ДӘСТҮРІН БАҒАЛАҒАН ЕЛМІЗ

0

Еліміздегі озық салт-дәстүр мен ислам дінінің сабақтастығының түп тамыры тереңде жатыр.

Қазақ халқы тарих ағысында түрлі кезеңдерден өткен. Қилы замандарды бастан кешіріп, түрлі қиындықтарды өткергенімізге қарамастан ата-бабаларымыз өз дініміз бен әдет-ғұрыптарымызды жас ұрпақтың бойына сіңіріп, қанына құйған. Ал, дана халқымыздың 12 ғасырдан бері ұстанып келген діні – діндердің тұжырымы болған Алланың хақ Ислам діні.

Ал әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі сол дінмен тығыз байланысқан формасы болып табылады. Бұлай болу себебі ислам діні ғылым мен саф сананың қағидаларына қарсы келмейтін, керісінше ғалымның ғылымын, ақылдының санасын күшейте түсіп, жаңа ынта мен дем беретін дін. Ата бабаларымыз ақылы мен санасын, түсінігі мен талғамын Ислам дінімен сүйемелдеген. Соның арқасында қазақтың әрбір әдеті мен ғұрпы, салты мен дәстүрі тікелей дінмен байланысып, өзара ажырамастай өріле түскен.

Исламнан бастау алған қазақ мәдениеті адамға жан-жақты тәрбие беріп,  инабатты ұл, қылықты ибалы қыз болуға, кәміл жетілуге тәрбиелейді.

Қазақ халқының Ислам дінімен таныс болғанына мың екі жүз жылдан астам уақыт өтті. Содан бері салт-санасы, әдет-ғұрпы, әдебиеті мен мәдениеті мұсылмандыққа бейімделіп, ақырында Ислам діні халық ділімен біте қайнасып, ұлттық болмыстың ажырамас бөлгіне айналды.  Біздердің барлық салт-дәстүріміз бен әдет ғұрыпымыз шариғатқа сай десек қателеспейміз.  Себебі, он екі ғасыр бойы бабаларымыз Ислам дінін ұстанғандықтан қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптары қазақ жеріндегі Ислам ғалымдарының көз алдында өрбіді. Демек осы уақытқа дейін шариғатқа сәйкес келген салт-ғұрыптарымыз дінмен біте-қайнасып,  өзара үйлесімдік тауып, исламмен бірге жасампаз болып жанданды. Ал, олардың тозықтары кезінде-ақ  ұмыт қалды. Өкінішке орай, бүгінгі күні жат ағымның ықпалында  жүріп,  исламды дұрыс түсінбей, соның салдарынан халқымыздың мәдениеті мен дәстүріне сескене қарайтын бауырларымыз бар. Біле-білсек, сан ғасырлардан бері бабаларымыздың ұстанған Исламның жолы  «Абу-Ханифа» мазхабы – осы салт-дәстүрімізді ардақтауға, тамырлы тарихымызды ұмытпауға, ел тыныштығының сақталуына бағытталған.

Алла Тағала  Ағраф» сүресінің 199-аятында:

«Кешірімді бол, ғұрыпқа бұйыр және надандардан жырақ бол», – деп әмір етті.

«Ғұрып» сөзінің шариғаттағы терминдік анықтамасы:

Қазақша «ғұрып» сөзі «әл-ъурф» сөзінен шыққан. Араб тілінде адамдарға үйреншікті болған, әдеттегі іс-әрекет, үрдіс деген мағыналарды білдіреді.

«Әл-урф» сөзінің шариғаттағы терминдік анықтамасы мынадай: «Ол ақыл-ойдың, логиканың құптауымен көңілдерге орныққан, адам табиғаты қабыл алатын нәрселер»[1].

Демек, әтет-ғұрып дегеніміз бір қоғамда қалыптасқан жағымды әрі қайырлы іс.

Салт-дәстүрдің озығы бар, тозығы бар. Жақсысын алуымыз керек. Ал, жаманынан қоғам боп арылуымыз қажет. Имам Абдулла бин Ахмед Насафи әдеп-ғұрып жайлы:

«Әдет-ғұрып: ақыл тұрғысынан адамдардың көңілінен орын тапқан және адамның табиғаты құптаған ғұрып»,-деп анықтама береді.

Ханафи мазһабының ғұламасы Ибн Абидин әдетке мынадай анықтама берген: «Әдет деген сөздің негізі көп қайталанғандықтан үйреншікті іске айналған, адамдар арасында ешбір түсіндіруді қажет етпейтін танымал болған, шынайы ғұрыпқа айналған істер дегенді білдіреді»

Хадис ғалымдары сахаба Абдулла ибн Масғұдтың  (р.а.):

«Мұсылмандардың жақсы деп қабылдағаны Алланың құзырында жақсы, ал мұсылмандардың жаман деп қабылдағаны жаман болып есептеледі», — деп айтқанын жеткізді. Сондай-ақ, басқа бір хадисте: «Мұсылмандар оң қабақ танытып, ақ тілеуін тудырған кез келген әрекет жақсы болып есептеледі»,- деп айтылған.  Алланың елшісіне пайғамбарлық келген кезде арабтардың арасында да алуан түрлі әдет-ғұрыптар, дағдылар бар болатын. Пайғамбар олардың Құдай Тағаланың әмір-тыйымына керағар келмейтінін озықтарын қабылдап,  қарсы келетін тозықтарына тыйым салды. Өйткені, бес саусақ бірдей болмағандағыдай әр халықтың өзіне тән әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі бар. «Әр елдің салты басқа» деп бекер айтылмаса керек. Адамзаттың түрлі ұлт, ұлысқа бөлінуінің өзі- Жаратқанның қалауы. Бұл шындық Құран Кәрімде Хужжурат сүресі 13-аят:

«Бір-бірлеріңмен танысып, білісулерің үшін сендерді ұлыстар мен түрлі ұттарға бөлдік», — деген аятта ашық айтылған.

Осы орайда, әр ұлттың өзіне тән әдет-ғұрпы болатыны айдан анық. Қандай да бір ұлтты  екіншісінен  түр-түсі ғана емес, тілі мен әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі де ерекшелеп тұрады.

Адамзат баласы қасиетті аятта айтылғандай әу бастан түрлі ұлттар мен тайпалардан, рулар мен қандастық топтардан, ұлыстар мен әулеттерден тұрады. Әр ұлт пен рулардың бір-бірінен ерекшеленіп тұратын тұстары өте көп. Барлығы бір ата мен бір анадан бастау алған болса да, Жаратушы Ұлы Раббымыздың шексіз даналығы мен мүлтіксіз орындалушы қалауы негізінде әр адамның табиғаты мен талғамдары, қалауы мен таным түсініктері әр түрлі болып келеді.

Мейлі жалғыз адам болсын, мейлі табиғаты әртүрлі бірнеше адамдар болсын біріге қоғамдық өмір сүру кезеңдерінде, күнделікті тұрмыс тіршілікте түрлі жағдайлар мен өмірдің сан алуан көріністеріне тап болып жатады. Осындай жайттарда өзара қарым-қатынас түзіп, бірлесе ғұмыр кешіп, етене өмір сүріп кетулері үшін араларында белгілі бір әдеттер пайда болып, уақыт өте келе ғұрыпқа айнала бастайды. Түбінде бір рудың немесе бір үлкен халықтың ішінде барлығы келісіп қабылдай алатын ғұрып қалыптасады. Бұл адам баласының тіршілігінде шарасыз жолығатын феномені және жоғарыда айтылған қасиетті аятта адам баласы жеке түрде жеке адаммен, жеке адам көпшілікпен немесе көпшілік топ басқа топпен, көпшілік жеке тұлғамен тұрмыстық не саяси, және басқа да түрлі қарым-қатынаста жолығулары заңдылық.

Адамзаттың әр ұлтқа бөлініп, түрлері мен түстерінің, нәсілі мен тегінің және тілі мен диалектісінің әркелкі болуы Алла Тағаланың айнымас заңдылығы. Алла Тағала былай дейді:

«Көктер мен жердің жаратылысы және тілдерің мен түстеріңнің әр алуандығы Оның (Алланың) белгілерінен. Шындығында, осында білушілер үшін, сөзсіз, белгілер бар».

Ескіден келе жатқан, санаға сіңіп қалған әдет – ғұрыптар мен салт – дәстүрдің барлығы адам тәрбиесінде өте маңызды рөл атқарады. Қайырымдылық, бауырмалдық, достық тұрғысында біздің ұлттық салт – дәстүрімізді ең жоғарғы деңгейге қоюға әбден болады. Халқымыздың: «Дәстүріңді баққаның – үмітіңді жаққаның»,-деген ұлағатты сөзінде терең мән-мағына жатыр.

Ал енді өз жұртымыздың әдет-ғұрыпы мен салт-дәстүріне келер болсақ дінмен ұштасқан, ақылға сәйкескен жерлері өте көп. Атап айтқанда қазақ халқының амандасу көрінісі; жасы кіші өзінен үлкен адамға, көліктегі жолаушы жаяуға, жаяу адам отырған жанға, саны аз көпшілікке қолын көкірегіне қойып немесе қол алыса отыра «Ассаламу ғалейкум» деп амандық сұрасуы. Бұл Пайғамбардың ﷺ хадисінде былай баяндалады:

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадсте Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «атты адам жаяуға, жаяу кісі отырған адамға, бір топ дүйім көпшілікке сәлем береді»[3], Имам Бухаридің келтірген риуаятында болса «жас үлкенге сәлем береді» деген.

Қазақ жеріне дін келгелі бері осы үрдіс қалыптасып, тіпті қылышынан қан тамған Кеңес Одағы кезінде де бұл дәстүрлі амандасу халық жадынан ұмыт болған жоқ. Дінімізді тәнімізден жұлса да дәстүрімізді жанымыздан өшіре алмады.

Алты алаштың дәстүрі сансыз, солардың тағы біріне келер болсақ, әр ру мен тайпаның таңбасы мен туы болғандығы. Бұл әдет те Пайғамбардың  құптауымен болған іс. Қандай да бір жорыққа аттанар алдын Алла Елшісі әр тайпаға өз туын белгілеп, ішіндегі ең сенімді әрі қайраттысына ұстатқан. Ал қазір халқымыздың туы бір, елтаңбасы белгілі. Бұл дінге сәйкес дәстүрімізді қастерлеп құрметтеу әр азаматтың борышы.

Бала дүниеге келгеннен кейінгі «Сүйінші сұрау», «Азан шақырып ат қою», «Шілдехана тойы», «Бесікке салу», «Қырқынан шығару», «Сүндетке отырғызу», «Құда түсу», «Үйлендіру» – бәрі де асыл дінімізде салмағы бар, маңыз берілген дәріптелетін парыз, сүннет яки мұстахап амалдар екенін көреміз.

Салт-дәстүрлеріміздің кейбіреуі тіпті бұлжымас діни ережелер бойынша жүзеге асатынын байқаймыз. Мәселен, өлім-жітімге байланысты салт-дәсүрлеріміз тек діни жоралғылар бойынша жүзеге асатын ғұрыптар. Қазалы үйге көңіл айту, мәйітті жуындырып, кебіндеу, жаназа шығару, жер қойнына табыстау бәрі де дініміздің қағидаттары.

Кейбірі пайғамбар мінезінен дарығанын байқаймыз. Мәселен, торқалы той, топырақты өлімде Атыраудан Алтайға, Қызылжардан Қызылордаға, Баян-Өлкеден Баянауылға ат сабылтып келетін кім? Ол – Қазақ. Топырақ салысуға үлгерейік немесе жетісінде бет көрісейік, қырқына барамыз деп, бет көрмесе, мынау тірлікте өзін кінәлі сезінетін халық кім? Сол біздің – Қазақ. Болмашы қуанышты таудай көріп, ағайын-туысының дастарқанында қуанышқа ортақ болғысы келіп асығатын кім? Ол да – Қазақ. Ал, Алла Елшісі болса мұндай берекелі туысқандық қарым-қатынасты ұстануға дәріптеген.

Келіннің ата-енесіне сәлем салуы құрмет болса, беташар рәсімі – жариялау, бесік тазалық пен денсаулық кепілі болса, дастарханда бас қосып дәрежемен орын алу әдеп көрінісі, ал азан шақырып ат қою ата дініміздің тағылымы.

Кім болмысын жоғалтса немесе келбетін өзгертсе өзінің негізгі ұлттық тамырына балта шапқаны. Ал бұл өз кезегінде Құдайдың жер бетіндегі адам баласына салған заңдылығына қарсы шыққандығы. Қазіргі таңда ислам әлемі жалпылама, қазақ халқы жекелей осындай дертке шалдыққан адамдармен күресіп отыр. Діннің дұрыс мәтіндерін негізге ала отырып, алайда толық қате ұғыммен түсініп, дін ережелері мен ғалымдардың еңбектерін жоққа шығарып, дәстүр тағылымдары мен ұлт санасын улауға барын салып жатыр.

Кеше ғана қазақ жұртының басына күн туғанда дінін дәстүрімен сақтап қалған еді, енді тек дін болсын деп дәстүрді құрту дінбұзар арамзаның тірлігі. Дін Алламен байланыс, ал дәстүр адаммен байланыс. Қай байланыстан айырылса да адам адам бола алмайды.

muftyat.kz

Қазақстан мұсылмандары

Діни басқармасының ресми сайты

Leave A Reply

Your email address will not be published.