Сарысу ауданында білім беру: сапалы білім, саналы тәрбие, сенімді қауіпсіздік
Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы Сарысу ауданының білім бөлімінің басшысы Жарықбасов Жуаныш Қалықбергенұлы
Қазіргі кезеңде білім беру саласы – мемлекеттің стратегиялық дамуының негізгі тіректерінің бірі. Бұл бағытта жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік саясат пен салалық бағдарламаларда айқындалған міндеттер Сарысу ауданында жүйелі әрі нәтижелі түрде іске асырылып келеді. Білім сапасын арттыру, оқушы мен педагогқа жан-жақты қолдау көрсету – ауданның білім беру жүйесіндегі басты ұстанымға айналған.
Аудан үшін мектепке дейінгі тәрбие – айрықша маңызға ие. Сарысу ауданында мектепке дейінгі білім беру саласы жүйелі дамып келеді. Бүгінде ауданда 23 мектепке дейінгі мекеме жұмыс істейді. Оның ішінде 11 балабақшада – 1584 бала тәрбиеленсе, 12 шағын орталықта – 386 бала қамтылған. Жалпы саны 1970 баланы құрайтын бүлдіршіндерге сапалы тәрбие мен білім берілуде.
Аудан көлемінде мектепке дейінгі ұйымдарға мемлекеттік тапсырыс жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бүгінде мемлекеттік ұйымдарға 1315 орын, жекеменшік ұйымдарға 724 орын бөлініп, барлығы 2039 балаға тәрбие мен білім алуға мүмкіндік жасалған. Бұл — бүлдіршіндердің балабақшамен қамтылу деңгейінің артып келе жатқанын айқын көрсететін көрсеткіш.
Бұл көрсеткіштер ауданның жас ұрпаққа деген қамқорлығының жоғары деңгейде екенін айқын көрсетеді. Мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалып, олардың жарқын болашағына берік негіз қалануда.
Орта білім беру жүйесі де қарқынды дамып келеді. Бүгінде аудан бойынша 26 мектепте 8 727 оқушы білім алуда. Ең маңыздысы — аудан мектептерінде орын тапшылығы, апатты немесе үш ауысымды оқу мәселесі жоқ. Бұл — білім беру инфрақұрылымының тұрақты дамып келе жатқандығының айқын дәлелі.
Білім сапасы басқару тиімділігімен тығыз байланысты. Осы орайда білім беру ұйымдарындағы басшылық құрамды жаңғырту, тәжірибелі мамандарды ротациялау, жаңа буын басшыларын қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл қадамдар білім беру сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Мектептерде оқыту сапасын арттыру мақсатында заманауи пәндік кабинеттермен жабдықтау жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Атап айтқанда, физика – 25, химия – 23, биология – 24 жаңа үлгідегі кабинеттермен толықтырылып, оқушылардың сапалы білім алуына жағдай жасалуда.
Қосымша білім беру саласы да назардан тыс қалмаған. Аудандағы 9 мекемеде 82 үйірме жұмыс істейді. Оған 3901 оқушы қамтылып отыр. Балалардың шығармашылық, зияткерлік және спорттық қабілеттерін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Оқушылардың 44,7%-ының спорттық үйірмелерге қатысуы – салауатты өмір салтын қалыптастырудағы маңызды көрсеткіш. Жалпы қосымша біліммен қамту деңгейінің 89,8%-ға жетуі – бұл бағыттағы жұмыстың тиімділігін айқындайды.
Білім беру саласының негізгі тірегі – ұстаз. Аудан бойынша 1 734 педагог еңбек етуде. Олардың кәсіби біліктілігін арттыру, заманауи талаптарға сай санаттар алу бағытында тұрақты жұмыстар жүргізілуде. Педагог-зерттеуші, педагог-сарапшы, педагог-модератор санаттарына ұмтылу – білім сапасының артуына берік негіз.
Оқушылардың денсаулығы мен әл-ауқаты да басты назарда. 2025 жылы 7 292 бала жазғы сауықтыру шараларымен қамтылса, 2026 жылы бұл көрсеткішті 94,1%-ға жеткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, әлеуметтік қолдау шаралары аясында 4 267 бала ыстық тамақпен қамтамасыз етіліп, бұл үрдіс заманауи цифрлық жүйелер арқылы ашық әрі тиімді жүзеге асырылуда.
Осындай ауқымды жұмыстармен қатар, аудан мектептері мен балабақшаларында қауіпсіздік мәселесі де ерекше маңызға ие бағыттардың біріне айналған. Өйткені сапалы білім беру үшін ең алдымен қауіпсіз орта қалыптасуы тиіс.
Осы ретте №117 бұйрық талаптарына сәйкес Сарысу ауданындағы білім беру ұйымдарында кешенді қауіпсіздік шаралары толық жүзеге асырылуда. Аудандағы 26 мектептің 16-сы I топқа, 6-уы II топқа бөлініп, 4 мектеп террористік тұрғыдан осал объектілер қатарына енгізілмеген. Сонымен қатар 8 балабақшаның 1-еуі I топқа, 2-еуі II топқа жатқызылып, қалғандарына да қауіпсіздік талаптары толық сақталған.
Білім беру ұйымдарын техникалық жарақтандыру жұмыстары да жоғары деңгейде. Қазіргі таңда ауданда 1176 цифрлық бейнебақылау камерасы орнатылып, тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейді. Камера жазбалары 30 тәулік сақталады. Ең бастысы – барлық білім беру ұйымдары бейнебақылаумен 100% қамтылып, белгіленген талаптарға толық сәйкес келеді.
Сондай-ақ, 22 мектептің 246 бейнекамерасы жергілікті полиция бөлімшесінің жүйесіне интеграцияланған. Бұл төтенше жағдайлардың алдын алуға және жедел әрекет етуге үлкен мүмкіндік береді. Б.Қашқынбаев атындағы мектеп-интернаттағы 40 камера да осы жүйеге қосылған.
Қауіпсіздікті күшейту мақсатында 22 мектепте дабыл түймелері орнатылып, ал бірқатар балабақшалар заманауи қауіпсіздік жүйелерімен, соның ішінде бейнебақылау, домофон және дабыл құрылғыларымен толық қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, аудан орталығындағы бірқатар мектептер лицензияланған күзет қызметіне қосылып, 11 мектепте турникеттер орнатылған.
Қорыта айтқанда, Сарысу ауданында білім беру саласы тек сапалы білім берумен ғана шектелмей, қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруды да басты назарда ұстап отыр. Жүйелі жоспар, нақты мақсат және үздіксіз еңбек – бұл жетістіктердің берік негізі. Себебі қауіпсіз ортада берілген сапалы білім – жарқын болашақтың кепілі.
Қамқорлық — қоғам айнасы
Қазіргі таңда, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қорғау – мемлекет пен қоғамның басты әлеуметтік міндеттерінің бірі. Бұл санаттағы балалардың құқықтарын сақтау, олардың лайықты өмір сүруіне жағдай жасау, тәрбиесі мен білім алуына қолдау көрсету – тұрақты назарды қажет ететін маңызды бағыт.
Аудан бойынша бүгінгі күні 26 отбасыда 33 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала тәрбиеленуде. Оның ішінде 18-і – жетім балалар болса, 15-і – ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар. Балалардың жас ерекшелігіне қарай 19-ы мектеп жасында, 9-ы колледж және жоғары оқу орындарының білімгерлері, ал 5-і мектепке дейінгі ұйым тәрбиеленушілері.
Гендерлік құрам бойынша 17 ер бала және 16 қыз бала тіркелген. Ұлттық құрамы да әртүрлі: 27 бала қазақ ұлтынан болса, қалғандары орыс, күрді, әзербайжан және татар ұлттарының өкілдері.
Бұл – тек әлеуметтік мәселе емес, бұл – қоғамның ішкі күйінің көрінісі. Дегенмен үміт бар. Сол балалардың барлығы дерлік отбасылық ортада өсіп келеді. Бірі ата-әжесінің мейіріміне бөленсе, бірі аға-әпкесінің қамқорлығында, енді бірі жаңа отбасының жылуын сезінуде. Бұл – дұрыс бағыт. Себебі балаға ең алдымен мекеме емес, мейірім керек.
Иә, мемлекет өз міндетін атқарып отыр. Тұрғын үй берілуде, жәрдемақы төленуде, әлеуметтік қолдау қарастырылған. Заң бар, тәртіп бар, бақылау бар. Бірақ бір шындықты мойындауымыз керек: баланың орнын ешбір қаулы, ешбір қаржы толтыра алмайды. Оның орнын тек адамдық жылу ғана басады.
Балаларды отбасылық ортада тәрбиелеу – олардың жан-жақты дамуы үшін ең тиімді жол. Осыған орай, барлық 33 бала туыстарының немесе бала асырап алушы үміткерлердің қамқорлығына берілген. Атап айтқанда, 11 бала ата-әжелеріне, 18 бала аға-әпкелеріне, ал 4 бала бала асырап алушы үміткерлерге орналастырылған. Бұл – балалардың туған ортасынан ажырамай, жақындарының жанында тәрбиеленуіне мүмкіндік береді.
Балалардың отбасылық жағдайына тоқталсақ, 21-і ағайынды, ал 12-сі жалғыз басты балалар. 18 баланың ата-анасы қайтыс болған, 9 баланың ата-анасы сот шешімімен ата-аналық құқықтарынан айырылған. Сонымен қатар, 3 баланың ата-анасы бас бостандығынан айырылса, тағы 3 баланың ата-анасы іс-әрекетке қабілетсіз деп танылған.
Мемлекет тарапынан бұл санаттағы балаларға кешенді қолдау көрсетілуде. Қазіргі таңда 26 бала тұрғын үймен қамтамасыз етілген, оның ішінде 20 балаға баспана өз атына рәсімделсе, 6 балаға үлестік негізде берілген. 2024 жылдың өзінде 12 бала жаңа тұрғын үйге қол жеткізді. Сонымен қатар, тұрғын үй кезегінде тұрған балалар да бар: 1 бала Алматы қаласында, 6 бала Жаңатас қаласында кезекте тұр.
Денсаулық жағдайына келсек, 31 баланың денсаулығы жақсы, ал 2 бала мүгедектікке байланысты ерекше қолдауды қажет етеді. Мұндай балаларға мемлекет тарапынан тиісті әлеуметтік төлемдер мен көмек қарастырылған.
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің 2020 жылғы 24 сәуірдегі №158 бұйрығына сәйкес, 2026 жылдың қаңтар айынан бастап әр балаға ай сайын 43 250 теңге мөлшерінде (10 АЕК) жәрдемақы төленуде. Бұдан бөлек, мектеп жасындағы балаларға жыл сайын оқу жылы қарсаңында мектеп формасын алу үшін 53 117 теңге көлемінде бір реттік материалдық көмек көрсетіледі.
Сондай-ақ, әлеуметтік қолдау шаралары аясында 9 балаға екі асыраушысынан айырылуына байланысты, 7 балаға бір асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы тағайындалған. 2 бала мүгедектігіне байланысты зейнетақы алуда. Ал 9 баланың ата-аналарына қатысты сот шешімімен алимент өндіру шаралары жүргізілуде.
Бұл балалардың арасында тағдырдың ауыр жүгін көтеріп келе жатқандары да бар. Ата-анасынан айырылғандар, ата-аналық құқығынан айырылғандардың балалары, тіпті ата-анасы тірі бола тұра, қамқорлықсыз қалғандар. Мұндай жағдайлар тек құқықтық мәселе емес – бұл моральдық жауапкершілік.
Сұрақ туындайды: біз бұл мәселеге қалай қараймыз? Тек есеппен бе, әлде жүрекпен бе? Қамқоршылық жүйесі – бұл тек әкімшілік механизм емес. Бұл – адамгершіліктің нақты көрінісі. Әрбір қамқоршы – бір баланың тағдырын өзгертіп отырған адам. Әрбір көрсетілген көмек – бір үміттің жануы.
Бірақ бұл жұмысты тек мемлекетке жүктеп қою – жеңіл шешім. Шын мәнінде, бұл – бүкіл қоғамның міндеті. Көрші ретінде, туыс ретінде, азамат ретінде біз де жауаптымыз. Себебі жетім бала – бір отбасының емес, бүкіл елдің баласы.
Қамқорлық – есеп үшін жасалмауы тиіс. Ол – ішкі қажеттіліктен туындауы керек. Сонда ғана біз санмен емес, сапамен өлшенетін қоғам бола аламыз.
Ең бастысы – бұл балалар ертең қоғамға қалай қосылады? Қандай азамат болады? Олардың бойында өкпе ме, әлде үміт пе басым болады? Бұл сұрақтың жауабы – бүгінгі біздің әрекетімізде.
Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жасалып жатқан қамқорлық – мемлекеттің әлеуметтік саясатының айқын көрінісі. Дегенмен, бұл бағыттағы жұмыс тек мемлекеттік органдармен шектелмеуі тиіс. Әрбір азаматтың жанашырлығы мен қоғамның ортақ жауапкершілігі арқылы ғана бұл балалардың болашағын жарқын етуге болады.
Мектепке дейінгі тәрбие – болашақтың берік іргетасы
Бала – болашақтың бастауы, ел ертеңінің жарқын айнасы. Сондықтан мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру жүйесі – қоғам дамуының ең маңызды баспалдағы. Осы бағытта Сарысу ауданында жүйелі жұмыстар атқарылып, сапалы нәтижелерге қол жеткізілуде.
Бүгінде ауданның мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында тәрбие мен оқыту ісі заман талабына сай ұйымдастырылып, бүлдіршіндердің жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалуда. Бұл ретте білім мен тәрбие сапасы, ең алдымен, педагогтердің кәсіби біліктілігіне байланысты екені белгілі. Аудан педагогтері осы үдеден шығып, өз шеберліктерін облыстық байқауларда дәлелдей білді. Нәтижесінде ІІ дәрежелі дипломмен 4 педагог пен 3 тәрбиеленуші, ІІІ дәрежелі дипломмен 2 педагог пен 2 тәрбиеленуші марапатталды. Сонымен қатар, 2 әдіскер мен 2 педагог «Өнерлі педагог» және «Жаңашыл педагог» номинациялары бойынша лайықты марапаттарға ие болды. Бұл – ұстаздардың тынымсыз еңбегі мен шығармашылық ізденісінің нақты жемісі.
Әдістемелік жұмыстар да жүйелі жолға қойылған. Аудан көлемінде тәжірибе алмасу мақсатында 8 семинар-практикум ұйымдастырылып, педагогтердің өзара тәжірибе бөлісуіне мүмкіндік жасалды. Сонымен қатар, білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында 23 мектепке дейінгі ұйымға әдістемелік қолдау көрсетілді. Оның ішінде 5 іс-шара офлайн, 2 іс-шара онлайн форматта өткізілді. Бұдан бөлек, аудан деңгейінде 8 семинар-тренинг, облыс көлемінде 2 онлайн және 1 офлайн семинар ұйымдастырылып, бұл кездесулер білім сапасын арттыруға бағытталған маңызды алаңға айналды.
Ата-аналармен байланыс орнату және ұлттық тәрбиені дәріптеу бағытында да мазмұнды жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде 11 бөбекжай-бақшада консультациялық пункттер жұмыс істеп, 82 баланы қамтып отыр. Сонымен қатар, «Әжелер мектебі» жобасы арқылы ұлттық құндылықтар жаңғырып, ұрпақ сабақтастығы нығая түсуде. Жоба аясында «Әжемнің ертегілеріне саяхат» атты 37 танымдық сағат өткізіліп, «Әжелер – қазақы тәлім-тәрбиенің қайнар көзі» атты тағылымды кездесу ұйымдастырылды. Бұл бастамалар – ұлттық тәрбиенің тамырын тереңдетіп, бала бойына ізгі қасиеттерді сіңірудің тиімді жолы.
Мектепке дейінгі даярлықты жетілдіру мақсатында «Балақайлар мектебі» курсы да өз нәтижесін беруде. Аталған курс 6 мектеп базасында ұйымдастырылып, 23 баланы қамтыды. Бұл – бүлдіршіндердің мектеп табалдырығын сенімді аттауына жасалған нақты қадам.
Сонымен қатар, «Айгөлек» бөбекжай-бақшасы құзыреттілік орталығы ретінде айқындалып, бүгінгі күні ересек топтағы 124 тәрбиеленушіні қамтып отыр. Бұл мекеме үздік тәжірибе алаңына айналып, басқа балабақшаларға әдістемелік бағыт-бағдар беруде. Бірқатар мектепке дейінгі ұйымдар серіктес өсу нүктелері ретінде белгіленіп, өзара тәжірибе алмасу арқылы білім беру сапасын арттыру жолында бірлесе жұмыс жүргізуде.
Қорыта айтқанда, Сарысу ауданында мектепке дейінгі білім беру саласы қарқынды дамып, сапалы нәтижелерге қол жеткізуде. Жүйелі жұмыс, кәсіби ұстаздар және тиімді ұйымдастыру – осы жетістіктердің басты кепілі. Себебі сапалы тәрбие мен білім – ел болашағының берік негізі.
Инновациялық жобалар да назардан тыс қалған жоқ. «SMART TOYS» жобасы балалардың логикалық ойлау қабілетін дамытуға бағытталса, «ECO LAB» жобасы арқылы экологиялық тәрбие берудің жаңа үлгісі қалыптасуда. Бұл жобаларға ондаған бала қамтылып, олардың жан-жақты дамуына ықпал етуде.