РЕФЕРЕНДУМДЫ ҚОЛДАУҒА ШАҚЫРДЫ
Парламент Мәжілісінің депутаты М.Төлепберген ауданымызға іссапармен келіп, 5 маусымда өтетін референдум жайлы түсіндіру мақсатында аудан тұрғындарымен кездесу жиындарын өткізді.
Аудандық мәдениет үйінде өткен кездесуде мәжіліс депутаты М.Төлепберген жалпыхалықтық референдумның маңызына тоқталып, аудан тұрғындарына дауыс берудің ережелері мен шарттарын түсіндірді. Суперпрезиденттік басқару формасынан түпкілікті бас тарту, Президент туыстарының квазимемлекеттік сектор мен мемлекеттік қызметте басшылыққа тағайындалмайтындығы жөніндегі өзгертулерге кеңінен түсініктеме берді.
Мәжіліс депутаты өз сөзінде:
-Референдум — қоғам арасында қызу талқыланып, қолдау тауып отыр. Конституцияны бүкілхалықтық дауыс беру арқылы өзгерту — халықтың еркін білдіруінің айқын көрінісі. Өзгеріс аз емес. Соның бірі – Парламенттің рөлі күшейіп, мәртебесі артады. Мәжілісті қалыптастырудың аралас моделі енеді, Парламенттің бақылау функциялары да кеңейеді. Яғни, азаматтардың мүддесін қорғау механизмі күшейеді, – деді.
Кездесу соңында тұрғындар көкейлеріндегі жүрген ой- пікірлерімен бөлісіп, «экология және азық-түлік бағасын тұрақтандыру, зейнет жасын азайту» -деген сұрақтарын қойды.
Одан кейін аудандық орталық ауруханасына атбасын тіреп, ақ халатты абзал жандармен кездесті.
Басқосуда мәжіліс депутаты республикалық референдумның халық үшін маңыздылығына тоқталды.
— Биліктер арасында баланстың болуы, Парламентке берілетін өкілеттіктер, мәслихатқа берілетін өкілеттіктер осыларды көрсе халық өзінің үнін айтады. Бұл жерде ешкімге артықшылық берілмеу керек. Жалпы мәселені барлық уақытта халық шешу керек деген осы принцип Қазақстанда жаңа бастамаларды қолдаудың бірден-бір тетігі. Сондықтан мен ойлаймын референдум халықтың сенімін ұлғайтады, билікке деген сенімі өседі.Конституцияға енгізілетін түзетулердің ішінде құқық қорғау тетіктері мен институттарын күшейтуге қатысты өзгерістер әрбір қазақстандық үшін маңызды. Атап айтқанда, Ата заңда адам құқықтары жөніндегі уәкіл мәртебесін бекіту, азаматтардың кез келген конституциялық құқықтарын бұзғаны үшін жазаның бұлтартпастығы қағидатын бұлжытпай бекітетін конституциялық сот құру. Мұндай конституциялық реформалар еліміздің демократиялық, құқықтық және жалпыадамзаттық құндылықтарды ұстанатын мемлекет ретіндегі беделінің өсуіне ықпал ететін болады, – деп атап өтті.
Аурухананың қызметкерлері референдум жайлы кеңінен түсіндіріп берген мәжіліс депутатына ұсыныстарын жеткізді.
аудандық орталық кітапханада түс қайта аудан жастарымен кездесті.
-Елдегі саяси маңызы бар кезеңге, яғни референдумның өтуіне аз уақыт қалды. Дегенмен қазір халықтың, әрбір дауыс беруші азаматтың бұл оқиғаның негізгі мәнін терең түсінуі маңызды болып отыр. Халықпен, өздеріңдей жастармен пікір алысып отырмыз. Байқағанымыз, халық Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Екінші Республика құру жөніндегі мақсатын, бүкіл халықтың мемлекетті басқаруға тікелей қатысуы үшін нақты тетіктерге қадам жасап жатқанын түсініп, оң пікір білдіруде. Сондықтан өзім референдумның біздің халықтан қолдау табатынына сенімдімін. Жастардың айтқан әрбір пікірі мен ұсынысы ескеріледі,-деп жастарды Отанды, еліне абыройлы қызмет етуге және адал, еңбекқор, тәртіпті, білімді болуғ шақырды.
Өз кезегінде жастар да елімізде болып жатқан өзгерістер мен мемлекет тарапынан жастарға үлкен қолдаулар жасалып жатқанынан құлағдар екенін жеткізді.
Осындай Түркістан және Жайылма ауылдық округтерінде өткен жиындарда референдумға қатысты тың ойлар айтылып, депутаттар Жаңа Қазақстанды бірге құруға шақырды.
С.Есқараев,
«SARYSÝ»