26 СӘУІР-ХАЛЫҚАРАЛЫҚ РАДИАЦИЯЛЫҚ АПАТ ҚҰРБАНДАРЫН ЕСКЕ АЛУ КҮНІ

0

Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды

1986 жылдың 26 сәуірінде Чернобыль атом электр стансасында жарылыс болып, оның салдары мыңдаған адамның өмірін жалмады. Бұл күн халықтың есінде. Осыған байланысты осы аптаның сәрсенбісі күні Сарысу ауданында гүл қою рәсімі өтті.

Іс-шара апат құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Содан кейін ескерткішке гүл қою рәсімі өтті. Митингінің ашылуында аудан әкімінің міндетін атқарушы Сәкен Мамытов сөз сөйледі:

— Құрметті қала тұрғындары! Құрметті ардагерлер!

Биыл, Чернобыль атом электр станция-сында орын алған апатты оқиғаға 37 жыл толып отыр.Апаттың зардаптарын жоюға 100 мыңнан астам адам жұмылдырылса, соның 30 мыңға жуығы қазақстандықтар еді. Олардың қатарында денсаулығын тәуекелге тігіп, өздерінің әскери парыздарын орындаған 60-қа жуық сарысулық азаматтар да болды. Сол жандардың жанқиярлық ерлігі мен қажырлы еңбегі арқасында ғана апат ауқымы қысқарды. 

Олардың қаншасы алынған радиация салдарынан өмірден ерте озды. Бүгінгі өткізіп отырған іс-шарамыз Чернобыль апатын жоюшыларға құрмет пен тағзым іспеттес. Біз, сол әскери антына адал буынның ұрпағы, бауырлары оларды мақтан тұтамыз, олардың ерлігі мәңгі жадымызда қалуы тиіс.

Чернобыль құрбандарының бейнесі мәңгі біздің жадымызда сақталатынының белгісі деп түсінуіміз керек. Көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін олардың алдында басымызды иеміз.

Құрметті ардагерлер! 

Сіздер өздеріңіздің ерліктеріңізбен бүкіл ғаламшарды уланудан аман алып қалдыңыздар. Денсаулықтарыңыз мықты, отбасыларыңыз аман болсын!

Баршаңызға алғыс білдіремін!-деді.

Мұнан соң аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков, Чернобыль апатын жоюшылар атынан ұйым төрағасы Амангелді Өскенбеков сөз сөйледі.

Іс-шара соңында митингіге қатысушылар Чернобыль құрбандарына арнап қойылған ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

Сонымен қатар, іс-шара аудандық кітапхананың «Коворкинг» орталығында жалғасын тапты. Басқосуға аудан әкімінің міндетін атқарушы Сәкен       Мамытов, аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков және Чернобыль апаты ардагерлері қатысты.

Халықаралық радиациялық апат құрбандарын еске алу күніне орай Чернобыль атом электр станциясындағы апатты жоюға қатысқан ардагерлерді құттықтаған аудан әкімінің міндетін атқарушы Сәкен Мамытов сөз сөйлеп, «Чернобыль атом электр станциясындағы апатқа 37 жыл» толуына орай ардагерлерді аудан әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарын және сый-сияпаттарды тапсырды.

Мұнан соң аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков, Чернобыль апатын жоюшылар атынан ұйым төрағасы Амангелді Өскенбеков, аудандық қоғамдық кеңес төрағасының міндетін атқарушы Жақсыбек Дәулетбаевтар да сөз сөйледі.

Іс-шарада жезтаңдай әншілер әннен шашу шашты. Ермахан Оңғарбеков «Мен қазақпын»,  Қолқанат Темірбекқызы «Қазақстан», Әмірғали Бақытов «Дүр қамшы», Ақерке Ұзақбекова «Атамекен» әндерін тамылжыта шырқап, кешке қатысушыларға ерекше көңіл күй сыйлады.

Камели Сүлейменова,

 «Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.