Қазақстанның Еңбек Ері Илья Жақанов: «ҚАЗАҚТЫҢ ДӘСТҮРЛІ ӘНІ МЕН КҮЙІ-ЕРЕКШЕ ҚҰБЫЛЫС»
Қазақтың Ильясы, қазақ өнерінің асқан білгірі, композитор, жазушы ағамыз Илья Жақановпен жолығысып, сырласу көптен бергі арманым болатын. Құдай сәтін салып, еме- жарқын отырып, сұхбаттасудың орайы түскені.
Отбасымен Атырау қаласында тұратын ағамыз туған жеріне, туған ауылы Ақтоғайға әкесінің ағасы, Сарысу ауданының құрушылылардың бірі — Қордаш ағаның кесенесін салу ниетімен келген екен. Қаланың іргесіндегі Көктал емдеу-сауықтыру кешенінде дамылдап жатқан асыл ағамызға арнайы барып амандасып, байырқаласып барып, бұйымтайымды айттым. «Көке, мына түйенің қос өркешіндей ирелендеп жатқан қасиетті Қаратауды егіз қозыдай тел емген — Талас, Сарысу өңіріндегі арғы-бергі жыршыларды, әншілерді, күйшілерді сізден артық танып, білген жан жоқ екенін білеміз. Бір кездері Қазақ радиосының музыкалық редакциясын басқарып жүрген кездеріңізде осы өңірге де атбасын жиі бұрып домбыраның құлағында ойнаған, Сарыарқаның күйшілік дәстүрін Қаратау өңіріне ала келіп, жаңа тынысын ашқан ойлы күйші Боранқұл Қошмағамбетов пен саңлақ әнші Манарбек Ержановша ерекше үнімен ән әлемінде өзіндік із қалдырған Таластық Алтынбек Оразбеков жайлы өзінізден ауызба-ауыз естісем деп жүр едім» дегенімде қою қасы кең маңдайына жарасқан асыл ағамыз: «Е-е, ол екеуі де ерекше құбылыс. Олар жайында білгенімді неге айтпасқа, бірақ бұл ауызша айтатын әңгіме емес. Үнтаспаға жазғаның орынды» деді. Көкемнің тілегін орындап, келер жолғы келісімде арнайы үнтаспамызбен келіп, тамаша сұхбат жасадық.
-«Сарысудың күйшілік дәстүрі» шынтуайтында Сарыарқа жерінің мәдениетімен, салт- дәстүрімен кіндіктес, — деді Илья көкем, — өткен ғасырдың дүрбеленді, зобалаңды 20-30-шы жылдары Арқа жерінен Шудың бергі бетіне өтіп, Қаратаудың қойнауын тағдыр талайымен ата- қонысына айналдырған ата- бабаларымыз өздерімен бірге өлмес өнерлерін де ала келгені ақиқат. Қаншама азапты өмірді бастарынан кешірсе де рухы мықты Арқа қазақтары «Өнердің өлмейтінін» дәлелдеп жаңа мекенінде асқақ, философияға толы домбырашылық,күйшілік, әншілік дәстүрді Қаратау өңірінің кертолғауымен қабыстырып, Созақ пен Сарысудың күйшілік дәстүрін қалыптастырды. Осы үрдістің бастауында талай сұңғыла күйшілердің тұрғаны анық. Менің зерттеуімше Қаратау және Жетісу аймақтарындағы күйшілік дәстүрді байытуда Сарыарқаның саңлақтары, қазақ өнеріне өлшеусіз үлес қосқан ұлы қобызшы Ықылас және Сүгірдің осы өңірлерге келуі ықпал етті деп ойлаймын. Және де солардың дәстүрлі өнерін мұра тұтып, әрі қарай дамытқан ізбасарлары да жеткілікті. Солардың бірі, сенің қалаған сауалына айтарым Арқаның дәстүрлі өнерін Қаратау өңіріне алып келген айтулы домбырашылардың бірі — Шәмшілдә Әлжанов. Ол кісі Арқаның қазағы, руы Арғын оның ішінде Алтайдың Алсайы, ұмытпасам атасы Қарақұс. Бұл кісі даңғайыр күйші ғана емес ел билеген ірі адам. Арқадан Алсайдан іргесін бөліп, төрт інісімен әрі жамаағайыны Қожаахметпен тамалармен ауа көшіп, Қаратауды сағалап, еті тірілігінің арқасында Шаян, Сарысу аудандарының басшы қызметтерін атқарған, өткен ғасырдың 45-50 – ші жылдары Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланған қоғам қайраткері болды. Ол үйдегі Дәмелі апамыз кіші жүз Таманың Жөгісінің Кедейінің қызы еді. Апамыз өте ажарлы, ақылды, әулетіне сыйлы еді. Ол кезде «Ілгерібас» колхозында отырамыз. Дәмелі апамыз төркіндеп ауылға келгенде барлығымызды айналып, толғанып, думандатып кететін. Сол Шәмшілдәнің інілері Жанбырбек, Ақмедия, Айтмағанбеттер біздің ауылда тұрды. Боранқұл әсіресе Жанбырбектің үйіне ерекше үйірілетін. Үйірілетіні нағашысы Шәмшілдәдан күй үйренеді. Жалғыз тартпайды, ол үйде домбырға бейім Кәмен бар. Кәмен менімен бірге оқыды. Байқауымша Боранқұл күй өнеріне сол ортада қанықты. Шәкеңді өзім де көрдім. Күйді шалқыта тартатын.
— Белгілі күйші Жанғали Жүзбай Боранқұл күйшілікті Мәді Шәутеевтен, ал Мәдінің өзі Алатаудың күнгейі мен теріскейін күймен тербеген ғасыр абызы Байсерке Құлышұлынан рухани азық алды деп жазады. Бұл қаншалықты қисынды? — дедім.
-Сөз жоқ Мәді де, Байсерке де ерекше дарын иелері. Бірақ Боранқұлдың күйшілігі олардан еш кем емес, жанағы өзім айтқан Шәмшілдәдан және де біздің ауылдағы домбырашылардан, әсіресе, Сәдібек, Әлкен аталарымыздан асып түседі десем асыра айтқанға жатпас. Әсіресе Сәдібекті замандастары «осы заманның Тәттімбеті» дейтін. Сәкеңнің бір аяғының кемістігі бар. Кеміс аяғын сау аяғына айқастырып Тәттімбеттің, Тоқаның, Дайрабайдың шертпе күйлерін шалқыта тартып, жұртты таң қалдыратын. Әлкен де нағыз домбырашы. Сұлу тартады. Олар күйді тартқанда бүкіл ауыл- аймақ сілтідей тынып: «пах шіркін, Сарыарқаның сары даласын көзімізге елестетті ғой» деп көп жұрт көзіне жас алатын. Сәдібектің баласы Әбілсейіт екеуміз Қаратау қаласындағы Сталин мектебінде қатар оқыдық. Ал Әлкен атамыз домбыраны тартқанда арқаланып кететін. Ол кісінің әйелі Сәбиға апамыз қырғыздың қызы, өте сұлу, жібектей есілген, нәзік жанды еді. Ашаршылық жылдары Әлкен сол елге жан сауғалап барып жары етіп алған апамыз қазақтың салт-дәстүріне, әдеп- ғұрпына берілген жан еді. Өзі өте реңді, жайқалған сұлу әйел, қырғыздың тау самалындай әнін нәшіне келтіре орындайтын. Күйеуі жарына деген махаббатын домбырамен білдіріп қазақ және қырғыздың күйлерін үйлестіре тартатын. Екеуінен 10 шақты ұл-қыз өрбіді. Бір күні біздің нағашыларымыз кеш құрым Әлкеннің үйіне бас сұқса ортадағы қыз-қыз қайнап оттың айналасында қоғадай жапырылып отырған балаларды көреді. Сөйтсе әкелері Әлкен домбыра тартып, балалары соған бейімделіп, шалқып отырған кездері екен. Әне, күйдің құдіреті! Сәдібек, Әлкен және Шолақтау поселкесінде тұратын Тәжібек үшеуі домбыра тартқанда Құрманғазы оркестрі ойнағандай көрінетін. Үшеуімен тұстас домбыраның үнін аспанға әуелеткен ғажайып өнер иесі-Нұрғали Асанов. Асан да домбырашы. Оның ұлы Нұрғали студент кезінде атақты композитор Нұрғиса Тілендиевпен күй жарыстырған домбырашы. Институтты бітіріп, Ақтоғай ауылында мұғалім болып жүргенінде 29 жасында дүниеден озды. Осындай дәулескер күйшілер қолдары қалт еткенде домбыра жасайтын. Жасаған домбыраларын кезегімен тартысып мәре-сәреге түсетін. Соның ішінде Тәжібектің домбырасы өтімді келетін. Тәжібек атамыз сол кездің қалжын сөзімен айтқанда қотыр тайға қос қоржынын қомдап, оның екі басына сегіз домбыра салып, ел-елді аралап сыйға тартатын. Сонда ел күліп: «Тәжекеңнің бір домбырасы бір тоқтылық, бір байып қалатын шығар» дейтін. Әрине одан Тәжекеңнің байып жатқан ештенесі жоқ, осы күні байқаймын домбырасын тарту ету арқылы қазақтың қас домбырасының қасиетін ел білсін дейтіндей әрекеті сияқты.
Сарысудың күйшілік дәстүрін қатаң ұстанған аталарымыздың тәрбиесін Боранқұл мен Нұрғали көріп өсті, үйренді.
Соғыстан кейін біздің елге атақты әртістер жиі келетін жай келмейді, өнерлі жандарды іздей келеді. Баламыз, біз де домбыраға, әнге әуеспіз. Әсіресе қазақтың дәстүрлі ән өнеріндегі ерекше құбылыс – Манарбек Ержановтың үні құлағымыздың құрышын қандыратын. Манекең солақай. Ең алдымен күмбірлетіп күй тартып, арасында екпіндетіп әнге салатын. Өнерді ерекше бағалайтын, жанындай сүйетін Сәкен Сейфуллин: «менің жаныма Сапалайды, Әбікеңді, Рабиғаны (Есімжанова) қосып берсе, бір филормония болып шығар едік» депті. Мұндағы Сапалай мұқым Арқаға белгілі, дауысы ерекше үнді әнші, әрі сазгер, Әбікені белгілі күй тарланы Әбікен Хасенов еді де, Рабиғасы сұлу, сыңғырлаған үнді әнші. Осылардың көзін көрдік. Өнерлеріне тәнті болдық. Әбікең сұлу, салмақты, биязы, аристократ тәрізді бекзат адам. Домбыра тартқанда салалы саусақтары қос шекті дөп басып, пернеде жеңіл жүйткитін. Сәрсен деген атамыз: «Манарбек пен Әбікен біздің елге құда» деп мақтанып отыратын. Концерт біткен соң, аталарымыздың үйінде барлығы бас қосысып, қайтадан күй тартысатын. Сонда Сәдібек атамыз, Асан атамыз, ағайынды Қабыл, Дабылдар, араларында Рақымжан бар әлгі Алматыдан келген атақтыларды таң қалдыратын. Әсіресе Қабыл сабырлы, салмақты мінезімен ерекшеленіп, әр күйді ерекше сезіммен орындайтын. Міне, әр қайсысын тұлға санарлық дарабоз өнер иелерін Боранқұл мен Нұрғали көріп, тыңдап қана өскен жоқ: «ал, балалар, кезек сендердікі» деп солардың домбыра тартысын қызықтайтын. Екеуі де бірінен-бірі өтіп тұр. Боранқұл күй тартқанда бүркіттей шарт түйіліп, іштей жинақы, екі иығын арқасы бардай кезек-кезек қозғап, екі көзі мұңға батып, ойы тереңге бойлайтын. Домбыраның қос шегі ішін тартып, ғажайып үн шығарады. Әр күйдің өзіндік фәлсафасына ерекше мән беретін. Шын мәнінде ғажайып күйші. Ол күйші ғана емес, жасампаз домбырашы еді. Ал Нұрғали күйші емес, даңғайыр домбырашы. Екі таланттың домбыра қағысына тәнті болған аталарымыз «па шіркін, өнер деп осыны айт!» деп шаттанатын. Аталарымыз жас буынды осылай тәрбиелейтін. Білген ақылдарын аямайды. Төкпе күй мен шертпе күйдің ара- жігін ажыратып береді. Консерваторияда оқымай- ақ күй өнерінің классикалық сипатын сезінген дана домбырашыларымыз осылайша бүтіндей бір ұрпақты тәрбиелейтінін мақтан ететін.
Көп жылдар өтті. Оқу бітіріп, Алматыға кеттік. Бірақ бірімізден-біріміз көз жазғанымыз жоқ. Сырттан тілектес болып жүрдік.
Боранқұлды өткен ғасырдың 60-шы жылдары Талас ауданында іс- сапарлатып барғанымда жолықтырдым. Қазақ телерадиосында жұмыс жасайтын кезім. «Талас» совхозының директоры, Социалистік Еңбек Ері Әбдір Сағынтаев туралы документалды фильм түсіруге барғанбыз. Менің келгенімді естіп Боранқұл жолықты. Ақыры үйіне шақырып, бас қостық. Өткен кеткенді айтып өнерді әңгімеледік. Өнертанушы ретінде Боранқұлдан өздерінің күйлерін орындауды өтіндім. Борекең ауылда құр жүріп, өмірін босқа өткізбепті. Өзі шығарған бірнеше күйлері бар екен. Ең алғаш тартқан күйінің Тәттімбеттің «Сары жайлауымен» сабақтас, үндес, бірақ сипаты, үні, табиғаты таза, бояуы бөлек, кең жазиралы даланың құшақ жетпес құдіретін көз алдына келтіретін әдемі суреттеуі мені ерекше күйге бөледі. Сүйсіндім, тебірендім, Сарыарқаның сайын даласын кезіп шыққандай күй кештім. Бұл күй құдіреті адамның ішкі жан дүниесінің боямасыз болмысы. Борекең күйді тартып болысымен: «Осы күйдің атын қоя алмай жүрмін» деді. Мен болсам алған әсерімнен әрең дегенде арылып: «Кең құлашты сермелген, тынысы мол, ерекше күй екен. Боранқұлдың өзі: «Табиғаттың сәні – жайлау ғой» деді. Мен болсам сезімімді жасыра алмай: «Күйдің аты «Кең жайлау» деуге сұранып-ақ тұр» дедім. Сөйтіп, бұл күйдің тұсауы осылай кесілді. Байқағаным, Боранқұлдың әр күйінде ой — толғау бар. Еріксіз мұңға батырады.
Табиғат пен адамның жан дүниесін жақындастыратын сырлы үн жатыр. Сондай бір күйінің аты «Толғау» болып шықты. Күй ерең домбырашы Дайрабайдың шертпе күйі сияқты емес, даланың дүбірін еске түсіретін батыс күйшілік дәстүріне жақындау келетін, ақылды алапат сезім кештіретін төкпе күй. Толғау десе толғау. Жанына жылылық әкеледі, әдемілікке тәрбиелейді. Ойлы. Сөз жоқ риза болдым. Тағы бір «Құлагер» атты күйін тартты. Жалпы қазақта жылқы малының тектілігін тіктейтін сырлы күйлер мол. Бірақ Боранқұлдың «Құлагері» оларға ұқсамайды. Күйді тындап отырып, зулап бара жатқан экспресс есіме түсті. Ақырында барып Борекең бұл күйдің шығу тарихына тоқталды. Айтуына қарағанда Ақан серінің Құлагерінің тарихын бүге-шігесіне шейін зерттеген. Сағымдай бұлдырап, жұлдыздай ағып бара жатқан тұлпарлар тұяғының дүбірі жүрегіне ұялап, күй болып төгілсе керек. Өзінің айтуы бойынша бірер мәрте Үшарал, Кеңес, Ойық ауылдарының Еспе, Ақсай жазығында, Көкпартөбеде өткен аламан бәйгелерді тамашалап қана қоймай, өзі де көк айғырға мініп, қан қыздыратын көкпарларға қатысып, небір дүлділердің шабысын көріп, шаттанған. «Құлагер» күйі сол сезімдердің түйіні. Ендігі бір күйі шыныраулатып, өксікке толы ғасырлардан сыр шертеді екен. Онысын «Ақкесене және Көккесене» деп атапты. Көкіреккөзі ғажап, сезімтал Боранқұл екі кесененің тарихы туралы өз білгенін айтты. Оның айтуынша бұл кесенелер Шыңғыс хан заманынан бұрын Ұлы Жібек жолының терістікке, ары қарай Арқаға апарар керуен жолының бір бекеті іспетті. Бәлкім дейді ол Шыңғыс хан мен Жошы хан Арқаға осы кесенелерге соғып, Мойынқұмды басып өтіп жорытқан болар. Мына жоңғар қалмағы бергі әңгіме.
Кесенелерде ата-бабаларымыздың өшпес тарихы жатыр. Соған естелік болсын деп, осы күйді шығардым, деді. Өнер ойсыздың емес, ойлының олжасы. Жүрегі нәзік, сезімтал жан ғана өшпес дүниелер жасай алады. Боранқұлдың жан дүниесін, бүткіл болмысын жүрегіне ұялататын ғажайып туындысы «Жан сырымды» тындап отырып, өмірдің жалғандығын сезінеді екенсін. Аталмыш күйде Тәттімбеттің, Сүгірдің күйлерінен өзгеше Боранқұлға ғана тән талғам мен таңдау бар. Жалпы алғанда Сарыарқаның күйшілік дәстүрін жаңа сатыға көтеріп, Боранқұлдың тыңнан түрен салғанына көзім жетті.
Үшаралдан, Таластан үлкен әсермен оралған мен 1971 жылы Борекеңді Алматыға шақырттым. Одан бұрын Оңтүстік Қазақстан облысындағы Созақ ауданының Сызған ауылында тұратын, алапат күйші, ерекше дарын иесі Сүгірдің шәкірті саналатын Төлеген Момбековты арнайы іздеп барып, ең алғаш эфирге шығарған мен едім. Сол кезде Төлегеннің күйшілігі өнер сүйер қауым алдында бәсі жоғары болып тұрған. Таластан олжалап әкелген Боранқұлдың күйлерін «мен» деген мүйізі қарағайдай музыка әлемінің білгірлеріне сүйіншілеп, тындатқанымда ұлы композитор Нұрғиса Тілендиев балаша қуанды. «Мына Боранқұлдың саусағы менің саусағымдай екенін көріп тұрмын» деді тебіреніп. Мен болсам: «Оны қайдан білдіңіз?» деп сұрадым. «Қайдан білгені қалай, саусағының жұмсақ екендігі күйді тартысынан, үнінен білініп тұрған жоқ па, шекті басуы, пернені басуы нәзік, ерекше емес пе?» — деді ол. Құрманғазы атындағы ұлттық азпаптар оркестрінің екінші дирижері (Шамғон Қажығалиевтан кейін) үлкен өнер иесі, Сарысулық жағалбайлы мәлікжан Алдаберген Мырзабековке Боранқұлдан жазып алған күйді тындатқанымда: «Бұл оркестрге сұранып тұрған күй екен» деді. Алдекең өте тәкаппар, сырбаз, мінезді адам. Тіпті Шамғонның өзі оның талантың мойындайтын. Екеуі музыка жайында айтыса қалғанда Шамғон Алдабергеннің талантына тәнті болып: «Түптеп келгенде Алдабергеннің айтқаны дұрыс келіп, партитурасын оркестрде шалқытып тұрамын» дейтін. Сол Алдекең Боранқұлдың «Кең жайлауын» оркестрмен орындатты. Әрі Боранқұлдың күйлеріне әділ бағасын берген де сол.
Боранқұлды Алматыға арнайы шақырып қана қоймай бүткіл күйлерін үнтаспаға жазып, радиодан шалқыттық. Бүкіл қазақ даласы оның күйінің үнімен оянатындай күй кештірдік. Енді жұрт Төлеген Момбековты емес, Боранқұл Көшмағамбетовты жаңа қырынан тани бастады. Оны бірде Алматыға келген Төлегеннің өзі де мойындады. Кезінде Төлеген Момбековпен бірге Созақтың тағы бір тамаша күйшісі Генерал Асқаровтың да өнерін өрлеткенбіз. Ол екеуі шертпе күйдің шеберлері еді. Шертістері Сүгір мен Нұрғисаға келетін. Генерал адуынды, қызба мінезді күйші. Өзінен басқа ешкімді мойындамайтын тәкаппарлығы бар. Кейде оған: «Сен әлі жассың ғой, Төкенді ренжіте берме» деп қалжындаймын. Төлеген өте момын адам, кісіге қиянаты жоқ. Өнерге адал жан. Міне сол екеуі де, әсіресе Төлеген Алматыға бір келгенінде: «Япырай, Ілеке, Боранқұлдың күйлерін естіген сайын құмар бола түсемін. Шертісі бөлек, күйге жан бітіруі ерекше, Барып таныссам ба деймін, күйлерін үйренсем бе деймін» деп ақ адалынан мойындағаны есімде. Ал Нұрғиса болса Боранқұлмен жүздесіп, ризашылдығын білдірді. Екеуінің жасы шамалас.
— Боранқұл ағамен содан кейінгі қарым- қатынастарыныз жалғасты ма? Өткен ғасырдың 70-80 – ші жылдары өнерін көре алмағандар күндеп, «күйлер оныкі емес» деп жала жапқандарды да, Алматыдан белгілі күйшілердің біразы келіп, дау-дамайға араласқанын да білуші едік. Өсекшілердің дегені өрге баспай, кейіннен келушілердің бірінің «Қазақ әдебиеті» газетіне кешірім сұрап, мақала жазғанына куәміз. Жазықсыз жала жабылған ағамыздың бірде маған келіп, өзі шығарған 18 күйінің нотасын көрсетіп, мақала жазуымды өтінген-ді. Ағаның өтінішін орындадым. Сол жолы Ықылас туралы, оның баласы Түсіп туралы біраз әңгімеге қанықтым. Кеңес өкіметі тарап, көп ел қала жаққа шұбыра көшкенде Боранқұл ағамыз Үшаралдағы Қайыр ауылында көшпей қалды. Құдай қосқан қосағы фәнилік болғанда көңіл айтуға бардық. Барсақ облысқа белгілі, зиялы, ерекше жан Жатай Жұмаділов ағамыз да жұбайымен бата жасап, келіп отыр екен. Сонда Бөкен: «Өмірімнің мәніне айналған Қайырды тастап кете алмаймын» деп көзіне жас алды. Соңғы көруіміз екен. Бізден кейін белгілі күйші, қобызшы Сарысу ауданының тумасы Саят Ақмолда арнайы келіп, Бөкеңнің соңғы тартқан күйі «Жұртта қалғанды» жазып алыпты. Түнеу күні Қазанғаптың «Жұртта қалған» деген күйін де тындадым. Жоңғар- қалмақ шапқыншылығынан жұртта қалған сәбидің шырылы мен Боранқұлдың егесіз қала жаздаған ауылдың мұнын салатын «Жұртта қалған» күйінің арасында қандай байланысты құдірет бар деп ойлаймын Илья аға.
— Ол күйден хабарым жоқ. Бәлкім Боранқұлдың «Жан сырым» атты күйінің әлгі сіз айтқан күймен үндестігі бар шығар. Бөкең қайтыс болардың алдында үйге соғып, бас құрағысы келетінін айтып қалды. Содан соң барып Алматыға келетінін айтып кетті. Келе алмады. Өз ойымша Боранқұлдың күйлері түгел таспаға жазылған. Қазақ радиосының «Алтын қорында» сақтаулы тұр. Өкінішке орай әр заманда да ішіне шынашақ айналмайтындар болған. Дарынсыздар дарындаларды күндеген заман бұрын да болған. Қазір де жоқ емес. Менің пайымдауымша Боранқұл Арқа өңірінің күйшілік дәстүрін өз мәнері, стилі арқылы жаңа мазмұнмен байытқан ерекше дарын иесі.
— Илья аға, салиқалы, салмақты, мазмұнды, мағыналы әңгіменізге мың да бір рахмет. Сізге Алланың нұры жаусын. Сіз сияқты қазақ өнерінің абызының барлығына мың да бір шүкір. Ендігі кездескенде әнімен аспанды әуелеткен Алтынбек Оразбеков жайлы әңгімелесуді Алла нәсіп етсін, — дедім мен қоштасарда.
Көп уақыт өтпей дәстүрлі ән өнерінің дүлдүлі, Қазақстан Республикасының еңбегі сінген мәдениет қайраткері Алтынбек Оразбеков жайлы әнгіме де өрбіттік.
— О-о, Алтынбектің әншілік өнері ерекше еді ғой, — деді Илья көкем, — даусының диапазоны кең, үні зор, шығыстың, Арқаның, батыстың әндерін айтудағы оның шеберлігіне сөз жоқ. Алтынбекпен де жеке танысып, Қазақ радиосына арнайы шақыртып, бірнеше әндерін жазып алдық. Сөз жоқ талантты әнші. Өздерің оған арнап журнал шығарған екенсіздер. Сонда әншінің шеберлігін Манарбек Ержановпен теңепсіздер. Шын мәнінде Алтекең Манарбектің әндерін құйқылжыта орындағанда қандай аудитория болмасын баурап алатын әнші. Бірақ, Манарбектің биігіне жете алған жоқ. Әйтсе де, қазақтың дәстүрлі әндерінің бояуын бұзбай, Арқаның сал серілерінше айтатұғын шеберлігінде мін жоқ. Әттен, ондай әншілерді көріп те, естіп те жүрген жоқпын.
Білетінім, Алтынбек Оразбековтың де мұрасы насихатталынбай жүр. Ұмыт қалып кететіндей көрінеді. Қазақ халқының мәдениетін қайта жаңғыртамыз десек, Алтынбектерді де ұмытпай, өнерін насихаттай беру керек.
Илья ағаның аландаушылығының жөні барлығын іштей мойындадым. Қазір не көп, әнші көп, сазгер көп. Тындап отырып ішінен «құлақтың құрышын қандыратын» ән таппай қиналасын. Бұған тоқтам болмаса, қазақтығымызға нұқсан келетіндігін қайтіп түсіндірсек екен! Бұл сауалды Илья көкеме қоя алмадым. Солай, қоя алмадым…
Қазақ халқының маңдайына біткен өнер зерттеушісі, композитор Илья Жақанов көкемізбен арадағы әңгімеміз осылай түйінделеді деп кім ойлаған.
Сәулембай Әбсадықұлы,
ҚР-ның үздік өлкентанушысы,
Халықаралық «Ұлт мақтанышы»
атағының иегері