АЗИЯ ЧЕМПИОНЫН ҚАРСЫ АЛДЫ

0

Жуырда Ливан мемлекетінің Джуния қаласында 2004-2006 жылғы жасөспірім қыздар арасында самбо күресінен өткен Азия чемпионатында Жаңатас қаласындағы М.Әуезов атындағы  мектеп- гимназиясының 11- сынып оқушысы, Жаңатас қалалық №26 спорт мектебінің   жаттықтырушысы Бахыт Батырұлының шәкірті Сара Шугаева жеңімпаз атанды.

Азия чемпионатында  көк байрағымызды жеңіс тұғырына көтеріп, жеңімпаз атанған Сараны аудан орталығы Жаңатас қаласының кіре берісінен үлкен қошеметпен қарсы алып,  құрмет көрсетті.

Сара Шугаеваның құрметіне автошерулер тобы қолдарына көк байрақты  алып, қаланың орталық көшелерімен жүріп өтті. Тұрғындар чемпион қызға ризашылықтарын білдіріп жатты. Одан кейін  М.Әуезов атындағы мектеп-гимназиясында салтанатты жиын өтті.

Жиында  аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев  құттықтау сөз сөйледі.

-Құрметті жас жеңімпаз Сара Ливан  мемлекеті,  Джуния  қаласында өткен Азия чемпиона- тында чемпион атануыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Бұл күллі еліміздің және ауданымыздың мәртебесін арттырған мерейлі оқиға болды. Жеңісті күндеріңіз көп болсын. Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілеймін. Сараның ата-анасына, Жаңатас қалалық №26 спорт мектебі және өзі оқып жатқан М.Әуезов атындағы  мектеп-гимназиясы ұжымына  алғысымды білдіремін,-деп аудан әкімі чемпионға  және жаттықтырушыларына Алғыс хат пен бағалы сыйлықтар тапсырды.

Сара Шугаеваның жаттықтырушысы Б.Батырұлы өз алғысын білдірді:

—  Ауданымызда әр спорт мектептерінде  спортшыларымыз  халықаралық жарыстарда чемпион атанып жүр. Бұның барлығы жаттықтырушылардың маңдай тер еңбегі.  Осы жарысқа қолдау көрсеткен аудан әкіміне, аудандық білім бөліміне , аудандық спорт бөліміне, «Жарас» ЖШС- нің башылығына,  «Аманат» қайырымдылық қорына, «Жаңатас кортеж» ұжымына   және дзю-до және самбо күресінің жаттықтыру- шылары Н.Алиев, А.Аманбекова, Ә.Есенер, Е.Галиева, Х.Сайлау, Е.Төлепбергеновтерге  алғысымды білдіремін. Біздің енді алдағы жоспарымыз әлемдік жарыстарда жеңіс тұғырынан көріну,-деді.

Сондай-ақ  Сара Шугаеваның Азия чемпионатына қатысып қайтуына демеушілік жасап келген аудандық кәсіпорындарының бірі «Жарас» ЖШС-нің директоры Ернар Ерланұлы Тлешов барлық жиналған қауымды құттықтап, жеңімпаз бен жаттықтырушысы Бахыт Батырұлына қаржылай сертификаттарын тапсырды.

Үстел теннисі

Жайылма ауылындағы Б.Тоғызақбаев атындағы спорт мектебінде  «Балалар жылы» аясында,  «Діни экстремизм мен терроризмнің» алдын алу мақсатында үстел теннисінен 2006- 2012 жылдар арасында туылған және одан төмен жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында аудандық ашық біріншілік өткізілді.

Жарысты ауылдық округ әкімі Ж.Смағұлов және  ауыл ардагері Т.Қажкенов ашып, спортшыларға сәттілік тіледі.

Жарысқа Байзақ ауданынан 2 команда,  Сарысу ауданынан Жаңатас қаласы, Әйтеке би атындағы орта мектебі, Б.Тоғызғақбаев  атындағы спорт мектептерінен  70 спортшы қатысып бақтарын сынады

Нәтижесінде жеңімпаздар мен жүлдегерлерге аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің диплом,медальдары тапсырылды.

Ала доп шеберлері баќтарын сынады

Өткен аптада Жайылма ауылының  1984 жылғы туылған азаматтардың ұйымдастыруымен    Қ.Дуанбеков пен М.Хидуановты еске алуға арналған  кіші футболдан  ересектер арасында  аудандық турнир өтті. Жарыста  Жайылма ауылдық округінің әкімі аппаратының орынбасары С.Нұркенов,   Қ.Дуанбеков пен М.Хидуановтың  ұстаздары мен туған-туыстары сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Жарысқа 12 команда қатысып, кім мықтыны анықтады. Нәтижесінде,  Жаңатас қаласының  командасы 1-орынды қанжығасына байласа,  Өндіріс ауылының командасы  2-орынды иеленді. Ал, Жайылма ауылының командасы  3-орынды қанағат тұтты.

Жарыс соңында  жеңімпаз және қатысқан командаларға ауылдық округ әкімі Ж.Смағұлов  алғысын білдіріп, аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің диплом, медальдары және ұйымдастырушылар тарапынан ақшалай сыйлықтар тапсырды.

С.Есқараев,

«Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.