ӨЗ ТАҢДАУЛАРЫН ЖАСАДЫ
Көптен күткен еліміздегі саяси дода, жаһанданудың жаңа жолына жеткізер ауыл әкімдерінің сайлауы да болып өтті. 14 қаңтарда аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдар мен кенттердің және ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлауына Досбол ауылдық округіндегі №385 сайлау учаскесінде ауыл тұрғындары таңғы сағат 07.00-ден бастап белсенді түрде дауыс берді.
Бұл жолы жұрт болып жұмылып дауыс берген ауыл әкімдерінің сайлауы жоғарғы деңгейде ұйымдастырылды.
Сондай-ақ, Үлкен және кіші Көкдала, Шағалалы елді мекен тұрғындары да белсенділік танытты.
Еңбек ардагері Қалия Хафизова (суретте) өз сөзінде:
— Жаңа сайлау заңнамасына енгізілген түзетулерге сәйкес аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың және ауылдық округтердің әкімдері, міне, бүгін халықтың дауыс беруі арқылы сайлануда.
Мұндай өзгерістер билік пен тұрғындар арасындағы байланыс-ты нығайта түспек. Қарапайым тілмен айтқанда, жолдардың сапасы, жұмыс орындарымен қамтамасыз ету, әлеуметтік саланы дамытудағы әкімдердің қызметіне жергілікті тұрғындар өз ұсыныстарын айта алады. Халықтың әкімді өздері сайлауы қалалар, ауылдар, кенттер мен ауылдық округ әкімдерінің жұмысының жақсаруына әкеледі.Қалай болғанда да, қоғамда оң өзгерістер орын алады деп ойлаймын.Сәттілік. Кейінгі ұрпақтар үшін де ашықтық пен нақтылық қажет.Осыны ескерген Президентіміздің сарабдал саясаты өте дұрыс қадам болды,-деді.
Сайлау барысында қарт және ең жас сайлаушыларға сыйлық берілді. Сонымен қатар, ауданның „Партиялық емес бақылау орталығы” Республикалық қоғамдық бірлестігінің тәуелсіз байқаушылары да сайлау барысын қалт жібермей қадағалап отырды.
тұрғындар белсенділік танытты
14 қаңтар күні Байқадам ауылдық округ әкімінің сайлауы өтті.
Байқадам ауылдық округінде №370 және № 371 сайлау учаскелері жергілікті уақытпен сағат 07: 00-де мемлекеттік әнұранмен жұмысын бастады.
Ауыл тұрғыны Қайрат Қырқынбаев:
— Мен де өз таңдауымды жасадым. Өткізіліп отырған сайлау науқанынан тыс қалып көрмеппін. Әрдайым алғашқылардың бірі болып өз дауысымды беремін. Біздің таңдауымыз көп нәрсеге себепкер. Елімізде болашағы жарқын болуы үшін отанымыздың өркендеуіне өз үлесін қосатын лайықты үміткерге даусымды бердім. Жалпы бұл сайлаудың ерекшелігі, ауыл әкімін таңдағанда ауыл тұрғындары өздері сенім артатын, қалаған үміткерге дауыс бере алады. Ауыл тұрғындары өздерінің ой-пікірлерін, әлеуметтік мәселерді өздері сеніп сайлаған ауыл әкіміне жеткізе алады және орындалуын қадағалай алады,-деді.
Сәулет Есқараев,
«Sarysý»