыражай күн кешуде.
Қадірлі ағайын!
Біз өткен қасіретті жылдарды ұмытпаймыз. Оны тарих үшін, тағылым үшін есте ұстауға тиіспіз. «Өткенге – салауат, болашаққа ғибрат» деген дана халқымыз. Біз жазықсыз жапа шегіп, қанқұйлы саясаттың және ашаршылықтың құрбаны болған адамдардың рухының алдында бас иеміз. Тағзым етеміз. Олардың рухы ел жадында мәңгі сақталады.
Енді егемен еліміздің тарихында мұндай зұлмат болмасын деп тілейік. Тәуелсіздігімізді, бекем бірлігімізді сақтайық! Аспанымыз ашық, бірлігіміз баянды болсын!
Аудан әкімінің міндетін атқарушы С.Мамытовтың «Соңғы қоңырау»
мерекесімен құттықтауы
Құрметті ұстаздар!
Қымбатты ата-аналар мен жас түлектер!
Еліміздің барлық мектептерінде 2022-2023 оқу жылының аяқталуына орай «Соңғы қоңырау» мерекесі өткізілуде. Баршаңызды оқу жылының аяқталуымен, жас түлектерімізді мектеп бітірулерімен шын жүректен құттықтаймын!
Аудандағы 27 мектепте биылғы оқу жылын барлығы 9107 оқушы аяқтап отыр. Бүгін ерекше тебіреніс пен толғанысқа толы күн.
11 жыл бойы білім теңізінен нәр алып, мектеп атты ұлы білім ордасынан тәлім-тәрбие алған әрбір түлек үшін бұл сәт – жаңа өмірдің бастамасы.
Ауданымызда барлығы 379 оқушы 11-ші сыныпты аяқтап, үлкен өмірге қадам басқалы тұр.Оның ішінен 336 түлек Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға өтініш білдірді.
Аудан бойынша 8 оқушы «Алтын белгіге», 38 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер. Жылдар бойы алған білімнің сыналар шағында түлектеріміз ұстаздар мен ата-аналар үмітін ақтайды деп сенеміз.
Егемен еліміздің ертеңі дені сау, рухы биік, білімді ұрпақтың қолында.
Құрметті жас түлек!
Сіздер алдарыңыздағы алғашқы белес — Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырып, маңызды сынақтан өткелі тұрсыздар.
Сіздерге сәттілік тілеймін. Бойына отансүйгіштік қасиет дарыған, білімді, ой-өрісі кең азамат болып қалыптасып, өмірден өз орындарыңызды табуға тілектеспін.
Күш-жігерлеріңізді еліміздің берекесі мен байлығын арттыруға жұмсаңыздар!
Қадамдарыңыз сәтті болсын!
Құрметті ұстаздар, ата-аналар, оқушылар!
Баршаңызды «Соңғы қоңырау» мерекесімен тағы да құттықтай отырып, мықты денсаулық, жазда жақсы демалыс, отбастарыңызға амандық тілеймін!
«Соңғы қоңырау» мерекесі құтты болсын!
Аудан әкімінің міндетін атқарушы С.Мамытовтың 1 маусым-Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесімен құттықтауы
Құрметті аудан тұрғындары!
Қымбатты балалар!
Сіздерді 1 маусым-Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Жаздың бірінші күніне дәл келетін балаларды қорғау күні – халықаралық мерекелердің бірі, бүкіл әлем ерекше атап өтеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз»,– деп атап көрсетті.
Балаларды сүйіспеншілік пен қамқорлыққа алып, өскелең ұрпақтың бақытты болып өсуі үшін құқықтарын қорғап, толыққанды дамуы үшін қажетті жағдайлар жасау — еліміздің әрбір ересек азаматының борышы. Қай халықтың болмасын елдігін, салт-дәстүрін, атамекенін болашаққа апаратын бүгінгі жас ұрпағы. Дүниеде баладан асыл, сәбидің күлкісінен қымбат қазына жоқ. Бүгінгі таңда елімізде балалардың алаңсыз білім алуына, бақытты балалық кезеңдерін өткізуге барлық жағдай жасалып келеді. Балаға тәрбие беретін ең алдымен оның ата-анасы болса, екінші, тәрбиемен қоса білім беретін балабақша, мектеп және оның өскен ортасы. «Әке – асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деп дана халқымыз айтқандай, бала тәрбиесінде ата — ананың рөлі маңызды. Ал, баланың отбасын, елін сүйіп өсуіне және жақсы азамат болып қалыптасуына қоғам болып ықпал етсек – бұл болашағымызға жасалған ізгі іс.
Құрметті жас өрендер мен балдырғандар, мерейлі мереке құтты болсын! Болашақтарыңыз жарқын, аспандарыңыз ашық, елімізді өркендетіп, келешектерің кемел болсын! Сіздерге мықты денсаулық, бейбіт өмір, бақытты балалық шақ тілеймін. Жазғы демалыстарыңыздың қызықты өтуіне шын жүректен тілектестігімізді білдіремін!