«АУЫЛ АМАНАТЫ» ЖОБАСЫ ТҮСІНДІРІЛДІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту мақсатында «Ауыл-Аманаты» жобасын іске асыруды тапсырған болатын.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген бағдарламаны іске асырудың маңыздылығы ең алдымен, халықтың табысын арттыруға, сондай-ақ экономиканы әртараптандыру, кәсіпкерлікті дамытумен ұштасқан нәтижелі жұмыспен қамтуға бағытталған. Ауылдар мен шағын қала тұрғындарының табысы мен тұрмыс деңгейін арттыру, жұмыс орындарын құру, өз өнімдерін шығару. Мұнда ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі жоба сапалы іске асырылуда. Жамбыл облысында іске қосылған жоба өзінің тиімділігін көрсетті. Ауыл табысын арттыру жобасы аясында Байқадам, Жайылма ауылдық округтерінде жалғасын тауып, жүзеге асуда. Өз кәсібін ашқысы келетіндер осы бағдарламаның мүмкіндіктерін пайдаланып жатыр. Олар өз кәсібін аша отырып, басқа да ауыл тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарын құратын болады. Енді осы жобаға Жаңаарық ауылдық округінің тұрғындары қатысуға ниеттеніп, тиісті құжаттарын әзірлеу барысында.
Осы бағдарламаны халыққа түсіндіру бойынша аптаның бейсенбісі күні облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібеков ауданымызға атбасын бұрып, Ұ.Сыздықбайұлы ауылының тұрғындарымен, «Жаңаарық-2023» ауыл шаруашылығы кооперативінің мүшелерімен, кәсібін дөңгелетуді көздеп, несие алуға ниет білдірген тұрғындармен кездесіп, өтініштерін тыңдады.
Кездесуге аудан әкімінің міндетін атқарушы Сәкен Мамытов, аудан әкімдігінің тиісті бөлім басшылары және ауыл тұрғындары қатысты.
Кездесу барысында облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібеков сөз алып, жоба аясын түсіндіріп өтті.
-Бұл жобаның басты мақсаты – ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту, ауылдарды тұрақты дамыту.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың табысын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударады. Бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Пилоттық жоба өзінің тиімділігін дәлелдеді. Ол жұмыспен қамту, табыс табудың жаңа мүмкіндіктерімен қатар өңірлік деңгейде азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселелерін де шешеді. Жобаның негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жан-жақты қолдау, ауыл тұрғындарын аграрлық бизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешу. Жобаға қатысуға кез-келген адам өтініш бере алады. Ұсынылған бизнес жоспардың қажеттілігі, тиімділігі ескеріле отырып, шешім қабылданады. Мемлекеттік қолдау нәтижесінде бұл жоба қатысушыларына 2,5 пайызбен несие беру көзделуде,-деп ауыл тұрғындарына үй іргесіндегі жерлерді тиімді пайдаланып, өз кәсібін жандандыруға тиімді бағдарламалар жүзеге асып жатқанын да тілге тиек етті.
Жаңаарық ауылдық округ әкімі Қ.Алдабергенов ауылдық округте «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру туралы ауыл тұрғындарына түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Нәтижесінде жобаға қызуғышылық танытып жатқан шаруалардың қатары көбейгенін жеткізді.
Облыс әкімінің орынбасарына тұрғындар тарапынан жеңілдетілген несие алу, субсидияға қол жеткізу, сауатты бизнес жоспар құру тағы да басқа ауыл мәселелері бойынша сұрақтар қойды.
Облыс әкімінің орынбасары Қ.Мәдібеков «Алтын Орда» ЖШС директоры Дәулеталды Жанбаевтың Жаңатас қаласы, өндірістік аймақта салынып жатқан көкөніс қоймасымен танысты.
«Алтын Орда» ЖШС директоры көкөніс сақтау қоймасының құрылыс жұмыстарымен таныстырды.
-Кешенге қазіргі таңда күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізудеміз. Мұнда қоймалар саны екеу. Сыйымдылығы 2000 тонна. Біздің басты мақсатымыз алдағы уақытта қойманы толық қалпына келтіріп, ауданның көтерме бағада азық-түлік сатушы кәсіпкерлеріне азық-түлік көкөніс сақтауына мүмкіндік жасау, бағаны тұрақтандыру,-деді.
Облыс әкімінің орынбасары қойманың құрылыс жұмысымен танысып шығып, бұл жоба тиімді бастама екенін жеткізіп, аудан кәсіпкерлері үшін қолайлы жағдай жасау және қолдау керектігін айтты. Одан кейін қаламыздағы 2 шағынаудандағы әлеуметтік азық-түлік дүкенінің жұмысымен танысты.
С.Есқараев,
«Sarysý»