ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ҚАДІРЛІ ІС

0

Қайырымдылық – көп мағыналы түсінік. Бұл жақсылық, мейірбандық, материалдық және моральдық көмек, ол дегеніміз сондай-ақ, жанашырлық, аяушылық, көп жылдар бойы келе жатқан және де қазіргі уақытта да бар адамдық құндылықтар. Жақсылық пен игілікті іс жасау-үлкен адамгершіліктің белгісі. Басқа адамдарға көмектесіп жүрген көптеген абзал жандар бар. Апта ішінде Жаңатас қаласындағы орталық алаңда қайырымдылық шарасы ұйымдастырылды.

Шарада аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев қала тазалығымен айналысатын қоғамдық жұмысшыларды  арнайы құттықтап, жаңа жылдық сыйлықтар үлестірді. Игілікті шараға атсалысқан  «Қазфосфат», «Асыл тұз», «ЕвроХим», «Жаңатас жел электр станциясы» сияқты ауданымыздағы іргелі кәсіпорындар 100 отбасыға азық-түліктер таратса, «Жарас» ЖШС-і  50 отбасыға 1 қап ұн мен 5 литр сұйық майдан таратты. Сонымен қатар, аудандағы мекеме және кәсіпорындардың ұйымдастыруымен 80 отбасыға азық-түлік себеті таратылып, қайырымдылық көрсетілді.

С.Рысбекұлы,

«Sarysý»

ЖАЙЫЛМА АУЫЛЫНДА АСАРЛАТЫП ҮЙ БЕРІЛДІ

Мереке қарсаңында  Жайылма ауылында «Асарлатып үй салу» жобасы аясында Жайылма ауылының тұрғыны, көпбалалы ана, 7 баланың анасы Күләш Кетпенбаева бас-паналы болды.

Салтанатты шараға аудан әкімі          Марат Сұлтанғалиев, аудандық мәслихат хатшысы Асанбай Сейналиев қатысып, ауыл тұрғындарын игілікті шарамен құттықтады.

— Бүгін өздеріңіз куә болып отырғандай, «Асарлатып үй салу» жобасы аясында тағы бір  тұрғын үйдің кілтін тапсырғалы отырмыз. Бұл тек мұқтаж жандарға үй салып беру ғана емес, елдің бірлігі мен ынтымағының, татулығының көрінісі. Бірлік бар жерде-тірлік бар деген. Бүгін осында тұрған ауыл қариялары, ел ағалары, ауыл жастары осы тірліктің басы-қасында болды, — деп,  игі істі абыроймен атқаруға атсалысқан барлық азаматтарға алғысын айтты.

Одан кейін еңбек ардагері, ауданның Құрметті азаматы Т. Қажыкенов  сөз алып, елді ұйымшылдыққа, ауызбіршілікке, бауырмалдыққа, қайырымдылыққа бастайтын, елді ізгілікке жетелейтін игілікті істі қолға алып, іске асыруға бастамашыл болып жатқан аудан басшыларына, ауыл тұрғындарының атынан ризашылығын білдірді.

Жаңа үйдің лентасын аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев, аудандық мәслихат хатшысы А.Сейналиев және еңбек ардагері Т.Қажыкенов салтанатты түрде қиды.

Көпбалалы ана Күләш Кетпенбаева аудан басшыларына, ауылдық округ әкіміне, қайырымды жандарға аналық алғысын білдіріп, ауданымыз күннен –күнге көркейіп, еліміз аман,  жұртымыз тыныш болсын деген тілегін білдірді.

Ұлттық ономастика-ел айнасы

 

Өткен аптада Тараз қаласында мемлекеттік қызметшілер арасында «Ұлттық ономастика – ел айнасы» тақырыбында облыстық байқау болып өтті.

Мұндай байқау өңірімізде 3-ші рет өткізілуде. Дәстүрге айналған сайыстың мақсаты – Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында атау беру, қайта атау жұмыстарын жетілдіру және дамыту, ономас-тика саласындағы жұмысты саралау және осы бағыттағы шаруаны одан әрі жандандыру.

Конкурста ономастика мәселесімен айналысатын мамандардан құралған 9 ауданнан келген  командалар бақ сынады. Байқау 5 кезеңнен тұрды. Ауданнан қатысқан аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Меруерт Нышанбекқызы, аудан әкімдігі кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Нұрсұлтан Советов, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің бас маманы Әділет Ахметжанов жүзден жүйрік атанып, бірінші орынды жеңіп алды.

С.Есқараев,

 «Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.