СОҒЫСТЫҢ СОҢҒЫ САРБАЗЫ

0

Деректер мен дәйектерге сүйенсек, күндей күркіреп өткен сұрапыл соғыстың қаралы шежіресі былай сыр шертеді. Қазақстан бойынша  Ұлы Отан соғысына

1 миллион 400 мыңға жуық адам аттанған.

600 мыңға жуық отандасымыз елге қайтып оралмаған. Олардың 125 мыңнан астамы хабар-ошарсыз кеткендер. Ресейдің әскери мәліметіне сүйенсек Ұлы Отан соғысында 126 мыңға жуық қазақ жауынгері қаза тапқан. Жамбыл облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің 2010 жылы 26 ақпанда Жамбыл облысының мемлекеттік мұрағатына жолдаған хатында соғысқа біздің облысымыздан 41 453 азамат аттаныпты. Қаратау қаласының Қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімі Ұлы Отан соғысына Сарысу және Талас аудандарынан 3 449 адам майданға аттанған делінген деректерді нақтылап отыр.

Төрткүл дүниені дүр сілкіндірген Ұлы Отан соғысы төрт жылға созылды. Адамзат баласына қайғы мен қасірет әкеліп, көңілге мұң, сезімге сыз, жүрекке мұз қатырған екінші дүниежүзілік сұрапыл соғыстың зілзаласы әлі жазылған жоқ. Жаңғырығы да басылар емес. Бүгінгі қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда, нұрлы шуағын шашқан бейбіт күндерімізде өзекті өртеген өкінішті мәлімет те жоқ емес. Биыл Ұлы Жеңістің 78 жылдық мерекесін елімізде 237 ғана соғыс ардагерлері қарсы алғалы отыр екен. Әрине бұл «қап, әттеген-ай» дегізіп, көңілімізге қаяу түсірген, еңсені езген көрсеткіш. Шерхан Мұртаза айтқандай «Бір кем дүние» дегенде осы болса керек.

Ел шетіне жау тигенде бес қаруын асынып майдан даласына аттанғанның бірі 18 жастағы Қабыл Ібіжанов атамыз еді. Алғы шепте жан алып, жан беріскен қиян-кескі ұрыстарға қатысып, толарсақтан қан кешіп, туған жері, өскен еліне жеңіс жалауын желбіретіп оралған Қабыл атамыз биыл 97 жаста. Ұлы Жеңістің 78 жылдық мерекесін қарсы алғалы отырған қарт сарбаздың қасиетті қара шаңырағына ат басын тіреп, сәлем бере бардым. Жалын атқан жас шағында өмір мен өлім арпалысқа түскен ұрыс даласында жасындай жарқылдаған майдангер қария үй көлеңкесіндегі сәкіде тұғырға қонақтаған қырандай дамылдап отыр екен. Ырымшыл халықпыз ғой. Тіл-көзден сақтасын дейміз. Алла Тағаланың мейірімі түсіп, қажымас қайрат, сарқылмас күш-қуат бергені емес пе? Ғасыр жасаған сары алтындай сабырлы ақсақалдың сөз саптасы мен қимыл-қозғалысы да ширақ боп шықты. Қазақ халқының қанатты сөзімен айтқанда құйма тұяқ құр аттай тың. Үлкен өмірдің ұлы көшінде сан тарау соқпақты да сүрлеулі жолдарында жүріп, құзды, терең өткелдерін кешіп өтсе де тағдырдың талқыға салған сын сағаттағы бастан кешкен оқиғаларды ұмыта қоймапты. Зерделі көңілдің сыр сандығында қаз-қалпында сақталып қалғанға ұқсайды.

-Ел жұрттың есін үрей мен қорқыныш билеген соғыс жылдары еді,-деп әңгіме желісін тартты жаужүрек майдангер ақсақал,- «Шилі» колхозында еңбек етіп жүрген едім. Әскер қатарына 1944 жылдың жазында шақырылдым. Соғысқа қатысатыным белгілі болған соң анам Хадиша көз жасын көлдетіп,  шығарып салды. «Өзегімді жарып шыққан жалғызым едің. Жаратқан ие бір Аллаға тапсырдым. Ақ жол тілеймін, жарығым. Аман барып, сау қайт, құлыным» деді. Анамның екі бетімнен алма-кезек құшырлана сүйіп, білектері мойныма оралған ыстық құшағынан жиылған көпшілік басу айтып, әрең ажыратып алды. Ауданның әр ауылынан әскерге шақырылған он шақты жас жігіт екі өгіз арбамен Әулиеатаға (қазіргі Тараз) қаласына төрт тәулік жүріп жеттік. Арада апта өтпей облыс аудандарынан жиналған жас жігіттер әскери сарбаз киімдерін киіп, пойызға міндік. Қанша күн жол жүргенімізді есепке алмаппын. Соғыс жүріп жатқан майдан даласына порты ағаш машинамен жеттік. Бұл тұста қандықол жау әскерлері тұмсығы тасқа тиген бекіре балықтай шегініп бара жатқан еді. Ұрысқа кірістік. Адамға адам қаныпезерлікпен оқ атқан сұмдық оқиғаны көргенде тұлабойым түршікті. Қанды көйлек қарулас достарың қас пен көздің арасында ажалды оққа ұшып, он екі де бір гүлі ашылмай қыршыннан қиылып мерт болғанда аза бойың қаза болып, кеудеңді мейірімсіз жауға деген кек кернейді екен. Атой салып алға ұмтыласың. Ержүрек қарулас жауынгерлермен бірге Архангельск қаласындағы кескілескен шайқасқа, Румыния, Болгария, Эстония елдерін азат етуге қатыстым. Соғыс жорықтарындағы ерліктерім үшін «Ұлы Отан соғысының 1 дәрежелі» орденімен, «Маршал Г.Жуков» және тағы басқа мерекелік медальдармен марапатталдым. Халқымызда «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» деген сөз бар. Асыл анамның жалғыз ұлына деген ақ тілегін Жаратқан ие қабыл еткен шығар. Ұрыс даласында нөсердей жауған оқ пен лапылдай жанған өрттің ортасынан  аман- сау қайттым. Қырғын соғыстан аман оралған жалғыз ұлымен қауышқанда әлемнің жарығын сыйлаған анамның қуанышында шек болмады. Тілеуін қабыл еткен Жаратқан иеге шүкіршілік етті. Сарғайтқан сағыныштан, көл-көсір қуаныштан қос жанарынан тамшылаған ыстық көз жасымен бет-жүзін жуды. Әкемнің інісі Іңкәрбек ағам соғыстан оралмады. «Ерлікпен қаза тапты» деген қара қағаз келіпті. Алланың берген жасына, жасаған жақсылығына, көрсеткен қызығына шүкіршілік етемін. Қолымдағы Бейбіт келініме дән ризамын. Бәйбішем өмірден өткелі бағып, қағып, барлық жағдайымды жасап отыр, айналайын. Өмір жасы ұзақ болсын.

Сексен жастың сеңгіріне сүрінбей, тоқсан жастың жетінші көктеміне іркілмей жеткен қарт майдангер осылай сыр шертті. Туған жер, өскен еліне жеңіс жалауын желбіретіп оралған Қабыл атаның еңбек майданының да алғы шебінде болғанын ел-жұрты жақсы біледі. Құдай қосқан қосағы Кенжебала апамызбен өмір қызықтарын бірге бөлісіп, 5 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсіріпті. Ұлдарын ұяға қондырып, қыздарын қияға ұшырыпты. Қыдыр қонып, бақ  дарыған қара шаңырағына періште ұя салған екен. Бүгінде абыз ақсақал кіндігінен тараған сегіз ұл мен қыздан 38 немере, 29 шөбере, 6 шөпшек сүйіпті. Бір қауым ел болды, жанұя бақыты дегеніміз де осы емес пе? Оттағы қазандай қайнап жататын өмірде не болмайды дейсіз. Мәңгілік ештеңе жоқ. Қуаныш пен өкініш күн мен түндей алмасып жатады. Пешенесіне солай жазылса керек. Өмірлік серігі болған Кенжебала апамыз 1981 жылы көрер жарығы түгесіліп, дүниеден озыпты. Өмірдің ыстығына күйіп, суығына тоңып, шалғының жүзіндей шыңдалған, нардың жүгін арқалаған  Қабыл атамыз өкініштен өзегі өртенсе де тектілік танытып, болған іске болаттай болыпты.

Бүгінде қара шаңырақ атанған киелі үйдің түзу шыққан түтінінің ошағын ұлы Бақтыбек пен келіні Бейбіттің тұтатып отырғанын білдік. Ел-жұртына қадірлі майдангер атасының қас-қабағына қарап, киімдеріне қылаудай кір жуытпай отырған да осы Бейбіт келіні екен. Мен Бейбіттің әкесі Арыстан ағаны, анасы Амантай апаны жақсы танитын едім. Мая-тас ауылының тұрғыны болған Арыстан ағамыз да Ұлы Отан соғысына қатысып, майдан даласынан бірнеше орден-медальдарды кеудесіне тағып оралған абзал азаматтың бірі еді. Қазір өмірде жоқ ардагер ағамыз зейнет демалысына шыққанша Калинин атындағы сов-хозда ферма меңгерушісі болды. Мал шаруашылығын өркендетуге айтарлықтай үлес қосты. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп дана халқымыз бекер айтпаса керек. Өнегелі, тәрбиелі отбасынан көргенін ілген Бейбіттің жүрегінің жылы, мейірімді болуы заңдылық еді.

-Менің де әкем Ұлы Отан соғысына қатысып, елін қорғады,-деді Бейбіт өз сөзінде мақтаныш сезіммен,-1983 жылы ардагер атаның үйіне ақ босаға аттап келін боп түскенімді де мақтаныш етемін. Атамның қарапайым, өте жақсы кісі болғанын мен ғана емес, барлық ағайын-туыс, жекжат-жұрағат мақтан тұтады. Бақтыбек екеуміз 2 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірдік. Немере, шөберелері атасынан үлгі, өнеге алып өсіп келеді. Біздің әулет үшін атамыздың туған күні мен 9 мамыр Жеңіс күні үлкен мереке, соңы той-думан. Ұрпақтарына мейірім шуағын күн нұрындай шашқан ардақты атамыздың арамызда аман-сау жүре бергенін ақ ниетпен тілеп отырамыз.

Сәті түскен сәлемнің, жылы шырайлы жүздесудің, әсері мол әңгіменің соңы абыз ақсақалдың алақан жайдырған ақ батасымен аяқталды. Орда бұзар отыз жастағы жігіттей сөзінде іркіліс болған жоқ.

-Аспанымыз ашық, күніміз нұрын шашып, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Қазағымның әрбір отбасына өмірдегі барлық жақсылықты тілеймін,-деді соғыстың соңғы сарбазы көңілді де жігерлі үнмен.

Көненің көзі, тектінің тұяғы, асылдың сынығы, екі ғасырдың куәсі болған майдангер бабаның жылы жүрегінен төгілген ақ батасын Жаратқан ие қабыл етсін, ардақты ағайын!

Темірлан Әбілдаев,

ардагер журналист

екі ғасыр куәсі болған майдангер

Тарихтың сахнасында «Ұлы Отан соғысы» деп жазылған сұрапыл майданның аяқталып, бостандыққа жеткізген Ұлы Жеңіске биыл 78 жыл толып отыр. Қан майдан қаншама ананы зар жылатып, қаншама жанның жүректеріне өшпестей жара

салды.

Сол кездегі тепсе темір үзетін жас жігіттер кеудесін оққа тосып шүберек жанын Отан үшін құрбан етті. Сол сұм тажалдан бері қаншама уақыт өтсе де сызаттың ізі көңілдің сынығындай өшпек емес. Сан тараудан тұратын соғыста қиындықтарға мойымай, қажырлық таныта білген жауынгерлердің арқасында жеңіске қол жеткізіп, бейбітшілік көгінде жеңіс ұраны шырқалды.

Кешегі сарбаз – бүгінгі «ардагер» атты аса құрметті сөздің иесі. Ерлігі мен жауынгерлігі ұмытылмайтын Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне деген ықылас әрдайым жоғары тұрады. Ұрпағы аталарының ерлігін дастан қылып жырлап, рухты батырларға еліктейді.

Бүгінде Ұлы Отан соғысында  жеңіске үлес қосқан һақарман батырларымыз ортамызда санаулы ғана қалды. Еліміз бойынша 237 ғана ардагер қалды. Ал, ауданда небәрі 2 ардагер тұрып жатыр. Отан үшін от кешіп, саналы ғұмырын адал еңбекке арнаған жанның бірі Кемелбек Шаменов ата.

Шаменов Кемелбек – 1921 жылдың 15 наурызында Оңтүстік Қазақстан облысы, Шәуілдір ауданы, Шәуілдір ауылында дүниеге келген. 1941 жылы мектептің  5 – сыныбын бітірген соң, Сырдария облысы, Сырдария ауданынан соғысқа аттанған. 1942 жылы соғыс даласында ауыр жарақаттануына байланысты елге оралды. Соғыстан кейін «Алексей нан» заводында жүк тасушы, «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінде  ұзақ жылдар бойы қызмет атқарып,1977 жылы зейнет демалысына  шықты. Бүгінде 1 ұл, 3 қызы, 7 немере және 4 шөбересі бар қазыналы қария.

Қария Ұлы Отан соғысының I дәрежелі орденімен, «Маршал Жуковтың» және басқа да мерекелік медальдармен марапатталған.

Екі ғасырдың куәсі болған майдангер атамыздың жадында кешегі зұлмат соғыс әлі жойылмаған. Тән жарасы жазылар, ал жан жарасын емдеу әсте мүмкін бе? Кемелбек атаның жүзінен астарлы ауыр мұңды байқауға болады. Майдан даласының бел ортасында жүріп, ыстық-суықты көрген маңғаз жауынгердің көргені мен білгені өткен күннің белгісіндей көз алдында әлі тұр. Жан алысып, жан беріскен алапат соғысты ұмыту оңай емес.

Бүгінде бейбіт күнге қол жеткізіп, мамыражай шақты өткізген қарияның көңілі сергек. Тағдырына Ұлы Жеңіспен қатар, бейбіт күнді көруге жазған Кемелбек атаның ендігі арманы да жоқ шығар. Жұбаныш болар ұрпағы барда мұңаюға да, жабығуға да болмайтынын жақсы біледі. Біледі де Аллаға мың шүкіршілік етеді.

Әр  мерекеде ардагердің шаңырағына барып, құттықтап қайтуды парыз санайтын жастар атаның әңгімелерін тыңдап, сұхбат алудың өзі бір ғанибет санайды. Берекелі шаңырақта қонақтар үзілген де емес.  Кемелбек атамен қай кезде болсын кездескенде жастарға қайратты болуын және ұлтын сүюді үнемі айтып жүреді. Қарт ардагер, жеңімпаз жауынгердің бар тілегі елдің амандығы мен бейбіт күннің тыныштығы.

С.Тоқбанов,

«Sarysý»

қажымұқан балуанды көрген бала

Екінші дүние жүзілік соғыс жылдары атақты балуан Қажымұқан Мұңайтпасов мемлекеттік қорғаныс комитетіне жазған хатында ел ішінде өз өнерін көрсетіп, содан түскен 100 000 сом қаржыға ұшақ жасату туралы өтінішін білдірген.

Ерлікке пара-пар адал еңбекпен жиналған қаражатқа бүйіріне «Летчику-казаху, от Хаджи-Мухана» деген жазу жазылған ұшақ 1944 жылдың күзінде дайын болады. Майдан даласының алғы шебіне жеткізілген ұшақ әскери ұшқыш аға лейтенант Қажытай Шалабаевқа салтанатты түрде тапсырылады. Ол соғыс барысында 100-ден аса әскери тапсырма орындайды. Ұшақ жасауға қаржы берген Қажымұқанға Бас қолбасшы И.В.Сталин Алғыс хат жолдаған. Майдан даласындағы қазақ жауынгерлерінен Алғыс хаттар өте көп келген.

Мақала тақырыбын «Қажымұқан балуанды көрген бала» деп қоюды жөн көрдім. Өйткені үзік сырлы мақаламыздың кейіпкері бұл тарихи оқиғаға асық атып, доп қуған балалық шағында куә болыпты. Қазақ халқының атын әлемге паш еткен даңқты балуан Қажымұқанды бала кезінде көрген  саудакенттік Әли Әбдіхалықов ақсақал биыл 86 жаста. Алланың берген күш жігері, қуаты шығар. Сексен жастың сеңгіріне сергек жеткен Әли ағамыздың сөзі де, қимылы да өте ширақ. Әңгіме шертсе тыңдағанның құлақ құрышын қандыратын, әзіл айтса күміс күлкінің шуағына бөлейтін де осы ағамыз екенін ауылдастары жақсы біледі. Ойдан ой, сөзден сөз туатыны бар ғой. Құдай қосқан көршілер «соғым басы» беріскен арқа-жарқа бір отырыста Әли ағамыз бала күндерінде атақ-даңқынан ат үріккен Қажымұқан балуанды көргенін еске алғаны бар.

-Төрт жасқа толғанымда Ұлы Отан соғысы басталыпты,-деп сөз саптап, әңгіме тиегін ағытқан еді Әли аға,-Ел басына күн тудырған соғыс қасіретін алты жасқа толғанымда сезіне бастадым. Жоқшылық болды. Тоя тамақ ішпедік. Аш-құрсақ жүрдік. Ауыл жастарының соғысқа кеткенін апа-әжелерден естіп, білдім. Ұжымшар жұмысын қарт қариялар мен апалар істеді. Анам мені үйге қалдырмай жұмысына бірге ала кететін. Піскен бидайды қария кісілер шалғымен, апаларымыз қол орақпен орды. Қауырсынынан үзіліп жерге түскен бидай дәндерін балалар тердік. Қызыл қырмандағы жұмыстарға балалар да үлес қостық. Өгіздер сүйреген «мала» атанып кеткен салмағы өте ауыр жұмыр темірмен бидайдың  дәндерін ажырату үшін сабақтарын бастыратын. Біздің, балалардың міндеті қолымызға шыбық ұстап өгіздерді айдау болды.

Біз балалар жеңіс күнін асыға күтіп жүрдік. Арада жыл өтті. Жеңіс күнін тойладық. Жеңіс күні апа-әжелердің қуаныштан жылағанын көрдік. Ұжымшар жұмысынан босаған балалар алаңсыз ойынға кірістік. Күз келді. Сабақ басталды. Уақыт шіркін жылдам екен. Жаңа оқу жылын да аяқтадық. 1946 жылдың жазғы демалысына шықтық. 9 жасқа толғанмын. Мезгіл түс боп қалған еді. Еркін атты досым (фамилиясын ұмытыппын) соңынан біреу қуып келе жатқандай үйге ентіге демалып жүгіріп келді.

-Әли, тез жүр, кеттік,-деді.

-Қайда?-дедім мен.

-Қажымұқан балуан келіпті. Көшедегі балалардың бәрі сол жаққа жүгіріп барады.

Ол кезде ауыл көшелерінің бірінде асфальт жол жоқ. Аяғыңды бассаң ақ шаңы бұрқ еткен көшеге шығып, ал, жүгіре. Орталық алаң үлкен-кіші, бала-шағаға лық толы екен. Еркін екеуміз көптің арасынан бас сұға жүріп алғы шепке әзер жеттік. Күнде бірге ойнайтын Әуесханов Сатыпалды, Әтенбеков Баяндар бізден бұрын келіп мәз боп тұр екен. Кешігіп қалыппыз. Балуан  таңғажайып өнерлерін көрсетіп қойыпты. Ел ауызында аңызға айналған балуанның батыр тұлғасына сүйсіндік. Екі иығына екі кісі мінгендей өте ірі денелі алып адам екен. Білегінің бұлшық еттері күш атасын танытқандай әсер қалдырады. Төрт дөңгелекті арбаға жегілген атының жуасы-ай. Жанында тұрған балалар маңдайының қасқасынан сипап қояды. Әлдекім дауысын көтере:

-Биыл жасыңыз қаншаға толды?-деп сұрап қалды.

-Жетпіс бестемін,-деді балуан.

Жеңіл қимылмен арба үстіне шықты. Дене салмағы да баршылық екен. Ағаш арба сықыр етіп дыбыс шығарды. Жас жігіттер әйелінің қолтығынан демеп арбаға мінгізді. Қажымұқан көпшілікпен арба үстінде түрегеп тұрып қоштасты.

-Соғыстың Ұлы Жеңіспен аяқ-талғанына бір жыл өтті. Балаларымыз бақытты өмір сүріп жатыр. Елдеріңізден бұйырған дәм-тұзды таттық. Көрсеткен сый-құрметтеріңізге рахмет айтамыз. Қош, сау боп тұрыңыздар,-деді жігерлі үнмен.

Жиналған көпшілік ду қол шапалақтады. Балуан орынтағына отырды. Ат тізгінін қаққан бетте арба орнынан қозғалды. Орталық көшеден батысқа бет түзеген арба соңынан ілескендер аз болмады. Көпшілігі әр жастағы балалармыз. Үлкен кісілердің барлығы көше шетінде қалып қойды. Балуан Шабақты өзеніне ат басын тірей тізгін тартты. Сөзге келді.

-Айналайын балалар, шығарып салғандарыңа рахмет. Қане, алақандарыңды жая қойыңдар. Ақ батамды беріп кетейін.

Балақ киімдеріміз шаңға бөгіп, топырлап тұрған балалар алақан жайдық.

-Елге елеулі, халыққа қалаулы азамат боп өсіңдер. Өмір жастарың ұзақ болсын. Аумин!

Аттың құйма тұяқтары, арбаның доңғалақтары сылдырап аққан Шабақты өзенін кешіп өтті. Біз, балалар балуан атамызға  қимастық сезіммен қол бұлғап қала бердік.

Әли аға әңгімесін аяқтады. Аты аңызға айналған, ұлт мақтанышы Қажымұқан бабамыз осылайша Ұлы Жібек жолы бойындағы қасиетті жерімізге табан тіреп, ат арбасымен жүріп өткен екен. Жауырыны жер иіскемеген балуанның туған жеріміздің тарихына өшпестей таңба салған бұл сапарын бүгінгі жас ұрпақтың біле жүргені де бір ғанибет емес пе?

Темірлан Әбілдаев,

ардагер журналист

Әкемнің әңгімесі

Сексен жастың сеңгіріне шықтым. Көпті көріп, көненің көзі болған еңбек ардагерінің бірімін. Жас келген соң өткен күндерге ой жүгіртіп, көзбен көрген, болған оқиғаларды еріксіз еске алады екенсің. Жиырмасыншы ғасырдың қиын кезеңдерінде ғұмыр кешіп, еңбек етіп, ерлік жасаған ардақты ағалардың өткен күндерден белгі мен із қалдырғаны, ел аузынан естіген әңгімелер де  санамда ұмытылмастай жаңғырып қалыпты.

Өткен ғасырдың дүрбелеңге толы болғаны тарих шежіресінен жақсы білеміз. Қазан революциясы, Кеңес өкіметінің орнауы, ашаршылық, саяси қуғын-сүргін, Ұлы Отан соғысы қазақ халқына оңай болған жоқ. Әкем көзі ашық, көкірегі ояу, шежірелі кісінің бірі болған еді. Есейіп қалған шағымда әкемнен көп әңгімелер естідім.

-Халқымыз көп қиындық көрді, қызым,-деп бастаған еді әкем әңгімесін,-Бастан кешкенімді айтайын. Біле жүргенің де дұрыс болар. Әсіресе ашаршылық жылдары балапан басымен, тұрымтай тұсымен кеткен заман болды. Ашаршылық қасақана қолдан жасалды. Кеңес өкіметінің шолақ атқа мінер белсенділері төрт түлік малды тәркілеп, айдап кетті. Күнкөрісі малдан айырылған халық аштыққа ұшырады. Арқадан Қаратауды бетке алып үдере көштік. Аш-жалаңаш халықтың елсіз, сусыз Бетпақдаладан аман-сау өтуі оңай болған жоқ. Қынадай қырылды. Көретін жарығы мен қызығы бар ел-жұрт осы Жа-йылма жеріне жетіп қоныстандық. Ағайын-туыс, замандастарым Бәйдік, Досымбек, Қоныс, Сәти, Ибаділда, Жұмаділда, Махамбет, Шама, Игенбай, Ерденбай, Ілияс, Қозбағар, Омар, Жылқыбай, Жүнісбектер аман- есен жеткенімізге шүкіршілік еттік. Ораз Жандосов, Ұзақбай Құлымбетов, Ахмедия Сармолдаев  секілді ұлтжанды азаматтардың аш халыққа жеткізген ас-ауқат, киім-кешектерін теңдей бөліп, үлестіріп бердім. Балықшылар тобын ұйымдастырдым. «Өзен жағалағанның өзегі талмайды» демекші өзен, көлдерден балық аулап, қоян, құстарға тұзақ құрып күн көріс жасадық. Ұжымшар құрылып, оған мүше боп, еңбек ете бастадық. Қостөбедегі «Еңбек» ұжымшарына төраға боп сайландым. Қуғын-сүргін науқанынан мен де шет қалған жоқпын, қызым. Ауылдық кеңесте қызмет етіп жүрген Оразбай ағаң екеуміздің үстінен «Халық жауының құйыршықтары» деп қудаландық. Екеуміз де қызметтен қуылдық. Жоғарыдан келген өкілдердің әділ тексерістерінің арқасында екеуміз де сотты болмай аман қалдық. Ақталған соң Оразбай ағаң ауылдық кеңестегі қызметін қайта жалғастырды.

Қуғын-сүргін басталып, ел-жұрт есін енді жинай бастағанда соғыс басталды. Ауылдағы барлық жалын атқан жастар әскер қатарына шақырылып, майданға аттанды. 27 жасқа толған Оразбай ағаң да майдан шебіне сапар шекті. Ұжымшардың барлық шаруасын қарттар мен әйелдер атқарғанының шет жағасын өзің де көрдің. Өзіңе қызым аманат айтқалы отырмын. Елі үшін ерлік жасап мерт болған Оразбай ағаңның қай елде қаза болғанын білмейміз. Іздеу салып, анық-қанығын біліп жатсаң басына барып  зиярат етіңдер. Зиратының басына туған жерінің бір уыс топырағын ала барыңдар,-деді.

Мен әкемнің аманатын Ұлы Жеңістен кейін арада 70 жыл өткен соң орындадым. Интернет желісінен Оразбай ағамның 1945 жылдың 18 сәуірінде Германияның Зелессен қаласында болған кескілескен шайқаста мерт болғанын анықтадық. Ұлы Жеңіс күніне санаулы күндер қалғанда дүниеден озғаны өкінішті-ақ. Ол жаққа мен, Сейілбек, Қайырбек үшеуміз бардық. Туған жердің бір уыс топырағын ала барып, қабірінің басына қойып, рухына тағзым еттік. Ол жерден бір уыс топырақ ала қайтып, дүниеден озған әке-шешесі, інісі Ағыбай, баласы Алтайдың жанына әкелген топырақты жер қойнына бердік. Басына көктас орнатып, ас беріп, құран бағыштадық.

Сол жерге барып, ағамның зиратын тауып, бір уыс топырағын елге жеткізуіме, осы жұмыстарды атқаруыма атсалысқан, тікелей көмектескен сол кездегі аудан әкімі Қанатбек Мәдібековке, аудан әкімінің орынбасары болған Динара Асановаға, интернеттен дерегін тауып берген дәрігер Әбілқайыр Жөгібаевқа, аудан әкімдігі аппаратының заңгері болған Қуан Алдабергеновке, Жаңатас қаласы Қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлім басшысы болған Асан Пшаевқа алғысым шексіз.

Оразбай ағамнан Алтай есімді ұлы қалған еді. 29 жасында қайтыс боп кетті. Соңында қалған ұл-қыздары өсіп-өніп жатыр. Екінші ағам Ағыбай да Ұлы Отан соғысына қатысып, елге аман оралды. 8 ұл мен қыздарының қызықтарын көріп, 49 мүшел жасында өмірден озды.

«Халық айтса қалт айтпайды» дейді ғой. Енді ел аузынан естіген әңгіменің бірін айтайын. Қазақ халқының қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы Сарысуда 1929 жылы бастауыш сыныптың мұғалімі болыпты. Бауыржаннан үлкен-кіші атап айтқанда Тәкі, Жақып, Рақым, Тәжібай, Мәмбет, Оразбай, Әбен, Мысықбай, Рақыш, Мұқыш, Кеңес секілді азаматтар  сауат ашып, хат таниды. 1942 жылы Жақыпов Рақым мен Борбасов әскерге шақырылып, майдан даласына жеткенде Бауыржан Момышұлымен жүздеседі. Бауыржан екеуін бірден танып, өз қамқорлығына алған екен. Досжанов Оразбай ағам бас- тауыш сыныпта Бауыржан батырдан хат таныса, арада 90 жыл өткенде Досжанов Ағыбайдың шөбересі Амангелдиев Естай Қайырбекұлы Алматыдағы Бауыржан Момышұлы атындағы гимназияда оқып бітіргенін мақтаныш етеміз.

Алтын Досжанова, еңбек ардагері, ауданның Құрметті азаматы

Саябақтағы сенбілік

Қаланы көріктендіру және тазалығын сақтау мақсатында 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күніне орай, қала әкімі аппаратының ұйымдастыруымен орталық саябақта сенбілік жұмыстары өткізілді.

Тазалық жұмыстарына қоғамдық жұмысшылар, мекеме және мектеп қызметкерлері қатысты.

Шарада қала әкімі Д.Борсықов сөз сөйледі: — Қаланың тазалығы – бәрімізге артылған ортақ жүк. «Тазалық – иманның жартысы» деген жақсы сөз бар. Таза орта қалыптастыру тазалаудың емес, тазалық сақтаудың нәтижесінде жүзеге асады. Ендеше, тазалық, көркейту-көгалдандыру жұмыстарына белсенділік танытып, әрдайым жауапкершілікпен қарауға атсалысуға шақырамын.  Тұрғындар серуен құратын саябақтың сәнін келтіріп, көріктендіруде белсене атсалысып жатқан барлықтарыңызға алғысымды білдіремін. Барша тұрғындарды сенбілік жұмыстарына шақырамын. Сіздерді 9 мамыр- Жеңіс күнімен құттықтаймын! Отбастарыңызға амандық тілеймін, дархан даламыздың бас-ты байлығына айналған жасыл қаламыз гүлдене берсін!-деді.

Сенбілік барысында, талдар әктеліп, түптеліп, күл-қоқыстар шығарылды. Тазалық жұмыстарына 50-ден астам адам қамтылды. Мерекелік көңіл күйге толы сенбіліктен кейін қала әкімі аппараты барлық қатысқандарға арнап дастархан жайып, мамырдың жайма шуақ күнінде тазалық жаршылары бір-бірімен емен-жарқын әңгіме құрып тарқасты.

Самат ТОҚБАНОВ, «Sarysý» 

Ұлы Отан соғысы жайлы 10 қызықты деректер

9 мамыр – Ұлы Жеңіс күніне 78 жыл толып отыр. Бұл күндері Абхазияда, Молдавияда, Арменияда, Белоруссияда, Грузияда, Қазақстанда, Қырғызстанда,  Өзбекстанда, Түркіменстанда, Украинада, Ресейде және Оңтүстік Осетияда демалыс жарияланады.

Ұлы Отан соғысының салдары түрлі статистика мен деректерге толы. Уақыт өте келе, жаңа деректер табылып, Жеңістің тарихи маңызы арта түсті. Назарларыңызға 1941-1945 жылдардағы «Ұлы Отан соғысы жайлы деректер» айдарын ұсынамыз.

1)      Гитлер Сталиннен гөрі кеңестік әйгілі диктор Левитанды сұмдық жек көрген. Тіпті оның басын кесіп әкелген солдатқа арнайы марапат пен 250 000 марка сыйақы жариялаған. Гитлер оны Кеңес Одағын жаулап алған кезде бірден ату жазасына бұйырылатын адам ретінде тізіміне бірінші етіп жазған. Бірақ, Гитлердің бұл «арманы» орындалмай, Левитанға Германияның тізе бүккені мен Жеңіс күнін радио арқылы жариялау бақыты бұйырды.

2)      Сталинге кеңестік көлік құрастырушылар «Родина» көлігін таныстырады. Қолбасшыға көліктің өзі ұнағанымен оның атауы ұнамайды. Сталиннің ойынша «Родина» атауы бар зат ешқашан сатылмауы тиіс» болған. Сондықтан көлікке «Победа» деген атау берген. Аталған көліктер Кеңес халқына 50 жылдан астам қызмет етті.

3)      Ұлы Отан соғысы әйгілі тарихи қолбасшы Әмір Темірдің қабірін қазғаннан кейін бір күннен соң басталды. Қолбасшының қабірін қазатын кезде діни сенімдегі адамдар ғалымдарға қабірді қазбауын өтінген. Егер оны қазса, соғыс басталуы мүмкін екенін де ескерткен. Ғалымдар бұл сөзге иланбай, 1941 жылы 21 маусымда қабірді қазады. Арада 1 тәулік өтпей, жатып Ұлы Отан соғысы басталды.

4)      Соғыс туралы әндердің қатарында көп айтылатын атақты «Смуглянка-Молдаванка» әні 1940 жылы жазылған болатын. Ән 1944 жылы бүкілодақтық патриоттық әндердің қатарында айтылды. Бірақ, Кеңес билігі бұл әннің таралуына белгісіз себептермен тыйым салды. Тек 1974 жылы түсірілген «В бой идут одни старики» фильмінде айтуға рұқсат етілді. Отыз жыл бойы бұл әнге неге сонша тыйым салынғаны әлі күнге дейін құпия болып келеді. Қазіргі кезде кез-келген Жеңіс күні мейрамдары бұл әнсіз өтпейді.

5)      Мәскеуді жаулап алмақ болған немістер кеңестік ғалымдарды «ақымақ» санаған. Себебі, Кеңестік ғалымдар жасаған Мәскеу қаласының картасынан Кремльді іздеген немістер оны картадан тапқанымен, шынайы өмірде таба алмайды. Әсіресе, немістің бомбалаушы ұшақтарының ұшқыштары Мәскеуді бомбалаған кезде Кремльді таппай, әуреге түскен. Тіпті, оның бар екеніне сенімсіздік танытқан. Қаланың төбесінен қанша барлау жұмыстарын жүргізсе де Кремльді таба алмайды. Кейіннен белгілі болғанындай, Кеңес үкіметі жаудан қорғану үшін Кремльдің күмбездерін қара түске бояп, оның мұнараларын өртенген кейіптегі үйлер тәрізді етіп декорациялаған. Кремльге жақын барлық ғимараттар да бомбадан кейінгі ғимарат қалдықтары тәрізді түспен боялады. Осылайша кеңестік ғалымдар мен архитекторлар Кремльді сақтап қалған еді.

6)      Ұлы Отан соғысының тарихында екі Гитлер болды. Немістерге қарсы соғысқан кеңестік бір солдаттың фамилиясы да Гитлер болатын. Кейін оның Гитлер деген фамилиясы Гитлев болып өзгертілген деген деректер бар.

7)      Соғыс тарихында өз еркімен жалғыз өзі немістерге қарсы шайқасқан кеңестік жауынгер туралы көпшілік біле бермейді. Тверь қаласын жаудан тазартуға аттанған жауынгердің бұл жоспары ротадағы өзге жауынгерлерге белгісіз еді. Жауынгер (аты-жөні айтылмайды – Авт.) түн ортасында танкке отырып, Тверь қаласына аттанады. Түн ішінде фашистердің армиясын дүрліктірген жауынгерге қаладағы бүкіл неміс әскері қарсы шығады. «Қалаға кеңес әскерлері басып кірді» деп қорыққан неміс әскерлерінің көбі қаладан қашып та үлгереді. Қалада жалғыз танкпен шайқас болып жатқанда көмекке келген кеңес әскерлері қаланың бір бөлігін азат етеді. Есімі аталмайтын бұл жауынгер осы ерлігі үшін генерал Коневтің қолынан «Қызыл жұлдыз» орденін алады.

8)      Ұлы Отан соғысы Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде болғаны белгілі. 1945 жылы Германияны тізе бүктірген КСРО әскерлері оның одақтасы Жапонияны тас-талқан етті. Сол уақытта Кеңес әскерлерінен қатты қорыққан Онода Хиро есімді партизан соғыстың аяқталғанына сенбей, орман арасында жалғыз өзі партизандық жұмыстарын жүргізе берген. Тек арада 29 жыл өткен соң (1974 жылы) оны тауып алған әскерилер соғыстың аяқталғанын жеткізеді. Әскерилердің де бұл сөзіне сенбеген ол тек жапондық командирдің сөзінен кейін ғана қаруын тастап бейбіт өмірге араласа бастаған.

9)      Ұлы Отан соғысы кезінде кеңестік 667 баланы құтқарып қалған кісінің есімін айтуға тыйым салынған. Тыйымды салған ерлік жасаушының өзі. Ол бұл ісін азаматтық борышы ретінде санайды және «бұл іске бола марапатталуға тиіс емеспін» дейді.

10)    Берлин қаласына тасталған алғашқы бомбадан адамдар зардап шекпеген. Бомба зоопарк үстіне түсіп, тек бір піл ғана мертіккен.

Мәліметтер ғаламтор желісінен алынды

Leave A Reply

Your email address will not be published.