БЕРЕКЕЛІ БІРЛІК КҮНІ

0

Көктемнің шуақты күніндей арайын шашып келген мамыражай мамыр айы мерекеге толы берекелі сәт. Тіршілік атаулының тіріліп, көк майсаға қозының аузы тиіп, елден сүйінші сұрағандай құстардың әсем әуендері төңіректі тербейді. Халық та шат-шадыман күй кешіп, көктемнің әр күнін мейрамға айналдырып отырады.

Расында, көктем мезгілі-елдің асыға күтетін қуанышқа толы айы. Ұлт пен ұлысты ұлы еткен ұлттық мереке-Қазақстан халқының бірлігі күні татулық пен бейбітшіліктің мерекесі. Бір шаңырақ астында бір атаның балаларындай өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдері тыныштық пен ырыстың ортасында бақытты күн кешуде. Бүгін сондай керемет шақ көрініс тапқандай.

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай, кешенді іс-шаралар легі өткізілді. Аудандық мәдениет үйінің алаңында «Халықтар ынтымағы – басты байлық» атты әдеби-сазды, мерекелік, концерттік іс-шара ұйымдастырылды. Мерекелік кешке аудан әкімінің міндетін атқарушы Сәкен Үмбетұлы Мамытов, аудан әкімінің орынбасарлары, мекеме, бөлім басшылары, өзге ұлт өкілдері мен қала тұрғындары қатысты. Шарада аудан әкімінің міндетін атқарушы С.Үмбетұлы сөз сөйлеп, бірлік, достық, татулық, ынтымақ-еліміздегі саяси-экономикалық тұрақтылықтың басты әрі негізгі кепілі екендігін, бүгінде Сарысу ауданының халқы да өзінің мызғымас достығымен, тату бірлігімен қарқынды еңбек етіп келе жатқандығын, ең бастысы, Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жан-жүрегімізбен сезіну керек екендігін айтып өтті.

Концерт барысында, мерекеге орай, ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдары мен бірлік күніне арналған сурет көрмелері ұйымдастырылып, халықтар достастығын жырлайтын аудандық мәдениет үйі әншілерінің әуезді әуендері мен «Айжан қыз» би ұжымының бишілері әр ұлттың ұлттық билері көрсетілді. Концерттік алаң халыққа лық толды. Ашық аспан астында тұрғындар бір-бірін айтулы мерекемен құттықтап, ризашылықтарын білдірді.

Сондай-ақ, аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімі «Бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу» орталығының ұйымдастыруымен, ұлттық ойын түрлерінен жарыстар өткізілді. Жарысқа қатысушылар спорттың дойбы, бес асық (шекемтас) және қол күресі түрлерінен сынға түсті. Сайыс қорытындысы бо-йынша, дойбыдан 1-орынды Дулыға Диас, 2-орынды Қыдырбай Ерасыл, 3-орынды Назбеков Дәурен жеңіп алса, қол күресінен 1-орында Өзбек Диас, 2-орында Есентай Нұрасыл, 3-орында Мырзабек Ерназар үздік шықты. Бес асық сайысынан 1-орынды Қалдарбекова Ақбота, 2-орынды Айдарбекова Әсем, 3-орынды Доспанова Береке иеленді. Жеңімпаздарды аудан әкімінің міндетін атқарушы С.Үмбетұлы мен қырғыз этно-мәдени орталығының жетекшісі А.Сатыбеков марапаттап, арнайы медальдар мен бағалы сыйлықтарды тапсырды. Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласып, тұрғындарға керемет көңіл күй сыйланды.

Сонымен қатар, Жаңатас көпсалалы колледжінде «Жастар ресурстық орталығымен» бірлесе ұйымдастыруымен «Бейбітшілік – ел тірегі» атты достық фестивалі өткізілді. Достық фестивалінің мақсаты-жастар арасында ұлтаралық достықты насихаттау. Шарада қазақ, өзбек, қырғыз және түрік ұлттары «Таныстыру», «Ұлттық өнер», «Сиқырлы қалам» және «Ұлттық тағам» номинациялары бойынша сайысқа түсті. Колледж директоры  Н.Түйтебаева жастарды бірлік күнімен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі. Фестивальге аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің бас маманы Б.Жақсыпейілова, «Жастар ресурстық орталығының» директоры А.Пазылбеков, Жаңатас көпсалалы колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары А.Қойлыбекова, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Д.Қоданов қазылық етті. Тартыс-ты өткен байқаудың нәтижесі бойынша 1-орынды 08-22 «қазақ» тобының білімгерлері жеңіп алса, 2-орынды 1022 «түрік» тобының білімгерлері иеленді. Жүлделі 3-орынды 0322 және 0622 «қырғыз» топтарының білімгерлері місе тұтты. Шараға қатысушы барлық топтарға «Жастар ресурстық орталығының» марапаттау қағаздары мен бағалы сыйлықтар тапсырылды.

Бірлік күні ауылдық округтерде де жалғасын тапты. Саудакент ауылдық мәдениет үйінің орталық алаңында елімізде мекендеген ұлттар мен ұлыстар достығы мен бірлігіне арналған «Ел бірлігі – достық мекені» атты салтанатты мерекелік концерттік бағдарлама өтті. Ынтымағы жарасқан берекелі күні аудан әкімінің орынбасары Е.Есмаханов тілі басқа болғанымен тілегі бір, жүзі басқа болғанымен жүрегі бір барша Қазақстан халқын мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Шарада Саудакент ауылының өнерпаздары әуелетіп ән шырқаса, «Қазына» би тобы мың бұрала биден шашу шашты.

Дәл осы күні ұлттық спортты дамыту мақсатында, аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімі «Бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу» орталығының ұйымдастыруымен, Саудакент ауылындағы аудандық орталық атшабарда «Аламан бәйге» және «Тай бәйгесінен» аудандық ашық турнир өткізілді. Шараға аудан әкімінің міндетін атқарушы  С.Мамытов арнайы қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі. 25 км-ге созылған «Аламан бәйгеге» 20 ат, 7 км-ге созылған «Тай жарысына» 20 тай қатысты. Аталмыш шараға аудан әкімдігі мен жеке кәсіпкер Қазыбаев Бағлан демеушілік танытты. Қызықты өткен шарада «Аламан бәйгеден» 1-орынды Жаңаталап ауылынан Нұраш Нұрсұлтан, 2-орынды Тараз қаласынан Тілеужанов Қанат, 3-орынды Талас ауданынан Бастаубаев Тұрсын, 4-орынды Жуалы ауданынан Жәйшібеков Ғалымжан және 5-орынды Саудакент ауылынан Өңкебай Диас иеленді. Ал, «Тай бәйгеден» 1-орынды байзақтық Әмірбек Абылай, 2-орынды жаңаталаптық Жаркенов Уәлихан, 3-орынды таластық Әйтімбет Нұрғали  қанжығасына байлап, мерейі үстем болды. Жарыс жеңімпаздарын С.Үмбетұлы ақшалай, бағалы сыйлықтармен марапаттап, арнайы дипломдар тапсырды.

Осындай игі іс-шаралар барлық ауылдық округте аталып өтті.

Бірлік күні бұл – мақсаты айқын елдің маңызды мерекесі. Ұлттық құндылықтың жоғары бағаланатын айрықша көрінісі. Таңмен таласа тұрып, тәңірден тек бейбітшілік пен берекелі бірлікті тілейтін халықтың тілегі де, жүрегі де бір. Бүгінгі күннің бейбіт көрінісі алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.