ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫҢ ТИІМДІЛІГІ
«Адамның көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тезірек қолға түседі. Шала мейір шала байқалады».
Абайдың 32 қара сөзінен
Қашанда рухани байлығы бар, білімі мен ғылымы мол, өркениетті, дамыған мемлекеттің келешегі де кемел болмақ. Болашақтың білім мен ғылымға тәуелді болатыны айдан анық нәрсе. Сондықтан да білім мен ғылымды дамыту, сол арқылы толағай табыстарға жету әрбір халықтың басты мәселесі. Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңының 8-бабында «Білім беру жүйесінің бас-ты міндеттерінің бірі – оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» деп атап көрсеткен.
Әлем сәт санап өзгеруде. Өткен ғасырдың білім беру үрдісін нақтылық, тұрақтылық, шынайылық, қарапайымдылық құраған болса, ал қазірде өзгерістер көп: жаңа жағдайларға жылдам ауысу, роботтандыру, автоматтандыру, жеке тұлғаландыру, т.б. «Бәрі өзгереді, бірақ ештеңе ауыспайды! Бәрібір де кейбір өзгерістер болады» атты сөз бекер емес. 20 жыл бұрын мобильді қосымшаларды әзірлеуші сияқты мамандықтарды естімеген едік. Дәл қазіргі кезде ұялы байланыстар мен компьютерлік және цифрлық технологиялардың дамығандығының куәсі болып отырмыз. Ал бірнеше жылдан кейін еңбек нарығы нені, нақты айтқанда қандай құзыретті мамандарды қажет ететінін дөп басып айту қиын болады. Ғылым мен техниканың қарыштап дамыған заманында өзгерістердің болатыны анық. Қоғам сұранысына сай адамзаттың белгілі бір мансапқа қол жеткізбей тұрып, ең алдымен икемділік дағдыларын жетілдіруі керектігін өзгермелі әлемнің жаңа талаптары өзі-ақ сұрап тұр.Қоғамның жедел дамуымен мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласы да елеулі өзгерістерге толды. Педагогикалық өзара әрекеттесудің қазіргі жаңа стилі білім саласындағы жаңаруларды арнайы құзыреттіліктер арқылы меңгеруді талап етеді. Уақыт талап еткен өзгерістерді дер кезінде игеруі, өз білім форматын жаңартуы арқылы педагог жаңа дағдыларды бойына қалыптастырады. Педагогтардың қолданысындағы қалыптасқан үйреншікті бір жұмыс дағдысы дәл қазіргі уақытта жеткіліксіз болып отыр. Себебі «оқытамын», «үйретемін» түсініктерінің ауқымы кеңейіп, тиісті дағды-құзыреттіліктердің сапасы артты. Дағдылар әзірде метатанулар арқылы метадағдыларға айналуы тиіс, яғни дәл осы формат түрі білім алушылардың жаңа білімді игеріп, оны тиімді қолдануында, әрі алған білім мен дағдыны таратуында, сол арқылы әр салада жетістікті ойлауына, ұжымдық интеллектінің дамуына мүмкіндік беретін таптырмас шеберлік. Өзгермелі әлемде жаңа форматты педагог әрқашан да ізденісте жүру арқылы «не нәрсеге үйрету керек?» деген сұрақпен мазалануы – өзінің қызметі мен балаларға деген сүйіспеншілікке бөленері сөзсіз. Әрине сәби бірден осы аталған дағдыларды бойына сіңіріп өмірге келмейді. Қанша жерден үйлесімді болса да мектепке дейінгі жастағы балалардың дағдысын дамыту мәселесі оңай шаруа емес. Ата-ана болған соң баласының жылдам дамуына көмектескісі келеді. Баланың дағдыларының дамуы жанұядағы ата-анасының әрекеттері мен тәрбиесіне байланысты. «Сөз үйретпейді, әрекет үйретеді» демекші, ата-ана тұлғасы мен оның тәрбиесі бала үшін әркез де үлгі. Дегенмен де «табысты ата-ана» бола отырып, әрбір ата-ана мына негізгі мәселелерді есепке алуы керек: Дағдыларды меңгеру-«Маған не қажет?» сұрақ аймағынан «Мен не істей аламын?» аймағына өту. Баланың қандай да бір әрекетті атқара білу қызығушылығына демеу болу, белсенділігін көтеру, жақсы істерге түрткі болуы. Негізгі әрекет баланың қызығушылығын жою емес, қолдау көрсетуге көмектесу жұмысына бағытталуы тиіс. Жеткіншектерді командада жұмыс істеуге үйрете отырып, өзара қарым-қатынасқа жұмылдыру қажет. Егер де отбасыда бір-біріне деген сенім мен ауызбіршілік, икемділіктер орын алса, онда балада коммуникациялық дағдылар жақсы дамиды. Баламен бірге асқан қызығушылықпен тапсырмаларды бірге орындап, шахмет пен зияткерлік ойындарды бірге ойнаса, оқылған немесе көрген мультфильм немесе шығармаларға пікірталас жүргізсе –онда балада сыни ойлаудың негізі қаланды деуге әбден болады. Біздің бөбекжай қазіргі заманауи технологиялармен жұмыс жасайды. Балаларға барлық жағдай жасалған. Атап айтар болсам, денсаулықтарына пайдалы «Тұзды бөлме», «Менің Қазақстаным» атты дамытушы бөлме, ұлттық салт дәстүрімізді санаға сіңіру бойынша «Қазақ ауылы» бөлмесі және табиғатқа деген сүйіспеншілігін ояту мақсатында «Жасыл орман» бұрыштары бар. Мектепке дейінгі білім беруді дамытудың қазіргі кезеңі балабақшалардың жұмыс тәжірибесіне әртүрлі технологияларды енгізудің жылдам қарқынымен сипатталады. Осыған байланысты мектеп жасына дейінгі педагогтардың алдында кәсіби қызметтің басымдылығын қайта қарау міндеті тұрды. Ең бастысы-қандай да бір білімді беру ғана емес, балалардың танымдық қызығушылығын дамыту және заманауи педагогикалық технологиялар арқылы мектепке дейінгі және бастауыш мектепте оқытудың сабақтастығын жүзеге асыру. Мен елдің қалай өзгеретінін көремін, яғни адамдар мен балалар. Қазіргі қоғамды материалдық, энергетикалық және еңбек ресурстарынан кем емес ақпараттық ресурстарсыз елестету мүмкін емес. Қазіргі заманғы ақпараттық кеңістік бізден компьютерге ие болуды талап етеді, ол біздің өмірімізге белсенді еніп, ересектер өмірінің қажетті атрибутты ғана емес, сонымен қатар балаларды оқыту құралы болып табылады. Мектеп жасына дейінгі балалармен жұмыс жасауда интерактивті технологияларды қолдану енді ғана басталды. Біз бәріміз уақытпен бірге жүруіміз керек.Осылайша, инновациялық технологияларды қолдану оқу-тәрбие және әдістемелік жұмысты жетілдірудің тиімді құралы болып табылады, бұл балалар мен ересектерді оқыту процесін қызықты әрі тиімді етуге мүмкіндік береді.Біздің бөбекжайда инновациялық педагогикалық қызмет нәтижелерін таныстырудың негізгі формалары-бұл ашық іс-шаралар, мастер-класстар, ата-аналарға, педа-гогтарға арналған конференциялар, кәсіби мерзімді басылымдардағы жарияланымдар, ғылыми-практикалық конференцияларда, бұқаралық ақпарат құралдарында сөз сөйлеу. Бүгінде адамның қазіргі өмір салты, жылдам өзгеретін және үнемі дамып келе жатқан ақпараттық саламен интеграцияланған, сондай — ақ тұтастай алғанда адамзаттың индустриалды-ақпараттық дамуының жоғары қарқыны мамандықтар мен мамандықтардың тұрақты жаңаруына алып келетін нарықтық талап, жаңа жеке және ұжымдық дағдыларды дамытуға деген жоғары сұранысты қалыптастырады. Мектеп жасына дейінгі балаларды тұлға ретінде қалыптастыруда жаңа технологиялардың тиімділігін қолдана білу керек.
Э.Сатиева,
«Болашақ» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі
Өнерлі ұрпақ-еліміздің мақтанышы
Қазақ халқы қай уақытта болсын, ұрпақ тәрбиесін ұлттың тағдыры, ұлттың болашағы деп білген.
Сондықтан тәрбиеге ерекше көңіл бөліп, оған тиімді әдіс-тәсілдерді қолданып, қарастыру әрбір білім ошағының тапқырлығы мен іскерлігін, ізденімпаздығы мен шығармашылығын талап етеді. Жас ұрпақты болашақта ата-анасының мақтанышы, адамгершілігі мол азамат етіп өсіру жолында қала және ауылдық округтердегі өнер ошақтары аянбай тер төгіп келеді.
Өткен аптада Игілік ауылдық клуб үйінде «Өнерлі ұрпақ – еліміздің мақтанышы» тақырыбында Игілік ауылдық балалар өнер мектебінің 2022-2023 оқу жылының есеп беру концерті өтті.
Аталған шараға мекте-біміздің бейнелеу және сәндік қолданбалы бөлімі оқушыларының жұмыстары, мұғалімдердің жеке өз қолдарынан шыққан туындыларынан көрме қойылды.
Шара шымылдығын «Атадан қалған мұрамыз» атты облыстық байқаудың І-орын иегері «Наркескен» фольклорлық ансамблі «Бақтыбайдың әуені», «Ыңғай төк» күйлерімен ашып берді.
Одан кейін мұғалімдер мен оқушылардан құралған оркестр «Тайшолпы» күй-ін О.Махамбетовтың жетек-шілігімен, ал, А.Қойшыбаев халықтың «Беу, айдай» әнін нақышына келтіре орындаса, вокал сыныбының жетекшісі Ж.Жарылқаповтың оқушылары: А.Мұсаахмет Абайдың әні «Көзімнің қарасы», А.Қойшыбай «Құстар әні», Б.Сәду «Жақсы адамдарым» әндерін әуелете шырқады.
Ән терме сыныбының жетекшісі Э.Жолдасованың оқушылары «Туған жер» әнін орындады.
Сонымен қатар, драма сыныбының оқушыларынан жас ерекшеліктеріне қарай құралған «Балдәурен» тобының орындауында М.Әуезовтың «Жетім» әңгімесінен үзінді қойса, Т.Шайқыстанованың жетекшілігімен «Жас Алаш» театр тобының орындауында М.Әуезовтың «Қаракөз» трагедиясынан үзінді сахналанды.
Жиналған қауым би сыныбының оқушылары «Әсем-ай» би тобының орындауларында қазақ биі «Әлқисса», «Айжан қыз» өзбек билерін, кіші топ жетекшісі А.Бекенасованың оқушыларынан құралған «Еркем-ай» би тобының спорттық билерін тамашалады.
Сонымен қатар, баян сыныбының жетекшісі А.Бектибаевтың оқушылары Зауалмақан Аяла халықтың «Қамажай» әнін, Зауалмақан Жандәулет украйн халық әні «Ехал казах за дунай» шырқады.
Домбырашылар ансамблі О.Махамбетовтың жетекшілігімен «Ерке сылқым» күйін және орта топ оқушылары А.Нұртановтың жетекшілігімен «Салкүрең» күйлерін нақышына келтіре орындады.
Сондай-ақ, тұрғындар назарына бейнелеу және сәндік қолданбалы өнер бөлімінің жетекшілері М.Балабекова, С.Шардарбек оқушыларының өз қиялдарынан туындаған «Сән үлгісі» тамашаланды. Хор сыныбының жетекшісі М.Жұматаеваның оқушылары «Қазақстан», «Атамекен» әндерін әуелете шырқады.
Шара соңында Игілік ауылдық округі әкімі Ж.Жанайдаров сөз сөйледі:
— Қай заман, қай қоғамда болсын адамзат баласы жас ұрпақ тәрбиесіне зор мән беріп келген. Себебі, ұлт тәрбиесі – ұлт болашағы. Егеменді еліміздің ертеңгі болашағы жас ұрпақ тәрбиесінде. Бүгінгі іні-сіңлілеріміз, бүлдіршіндеріміз – ертеңгі біздің орнымызды басатын, тәуелсіздігіміз бен еліміздің іргесін биік етіп ұстап тұратын азаматтар. Олардың білімді, денсаулығы мықты азамат болып өсуі үшін, бір қоғам болып ынтымақтасып атсалысуымыз қажет,-деп мектеп ұжымының мұғалімдері Қошқарбаева Ақмарал, Нұртанов Асу, Орынбасар Махамбетовтерді Алғыс хаттармен марапаттады.
Одан кейін қосымша білім беру ұйымы Ықылас Дүкенұлы саз мектебінің оқу ісі орынбасары Құрал Әлиев сөз алып, оқушылар мен ұстаздарды 2022-2023 оқу жылының қорытынды есеп беру кешінің өте тамаша, жоғары деңгейде өткенін тілге тиек етті.
Сондай-ақ, ардагер ұстаз Бекбауов Балтабай, Махамбетов Рыстан Игілік ауылдық балалар өнер мектебінің оқушылары мен ұстаздарына құттықтау лебіздерін білдіріп, бұдан да биіктен көрінулеріне тілекші екендерін жеткізді.
Игілік ауылдық балалар өнер мектебі.
аудан намысын қорғап жүр
«Өнерлінің өзегі талмас» дегенді өмірлік ұстанымы еткен жас музыканттардың кәсіби біліктілігі қашанда сахна төрінде шыңдалады.
Жеті нотаның құді-реттілігінен қуат алатын өнерпаздар шоғыры аудан көлемінде жетерлік. Әлем және қазақ музыка саласының нағыз майталманына айналу үшін кез келген жас өрен өзі сүйген саланың негізгі элементтерін игеруге талпынысын шыңдап отыруы керек. Осы орайда, бала бойындағы ұшқынды жарып шығаратын музыка мектептерінің үлес салмағы зор. Аудан бойынша шоғырланған өнер мектептерінің өнер-паздары жастарымыз об-лыстық, республикалық, халықаралық байқаулардан жүлдегер атанып, ел намысын қорғап жүр. Атап айтар болсақ, Жайылма ауылдық балалар өнер мектебінің домбыра сыныбының жетекшісі Ж.Рахымжанованың оқушылары «Балдәурен» шығармашылық орталы-ғының ұйымдастыруымен «Бірлігіміз жарасқан» атты республикалық байқауда жоғары орындаушылық шеберлік көрсеткені үшін Көшен Бегім және Абильдина Қарашаш ІІІ-орынды жеңіп алды. Ұйымдастырушылар тарапынан жеңімпаз оқушылар мен жетекшісі Алғыс хатпен марапатталды.
С.Есқараев, «SARYSÝ»
ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ-ҰЛТ БОЛАШАҒЫ
Тәуелсіздігімізді алып, өркениеттілікке құлаш сермеген бүгінгі таңда адамгершілігі мол, сапалы да салауатты ұрпақ тәрбиелеуде халықтық тәрбиенің алатын орны ерекше.
Қазір білім беру орындарында ұлттық тәрбиеге айрықша мән берілуде. «Жастар-біздің болашағымыз» дейтін болсақ, сол жастарымызды ұлтын сүйетін ұлтжанды, Отанын құрметтейтін патриот, жоғары адамгершілік иесі, ұлттық рухы биік парасатты азамат етіп тәрбиелеу үшін оларға ұлттық тәрбие қажет екенін өмірдің өзі-ақ көрсетіп отыр. Сабақ үрдісінде оқушыларға отбасылық тәрбиеге байланысты салт-дәстүрлер, бала дүниеге келгеннен өскенге дейінгі аралықта қолданылатын салт-дәстүр, ырым-тыйымның рөлі, сәлемдесу әдебі, сыйластық, қонақ күту, ас ішу әдебі, инабаттылық дәстүрлері, сөйлеу әдебі және киім кию тәрбиесі, ұлттық тәрбиедегі еңбек тәрбиесінің орны, қазақ халқының озық мәдениет үлгілері мен олардың тәрбиелік мәні бар ұлттық құндылықтарымыз насихатталып келеді. Халқымыздың сан ғасырлар бойы ұстанған ұлттық салт-дәстүрлер мен рухани құндылықтарын әлем елдерінің озық дәстүрлері мен озық тәрбие үлгілерімен байытып, жаңа тәрбие тұжырымдамаларын жасауда. Осы арқылы білім беру ісі мен ұлттық тәрбие бірлігіне қол жеткізіп, жаңа ғасырдың жаңа сипаттағы интеллектуалды ұрпағын қалыптастыру білім саласының басты міндеті болып отыр. Сол себепті жыл сайын дәстүрге сәйкес өткізілетін онкүндіктер жалғасын табуда.
А.Икежанова, Әйтеке би атындағы орта мектеп директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары