ЕЛ НЕГЕ ЕРІКСІЗ ҚОНЫС АУДАРДЫ?

0

Көне тарихымызға көз жүгіртсек, XVII ғасырдың аяғы мен XVIII ғасырдың басында Қазақстан саяси жағынан ыдыраған елге айналды. Қазақ тарихында 1680-1718 жылдары билік құрған Тәуке хан байтақ жатқан қазақ елін біртұтас мемлекетке айналдыруға үлкен ұмтылыс жасағанмен, оның күресі де айтулы нәтиже бере қоймады.

Жүздер арасындағы саяси, шаруашылық байланыстар өте әлсіреді, феодалдық тартыстар күшейе түсті. Бұл жағдайды жіті бақылап отыратын сыртқы жаулар бөлшектенген мемлекетке қарсы шабуылдарды ойластыра бас-тады. Әсіресе XVII ғасырдың басында Жоңғария қазақ жеріне ашық түрде көз аларта бастады.

1710 жылы Қарақұмда үш жүздің өкілдері бас қосып, жоңғарларға қарсы күресті ұйымдастыру жөнінде алқалы жиын өткізді. Содан соң қазақтардың біріккен күштері өз жауларына қарсы айтарлықтай соққылар берді. Алайда бұл жеңістер де баянды болған жоқ, себебі әр жүзді өз алдына дербес билеген хандар арасында ауызбірлік болмады. Осындай алауыздықты ұтымды пайдаланған жоңғарлар 1723 жылы қазақтарға қарсы алапат соғыс бастап, оларды аяусыз қырғынға ұшыратты. Тарихқа «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген қасіретті атпен енген бұл зұлматты нәубетте халқымыз орасан зор шығынға ұшырады. Қазақстанның оңтүстік-шығысынан тиген жаудан үріккен әрі қатты қыстан күйзеліп шыққан ел тоз-тоз болып, Сырдария өзенінің арғы бетіне өтті. Ұлы жүз бен Орта жүз қазақтарының үлкен тобы Шыршықтан әрі асты. Ал қалған үлкен тобы оңтүстіктегі Алқакөл құмы маңынан Бұқар мен Самарқанға қарай дүмей көшті. Ал Кіші жүз қазақтары көне Сауран қаласының батысынан айналып, осы күнгі Қызылорда облысының Шиелі тұсынан өтіп, Хиуаны бетке алды. Сондықтан да бұл алапат қырғын Кіші жүз қазақтары арасында «Сауран айналған» деген атпен аталған. Кіші жүз қазақтарының басына туған зобалаң сүргіншілік мұнымен тоқтап қалған жоқ. Орта Азия алабынан жайлы қоныс таба алмаған қалың қазақ Бұхар мен Хиуа хандарының талауына түсті. Олар үркіншілікпен қоныс аударған жұртты жаппай шеңгелді уысында, құлдықта ұстағысы келді. Олармен жан алысып, жан берісіп шайқасқан Кіші жүз түркімен жері арқылы, үлкен бір тобы Арал теңізін солтүстіктен айнала отырып, Елек, Жем, Жайық, Ойыл, Ор өзендерінің алқабына қарай ойыс-ты. Осы жоңғар шапқыншылығының ең ауыр қасіретін Кіші жүздің Әлім, Он екі ата Байұлы тайпалары тартты. Қазақ Совет энциклопедиясында бұл туралы былай деген: «Ш.Уәлихановтың жазуы бойынша, бұл қазақ халқының өміріндегі сұмдық ауыр кезең болды, жоңғарлар, Еділ бойының қалмақтары, Жайық казак-орыстары мен башқұрттар тұс-тұстан қазақ ұлыстарын талқандап, малын айдап әкетті, жанұяларын тұтқынға алды: жұт пен аштық күйзелісті күшейте түсті.» (ҚСӘ. 1-том. 220-бет). 1728-1729 жылдары қайта ес жиып, етек жауып біріккен қазақ жасақтары жоңғарларға Бұлантыда, Аңырақайда күйрете соққы берді.

Міне, осынау тағдырлы сәтте ел бастаған тұлғалар жоңғарлардан, қалмақтардан, желкеге төніп тұратын қанды қылыштан құтылудың жолын сан ғасыр бойы іргелес болып келе жатқан Ресеймен одақтасудан көре бастады. 1726 және 1730 жылы Кіші жүз ханы Әбілқайырдың бүкіл жүз старшындарының атынан Ресейге қосылу туралы жасаған өтініші 1731 жылы қанағаттандырылғаны белгілі. Бұл жағдай Ресейдің түпкі мүдделеріне сай келді. XVI ғасырда 5,5 млн. шаршы шақырымды (километрді) иеленіп, үлкен елге айналған Ресей әсіресе орыс патшасы І Петрдің билігі тұсында тіпті күшейді. 1721 жылы Ресей мемлекеті Ресей империясы болып жарияланды. Ал ХІХ ғасырдың соңында Ресей монархиялық империясының жер көлемі 22,4 млн. шаршы шақырымға, халқының саны 128,2 млн. адамға жеткен еді. Осының ішінде Орта Азияға 5 млн.-ы тиесілі болса, Қазақстанға тиесілісі 2,7 млн. еді.

Сол 1731 жылы бодандық қамытын киген Кіші жүз жерлерінде Ресей өкіметі кәнігі тәсілмен қамалдар мен бекіністер салуға кірісті. 1734 жылы Орынбор қаласы салына бастады. Соның ішінде Яицкий Городок, Кулагин, Топелев, Баксаев секілді барлығы 14 бекініс салынды. Бағзы заманнан бірде қалмақ, бірде башқұрт, бірде қазақ иеленіп, кең өріс, мол жайлау болған Еділ мен Жайық арасындағы шұрайлы алапты Ресей толық иеленіп алды. Мысалы С.Әсіптің «Қазақ қасіреті» кітабында Мәскеу мен Петерборда тұратын князьдар Юсупов пен Безбородько сол маңнан 300 мың десятина жер алып, оны көпестерге жалға беріп қойғандығы жөнінде дерек  келтірілді. Олар қазақтың өз бидайын өзіне қуырып беріп, жерге мал жайылғаны үшін, өзеннен өткені үшін, суаттан мал суарғаны үшін түлік басы салық салып, ойларына келгенін істеп бақты. Сол 1734 жылы Ресей Жайық өзенін шекара етіп белгілеп, өз территориясын ресми түрде заңдастырып алды. Бұл жағдай көшпелі мал шаруашылығын негізгі кәсібі еткен Кіші жүз қазақтарына үлкен соққы болып тиді. Патша әкімшілігі шығарған тәртіпке бағынбай, Жайықтың оң жағалауына өткен қазақтардың алды жер аударылып, арты айдалып жатты. Соған қарамастан кең өріс, шүйгін жайлауға бауыр басқан қазақтар патша өкіметінің бұл аяр саясатына да, қорқытқанына да мойынсынбай, Жайықтың оң жағалауына өтіп кете берді. Ақырында патша өкіметі 1747 жылы 11 мамырда Еділ мен Жайық арасын жыл сайын күзде өртеу туралы жарлық шығарды. Шұрайлы жайылымдық жерінен айырылған халық үлкен күйзеліске ұшырады. Халқының мұңы мен қасіретін жүрегіне құйып өскен Беріш руының берені атанған, халқымыздың қырғи тілді қыран ақыны Мұрат Мөңкеұлының:

Еділді келіп алғаны,

Етекке қолды салғаны.

Жайықты тартып алғаны,

Жағаға қолды салғаны.

Ойылды тартып алғаны,

Ойдағысы болғаны.

Қоныстың бар ма қалғаны?!

деген күңіренісі сол кездің ащы

шындығынан туындаған еді.

Жазушы П.ДҮЙСЕНБИННІҢ

«Сарысунама» кітабынан алынды.

(Жалғасы келесі сандарда)

Leave A Reply

Your email address will not be published.