«Екі жұлдыз»
Ауылдық округтер мен Жаңатас қалалық мекеме, кәсіпорын қызметкерлерінің қатысуымен айлар бойы жалғасын тауып, он кезеңді артқа тастап, көптеген толғаныстар мен ерекше сезімдерді бастан кешіп, әннің мән-мағынасы мен ырғағына қарай қуанып, мұңайып түрлі әсерде болған сол жұптардан іріктеліп соңғы кезеңге жеткен жұптардың қатысуымен аудандық мәдениет үйінде «Екі жұлдыз» ән байқауының қорытынды гала-концерті болып өтті.
Екі жұлдыз жұптық байқауы ауданның өнер сүйер көрермендеріне тың серпіліс берді. Осынау өткен кезеңдерде сіз бен біз қаншама қызығын күткен, мол эмоциялардың, құлақ құрышын қандыратын, тек табиғи жанды дауыста шырқалған әуезді әннің, әсерлі көріністердің куәсі болдық. Байқаудың талаптарына сай ән таңдай білу, оны көрерменге жеткізе білу, сахналық образ, әдемі костюм, жұптық үйлесім, көрермен мен әділқазылар алқасының көңілінен шығу бәрі-бәрі үлкен еңбектің, ауызбіршіліктің, ең басты ұлы өнердің арқасында келді.
Ақпан айының 11-і күні бастау алған бұл жоба әр аптаның бейсенбісі күні жүргізілген жұлдызды шоу бағдарлама өз мәресіне жетіп, ауданымыздың екі жұлдызы анықталды. Ережеге сай бағдарламаның жеңімпаздары қазылар алқасы берген дауыстары нәтижесінде белгілі болды.
Жаңа Қазақстанға бет бұрған болашақ талантты өнерпаздардың шығармашылығының дамуына қолдау көрсетіп, әншілік қабілеттерін, өнерге деген құштарлықтарын арттыру мақсатында өткізілген «Екі жұлдыз» аудандық ән байқауына қатасқан, жанды дауыспен ән айтып өз бақтарын сынаған жұптардың ішінен 3-орынға ие болғандар Ә.Бақытов пен С.Тоқпанов және Д.Дәуітбеков пен Б.Қыдыралиевтердің жұптары марапатталды. Ал, 2-ші орынмен Г.Жанболатқызы мен Б.Серікбаев марапатталса, жүлделі 1-ші орынды Ж.Даукенова мен Б.Өксікбаева жеңіп алды. Бас жүлде және Екі жұлдыз атағына лайықты деп М.Мұсаева мен Н.Ермаханова танылды. Сонымен қатар барлық қатысушыларға заттай сыйлықтар мен дипломдар тапсырылды.
Қатысушыларды аудан әкімі М.Сұлтанғалиев марапаттап, жеңімпаздарға арнайы ақшалай сертификаттар мен сыйлықтар тапсырды.
Г.Тұрсынбекқызы,
«Sarysý»