ӨМІРІ ӨНЕРІМЕН ӨРНЕКТЕЛГЕН ӨЛКЕ ӨРЕНДЕРІ

0

Ақындық пен өнер жолы – қиын жол, оған талмайтын қанат, таусылмайтын шабыт керек. Сарысу топырағы дарынды өнер иелерінен кенде еткен жоқ. Аудандық мәдениет саласында өзіндік орындары бар сазгерлеріміз Тұңғатов Тоғай Шалқарұлы, Көпжасар Арынұлы,   Мейрамбек Тұрсынбекұлы Күздеубаев сынды азаматтардың еңбектері де ерекше. М.Мақатаевты пір тұтқан лирик ақын Тоғай Тұңғатов, Көпжасар Арынұлы ауданның жыр керуенінің алдында жүретін аяулы аға, ақжүрек азамат болса, Мейрамбек Тұрсынбекұлы Күздеубаев ауданнан көптеген шәкірт тәрбиелеген 30-ға жуық әндердің авторы еді. Бұл кісілер аудандық өнер саласына өшпестей із қалдырып, өнегелі жолдарын салып кетті.

Өнер жолы – қиын жол, оған талмайтын қанат, таусылмайтын шабыт керек-деп аудандық кітапхана мен мәдениет үйі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен, жерлес-өнер иелері мен сазгерлеріміз Мейрамбек Тұрсынбекұлы Күздеубаев, Тоғай Шалқарұлы Тұңғатов, Көпжасар Арынұлының шығармашылығына арналған «Өмірі өнерімен  өрнектелген өлке өрендері» атты еске алу кеші болып өтті.

Кешті аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Нұрғалиұлы Есмаханов ашып, осындай сазгерлерімізге арналған кеш алдағы уақыттада  жалғасатынын айтты.

Бекайдар Аманбаевтың  «Үш қыран қатар ұшып бара жатыр» арнау өлеңін  талантты, талапкер оқырман  Хантөре Сарыпбекұлы жатқа оқыды.

Өнер бөлімінің  қызметкері Айгүл Қойлыбекова Т.Рақымның өлеңіне ән жазған Тоғай Шалқарұлының «Сарысуым сая мекенім» атты әнімен әуелете кеш шымылдығын ашты.

Күздеубаев Мейрамбектің өмір жолы мен шығармашылығын кітапхана қызметкері  Жанжолова Ақжарқын насихаттаса, әрі ақын, әрі сазгер Күздеубаев Мейрамбектің «Асылым» әнін мәдениет үйінің әншісі Қолқанат Темірбекқызы шырқата  салды.

Тұңғатов Тоғай Шалқарұлына   биыл 70 жыл толғанын, өмір жолы мен қызметімен кітапхана қызметкері Меруерт Серікбаева таныстырып өтті.

Ақынның «Алтын ұям –Туған жер» өлеңін  кітапхана оқырманы Сақтаған Әсемай оқыса, журналист Амангелді  Әбілдің  «Құстың  қос қанатындай» шығармасынан Қонаев мектебінің оқушысы Баймырза Алтынай айтып берді.

Сазгердің аса құрметпен сыйлайтын жиені Жеңіс Бөрібекұлына арналған  «Сыйласу» әнін Ерлан мен Жадыра Егешовтар  отбасы, «Арулар», «Шеше сен бақыттысың жыламағын» әнін кітапхана қызметкері Раушан Қадірбекова тамылжыта шырқады.

Көпжасар Арынұлының өмірін, қызмет жолдарынан кітапхана қызметкері  Қойлыбаева Балкерім мәлімет беріп өтсе, мәдениет үйінің жезтаңдай әншілері Әбдірахманов      Жанарбек  М.Ержановтың «Сайра бұлбұл», Ахат Кенжебаев Сапалайдың «Тау самалы» атты Көбекеңнің сүйіп орындайтын әндерін әуелете шырқап, тыңдармандарына ерекше көңіл күй сыйлады.

Ақын, журналист Бергентай Нұрмаханұлы, Алқа билер кеңесінің төрағасы Серік Аппазов, ардагерлер кеңесінің мүшесі Шәріпбек Қалжанұлы тағы басқа зиялы қауым өкілдері  өнер иелеріне арналған өз пікірлерімен бөліссе, мәдениет саласында басшылық қызметтер атқарған, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Диханбай Жұмабайұлы  Ақділда  қызметтес болған  үш өнер иелері туралы кеңінен тоқталып, әңгіме желісін ағытып, «Нені аңсаймын» әнін орындап берді.

Кітапхананың құрметті ардагерлері Күлдаш Мұстафина, Балапан Сатиева Мейрамбек ағай туралы естеліктерімен бөлісті.

Ал достарынан Әуескүл апай, шәкірті Мадина Шәріпова, қарындасы  Гүлжамал Арынқызы бейнебаян арқылы, ал інілері Сапарбек Арынұлы мен Наурызбаев Жеңісбай есті естелігінен айтып, көпшілікті тебірентті. Сазгерлердің туған – туыс жақындары, достары алғыстарын айтып, еске алу кешін ұйымдастырған аудандық кітапхана мен мәдениет үйінің ұжымына ризашылықтарын білдірді. Біртуар азаматтар туралы естеліктерімен, қызықты әңгімелерімен бөлісті.

«Өркендеген, көркем өлкем-Сарысуым» кітап көрмесіне кітапханашы Луиза Рахымбаева шолу жасады. Еске алу кештің соңын Т.Тұңғатовтың «Қазақстан Пай –пай, пай» әнін әншілер хормен орындап аяқтады. Сонымен қатар, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Айтбала Жолмаханова мен мәдениет үйінің директоры естеліктер айтып, іс-шараны қорытындылады.

 

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.