МЕРЕКЕ ҚАРСАҢЫНДАҒЫ МАРАПАТ

0

Тірлігі мен бірлігі жарасқан қазақ халқының кең пейілі мен дархан көңілі «картада белгіленбеген таңғажайып арал» секілді тұнып тұрған күйсандық.

Бейбітшілік пен келісімнің тұрақтылық табуы ел үшін еңселі жетістік. Түр мен тілге қарамай түбіміз бір дейтін көпұлтты елдің мүддесі мен міндеті де бір. Бір ғана Отаным бар, ол — Қазақстан дейтін өзге ұлт өкілдері бүгінде өз қамын емес ел үшін, елдің дамуы үшін аянбай тер төгуде. Бүгінде ауданда бірнеше ұлт өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп, табанды еңбек етіп жүр. Бірі әкімдіктерде мықты маман болса, бірі қара жұмыста қажымай қайрат қылуда. Бірі бала шағасын асырау үшін сырт қалада нәпақасын тауып жүр.
Біз бүгін сыртта жүріп, адал еңбегі еленген Жаңатас қаласының тұрғыны, неміс ұлтының өкілі — Шнайдер Владимир Владимирұлы туралы айтпақпыз.
Отбасыдан жырақта сонау — Атырау қаласында ТСС мекемесінде дәнекерлеуші болып жұмыс жасап жүрген Владимир Владимирұлы 1968 жылы Түркістан облысы, Леңгір ауылында дүниеге келген. 1988 жылы Жаңатас қаласына көшіп келген жас жігіт әр жылдарда қара жұмыстың дәмін татып біраз шыңдалады. Жұбайы Шнайдер Людмила Владимирқызы 1973 жылы Жамбыл облысы, Шу ауданы Мирный ауылында дүниеге келген. Қазіргі таңда, Жаңатас қаласы әкімі аппаратында қоғамдық жұмысшы. Жай ғана жұмысшы емес, қоғамдық шараларға белсене атсалысып жүрген белсенді жұмысшы. Бірнеше рет қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталған. Тату-тәтті өмір сүріп жүрген отбасы бүгінде 1 ұл, 2 қызды тәрбиелеп өсіруде. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған Шнайдерлер отбасы өзгелерге үлгі-ақ.
Жақында Атырау қаласынан ақжолтай хабар келіп жетті. Владимир Владимирұлы — ұзақ жылдардағы ерен еңбегі үшін  Қ.Р. Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының 2022 жылғы 7 қарашадағы  N 23 п. 18 атқару комитетінің қаулысымен 1 дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталды. Бұл кез келген жанға бұйырмайтын бақ.

Қарапайым отбасының мұндай мәртебеге бөленуі ұлтаралық қатынастың айрықша белгісі. Айта кетейік, Владимир қазақша таза сөйлейді. Бұл тілге деген, елге деген құрметтің көрінісі. Мамырдың мамыражай сәтінде, мереке қарсаңында маңызды марапатқа ие болып жатқан Владимир Шнайдердің алар асуы алда болсын деп тілек білдіреміз.

 Біз үшін Қазақстаннан өзге Отан жоқ

Бұл – осы жылдар ішінде ғана емес, қаншама ұрпақ бойы ата-бабамыз армандап келген азаттыққа қол жеткізуге еңбегімен де, өмірімен де зор үлес қосқан отандастарымызды еске алуға орайлы мерекелі кезең.

Олардың алдында тағзым етіп, еңбегін дәріптеу – бүгінгі ұрпақ, біз үшін парыз. Сонау ғасырлар тереңінде мемлекетшілік дәстүрі мен тәуелсіздік туралы арманын ұрпағының жадына сіңіріп, осы күнге дейін жеткізген біздің ата-бабаларымыз зор тарихи құрметке лайық. Соның ішінде, өткен ғасырдың басындағы қиыншылық уақытта азапты өмірді қайыспай көтерген ата-аналарымыз үшін де басымызды иеміз.

Ауданымызда өзге ұлт өкілдері тату- тәтті өмір сүруде. Ауданымыздың өркендеп-өсуіне өзіндік үлесін қосып жүрген өзге ұлт өкілдері арамызда баршылық. Солардың бірі аудандық орталық ауруханасының қызметкері Садық Оспанов.

Күрді ұлтының өкілі  С.Оспанов  облыстық, аудандық  тіл байқауларына қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр. Қызмет еткен әр жылдарда еңбегі бағаланып, Алғыс хаттармен марапатталған.

– Біз, күрд халқы, нәубетті жылдары қазақ жерін паналадық. Демін ішіне тартып тұрған бұл жылдарда қазақ жері бізден өзге сан түрлі ұлттарды бауырына басты. Міне, содан бері қаншама уақыт өтті?     Бізге Қазақстан құтты қоныс, жайлы мекенге айналды. Біз үшін Қазақстаннан өзге Отан жоқ. Биыл ел Тәуелсіздігіне 32 жыл толып отыр. Елімізде осы жылдар бойы бірлік пен ынтымақ, азаматтық бейбітшілік пен ұлттық келісім, достық пен татулық жалғасып келеді. Жастар үшін көптеген патриоттық, адамгершілік рухта тәрбиелейтін іс-шаралар өткізіліп жатыр. Мемлекеттің тұтастығы  Қазақстанның Тәуелсіздігі мен қоғамдағы ұлттың азаматтық бірегейлігінің арқасында мүмкін болды десек, қателеспеген болармыз. Бүгінде отансүйгіштік, мейірімділік, төзімділік, ауызбіршілік сынды қасиеттерді өсіп-өніп келе жатқан жас ұрпақтың санасына сіңіру-әрбіріміздің борышымыз. Мен осы елдің азаматы, күрділер қоғамдық бірлестігінің өкілі ретінде елдегі болып жатқан жағымды жаңалықтарға қуанып отырамын. Бұл осы елге сіңіп, бүгінде өз Отанымыз ретінде мойын-дағанымыздың дәлелі деп санаймын. Ата-бабамыздың бізге көрсеткен үлгісі осындай. Біз бұл үрдісті одан әрі жалғастырып, ұрпақ бойына сіңірудеміз. Қазақстан халқының мамыражай күн кешіп, ел іргесі аман, тыныш, бейбіт заман болғаны-біздің де тілегіміз. Бәрінен де қымбаты-Қазақстанның Тәуелсіздігі,-деді.

Береке бастауы-бірлік

Тумысы туралықтан, тамыры тектіліктен ажырамаған әрбір ұлт бейбітшіліктің бесігінде тербелгенді құп көреді.   Қазіргі күні құшағымызға  көптеген ұлт пен ұлыс өкілдерін сыйдырып, тату да тәтті өмір кешіп келеміз. Кеңпейілдігіміз бен қонақжайлығымыздың арқасында егемен еліміз бірлік пен достықтың алтын ордасына айналды.

Біздің өмірлік тәжірибемізде «бірліктің» мән-мағынасы орасан зор.   Бірлік адамдар арасындағы ынтымақтың, жарасымды татулықтың көрінісі, ел болудың бірден-бір алғышарты. Ол белгілі бір топтың, ұжымның, халықтың, жалпы адам баласының мақсат, мұрат, мүдделері тоғысынан туындайды. Ата-бабамыздың «Бірлік болмай тірлік болмас», «Бірлік түбі – береке», «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген мәтелдері де айтпақ ойымыздың ауанына сияды.   Бірлік біз үшін – елдіктің, ұлт болып ұйысудың бас-ты кепілі. Кешегі дуалы аузына уәлі сөз қонақтаған би-шешендеріміздің, адамгершіліктің алдаспаны болған ақсақалдарымыздың ел ішіндегі бірлік пен татулыққа ерекше көңіл бөлгені тектен-тек емес.

Қай заманда болмасын ел ішіндегі береке-бірлік, көрші-қолаңмен татулық ең маңызды рөлге ие болатын. Өйткені, жер бетіндегі өзара келіспеушілік пен дүрдараздықтар белгілі бір мемлекеттің шаңырағының шайқалуына, ел іргесінің сөгілуіне әсерін тигізбей қоймайтын. Сол себептен де  соңына сөнбес қасиет пен өлмес өсиет қалдырған Қаз дауысты Қазыбек би: «Бір дегеніңіз – бірлігі кеткен ел жаман, екі дегеніңіз – егесіп өткен ер жаман» — десе, Хакім Абай: «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» — деп, бірлік болмай тірлік сөнбесін анық аңғартты.

Қазақтың бірлігін Хакім Абай да, еңбектерінің негізінде халықты бірлікке шақырып, елін еркіндікке сендіре алған, нағыз ұлттық жаңғыруды туғызған ұлы істер толқыны бола білген ұлт көсемі Әлихан мен Ахмет бастаған Алаш арыстары да армандап өтті.

Иә, еліміз сан ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізіп, сәт сайын өсіп-өркендеп келеді. Елдің іргесінің бекем болып, кез-келген жағдайда шаңырағы шайқалмауының кепілі – бірлік пен тұрақтылық екенін асыл сөзді бабалар өсиетінен анық аңғаруға болады. Бірлік түбі – береке. Ауызбірлік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерлерге қашанда нәтижелі істердің үйір болатыны белгілі. Біздің елімізде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді. Біздің мемлекетіміздің басты жетістігі еліміздің халықтарының ұлтаралық және конфессияаралық келісімі, өзара түсіністігі мен сыйластығы болып саналады. Қазақстанның көпұлтты халқының татулығы, ынтымақтастығы, бейбітшілігі еліміздің баға жетпес байлығы. Қазақстан тарихының едәуір бөлігі – оны мекендейтін халықтардың этностық және мәдени өзара іс-қимылдарының тарихы. Әлемдік тарихта әртүрлі ұлт өкілдерінің бір жерде, бір елде бірлесіп өмір сүруі – әсте де тың құбылыс емес. Бұл ретте, Қазақстанның көпұлттылығы ғасырларға созылып, уақыттардан жалғасын тауып, сабақтасып келеді.

Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы күннен-ақ адамзат үшін ең қымбат қазына-ұлтаралық     татулықты, конфессияаралық келісімді, өзара түсіністік пен құрмет сезімін, жарастық пен келісімді сақтай отырып дамуда. Бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі достықтың бай тәжірибесі ұлттық татулық пен келісімнің ғана халықтардың экономикалық теңдігі, саяси және мәдени дамуын, өзара достықты, ұлттық мүдделер мен ұлттық ерекшеліктерді, тілдердің бір-біріне деген құрметін қамтамасыз ете алатынын көрсетті. Мемлекет мұраты болып саналатын – ұлтаралық татулықтың, халықтар арасындағы өзара түсіністік пен келісімді нығайту айрықша маңызға ие. Бүгінгі күні қоғамымыздағы ауызбірлік, тұрақтылық пен туысқандық қарым-қатынас соның нәтижесі деп айта аламыз. Тәуелсіз мемлекет атанып, ұлт болып ұйысу сүрлеуіндегі ұлттық келісім мен дінаралық татулықты қамтамасыз ету – бүгінгі күннің өзекті міндеті болып отыр.

«Береке бастауы – бірлік» қағидасын ұстанған Қазақ елі   ұлт пен ұлыстардың, этностардың арасында қоғамдық келісім мен ұлтаралық татулықтың тұрақтылығын сақтап, дамудың нақты тетігіне айналған ынтымақтастықты әлем жұртшылығы алдында жарқырата көрсетіп келеді. Осы орайда Сарысу аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде   ынтымақ пен бірлікті дәріптейтін 48 ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылып, 768 адам қамтылды.

Бірлігіміз мызғымасын!

1995 жылдың 18 қазанында ҚР Президентінің жарлығы бойынша

1 мамыр-Қазақстан халқының бірлігі күні болып жарияланған еді. Сөйтіп бұл күн ұлтаралық және дінаралық келісімнің сақталуының басты шарты делінген. Міне, 1996 жылдан бері бұл мереке Қазақстан халқының бірлігі күні ретінде тойланып келе жатыр.

Қай кезден де бірліктің береке бас-тауы екендігі белгілі. Бесенеден белгілі жайт, қандай қоғам болмасын оның ішкі біртұтастығы, ішкі татулығы, бірлігі оның зор қарқынмен дамуына үлкен алғышарт жасайды. Сондықтан да туған еліміз-Қазақстанымыздың ең басты байлығы қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық болып табылады.

Қазақта «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді»,-дейді. Туған ауданымызды мекен еткен көптеген этнос өкілдері туған Отанымыздың тыныштығы мен тұрақтылығына селкеу түсірмей, бір ауыздан сөз, бір жеңнен қол шығарып, еңбек етіп отырғандығына бәріміз куәміз. Ауданымыздағы орыс, украин, күрд, неміс, т.б. ұлт өкілдерінің жыл сайын осынау үлкен мерекеде өнер көрсетіп, өздерінің салт-дәстүрлерін көпке танытып жүр.

Осындай бірлігіміздің арқасында ауданымыздың экономикасы үнемі оң нәтижелер беріп келеді. Мемлекетіміздің негізін құрайтын қазақ ұлты қай кезден де өз бойларындағы ізгі қасиеттерін ту етіп, алға ұстап келе жатыр. Кешегі соғыс жылдары сонау Кавказ жерінен еріксіз қоныс аударған шешен, қарашай, балкарларды, Поволжье жерінен қинап көшірілген немістерді бастарына түскен қиыншылықтарға қарамастан, паналатып, адал асымен бөлісіп, ерекше қамқор болғандығын көнекөз қарияларымыз жыр қылып айтатын. Оның шет жағасын өзіміз де көрдік.

Байқадамда кір жуатын орталықта жұмыс істейтін Нина Вундер деген неміс әйел отбасымен Германияға қоныс аударды. Сонда қасындағы серігі қазақ әйелге хат жазған. «Байқадамды ойлағанда, қазақ достарымды ойлағанда, ішкі сағынышымды басу үшін оңашада айқайлап тұрып жылап аламын»,-деген хатына куәміз. Қазақ тілінде сөйлегенде әрі шешен, әрі мінсіз сөйлейтін еді.

Мысалы «Алғыс айту» күнінде өзге ұлттың өкілдері, төрт жылдан бері барша қазақстандықтар бір-біріне алғыс айтатын дәстүр өмірімізге енді. Яғни бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан халқымыздың, қазақстандықтардың бір-біріне деген құрметін, ықыласын қадір тұтқанымыз абзал.

Міне, біздің еліміз үшін ең ұлы байлық-татулық, бірлік, достық болып қала беруіне шын жүректен тілектеспіз.

Пернебай Дүйсенбин,  жазушы

 

Бірлік күнімен!

Мынау ғазиз әлемнен,

Жылулықты табайық.

Шуақ шашып күнменен,

Жұлдыз көктей жанайық.

Ынтымақ пен бірліктің,

Іргесін біз қалайық.

Бірімізге біріміз,

Жақсы көзбен қарайық.

Көңілден кетсін кіл өкпе,

Онсыз өмір дүрмекте.

Құрметтесе сені егер,

Сен де оны құрметте.

Татулықта ой қалсын,

Тамырымыз байлансын.

Өзге ұлттың барлығы,

Бауырыңа айналсын.

Қазақ елі бауырмал,

Құшағымен танылған.

Бірлік күнін бәріміз,

Қарсы аламыз мамырда.

Бұл шартты егер бұзғандар,

Істері болар бәрі айып.

Адамға адам жанашыр —

        Мейірімді болайық!

 

Татулық-

табылмас бақыт

Бақыт қайда барасың?

Көршімен болған бірлігі,

Тағат, ғибадат тірлігі

Ұйымшыл елге барамын.

Қабан (Қабылиса) жырау

Қазақ елінің киелі шаңырағы астында әртүрлі ұлт өкілдерінің тату–тәтті өмір сүріп жатқандығы бізді қуантады. Қазақ халқы қиын-қыстау заманда олардың басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білді.

Бүгінгі бейбітшілік заманда өз халқымыздың тілін, салт-дәстүрін, мәдениетін ұмытпау, мемлекеттік тілді білу өте маңызды, алайда ең басты байлық — еліміздегі ұлттар арасындағы достық пен ынтымақ. Сондықтан мен елімізде ешқандай алауыздық болмай, барлық ұлт өкілдері тату-тәтті, береке мен бірлікте өмір сүрсе деп тілеймін.

Төртеу түгел болса, төбедегі келері хақ.  Сан ұлттың мекені болған мемлекетіміздің алар асуы алда. Елімізді көркейту, дамыту жолында барша қазақстандықтар жұдырықтай жұмылып, елімізді жаңа белес-ке көтереді деп сенемін. Еліміз өркендей берсін!

Ким Наталья Владимировна,

кәріс ұлтының өкілі.

Атаулы мерекені Қазақстан аумағында тұрып жатқан әртүрлі ұлт пен ұлыс өкілдері киелі қара шаңырақта тату-тәтті, береке мен бірлікте, бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүріп жатқандығын тойлайды.

Тілегі бір жүзі басқа, жүрегі бір діні басқа, ділі бір жүз отыздан астам ұлт өкілдерін құшағына басқан Қазақ елін біз де өз туған жұртымыздай көріп, еш жатсынбайтынымыз Қазақстандағы берік саясаттың үлкен жетістігі.

Сонау жылдары тарих пен тағдырдың жазуымен осы елге келген ұлт өкілдері қазақтың қонақжайлылығына, бауырмалды-ғына куә болды. Сол жылылық пен мейірімге толы жанашырлықтың арқасында қазақ жері біздің Отанымызға айналды. Бүгінде біздің балалары-мыз, немерелеріміз осы жерде туып- өсіп, білім алуда. Ашық аспан астындағы бейбіт күн, тыныштық пен тұрақтылық–біздің республикамыздың үлкен жетістігі, басты құндылығы. Мен бұл сөзді әйел, ана ретінде ерекше атап айтқым келеді. Кез келген ана үшін балаларының бақыты, игілігі ең басты орында тұратыны белгілі. Сондықтан бүкіл отандастарымды осы байлықты бағалауға, еліміздің тыныштығы мен тұрақтылығын сақтауға үлес қосуға шақырамын.

Гузель Болатбашевна Амирова,

күрді ұлтының өкілі

1 мамыр- Қазақстан халқының бірлігі күніне орай қазақ халқына зор алғысымды айтқым келеді. Ашық аспан аясындағы бір шаңырақ астында жүзден астам ұлт пен ұлыс өкілдері ынтымақпен өмір сүруде. Олар қазақ жеріне түрлі уақытта, түрлі жағдайлармен келіп қоныстанғаны белгілі. Тіпті қуғын-сүргін жылдары өз еріктерімен емес, күштеп жер аударылған халықтар да болды.  Одан кейінгі Ұлы Отан соғысы жылдары,  тың игеру,   индустрияландыру науқандары кезінде көптеген басқа ұлт өкілдері Қазақстанға көшіп келіп, тұрақтап қалды. Әрбір келген өзге ұлт өкілдерін  жергілікті халық құшақ жая қарсы алды. Олармен қолындағы бар дәм-тұзымен бөлісіп, сөредегі құрт- майына дейін ұсынды. Балаларын тәрбиелеуге, еңбек етуге қол ұшын созды. Қазақ халқының жақсылығын біз ұмытпаймыз. Осындай достық пен өзара сенімнің арқасында Қазақстан бейбітшілік, тұрақтылық мекеніне айналып отыр. Біртұтас халық болып, ел болашағына еңбек етуде.

Андрей Сергеевич Горелов,

орыс ұлтының өкілі

Қазақстан — құшағы ыстық, құлашы кең байтақ өлке. 130-дан астам ұлт өкiлiнiң бiр атаның баласындай ырыс пен ынтымақта өмiр сүрiп келе жатқандығы бұл сөзiмiзге айғақ. Мен қазақ халқы- ның  мұндай мейiрбандығын, қонақжайлылығын, кеңпейiлдiлiгiн үнемi мақтан етiп келемiн. Осыншама ұлт пен ұлыстың өкiлi бiрге тұрып, бiрге жасап, бiр мақсатқа жұмылып өмiр сүрiп келе жатқандығы Президенттің дана саясатының нәтижесi болса керек.

Ұлтаралық қатынастың жақсы жолға қойылуы, халықтар достығының нығаюы, әсiресе, бiздiң Қазақстан сияқты көп ұлттың өкiлi тұратын, демократиялық жолмен дамып келе жатқан республика үшiн өте қажет. Бұл бағытта елiмiз егемендiк алғалы қыруар шаруалар жүзеге асты және асырыла бермек.

Бірлігі бекем елдің болашағы нұрлы, келешегі кемел. Әрдайым осы бірлігімізден айырылмай, татулығымыздан танбай, жұбымызды жазбай, болашаққа бірге қадам баса берейік. Ел тыныштығының тұнығы бұзылмай, бейбіт елдің берекесі арта берсін.

Эгамбердиев Сыдыкбай Салиевич,

қырғыз  ұлтының өкілі

Бірлігіміз ажырамасын

Еліміздегі маңызды мерекелердің бірі 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі мерекесі. Аудандық билер алқасы үшін ең қымбаттысы ауданымызда мекендейтін бірнеше ұлт өкілдерінің арасындағы ынтымақтастық пен өзара ауызбіршіліктің одан сайын нығая түсуі, ұлтаралық татулықтың салтанат құруы. Сонымен қатар, қарапайым тұрғындар арасындағы күнделікті тұрмыстағы бірін-бірі құрметтеушілік, сыйласушылық, түсінік те болған бағалы.

Бүгінгі таңда, қолға алынып ұйымдастырылып отырған Билер алқасының алдына қойып отырған мақсаты да осындай құңдылықтарды, адами қасиеттерді бағалау, қалыптастыру, күнделікті өмірде адамдар арасында, ағайын-туыстар арасында, отбасыларында, кездесе беретін болмашы кикілжіңдерді ушықтырмай бейбіт жолмен шешіп, татуластыру, тіл табыстыру болып табылады.

Себебі еліміздегі ең басты байлық – адам және оның өмірі болып есептеледі. Қоғамда өз орнын тауып, қоғамға қажетті еңбек етіп, отбасын құрып, ұрпақ жалғастыру әрбір адамның азаматтық борышы. Қазіргі заманда адамдарды ұлтқа бөлмей, олардың ізгі істеріне, іскерлігіне бағалау, құрметтеу, сыйлау қалыптасып келеді. Сондықтан туған жердің төсінде, құшағын жайған бейбіт елдің ішінде әрқайсымыз өз үлесімізді ел бірлігінің сақталуына, бейбіт те мазмұнды өмір кешуімізге атсалысайық!

С.АППАЗОВ, аудандық билер алқасының төрағасы

бейбітшілік-ел тілегі

Тартысқа түскен тарихтың сахнасы қазақ елінің бауырмашыл, бірлігі мен тірлігі жарасқан берекелі халық екенін анық көрсеткен. Татулықтың үлгісін көрсете білген ұлы елдің алға қойған мақсаты да айқын болған. «Дос болғанға құшақ ашар туыспыз» деп жырлаған ата – бабаларымыздың бірлікке шақыруы бүгінгі ұрпаққа аманат. Бүгінгі күні бір шаңырақ астында бейбіт күннің бірлігін ұрандатып жүрген өзге ұлт өкілдері  тату-тәтті өмір сүріп келеді. Қазынасы бар елдің базынасы да, ертеңгі ұрпаққа жеткізетін алтын сөзі де осы бірлік болмақ. Жастар ұлт пен ұлысқа, түр мен тілге де қарамай бір-бірімен дос болып жүр.  Ендеше, Сіздерді айтулы мерекемен құттықтай отырып, бірлігіміз ажырамасын дегім келеді.

М.ЕСМҰРЗАЕВ, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.