ТІЛ ТАҒДЫРЫ БАРШАМЫЗДЫҢ ҚОЛЫМЫЗДА

0

Қаһарман батыр атамыз Б.Момышұлы халықтық  қадір-қасиетіміз бен  елдігіміздің мәні,тот баспайтын арқауы, анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған ана тілімізді ұмыту-бүкіл ата-бабамызды, бар тарихымызды ұмыту» деп тіл туралы толғана жазып қалдырып кеткен.

«Тіл-көңілдің тілмашы» демекші, әрбір адамның өзінің  ана тіліне қарап, оның мәдени дәрежесі ғана емес, сонымен бірге  азаматтық қасиет жөнінде  де мүлтіксіз баға беруге болады. Яғни, тіл дегеніміз –әрбір  адамның жаны, тәні, бар болмыс-бітімі. Сол себепті  өз ана тіліміздің мәртебесі биік, мерейі үстем болуы үшін бір адамдай жұмылып, өз байлығымызды асқақтатуға күш салуымыз керек. Біздің асыл қазынамыз, сөз жеткісіз жауҺар құндылығымыз-ол тіліміз. Бұл – осы жылдар ішінде ғана емес, қаншама ұрпақ бойы ата-бабамыз армандап келген азаттыққа қол жеткізуге еңбегімен де, өмірімен де зор үлес қосқан отандастарымыздың еңбегі орасан зор.  Олардың алдында тағзым етіп, еңбегін дәріптеу – бүгінгі ұрпақ, біз үшін парыз. Сонау ғасырлар тереңінде мемлекетшілік дәстүрі мен тәуелсіздік туралы арманын ұрпағының жадына сіңіріп, осы күнге дейін жеткізген біздің ата-бабаларымыз зор тарихи құрметке лайық. Соның ішінде, өткен ғасырдың басындағы қиыншылық уақытта азапты өмірді қайыспай көтерген ата-аналарымыз үшін де басымызды иеміз.

Ауданымызда өзге ұлт өкілдері тату- тәтті өмір сүруде. Ауданымыздың өркендеп-өсуіне өзіндік үлесін қосып жүрген өзге ұлт өкілдері арамызда баршылық. Қазақтың салт-дәстүрлерін, тілін құрметтеп қастерлейді.   Солардың бірі күрді ұлтының өкілі  С.Оспанов  облыстық, аудандық  тіл байқауларына қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр. С.Оспанов қазақ халқы жайлы былай дейді.

-Біз, күрді халқы, нәубетті жылдары қазақ жерін паналадық. Демін ішіне тартып тұрған бұл жылдарда қазақ жері бізден өзге сан түрлі ұлттарды бауырына басты. Міне, содан бері қаншама уақыт өтті?     Бізге Қазақстан құтты қоныс, жайлы мекенге айналды. Біз үшін Қазақстаннан өзге Отан жоқ. Биыл ел Тәуелсіздігіне 32 жыл толып отыр. Елімізде осы жылдар бойы бірлік пен ынтымақ, азаматтық бейбітшілік пен ұлттық келісім, достық пен татулық жалғасып келеді. Жастар үшін көптеген патриоттық, адамгершілік рухта тәрбиелейтін іс-шаралар өткізіліп жатыр. Мемлекеттің тұтастығы  Қазақстанның Тәуелсіздігі мен қоғамдағы ұлттың азаматтық бірегейлігінің арқасында мүмкін болды десек, қателеспеген болармыз. Бүгінде отансүйгіштік, тілін,  мейірімділік, төзімділік, ауызбіршілік, сынды қасиет-терді өсіп-өніп келе жатқан жас ұрпақтың санасына сіңіру-әрбіріміздің борышымыз. Мен осы елдің азаматы, күрділер қоғамдық бірлестігінің өкілі ретінде елдегі болып жатқан жағымды жаңалықтарға қуанып отырамын. Бұл осы елге сіңіп, бүгінде өз Отанымыз ретінде мойындағанымыздың дәлелі деп санаймын. Ата-бабамыздың бізге көрсеткен үлгісі осындай. Біз бұл үрдісті одан әрі жалғастырып, ұрпақ бо-йына сіңірудеміз. Қазақстан халқының мамыражай күн кешіп, ел іргесі аман, тыныш, бейбіт заман болғаны-біздің де тілегіміз. Қазақтың тілінің өркендеп кең қанат жаю үшін біз талмай еңбек етіп келеміз.

Кеңпейілдігіміз бен қонақ-жайлығымыздың арқасында егемен еліміз бірлік пен достықтың алтын ордасына айналды.

Қай заманда болмасын ел ішіндегі  тілді құрметтеп қастерлеу  ең маңызды рөлге ие болатын.  Өйткені, тіл  шұбарланса белгілі бір мемлекеттің шаңырағының шайқалуына, ел іргесінің сөгілуіне әсерін тигізбей қоймайтын. Сол себептен де  соңына сөнбес қасиет пен өлмес өсиет қалдырған  тұлғаларымыздың тілге жанашырлығын анық аңғартты.

Елін еркіндікке сендіре алған, нағыз ұлттық жаңғыруды туғызған ұлы істер толқыны бола білген ұлт көсемі Әлихан мен Ахмет бастаған Алаш арыстары да ана тіліміздің өркендеуіне еңбек етіп, дамуын армандап өтті.

Иә, еліміз сан ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізіп, сәт сайын өсіп-өркендеп келеді. Елдің іргесінің бекем болып, кез-келген жағдайда шаңырағы шайқалмауының кепілі – бірлік пен тұрақтылық екенін асыл сөзді бабалар өсиетінен анық аңғаруға болады.   «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте»,  «Ана тілі-асыл қасиет», «Әдеп басы-тіл».    Ауызбірлік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерлерге қашанда нәтижелі істердің үйір болатыны белгілі.

Бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді. Біздің мемлекетіміздің басты жетістігі ана тілімізде өзге ұлт өкілдері, шет ел мемлекеттері қызығушылық танытып үйре-нуде.

Қазақстанның көпұлтты халқының татулығы, ынты-мақтастығы, бейбітшілігі еліміздің баға жетпес байлығы. Қазақстан тарихының едәуір бөлігі-оны мекендейтін халықтардың этностық және мәдени өзара іс-қимылдарының тарихы. Әлемдік тарихта әртүрлі ұлт өкілдерінің бір жерде, бір елде бірлесіп өмір сүруі-әсте де тың құбылыс емес. Бұл ретте, Қазақстанның көпұлттылығы ғасырларға созылып, уақыттардан жалғасын тауып, сабақтасып келеді.

«Береке бастауы – бірлік» қағидасын ұстанған Қазақ елі   ұлт пен ұлыстардың, этностардың  арасында  қоғамдық  келісім     мен ұлтаралық татулықтың тұрақтылығын сақтап, дамудың нақты тетігіне айналған ынтымақтастықты, татулықты қазақ  тіліне деген сүйіспеншілікті әлем жұртшылығы алдында жарқырата көрсетіп келеді.

Мақаламыздың басында аудан көлемінде этнос өкілдері тату-тәтті тұрып жатқанын тілге тиек еткен болатынбыз. Этнос өкілдері қазақ тілі туралы былай дейді.

Ким Наталья Владимировна, кәріс ұлтының өкілі:

-Қазақ елінің киелі шаңырағы астында әртүрлі ұлт өкілдерінің тату–тәтті өмір сүріп жатқандығы бізді қуантады. Қазақ халқы қиын-қыстау заманда олардың басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білді.  Отбасымызбен бірге қазақ тілін құрметтеп қастерлейміз. Өйткені қазақ тілі бай. Сондықтан елімізді көркейту, дамыту жолында барша қазақстандықтар жұдырықтай жұмылып, елімізді жаңа белеске көтереді деп сенемін. Еліміз өркендей берсін,-дейді.

Гузель Болатбашевна Амирова, күрді ұлтының өкілі:

-Сонау жылдары тарих пен тағдырдың жазуымен осы елге келген ұлт өкілдері қазақтың қонақжайлылығына, бауырмалдығына   куә  болды. Сол жылылық пен мейірімге толы жанашырлықтың арқасында қазақ жері біздің Отанымызға айналды. Бүгінде біздің балаларымыз, немерелеріміз осы жерде туып- өсіп, білім алуда.  Біз қазақ халқының жақсылығын ұмытпаймыз.  Қазақ тілін, салт-дәстүрді берік ұстанамыз,-дейді.

Қазақ тілі, қазақ халқының ана тілі. Қазақтың туған тілі ата-бабаларымыздың  біздерге қалдырған аманаты. Тіл тазалығы  салт-санамыздың  өркендеуі  һәм ұлтымыздың  жаңғыруы. Ана тіліміз өзінің  сан ғасырлық дамуы барысында  рулық тіл дәуірінде, тайпалық тіл дәуірінде, халықтық тіл дәуірінде  басынан кешірді. Қазіргі қазақ тілі  өркендеген мәдениет тілі.

Тәуелсіздіктің негізгі тірегі -ұлттың тілі, діні, ділі. Тәңірдің  адам баласына  жасаған сыйы да-тіл. Ол қасиетті де қастерлі.Оның бойында  өзекті, жанды өзіне тартып тұратын керемет күш бар. Тілде  бүкіл тіршілік  тұрғандай. Тіл  ұлттың аса игілікті әрі оның өзіне тән ажырағысыз белгісі. Тілдің тағдыры баршамыздың қолымызда. Тілді оқып –үйренуді  барынша жоғары деңгейге көтеру қажет.

Қорыта айтқанда,  тоқсан ауыз сөздің  тобықтай түйіні тілге деген құрмет-халыққа деген құрмет. Тіл мәртебесі –ел мерейі. Тілсіз халықтың, елдің өмір сүруі  мүмкін емес. Әлем таныған ел болу үшін  тіліміздің мәртебесін биіктетуіміз керек.

Сәулет Рысбекұлы, «SARYSÝ»

Leave A Reply

Your email address will not be published.