ЖАНЫҢДА ЖҮР ЖАҚСЫ АДАМ

0

Виктор әкесінің ағайын-туыстарының қолында тәрбиеленген, әрине соғыс кезіндегі күн-көріске байланыс-ты ата-анасыз бала әлжуаз болған. Әкесі соғыстан оралған соң Қазақстанда жағдай дұрыстығын ескеріп, көпшілікпен бірге баласын алып Жамбыл қаласына 1946 жылы көшіп келген. Соғыста алған ауыр жарақатының зардабынан көп ұзамай қайтыс болып, жас бүлдіршін тағы да тағдыр тәлкегіне ұшырайды. Көршілері ескеріп Витяны Жамбыл (Қазіргі Тараз) қаласындағы №1 Әулие-ата балалар үйіне тапсырды. Ер жетіп 15-16 жасында балалар үйінде тәрбиелене жүріп кәсіптік- техникалық училищесін бітіріп, тракторист мамандығын алып шығады.

Виктор Яковлевич Осиков 1937 жылы Куйбишев облысы, Подбельск селосында дүниеге келген.

Жас балаға Сарысу ауданындағы Байқадам колхозаралық МТС-не жолдама беріліп, осы кәсіпорында тракторист – көмекші болып жұмысқа орналасты.

Сол уақытты тебірене еске алғанда Витя ағай Рахымжан Нұржанов, Қали Әлиасқаров, Қыстаубай Алиев, Қабыл Мырзағұлов, Трофимов, Гончаровтарды жиі-жиі еске алатынын айтады.

Кейде қалжыңдап: «Мен — қазақпын. Руым – Кіші жүз, Жағалбайлы. Әкем Рахымжан, атым Қара тоқты»  деп  өткенді есіне түсіреді. Бірінші мені көп тәрбиелеген Рахымжан Нұржанов және Қали Әлиасқаров дейді. Осы екі ағайынды кезек-кезек мені үйлеріне апарып кір- қоңымды жуғызып, Рахымжан әкем қалжыңдап мені «қара тоқтым» деп еркелетіп отырушы еді.

Содан мені бірге істейтін үлкен кісілер «Қара тоқты» деп атап кетті. Ол соғыстан кейін енді ес жия бастаған кез.

Сталин, Коммунар,  Калинин, К.Маркс, Ворошилов, Ұйым колхоздары ақ егіс, мақта егеді. Осы егіс алқабын жыртып өңдеу үшін МТС арқылы әр колхозға айлап, апталап жұмысқа жібереді. Ол кезде дайын дала қостары жоқ. Әркім тамыр-таныстары арқылы ауқаттанады, мені де қастарынан тастамай бірге тамақтанамыз. Бірте-бірте осы ортада жүріп тілді де үйрендім. Техникалар да жетіспейді, ескі «ХТЗ»-темір доңғалақты, «У-1, У-2», «Нати Эс-80» тракторлары жұмыс өнімділігі төмен, қанша қиын болса да болашаққа деген сенімінің арқасында күннің суығы мен аптап ыстығына қарамай берілген тапсырманы қалтқысыз атқарып отырдық. Сол кездегі қариялардың еңбексүйгіштік қасиетінің арқасында мен де шынығып, аяғымнан нық тұрып, азаматтар қатарына қосылдым. Кейін колхоздар біріктіріліп совхоз болғанда Байқадам, Коммунар колхоздарында тракторист болып жұмыс істей жүріп автомобиль жүргізушісі мамандығын алдым.

Жас бозбала бұғанасы қатайып, ержетіп, өзіне-өзі келіп, алдыңғы қатарлы білікті механизатор болды. Әрине, еңбегі еленбей қалған жоқ. Аудандық тұрмыстық қажетін өтеу комбинатында жүргізуші-механик болып абыроймен жұмыс атқарды. Сол жылдары соғыс ардагері Серікбай Алкеев пен Разия апайдың үй ішімен көп аралас-тым. Бір баласындай болып кеттім.

 

1967-1997 жылдар аралығында зейнетке шыққанша аудандық ауруханада жүргізуші-механик болып абыройлы еңбек етті.

Шалғайдағы аудандық Бетпақдаладағы штат Шалғия поселкесіндегі дәрігерлік пунктінде жедел-жәрдем жүргізушісі болып малшылар арасында үш жыл қатарынан үй-жайсыз мүлтіксіз қызмет етті. Еткен еңбегі еленіп облыстық, аудандық денсаулық сақтау басқармалары тарапынан марапаттаулар мен сыйлықтар берілді. Өз елдеріне көшіп жатқан өзге ұлт өкілдеріне қарап, сіз неге көшпегенсіз?- деген сұрағымызға ол еш жалтармастан, — Менің туған жерім, туған-туысым бәрі осы Байқадамда, -деп жымиып қана күледі.

Мен осы мақаланы жазардан бұрын жолыққанымда – Мені не үшін жазасын, мен ешқандай ерлік жасаған жоқпын, соғысқа да қатысқаным жоқ. Өзім үшін еңбек еттім, міне, бейнетімнің зейнетін көріп отырмын, — деді. Осындай қазақтың дархандығы жұққан Витя ағай биыл 85 жасқа толайын деп отыр.

Ол сөз арасында: — Барлық жағдайым бар. Автокөлігім, бас-панам бар. Зейнетақым өзіме жетіп артылады. Кей-кейде ауылдастарыма, тамыр-таныстарыма қол ұшын созып отырамын. Өмірлік ешкім жоқ. Олай-бұлай бола қалсам деп автокөлігім мен жиған-терген тиын-тебенімді Жамбылдағы жетім балалар үйінің мұрагерлігіне жаздырып қойдым. Себебі, мен де сонда тәрбиеленіп, осы жағдайға жеттім, — дейді.

Таза еңбек еткен адам еңбегін сатпайды. Болашақ ұрпаққа өнеге болатын азамат Витя ағайдың ұлағатты істері ел санасында қалуы үшін аудан басшылары мен құзырлы орындар ескерусіз қалған ерен еңбегін бағалап жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Біз көріп өскен Витя ағай қандай да болса құрметті атаққа лайық.

Сейітқадыр Әбдіхалықұлы,

зейнеткер, қоғам

белсендісі

Leave A Reply

Your email address will not be published.