БАЛА ТӘРБИЕСІ- БЕСІКТЕН БАСТАЛАДЫ

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен 2022 жыл «Балалар жылы» деп жарияланды. Бұл жыл мерекелік шараларды тойлаумен шектелмейді, мақсаты – балалардың денсаулығын, тәрбиесін, білімін баса назарда ұстау. Бір сөзбен айтқанда, «Балалар жылы» қазақ жастарының болашағының кемел болуына жол ашады.

Былтырғы «Балалар әдебиеті жылы» жемісті өтті. Себебі, балалар жазушылары мемлекет тарапынан қолдау тауып, оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға көп үлес қосты. Республика бойынша іс-шаралар өткізіліп, балалар әдебиетін дамытуға бағытталған «Ер Төстік» әдеби байқауының арқасында талантты қаламгерлер анықталды.

Ұлттық тәрбиені бойына сіңірген ұрпақ қана біртұтас елді құрай алады. Ал елдің тілі болмаса, болмысы сақталмаса – болашағы жоқ ел. Жастарымыздың қазақ тілінде таза әрі еркін сөйлеуі үлкен маңызға ие. Бұл дегеніміз, тіл іргетасы  тал бесіктен қалыптасуы керек. Тіл іргетасын қалауда балалар әдебиетінің алатын орны ерекше. Ол жастарға қазақ тілін емін-еркін меңгеруге септігін тигізеді. «Ертегі тыңдап өспеген бала ерте есейеді. Ертегіде халықтың жаны мен намысы бар», — деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, тілге деген баланың сүйіспеншілігін тап осы ертегілер оята алады. Ертегі тек қызықты әңгіме ғана емес, халықтың даналығы, балаға астарлы тәрбие беру құралы деп білемін.

«Ordagen» — балаларға арналған ертегілерден тұратын танымдық жоба. Тек қазақша контент ұсынатын қосымша, бала тәрбиесіне үлкен үлес қосады деп ойлаймын. Себебі, қазіргі таңда көп ата-аналар санасы толық жетілмеген балаларына YouTube- ден мән-мағынасы жоқ бейнетаспаларды қосып береді. Бұл баланың психологиясына кері әсер беретінін ескерген жөн. Сондықтан баласының болашағын, ұлтының келешегін ойлайтын ата-ананың  дұрыс таңдау жасағаны абзал.

«Балалар жылында» атқарылып жатқан іс-шаралар қатарына тағы бір жаңалық қосылды. Nickelodeon HD  балалар мен жасөспірімдерге арналған әлемдік телеарна қазақ тілінде көрерменге жол тартты. Бұл балалардың қазақ тіліне деген қызығушылығын арттыруға жол салады.

Ұлттық тәрбиені жетілдірудің тағы бір алғышарты – ұлттық ойындарымызды насихаттау. Жаһандану заманында жастардың көңілінен шығудың өзі қиын. Осы тұста ұлт жанашырлары ұлттық ойындарымыздың телефонға жүктелетін қосымша форматын ойлап табуда. Бұлардың барлығы «Балалар жылында» ұлтымыздың ертеңі үшін жасалып жатқан ұлы қадамдар.

Гүлжахан Макбаева,

 Д.Қонаев атындағы орта мектептің бастауыш сынып оқытушысы

Leave A Reply

Your email address will not be published.