ШЕРАҒАҢНАН ҚАЛҒАН СӨЗ…

0

«Шерағаңның шекпенінде» шәкірт тәрбиелеген Шерхан Мұртаза Қазақ әдебиеті мен журналистикасында қатар өшпес із қалдырды. Барыстай айбарлы да қайратты жазушы ірі адам ірі сөздер ғана айтады дегенге дәлел болады. Назарларыңызға Шерхан Мұртазаның қанатты сөздерін ұсынамыз.

Ана тілінсіз халық болмайды. Тілінен айырылған ұлт – тарихынан, түп-тамырынан айырылған ұлт. Тілсізді ұлт деуге болмайды. Тілінен айырылған халық– ата-бабасының, туған әкесі мен анасының атын ұмытқан халық. Ал ондайларды мәңгүрт деп атайды.

 

* * *

Елу деген – ердің, ерлік істердің жасы.

 

* * *

Айтуға – ұят, айтпасаң – қиянат.

 

* * *

Көлдің – тақырға айналуы оңай,

Байдың – пақырға айналуы оңай.

 

* * *

Орындалған арман – бақыт,

Орындалмаған арман – күйік.

 

* * *

Рухы мен намысы сөнген ел – өлген ел.

 

* * *

Көркем әдебиет – ауыр артиллерия болса, публицистика – жеңіл кавалерия.

 

* * *

Сапаға айналмаған сан жеме-жемге келгенде сан болудан қалады.

 

* * *

Бiлмеген мiн емес, бiлместiкке көнген мiн.

 

* * *

Өтiрiктi кешiруге болады, ақтауға болмайды.

 

* * *

Сұғанақ болып бiреудiң ақысын жеп, жерiн даулап, елiн жаулап алайық деуден аулақ бола тұрып, сыбағаңнан, өзiне тиесiлi игiлiктен айрылу — бейшаралық.

 

* * *

Дарынды дарын таниды.

 

* * *

Шындық — ащы һәм ажарсыз.

 

* * *

Таланттылар — раушан гүлі сияқты жан-жағына жұпар шашып, көңіл ашады.

 

* * *

Ақиқат адал айтыстан туады.

 

* * *

Жан-жақтан торыған ажалды жолатпай, Қорқыт ата қобызын күндіз-түні тебірентіп-ақ келіп еді… Әттең-ай, бір сәтке қалғып кетіп, қобыздың үні өшіп қалғанда, қасиетті бабаны жылан шағып өлтірді.

Сол қобыздың шын аты – Руханият.

 

* * *

Шындықты ақтарылып айту өте қиын. Бәлкім, дүниеде ең қиыны осы шығар. Дүние – дүние болғалы бұл түйін әлі шешілген жоқ. Адам шындықты айтпайын демейді. Айтайын десе, қорқады.

 

* * *

Байлықты бейшара жандар дүниеқоңыздықпен, ақшамен өлшейді. Көлдің тақырға айналуы оңай. Байдың пақырға айналуы оңай.

Ал таусылмайтын байлық, ол – Құдай о баста пешенеге берген дарын. Сол дарын еңбек етсең ғана байлыққа айналады.

Талант пен дарын тана сүтінен емес, Ана сүтінен дариды.

 

* * *

Шын жазушының көзі көкірегінде болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.