ҰШҚАН ҰЯҒА ДЕГЕН САҒЫНЫШ

0

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Рәміздеріне 30 жыл толу мерекесіне орай,  «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, Байқадам Қашқынбаев атындағы орта мектепте «Жомарт түлек» форумы өткізілді.

Форумның мақсаты-мектеп бітірген түлектеріміздің түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген табысты өмір жолын жас ұрпаққа үлгі ету, танымал түлектердің туған өлкесінің әлеуметтік мәселелерін шешуге атсалысуға тарта отырып, әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыру жолындағы өмірлік тәжірибелерімен бөлісу.

Ұшқан ұяға деген сағыныш, мектепке тағзым, Туған өлкесіне оралу, патриоттық сезімге тәрбиелеу, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білу.

Форумға аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Нұрғалиұлы Есмаханов,  «Жомарт түлек» форумына мектеп бітіргеніне 50 жыл толған ардагер ұстаз Нүркенова Ләйлә апай, мектеп бітіргеніне 40 жыл толған түлектер-Жолмаханов  Ағағали, Иманбекова Гүлнар, Садуақасова Гүлнар, Етекбаева   Гүлзира, мектеп бітіргеніне 30 жыл толған түлектер-Жексенбин Думан, Иманбеков Шалхар, Махажанов Жұмағали, Сексенбаев Кенжеәли, Сексенбаев Кенжебек, Ерсейітов Данияр, Ескендіров Қанат, Иманбеков Нұрлан, Орынбеков Алмат, Асанова Салтанат, Молдабеков Асқар, Мустафаев Ержан, мектеп бітіргеніне  20 жыл толған түлегіміз  Байшораев  Төлеген,  мектеп бітіргеніне 10 жыл толған түлектер Амангелдиева  Айжан мен  Құдайберген Қаршыға және Айти маманы және жеке кәсіпкер Нұрбол Әмірбеков, Асқарбеков Наурызбай қатысты. Форум барысында  мектепалды даярлық сыныптары өз өнерлерін көрсетсе, бірінші сынып оқушылары арнайы дайындаған арнауларын айтып көңілді күй сыйлады. Түлектеріміздің мектеп қабырғасындағы  қызықты сәттерімен бөлісіп, мектеп бітіруші түлектеріміз сұрақтар қойып, еркін тақырыпта пікірлер алмас-ты. Аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Нұрғалиұлы жетістікке жету жолындағы ізденістері туралы әңгімелеп, мектеп бітіруші түлектерге ақыл-кеңесін айтты.  Форум соңында өздері білім алған мектебіне тарту ретінде «Дүниежүзінің саяси картасын» сыйға тартып, 40 жылдық түлектеріміз 100 мың теңге, 30 жылдық түлектеріміз 130 мың теңге сонымен қатар, 50 жылдық түлегіміз Нүркенова Рая апай мектеп кітапханасына кітаптар тарту етті.

Г.Сыздықова, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

Туған жерге, алтын ұя мектебіме тағзым

Сарысу орта мектебінің директоры Лайла Шукеева мен ұстаздар қауымының ұйымдастыруымен «Жомарт түлек — 2023» атты форумы өтті. «Туған жерге, алтын ұя мектебіме тағзым»  форумының  мақсаты – өскелең ұрпаққа өз еліне, туған жеріне, білім алған мектептеріне, білім берген ұстаздарына құрмет көрсетуге, еліміздегі белгілі түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген түлектердің табысты өмір жолын жас ұрпаққа үлгі ету, түлектерді туған өлкесінің әлеуметтік мәселелерін шешуге атсалысуға тарта отырып, әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыру жолындағы өмірлік тәжірибелерімен бөлісу.

Форумға шақырылған қонақтар мен мектеп түлектерін мектеп оқушылары құрметпен, қошеметтеп, әсем әнмен қарсы алды. «Мен сізді мақтан етемін» тақырыбында кешегі мектеп пен бүгінгі мектептің өмірі мен тыныс тіршілігі туралы бейнероликтер көрсетілді.  Мектеп түлектері «Рухани жаңғыру»  орталығынан  бас-тап, оқушылардың өз қолдарымен жасаған ұлттық әшекейлер мен бұйымдары, суреттері және ұстаздар қауымының шығармашылық жұмыстары, мектептің жетістіктері қойылған «Мектеп айнасы» көрмесін тамашалай отырып-өздері оқыған сынып кабинеттеріне саяхат жасады.

Форумда «Самғатқан сан қыранды — Сарысуым» атты мектеп оқушыларымен  ұйымдастырылған концерттік бағдарлама өз жалғасын тапты. «Тарихи тамыры терең, Сарысуым» тақырыбында алтын ұя мектебіне өз сағынышын көтере келген түлектермен арнайы сұхбат жүргізілді. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» демекші, Сарысу орта мектебінің түлектер аллеясына «Мектебім — саялы мекенім» тақырыбында түлектері мектеп ауласына жеміс талдарын отырғызды. Бағдарламаның «Гүлдене бер, Сарысу мектебім» бөлімінде түлектер мектеп ұжымына арнап алғыс айта отырып, өздерінің мектепке деген сый құрметтерін көрсетіп демеушілік жасады. Атап айтар болсақ, принтер, түрлі – түсті принтер, спорттық ойын доптары мен теннис ракеткаларын және де қаржылай  демеушілік көрсетті. Сонымен қатар, Жаңаарық ауылдық округінің әкімі Қ.Алдабергенов алдағы уақытта мектеп ауласына көлеңкелі демалатын орындық жайларын орнатып беретініне уәде етті. Форумда түлектерге естелік тарту ретінде оқушылардың қол еңбегі, қазақтың ұлттық аспабы  домбыра сыйға берілді. Аталған сый, құрмет үшін мектеп директоры Л.Шукеева мен мектеп ұжымы қонақтарға алғыс айтып, ризашылығын  білдірді.

Қорытындылау кезінде мектеп директоры Л.Шукеева өз сөзінде:  — Құрметті, мектеп түлектері, бүгінгі күн сіздер үшін жүрек тебірентетін, көңіл толқытатын сәт. Кеше ғана мектеп қабырғасынан, алтын ұя мектептеріңізден үлкен өмір жолына қадам басқан болатынсыздар. Міне, бүгін сол мектептеріңіз сіздерді сағына, құшақ жая қарсы алып отыр.

Облыс көлемінде «Жомарт түлек» жобасы аясында өткізіліп жатқан түлектер форумы бойынша сіздермен осы күнде кездесу біз үшін үлкен қуаныш. Өйткені сіздердің өмірде қол жеткізген әрбір жетістік асуларыңыз біздің жас толқын оқушыларымызға үлгі болары анық. Біз сіздермен мақтанамыз! Сіздерге қарап мектеп оқушылары да еліміздің туын берік ұстайтын азаматтар болатынына сенімдіміз,- деп алтын ұя мектептеріне қол ұшын созып, демеушілік көрсетіп жатқан түлектерге алғысын білдірді.

К.СҮЛЕЙМЕНОВА,

«SARYSÝ»

Leave A Reply

Your email address will not be published.