МЫҢ ТАҒЗЫМ СІЗГЕ, МАЙДАНГЕР
Екінші дүниежүзілік соғыстың жеңіспен аяқталғанына 78 жыл толып отыр. Ұлы Отан соғысы, әрбір шаңыраққа, әрбір азаматымыздың жүрегіне қаралы ізін қалдырмай қоймады. Қаншама боздақтар ұрыс даласынан қайтпай қалды. Осыған орай, Жаңатас қаласындағы Ұлы Отан соғысында қаза болғандарға арналған «Данқ» монументінде митинг ұйымдастырылып, ескерткішке гүл шоғын қою рәсімі өтті.
Салтанатты шарада аудан әкімінің міндетін атқарушы Сәкен Мамытов сөз сөйледі.
— Ұлы Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Майдангерлердің иығына аса ауыр жүк түсті. Олар Отаны, елі үшін от болып жанды, оқ болып атылды.
Біздің елімізден екі миллионға жуық ұлдар мен қыздар Ұлы Отан соғысына қатысты. Біз осы қасиетті күні адалдық пен еліне деген жанқиярлықтың үлгісін көрсеткен қаһармандардың рухы алдында бас иіп, тағзым етеміз. Тек қан майданда ғана емес, тылда жұмыс істеп, ашаршылықты, ауыртпалықты бастан кешіп, таңның атысынан күннің батысына дейін тізе бүкпей еңбек еткен тыл еңбеккерлеріне бүгінгі ұрпақтың ризашылығы шексіз. Жыл өткен сайын бізге Ұлы Жеңісті сыйлаған ардагерлеріміз бен тыл жұмыстарында аянбай тер төккен тыл еңбеккерлерінің қатары сиреп барады. Сондықтан, ардагерлерімізді сыйлап, құрметтеу, оларға қамқорлық жасау басты борышымыз,-деді. Одан кейін аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков сөз сөйлеп, жиналғандарды Ұлы Жеңіс күнімен құттықтады.
Митингіге жиналғандар Ұлы Отан соғысында қаза болғандарды 1 минут үнсіздікпен еске алды.
Бір минут үнсіздіктен соң ескерткішке гүл шоқтарын қойып, Ұлы Отан соғысында қаза болғандарға құрмет көрсетіп, ерлікке тағзым етті.
Сондай-ақ, мәдениет үйінің өнерпаздары патриоттық әндерден шашу шашты.
Сәулет Есқараев, «Sarysý»
Елді қорғау-ерге міндет
Қасиетті де қадірлі Отанды құрметтеу әрбір азаматтың асыл борышы. Жастайы-нан патриотизмді бойына сіңіре білген болашақ ұрпақ елдің қорғанына айналады. Елін сүюді, елмен етене жақын болуды мейлінше ерте бастаған дұрыс. Әскери тәртіп пен талапты қатар алып жүру болашаққа
деген нық қадам болып табылады.
Бүгінгі таңда, патриотизмді қалыптастыру мақсатында, ауданда түрлі байқаулар мен рухты көтеретін кештер ұйымдастырылып жатыр. Соның бірі «Сапта жүріп ән айту» байқауының рөлі маңызды. 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мерекесіне орай, Жаңатас қаласындағы орталық алаңда «Сапта жүріп ән айту» байқауы өтті.
Байқауға Жаңатас көпсалалы колледжінің білімгерлері мен аудандағы білім беру мекемелерінің жоғарғы сынып оқушыларынан құралған 11 бөлімше қатысты. Шараға аудан әкімінің міндетін атқарушы Сәкен Мамытов арнайы қатысып, болашақ жас сарбаздар мен тұрғындарды айтулы мерекемен құттықтады. Жастарға Отан алдындағы әскери борышты өтеудің маңыздылығын айтып, елді қорғауда аянып қалмауға шақырды.
Жас сарбаздарды сап түзеп, сын алаңында түйістірген байқау қорытындысы бойынша Жаңаталап орта мектебі «Ең үздік киім», Түгіскен орта мектебі «Ең үздік ән», Байқадам орта мектебі «Ең үздік бөлімше», Абылай хан мектеп-лицейі «Ең үздік командир» номинацияларына ие болса, «Белсенділік танытқаны үшін» номинациясына Ақтоғай орта мектебі, Ш. Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясы және Абылай хан атындағы мектеп-лицейі, ал ынталандыру орнына Б. Адамбаев атындағы тірек мектебі ие болды.
Жас сарбаздардың жалынды лебімен өткен шара аудандық мәдениет үйіндегі салтанатты жиынға ұласты. Салтанатты жиын Мемлекеттік Тудың енгізіліп, Әнұранның шырқалуымен басталды. Айта кетейік, 1992 жылдың 7 мамырында Қазақстан Республикасының Қарулы күштерін құру туралы Жарлыққа қол қойылды. Биыл Қарулы күштеріміздің құрылғанына 31 жыл толып отыр. Салтанатты шараға аудан әкімінің міндетін атқарушы Сәкен Мамытов қатысып, жиынға қатысушыларды мерекемен құттықтады.
— Отанды қорғау-қашанда қасиетті де қастерлі ұғым болған. Отан қорғаушылар күні Отанымыздың тыныштығын қорғап жүрген ерлерімізді ұлықтайтын күн. Біз туған жерімізді ерлікпен қорғаған және қорғайтын азаматтарымызға, әскери борышын өтеушілерге әрқашан құрметпен қараймыз. Қарулы Күштеріміздің қуаты нығайып, айбыны асқақтап, даңқы арта берсін,-деді. Аудан әкімінің міндетін атқарушы ауданымыздағы құқық қорғау, қорғаныс салалары мен күштік құрылымдардың басшыларын және құқық қорғау саласында еңбек етіп жүрген бір топ азаматтарды Алғыс хатпен марапаттады.
Сонымен қатар, «Сапта жүріп ән айту» байқауына қатысушыларға Алғыс хат пен сыйлықтарын табыс етті. Жиында аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков жиналғандарды мерекемен құттықтап, құқық қорғау саласында еңбек етіп жүрген азаматтарды аудандық мәслихаттың Алғыс хатымен марапаттады. Марапатқа толы шара соңы мерекелік концерттік бағдарламаға ұласты. Аудандық мәдениет үйінің әншілері патриоттық әндерден шашу шашып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Барлық қатысушыларға Алғыс хаттар табыс етілді.
Отан қорғаушылар күні ауылдық округтерде де жалғасты. Саудакент ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен, ауылдық мәдениет үйінде «Ер-елінің қорғаны» атты патриоттық кеш Саудакент техникалық шығармашылық орталығында өтті. Патриоттық кештің мақсаты-өскелең ұрпақтың бойына Отанын сүю және өз азаматтығын мақтан тұту, Отанының болашағы үшін абыройлы қызмет ету, туған жерін қастерлеу, ұлтжандылық және патриоттық сезімдерді қалыптастыру секілді қасиеттерді дарыту болып табылады. Байқадам ауылдық округі аппаратының бөлімше басшысы Жақсыбаев Өмірсерік еліміздің қорғаны болашақ сарбаздарды Отан қорғаушылар күнімен құттықтап, мықты ерік-жігер, болашаққа деген сенімділік тіледі. Кеште Мұқағали Мақатаевтың «Болмасын соғыс, болмасын», Ғафу Қайырбековтің «Жеңіс солдаты», Сәуле Досжанованың «Сарбаздар маршы» т.б. өлеңдерін Байқадам Қашқынбаев атындағы орта мектептің оқушылары Дүйсенбеков Темірлан мен Жексенбин Әсет оқыды.
Самат Тоқбанов, «Sarysý»
Қос ардагерді құттықтады
Тәуелсіздікке ардагерлердің қажырлы еңбегінің арқасында қол жеткіздік. Бүгінгі жетістігіміздің барлығында алдыңғы буын өкілдерінің үлесі бар. Сондықтан мерекеде соғыс және еңбек ардагерлерін құттықтау – біздің парызымыз.
Ұлы Жеңіс күні мерекесінде аудан әкімінің міндетін атқарушы Сәкен Мамытов, аудандық мәс-лихат төрағасы Шаттық Мұсабеков және аудан әкімінің орынбасарлары мен аудандағы мекеме басшылары, «Amanat» партиясы аудандық фи-лиалының төрағасы, ау-дандық полиция бөлімінің және Жаңатас қаласы Қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімінің басшылары Ұлы Отан соғысының ардагерлері Дегерез елді мекенінде тұратын Кемелбек Шаменов, Саудакент ауылында тұратын Қабыл Ібіжанов қарияның үйіне арнайы барып, мерекемен құттықтап, ардагерлерге құрмет көрсетті.
Аудан әкімінің міндетін атқарушы С.Мамытов өз сөзінде:
— Сіздердің қан майдандағы жанқиярлық ерліктеріңіз бен бейбіт өмірдегі еселі еңбектеріңіз біздің мәңгі есімізде. Сіздердің өмір жолдарыңыз кейінгі жастарға үлгі болатынына сенімдімін. Сұрапыл соғыстағы майдангердің көрсеткен жаужүрек ерліктеріне бүгінгі ұрпақ бас иеді,-деп бізге бейбіт өмір сыйлаған қарт жауынгерлерге зор денсаулық пен ұзақ ғұмыр тіледі. Арнайы әзірленген сыйлықтарды табыс етті.
Қарт жауынгер ардагерлер бүгінгі ұрпақтың еліміздегі бейбіт, тыныш өмірдің қадірін ұғыну, оны қастерлеу керектігін айтып, аудан басшыларына көрсетіліп жатқан құрмет пен қамқорлықтарына ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.