ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ АУДАНДАҒЫ ШАЛҒАЙ АУЫЛДАРДЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

0

Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ибрайханов Ерболат Махсұтханұлы аудан орталығынан шалғайда жатқан Қамқалы ауылдық округінде болып, тұрғындармен кездесіп, округке қарасты Шығанақ, Қамқалы, Жайлаукөл ауылдарының тыныс-тіршілігімен танысты.

Шығанақ аулындағы клуб үйінде өткен кездесуде тұрғындар тарапынан Досбол-Шығанақ, Шығанақ-Қамқалы бағытындағы автокөлік жолдарын жөндеу және ауылдарға интернет орнату мәселесі көтерілді. Облыс әкімінің орынбасары Ерболат Махсұтханұлы жол мәселесіне байланысты, бұл жолдар облыстық маңызы бар жолдардың қатарына кіретін болғандықтан, облыстық деңгейде бұл мәселе көтеріліп, бақылауда болатындығын айтты.

Ал, интернет мәселесі осы 2023 жылы толық шешілетіндігін жеткізді. Жиыннан кейін тұрғындарды жеке қабылдап, өтініштерін тыңдады.

Бұдан кейін Ерболат Махсұтханұлы округке қарасты Шығанақ, Қамқалы, Жайлаукөл ауылдарындағы жөндеу жұмыстары жүргізілген ауыз су жүйелерін және әлеуметтік нысандарын аралап көрді.

Сарысу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Мемлекеттік қызмет — абыройлы міндет

Ісіне адал маман

Қызметтік баспалдақтың шыңы- тәжірибе мен нағыз имидждік стильді қалыптастыратын әкімшілік қызмет  аса  жауапты да қызықты жұмыс.

Сан саланы қамтып, алуан түрлі ахуалдармен танысуда аянып қалмайтын қызметкерлердің біліктілігі қашан да жоғары. Жас маманнан бас маманға айналу әсте оңай іс емес. Артқа шегінуге де болмайды. Себебі, артта халықтың талап — тілектері тұрса, алда үлкен мақсаттар мен абыройлы жұмыстар күтуде. Сондай қайнаған тірлікте жауапты істі абыроймен атқарып, жастарға үлгі бола білген қызметкерлердің бірі — Райымжанов Шабданбек Жамбылбекұлы.

Қызмет пен абыройды қатар алып жүрген Шабданбек аға өзіне артылған міндеттерді мүлтіксіз орындап, ел алғысына бөленіп жүрген азамат. Майталман маман 1960 жылы 8 мамырда Сарысу ауданы, Жаңаарық ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын 1981 жылы Жаңатас кеңшарында есепші болып бастаған жас маман әр жылдарда түрлі қызметтердің сатысынан өтіп,  тәжірибесін шыңдайды. Жастайынан қоғамдық қызметтерге белсене араласып, 1983 жылы Жаңатас кеңшарында комсомол комитетінің хатшысы болып жұмыс атқарды. Әкімшілік қызметке 2014 жылы Жаңаарық ауылдық округінде бас маман болып келген Шабданбек Жамбылбекұлы ауылдың тыныс-тіршілігін толық танып, күрмеуі терең мәселелерді кемелдікпен шеше білді. Қауырт жұмыста жүрсе де шаршауды білмейтін маман қоғамдық іс-шараларға да белсене қатысып келеді. «Спорт — жанның серігі» деп ұғатын Шабданбек аға бірнеше дүркін облыстық, аудандық мемлекеттік қызметшілер мен ардагерлер арасындағы спартакиадалардың жеңімпазы. Сондықтан болар, ағамыз ширақ қимылдап, бәріне үлгереді. Қызметте жүріп құрметке бөленген майталман маман аудандық ардагерлер кеңесінің «Құрметті ардагері» төсбелгісі, облыс әкімінің, аудандық мәслихаттың және «Amanat» партиясы аудандық филиалының Алғыс хаттарымен марапатталған.

Қарапайымдылықты ұмытпаған ағамызбен сұхбаттасқанда басты мақсат атақта емес, абыройлы істе екенін атап өтті. Бұл қанатын енді ғана жайып, көкке самғаған жас мамандар үшін нағыз жігерлену болмақ. Қызметте қырағы, отбасының шырағы болған Шабданбек аға 2 ұл, 1 қыздан немере көріп отырған бақытты әке. Ұл-қыздары әкелерін әрдайым мақтан тұтып отырады. Ұзақ жылдар жемісті жұмыс атқарған ағамыз биыл зейнетке шығып отыр. Зейнетке шықса да қоғамдық жұмыстардан құр қалмайтын Шабданбек Жамбылбекұлының алдағы мақсаты да жоқ емес. Ауылдық ардагерлер кеңесіне мүше болып, жастарға білгенін үйретуді көздеп отыр.

Мемлекеттік қызмет-мақсатқа ұмтылудың бастамасы. Сенім мен сергектікті серік етіп, лауазымдық міндеттемелерді атқаруда қажымас қайрат пен терең білім керек. Сонысымен мемлекеттік қызмет бағалы. Мұнда әр қызметкердің жұмысы маңызды, әр сала мамандарының қызметі елеулі. Ендеше, міндеттен мінберге дейін созылған баспалдақтан талай мамандардың озып шығарына еш күмән жоқ.

Самат Тоқбанов,  «Sarysý»

Талабы таудай өрендер

150 жылдық тарихы бар қазақ өнеріне өзіндік үлесін қосып жатқан киелі Саудакент ауылындағы Ықылас Дүкенұлы атындағы балалар саз мектебінің оқушылардан құрылған қазақ ұлт-аспаптар оркестрі көрермендер көзайымына айналып, өз өнерлерін паш етуде.

Қошемет пен сансыз марапаттарға ие болып жүрген саз мектебінің еңбегі елеулі. Өнер мен мәдениетке өлшеусіз үлес қосып жүрген ұжымның толағай табыс-тары да ауыз толтырарлықтай. Жоғары ынта мен бұлжытпас талаптың арқасында еңбектің жемісін көріп жүр. Сайыстарда сындардан сүрінбей өтіп жүрген өнерлі ұжым жақында Тараз қаласында өткен «Атадан қалған мұрамыз» атты фольклорлық, аспапта орындаушылық ансамбльдер  мен  оркестр  арасында облыстық байқауға оркестрдің көркемдік  жетекшісі және дирижері- Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, ардагер ұстаз  М.Аубакировтың сүйемелдеуімен мектеп оқушыларынан құралған «Өрлеу» оркестрі қатысып, бас жүлдені иеленді.

Жуырда Жайылма ауылдық округінде Сәуле Стаханшылқызы Жанпейісованың ұйымдастырып, төрелік етуімен аудандық «Айналайын» дәстүрлі ән-күй балалар байқауы өтті. Байқауға жетекші А.Бектібаевтың мектеп оқушыларынан құралған «Өрлеу»   ансамблі   бас  жүлде,      домбыра аспабы бойынша жетекші С.Маштахованың оқушысы Кемпірбай Назерке бас жүлде,  домбыра аспабында кіші топ бойынша  М.Жұматаеваның окушысы Жорабек  Бекзат  бас жүлде, қылқобыз бойынша жетекші А.Мизамбаеваның оқушысы Қабыл Ұлжан 1-орынды және домбыра аспабы бойынша жетекші Ж.Өмірбаеваның  оқушылары Абджаппар Ұлназ бен Өлкебай Балауса қатысып, 2-орынды иеленді.

Ұлттық аспаптардың киелісі қобыздың үні сар даланың әсем сазындай. Таяуда Шығыс өңірінде Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив басқармасының ұйымдастыруымен Оразғали Сейітқазы атындағы «Киелі Қобыз» атты І Республикалық қобызшылар байқауы өткізілді. Осы байқауға Ықылас Дүкенұлы атындағы балалар саз мектебінің ұстазы, қыл қобыздың шебері, мектеп директоры А.Мизамбаеваның 1 сынып оқушысы Сержан Сабина қатысып, жүлделі ІІІ-орын иеленіп қайтты.

Сонымен қатар, мамыр айында Түркістан қаласында өткен «АТАДАН-МҰРА» қоғамдық қорының бүлдіршіндер, мектеп оқушылары   мен    жасөспірімдер       арасында ұйымдастырылған «Атадан Мұра» республикалық байқауына Ықылас Дүкенұлы атындағы балалар саз мектебінің жетекшісі Ж.Өмірбекованың оқушыларынан құрылған «САРА» ансамблі қатысып,  жүлделі І-орынды иеленді және Алматы қаласында өтетін Халықаралық байқауға жолдама алды.

Бұл жетістіктердің бір көрінісі ғана. Саз мектебінің Айгүл Марқашқызы алдағы уақыттағы жоспарлары да баршылық. Әуенге құмартып, өнерге құлшынысы бар талапты  өрендердің   тынысын   ашып, мақтан тұтар шәкірт тәрбиелеу — басты мақсат екенін тілге тиек етті. «Ел іші — өнер кеніші» дегендей, таланттардың ауылдан түлеп шығуы заңдылыққа айналғандай. Жастардың ынта — жігері берік болғанда ғана нағыз жеңістің дәмін татар сәт мол. Көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, сайыстарда жүлделі орындарға қол жеткізу неткен ғанибет. Тынымсыз жұмыстардың арқасында биік мақсат қоя білген саз мектебінің алар асуы мен бағындырар белестері алда. Асқақ рух пен айбынды жігер барда ұстаздардың үкілеген үміті ақталатынына сенім мол. Ақталып та жүр. Мықты тәртіп пен мызғымас бірлік барда өнер ұжымының ғұмыры да ұзақ болмақ.

Аяна ҚАБЫЛОВА,

Ықылас Дүкенұлы атындағы балалар саз мектебінің мұғалімі

Leave A Reply

Your email address will not be published.