ӘР ЖЫЛҒЫ ДӘСТҮР БОЙЫНША АПТАНЫҢ ЖҰМА КҮНДЕРІ МЕКЕМЕЛЕРДІҢ, АУЫЛДЫҚ ОКРУГТЕРДІҢ ҚАТЫСУЫМЕН АУДАНДЫҚ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ӨНЕР ФЕСТИВАЛІ ӨТЕДІ
Өткен аптада «Отаным» деп шырқата салған әнім» атты өнер фестивалі аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен орталық саябақта болып өтті.
Іс-шараны Бауыржан Балғабай мен Тұрысбек Мерей қызықты жүргізе білді.
Өнер фестивалі Бекнұр Қыдыралиевтің «Туған жер» әнімен ашылды.
Сонымен қатар жезтаңдай әншілер Назерке «Сен мықтысың», Мерей Тұрысбек «Сәулем – ай», Сапарқызы Таңшолпан «Алға, Қазақстан!», Бекнұр, Қолғанат дуэт орындаса, Самат «Батырлар» әндерін тамылжыта шырқап, қала түнін әсем әнге бөледі.
Ал, этнос өкілдерінің биін бишілер мың бұрала орындаса, Жұбан Молдағалиевтың «Мен қазақпын» өлеңін жастар кезекпен мәнерлеп оқыды.
Іс-шара барысында Б.Балғабай қызықты ойындар ұйымдас- тырып, тыңдармандарды қызықтыра білді. Өзінің жалынды жырымен қала тұрғыны Алтай Сатыбеков көпшілік қауымға ерекше көңіл күй сыйлады.
А.Байтұрсынов-150 жаста
қазақ тілінің негізін қалаушы
Саудакент ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен қазақтың ақыны, әдебиет зерттеуші, ғалым публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған «Қазақ тілінің негізін қалаушы» атты дөңгелек үстел өтті.
Іс -шараның мақсаты – Ұлттық мәдениет пен әдебиеттің, білім мен ғылымның туын көтерген, «қазағым» деп жүрегі соққан, халқын алға жетелеуге ұмтылған, оның зердесіне сәуле түсіріп, санасын оятқан Алаш тобының рухани көсемі, тіл білімінің атасы, ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлын жас ұрпаққа жан- жақты таныту.
Дөңгелек үстелде кешті жүргізуші Ұлжан Хасанова ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылық мұрасы және саяси қызмет жолы мен қазақ тіліне қосқан үлесі жайында сөз қозғады. Аталмыш шарада мәдениет қызметкерлері Балтабек Баулыбеков «Өмірбаянын», Нығметжан Халықов «Сүйген жар, сүйікті жар – Бадрисафа», Б.Адамбаев атындағы тірек орта мектебінің ұстазы Әсел Мұсаева «Ахмет – педагог, тұлға» тақырыптарында баяндама жасады. Ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлы туралы слайд көрсетілді.
Діни экстремизм–қауіпті құбылыс
Саудакент ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Діни экстремизм – қауіпті құбылыс» атты тақырыптық кеш өтті. Аталмыш шара Жамбыл облыстық діни проблемаларды зерттеу орталығының Сарысу аудандық инспекторы (теолог) маманы Мырзағараев Мақсат, «Майлыбай» мешітінің бас имамы Кәрімбеков Ғабит, Байқадам ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы Еспенбетов Мұрат, Саудакент ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлмағанбетов Арқабай, ауылдық ақсақалдар кеңесінің мүшесі Өзекбаев Майтон, т.б. қатысты. Әр түрлі діни ағымдардың мұсылман дінінен айырмашылығы туралы, қоғамдағы теріс ағымдар және қандай жолдармен адамдардың қателесетіні жөнінде ақпарат берілді. «Адасқан ағымдар» атты тақырыпта бейнеролик көрсетілді.
Тақырыптық кештің басты мақсаты – жас ұрпақты діни экстремизмнің алдын алу барысында атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар ету, салт-дәстүрді сақтауға, ұлттық құндылықтарды насихаттауға, отансүйгіштікке, рухани — адамгершілік пен азаматтық- құқықтық ұстанымын қалыптастыруға, бірлік пен бірегейлікке тәрбиелеу.
Қатысушылар өздерінің көкейінде жүрген әртүрлі сұрақтарды қойып, қажетті мағлұматтарға қанығып, бойларына рухани әсер алды.
Камели Сүлейменова,
«Sarysý»