ӘЖЕ ТӘРБИЕСІ-ҰЛЫЛЫҚТЫҢ ДӘНІ

0

Халқымыздың сан ғасырдан бергі даналығына құлақ ассақ, адамның бақыты балада деген екен. Адамға нағыз бақытты – тәрбиелі ұрпағы ғана сыйлай алады. Адам ұрпағымен мың жасайды деген сөз тегін айтылмаған.

Адам өмірінің мәні-өз ұрпағы, шыр етіп сәби дүниеге келген сәттен бастап ата-ана алдында қыр-сыры мол қоғамдық міндет тұрады. Ол-бала тәрбиесі. Бала тәрбиесінде алғашқы ұстаз ата-ана. Бала үшін үй ішінен ата-анадан артық тәрбиеші жоқ. Жанұяда балаға адамгершілікті, бауырмалдықты, әдептілікті, татулықты, қайырымды болуды қасиетті сөздерді балаға айтып отыру керек.

Иә, әжелер-даналықтың бұлағы. Әжелеріміз ертегі-аңыздарын, жыр-дастандарын айтып, немере-шөберелерін рухани жағынан сусындатса, аталарымыз ақ батасын беріп, өсиет-насихаттарын айтып отырған. Қай бала да әжесінің әлдиі мен ертегісін, ұлағатты сөздерін ести келе жақсы азамат болып өседі. Әйткенмен, бүгінгі таңда немерелеріне ертегі айтатын әжелер азайып кеткеніне алаңдаймыз. Бұл тұрғыда Әппақ әжеміздің немерелеріне өз ертегісі мен даналық сөздерін күнделікті бала бо-йына сіңіруде, жақсы қасиеттерді дарытуда жалыққан емес. Әппақ әжеміз «Айгөлек» бөбекжай- бақшасының ересек топ тәрбиеленушілеріне өзінің даналық сөздерімен салт-дәстүрлер туралы айтып түсіндірді. Қазақтың салт- дәстүрлерін  ұрпаққа насихаттау мен үйрету менің парызым деп санайды. Ұрпақ тәрбиесі-ұлт тәрбиесі, сондықтан қазақ өз баласын тәртіпті, кішіпейіл, білімді, шебер, еңбекқор келешекте үлгілі отбасы иесі болғанын қалап тәрбиелеген. Балаларымызды Отансүйгіштікке ата-баба салт-дәстүрін құрметтеуге үйрету, тәрбиелеу, баршаға бірдей міндет.

Б.Жарасбаева, Айгөлек бөбекжай-бақшасының әдіскері.

БІЛІМ МЕН ӨНЕР-ЕГІЗ ҰҒЫМ

«Өнердің жаны – құштарлық, жауы – іштарлық» деген сөз  Аудан орталығы Жаңатас қаласының

басты көшелерінің бірінде көрініс тапқан осынау қанатты сөз көңіліме ерекше сәуле шашқандай әсерде қалдым. «Алашқа абыз, өнерде аңыз» атанған өңіріміздің талантты тумасы Асанәлі Әшімовтың тамырдан тап басып айтқан сөзі екен. Бар саналы ғұмырын өнер саласына арнаған кез-келген кәсіби маманның санасына сілкініс тудыратын оймақтай ой екендігі хақ. 

Осындайда «Алақандай ауылдан, Алатаудай адамдар шығады» дейтін қариялардың сөзі қапыда ойға оралады. Оған бірден-бір дәлел Ықылас Дүкенұлы атындағы Саудакент балалар саз мектебі. Ашылғанына жарты ғасырдан аса уақыт болған өнер ордасы елімізге танымал талай таланттарды түлеткені рас. Олардың қатарында Саян Ақмолда және  Дулыға Ақмолда, Сәуле Жанпейісова сынды дәстүрлі ән-күй орындаушылары және танымал өнер жұлдыздары бар.

Қазақтың салт-дәстүрімен біте қайнасқан ұлттық аспаптарды өскелең ұрпаққа насихаттау-өнер және білім мекемесінің басты мақсаты. Осы орайда, Мизамбаева Айгүл Марқашқызы басшылық ететін материалдық-техникалық базасы соңғы үлгідегі талаптарға сай мекеменің тәлім алушылары да үміт үдесінен шыға білуде. Мәселен, ағымдағы 2022-2023 оқу жылында Әбзел Інжу есімді оқушымыз биылғы 25-26 наурыз аралығында Алматы қаласында өткен халықаралық «Ана туралы жыр» байқауында топ жарып, жүлделі I -орынды иеленді. Сонымен қатар, жасөспірімдер арасында жыл са-йын дәстүрлі түрде өтетін халықаралық «Шабыт шыңы» байқауында Өлкебай Балауса, Меделхан Назерке, Алтай Заңғар, Берікқали Мая бас жүлдемен киелі Түркістаннан олжалы оралды. Дәл осындай республикалық өнер байқауында 15 оқушымыз топ жарса, фольклорлық аспапта орындаушылық ансамбльдер мен оркестр арасындағы облыстық бәсекеде де тәлім алушылар оқ бойы озық болды. «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп білетін 272 ауыл баласының басын қосқан өнер мектебінің өрісі осылайша жыл сайын кеңеюде.

Айта кетейік, былтырғы жылы Саудакент саз мектебіне Ы.Дүкенұлының есімі ресми түрде қайта беріліп, осыған орай  үлкен салтанатты жиын өткен болатын. «Елу жылда – ел жаңа» деген. Білім мен өнер ошағының ардагер ұстаздары мен  танымал түлектері бас қосқан жиын «Күй – құдірет, күй -кие!» атты мерейтойлық концертке ұласқан еді.

Шынтуайтында, өнерге өнеге деп қараған үш бәйтерек пен бес арысымыздан ұлттық аспаптарымыз туралы талай қанатты сөздер қалған. Соның бірі Мұхтар Әуезов: «…қалың қазақ елі тартқан сыбызғыдағы салқын саз, қобыздағы қоңыр күй, домбыраның да екі шекті ғана емес, әдейі күйге арналған үш шекті тіліне оралған көп күйлердің ескі-жаңасы тегіс – тарих үшін елеулі бұйым», — дейді. Ендеше, көңілдің шерін, замананың бейнесін қаз-қалпында жеткізіп келген төл өнерімізге құмартқан ауыл жастарын тәрбиелеуге бір кісідей атсалыса берейік. Себебі, «Өнердің жаны – құштарлық».

М.Қазыбаев, Саудакент саз мектебі КММ директорының  тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

тату жанұя – тіршіліктің тірегі

Тәрбиенің отбасынан басталатыны сөзсіз. Ата-ана-бала тәрбиесіндегі басты тұлға. Сондықтан әке де, ана да балаларының жан дүниесіне үңіліп, мінез – құлқындағы  ерекшеліктерді жете білгені жөн.

Балалармен әңгімелескенде олардың пікірімен де санасып отырған орынды. Отбасында  ата-ананың ықыласына бөленіп, тәрбие көріп өскен бала кез-келген ортада өз ісіне жауап бере алады. Ал, нәтижесіз тәрбие баланы түрлі қылмыстық істерге жетелейтіні анық.

Бала дегеніміз – болашақ. Балаларымызды қалай тәрбиелесек болашағымыз солай болмақ. Келешегіміздің қожасы-балаларымызды білімді де мәдениетті, тәрбиелі де әдепті, кішіпейіл де қарапайым етіп тәрбиелеу өз қолымызда. Ұл тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз.

«Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз алған білім адамзаттың қас жауы, оның өміріне апат әкеледі» — дейді Әл-Фараби. Жас ұрпақтың бойында тәлім-тәрбие қалыптастыру баршамызға бірдей міндет! Ұстаздар қауымы және ең бастысы ата-аналар болып бала тәрбиесін қолға алсақ болашағымыз жарқын болмақ.

Е.Амиреев,  Ақтоғай орта мектебінің тәрбие ісі

жөніндегі орынбасары

Дін-қасіретке емес, қасиетке негізделген

Дана Қазақ атам «дін ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің» деп кесіп айтып, болашақ ұрпақтың санасына бір ауыз сөзбен діннің мән- мағынасын, өміршеңдігін көрсетіп, мәңгілік бақытты елдің ұлттың болашағымен байланыстырып діннің негізгі өзегін алып имандылық пен кішіпейілділіктің  құнды да мағыналы ұғымның ұясынан болашақ ұрпағын тәрбиелеуді айтып өткен.

Қазіргі қазақ қоғамында дініміздің қадір-қасиетін қашырып жүрген неше түрлі ой- пікірлермен қатар көлденең келген көк аттылардың ақиқатқа қарсы қайшы пікір айтып арабқұл деп тағы осы сияқты теңеулермен қоғам ішінде алып қашпа сөздердің куәсі болудамыз. Әрине бұндай ойлардың туындауына қазіргі жахандану кезеңіндегі геосаяси мәселелердің ықпалы да жоқ емес  дейтұра  қазақ елінің тарихын танымау, атадан балаға тәрбие арқылы жеткен қазақи мұсылманшылық мәдениетінің тірегі дәстүрлі исламның орны тарихта таңба басқандай көрініп тұр. Ал осы рухани  құндылығымыздың негізгі асыл мұрасын мойындамау тағысын тағы   бұл қоғамдағы белгілі бір топтардың тарапынан туындайтын ойларының нәтижесінде қалыптасуда.

Ислам діні сан ғасырдан бері өзіндік болмысын жоғалтпай  шариғат талаптарымен ғибадаттың түрлерін оның орындалу ерекшеліктерін  құдай туралы түсінікпен оның  есім сипаттарын    құранмен сүннетке сай сүйене отырып ортақ бір ереже қалыптастырған. Бұл үлкен мектептің қалыптасуына Пайғамбарымыз Мұхаммед (С.А.С.) салып кеткен сара жолы сахаба табиғиндардың жүріп өткен жолдары олардың қалдырған өсиеттері және де әділетті ислам ғұламаларының еңбегі  шығармалары ислам әлемінде бір мызғымас діни мектептің оның тәжірибесін қалыптастырып кеткенін білеміз.  Қазіргі ислам түсінігімен ұстанымы – қазақ қоғамындағы діни қауымдастықтың негізгі сара жолына түскен деп айтуға болады.

Ислами тақырыптарда қазақ қоғамындағы діндар жастардың догматикалық фатализмге  әрі  бір беткейлік түсініктермен  уағыздардың шырмауына ұрынбауы үшін, жасампаз өнерпаз жастарды  шығаратын  жігерді рухтандыратын тақырыптар кеңінен насихатталуы керек. Ол үшін ғылыми зерттеу орталықтардың жұмысын жандандыру қажет. Ол болашақта өзіндік орын қалыптастырып негізгі бағыт-бағдар беретін жаңашылдыққа жетелейтіні  белгілі.         Ислам діні адамзатқа ақиқаттың есігін айқара ашып, терең ұйқыдан ояту үшін келген. Орта ғасырда Ислам діні арқасында есімдері жер жаратын энциклопедист, астроном, философ  ғалымдары шыққан еді. Олардың  ақиқатты түсінуі Ислам дінін дамытуы, белгілі бір дәрежеде әлемдік өркениет қалыптастыруы үлкен жетістік еді. Осыны байқаған Исламның ақиқаттың дұшпандары  өскелең ұрпақтың санасына  сол жолдың бұзылуына күш салып белгілі бір діни топтар мен күштердің де әрекеттері бар екені байқалады. Дінді біліммен  ғылыммен байланыстырмау діни фанатизмге бой алдыру жастардың санасын діни догмалармен улау осындай қасіреттермен ұлттық бірегейлікті ыдырату арқылы ұлттық құндылықтарымызбен мәдениетімізден ажыратып санамызды мәңгүрттеу күрделі процестің сол әу бастағы идеологиялық соғыстың сарқыншағы әлі де  ішінара белгілі бір деңгейде жүріп жатқанын байқалатын сияқты байқасақта білсекте көрмегендей сыңай танытудамыз. Ия бұлда бір қоғамдағы болып жатқан идеологиялық күрестің бірі.  Болып жатқан әлеуметтік желідегі діни тартыстардың қарама-қайшы пікірлердің шешімін береалатын  ғалымдарымыз  жетерлік, алайда бұл бұнымен тұралап қалмау керек. Осы  ғасырда  танымал тұрғыда танытатын  діннің ғылыми негіздемесімен әдістемесін ұсыну оны одан әрі мемлекеттік деңгейде нүктесін қоятын тетіктерді қалыптастырып дәстүрлі исламның ғылыми негіздемесін     жаңашылдықпен  қоғамға ұсына отырып  идеологиялық тұрғыда қалыптастыру керек. Болашақ ұрпақтың тәрбиесі, тамыры тереңге тартқан  дәстүріміз,  рухани құндылықтарымыз,  сан  ғасырдан өзіндік бояуын жоғалтпай  ұлт болып ұйысуына  осындай сайын даланы сыртқы жаудан, ішкі даудан аман-есен осы ғасырға жетуіне    рухани құндылықтарымыз бен мәдениетіміздің үлесі орасан зор.

Әрине ол халықтың бойындағы, санасындағы жігерлі рухтың күші қайсарлықпен батылдықты, жүрегіне сіңіре отырып әрі қайырымды болуында құдайын ұмытпауында  сан қырлы қиыншылықтардан төзімділікпен өтуінде осындай дана халқымызға Алланың мейірімі түскенін ұмытпауымыз керек.     Ортамызда мейірім болса жүрегімізде иман, іс-әрекетімізде қайырым болса, ел-жұртымыз аман болашақ ұрпағымыздың ғұмыры   мәңгі берекелі болатынына кәміл сенемін. Өйткені бұл баға жетпес құнды рухани ұғымдарға, Алла Тағала өзінің хикмет сырын жасырып қойғанын түсінуіміз  керек.  Өткеннен сабақ алып болашаққа нық қадаммен басу, бұл парасаттылық,  ыждахаттылық . Осы жолды жүріп өту, әрі ұстап қалу бұл толық адамгершілікпен имандылықтың үлгісі болып қала беретіні шындық.   Осы  мәңгі бақытқа жеткізер байлығымызды жүрегімізден өшірмейікші ардақты ағайын.

М.Мырзағараев,

Жамбыл облысы әкімдігінің

 «Дін проблемаларын       зерттеу орталығы КММ-нің

 Сарысу ауданындағы    инспекторы

ҚҰТЫРУ ІНДЕТІНІҢ АЛДЫН АЛУ

Адамдар үшін жедел вирусты аурулардың ішіндегі ең қауіптісі құтыру індеті. Дәрігерлік көмек дер кезінде жасалмаса, оның аяғы қайғылы оқиғаға айналады. Індет құтырған хайуанат арқылы жұғады. Қауіпті вирустан адамның жүйке желісі зақымданғандықтан, оның жүйкесі қатты қозып, судан қорқатын ауруға ұшырап, сал болып қалады.

Құтыру індетінің алдын алудың қандай шаралары бар?  Құтыру ошақтары адамдардың індетті жұқтыру қауіпі бар жерлер болып саналады.

Құтыру індетіне жылы қанды хайуанаттардың барлығы да ұшырайды, бірақ табиғатта инфекция-ны бойында сақтап, тарататындарға ет қоректілердің ішінде ит тектестер ғана жатады: қасқырлар, түлкілер, борсықтар, шие бөрілер, күзендер.

Құстар мен үй жануарларының да құтыру індетімен ауырып, адамға шабуылдаған жағдайлары сирек те болса кездеседі.

Қазіргі кезде қаңғыған иттер мен мысықтар жыртқыш аңдардың бұл індетін үй жануарлары мен адамдарға жұқтырып байланысшы болуда. Бұл індетке ауылшаруашылық малдары да шалдығады. Адам құтырған хайуан тістегенде ғана ауырады. Адамның бетін, басын, мойнын, қолдарын тістеген жағдай өте қауіпті деп саналады. Індет құтырған хайуанның сілекейі адамның жарақатына немесе көз бен ауыздың шырышты қабатына түссе жұғады. Бірақ адамдар құтыру індетін жұқтырмауы қажет. Бұл жұқпалы қауіпті індетпен күрестің нәтижелі болуы үшін індет көздерін құтырған қасқырларды, түлкілерді, қаңғыған иттер мен мысықтарды жойып, үй жануарларына егу жұмыстарын жүргізу керек.  Ит, қасқыр немесе басқа да аң қауып алған жағдайда дереу жақын жердегі дәрігерлік мекемеге бару керек, ол жерде жараны сабындап жуып, жұқпалы вирусты азайту үшін спиртті йод ерітіндісімен сүртіп, алдын-ала гамма-глобулин жіберіп, антирабикалық емінің толық курсын жедел қабылдау керек  аңның ауру дәрежесіне қарай мал дәрігерінің бақылауында ұстауы тиіс.

Қ.Мадемарова,

Сарысу аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы  

өзара пікір алмасты

   Сарысу аудандық сотында «Нотариустар жасаған атқарушылық жазбалардың күшін жоюда кездесетін түйткілдер» атты тақырыпта семинар-сабақ  өтті.

Семинар-сабаққа  Сарысу аудандық сотының судьясы Д.Кадерқұлқызы, кеңсе меңгерушісі Гүлжан Несіпбекова, бас маман Айнұр Шымырбекова, бас маман Ғазиза Данярова,  бас маман — сот отырысының хатшылары Жаңабек Мейірхан, аға сот приставы Сұлтанбеков Азамат, жетекші мамандар Фариза Әметова қатысты.

Судья  Динара Кадерқұлқызы өз сөзінде      атқарушылық жазбаны жасау, егер шартта тұрақсыздық айыбын (өсімпұлды), пайыздарды өндіріп алудың өзге тетігі көзделмесе, борышкер орындалмаған міндеттемедегі кінәсін мойындаған кезде, орындалмаған міндеттемедегі кінәсін мойындау фактісін нотариус растаған кезде жүзеге асырылады.

Атқарушылық жазба:

1) егер ұсынылған құжаттар берешектің немесе борышкердің өндіріп алушы алдындағы өзге де жауапкершілігінің даусыз екенін растаса;

2) егер талап қою (арыз) құқығы туындаған күннен бастап үш жылдан аспайтын уақыт өтсе, жасалады.

Егер атқарушылық жазба берілетін талап үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында өзге ескеру мерзімі белгіленсе, атқарушылық жазба осы мерзім шегінде беріледі. Атқарушылық жазба жасағаннан кейін нотариус келесі жұмыс күнінен кешіктірмей борышкерге оның көшірмесін табыс етеді немесе жеткізілгенін тіркеуді қамтамасыз ететін байланыс құралдарын пайдалана отырып, борышкердің электрондық пошта мекенжайы бойынша немесе белгілі тұрғылықты (тұрған) немесе тіркелген жері бойынша жібереді.

Егер атқарушылық жазбаның көшірмесі борышкерге:

1) тараптар арасында жасалған шартта көрсетілген электрондық пошта мекенжайына;

2) соңғы белгілі тұрғылықты жері бойынша табыс етілгені туралы хабарламасы бар тапсырысты хатпен жіберілген болса, оның ішінде кәмелетке толған отбасы мүшелерінің бірі, көрсетілген мекенжай бойынша адаммен тұрып жатқан басқа адам алған болса;

3) жеткізілгенін тіркеуді қамтамасыз ететін өзге де байланыс құралдары пайдаланыла отырып жіберілген болса, ол алынды деп есептеледі.

Хабарлама адресатқа, алушыға оны табыс ету мүмкін болмағаны туралы белгісімен немесе оны қабылдаудан бас тартуға байланысты қайтарылған жағдайда, атқарушылық жазбаның көшірмесі тиісті түрде жіберілді деп есептеледі.

Борышкер атқарушылық жазбаның көшірмесін алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде атқарушылық жазбаны жасаған нотариусқа хабарламасы бар мәлімделген талапқа қарсы қарсылығын жазбаша түрде жіберуге құқылы.

Борышкердің қарсылығында мәлімделген талаппен келіспеу себептері қамтылуға тиіс.

Атқарушылық жазбаның көшірмесін борышкерге табыс ету туралы хабарлама келіп түскен кезде және егер белгіленген мерзімде борышкерден нотариусқа қарсылық келіп түспеген жағдайда, нотариус өндіріп алушыға атқарушылық жазбаны береді не оның өтініші бойынша оны тиісті әділет органына не аумақтылығы бойынша жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына немесе өндіріп алушы таңдаған жеке сот орындаушысына орындау үшін жібереді.

Өндіріп алушыға берілген немесе жіберілген атқарушылық жазбаның көшірмесі нотариус жүргізетін істе қалады.

Сонымен қатар, атқарушылық жазбаның күшін жою және оған дау айту туындаған жағдайда, нотариус мәлімделген талапқа қарсы қарсылықты алған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей атқарушылық жазбаның күшін жою туралы қаулы шығарады. Атқарушылық жазбаның күшін жою туралы қаулы дау айтуға жатпайды.

Атқарушылық жазбаның күшін жою туралы қаулының көшірмесі шығарылған күнінен кейінгі келесі жұмыс күнінен кешіктірілмей осы Заңның 92-6-бабына сәйкес өндіріп алушыға, борышкерге табыс етілуге немесе жіберілуге тиіс. Егер жасалған атқарушылық жазба борышкердің қарсылығы бойынша нотариустың қаулысымен күшін жоймаса, оған дау айту сот тәртібімен жүзеге асырылатындғын түсіндіріп шықты.

Іс-шара соңында нотариустар жасаған атқарушылық жазбалардың күшін жою- да кездесетін түйткілдерді халық арасында кеңінен насихаттау жүмыстардың маңыздылығы аталып өтті.

«SARYSÝ-AQPARAT»

Leave A Reply

Your email address will not be published.