ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ
Алашшыл арысым-ай!
Ұлттық намысым-ай!
Берекеміздің
Құтын қашырар
Қулық пен сұмдықтарға
Аспан төсінен
Сорғалап түсетін
Қыраным едің!
Қалғығанды селт еткізер,
Аңдығанды селк еткізер
Ұраным едің!
Темірхан МЕДЕТБЕК,
ақын
Шерхан Мұртаза — 1932 жылы 28 қыркүйекте Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Мыңбұлақ мекенінде туған.
1955 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген.
«Жас Алаш», «Егемен Қазақстан» газеттерінің тілшісі, әдеби қызметкері болды. 1963–1970 жылдары «Жас Алаш» газетінің редакторы.
Содан кейінгі уақытта «Жазушы» баспасының, «Жалын» альманахының, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы әрі Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы.
1989–1992 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы, 1992–1994 жылдары Қазақстан Республикасы мемлекеттік телерадио компаниясының төрағасы болып істеді. ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты болған.
Жазушының әр жылдары «Табылған теңіз» (1963), «Белгісіз солдаттың баласы» (1969), «Ахметжанның анты» (1973), «Мылтықсыз майдан» (1977) повестері, «41-жылғы келіншек» (1972), «Интернат наны» (1974) әңгімелері, «Қара маржан» (1977), бес кітаптан тұратын «Қызыл жебе», «Ай мен Айша» (1999) романдары, шығармаларының төрт томдығы (1990–2000), шығармаларының 6 томдығы, таңдамалы шығармаларының 7 томдығы, «Елім, саған айтам, ел басы, сен де тыңда» (К.Смаиловпен бірге) (1998), «Бір кем дүние» (2008) кітаптары жарық көрген.
Оның шығармалары КСРО халықтары мен шетел тілдеріне аударылған.
Қазақ тіліне Г.Х.Андерсеннің әңгімелерін, венгр халық ертегілерін, Ш.Айтматовтың «Ботагөз», «Қош бол, Гүлсары», «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет», «Боранды бекет» туындыларын; Мұстай Кәрімнің «Біздің үйдің қуанышы» повесін, Э.Эрскиннің «Марыкчан балалары» романын, Л.Лагиннің «Хоттабыч қарт» повесін тәржімалады. «Әзиза» пьесасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің грантын жеңіп алды.
«Қара маржан» романы үшін 1978 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығын алды. Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстанның Халық жазушысы. «Құрмет белгісі», «Отан (1999) ордендерімен, медальдармен марапатталған. ПЕН-клуб сыйлығының иегері (2003).
Бүкіл ғұмырын ұлттық мәдениет пен әдебиеттің дамуына арнап, кейінгі ұрпаққа рухани бай мұрасын қалдырған қаламгер, Тарихта халықтың Шерағасы деген есіммен қалған Шерхан Мұртаза 2018 жылы 9 қазан күні 86 жасында қайтыс болды.