ТАЛАС АУДАНЫНЫҢ РУХАНИ КЕРУЕНІ АУДАНЫМЫЗДА

0

Облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің бастамасымен, Наурыз мерекесін өңір бойынша кең көлемде атап өту мақсатында өткен іс-шараға таластықтар аса үлкен ықыласпен атсалысты. Апта ішінде Талас ауданы әкімінің орнынбасары Медет Үрістенов бастаған керуен-көш ауданымызға атбасын тіреді.

Мәдениет үйінің алдындағы алаңға қонақтарға арнап киіз үй тігілді. Түрлі сайыстар ұйымдастырылып, ұлттық ойындар-арқан тарту, асық ату, кір тасын көтеру, қол күрестен жарыстар өтті.

Ауданымыздың игі – жақсылары Талас ауданынан осы мерекеге арнайы келген қонақтармен бірге мәдениет үйінің алдындағы демалыс орнына шырша, ағаш көшеттерін отырғызды.

Таластық қонақтар  сахнада «Сарысу халық театры» әртістерінің Шоқай датқа  мен Майкөт  ақындардың бейнесін сомдаған театрландырылған көріністі тамашалады.

Қонақтарды «Айжанқыз» би ұжымы «Шашу» биімен  қарсы алды. Ұлттық нақыштағы киімі мен өнері үйлескен ауданның өнерпаздары сахналық қойылымдар қойып, ән мен күйден шашу шашты. Сонымен қатар, «Айжанқыз» халықтық би ұжымы «Көктем биін» мың бұрала билесе, Жаңатас өнер мектебінің күйшілері  «Сарыарқа» күйін күмбірлете  орындап, көрермендеріне ерекше көңіл күй сыйлады. Қонақтар наурыз көжеден дәм татты. Көрмеге қойылған Т.Мақашев атындағы тарихи-өлкетану музейінің  тарихи жәдігерлерімен танысты.

Бағдарлама барысында  аудан әкімінің орынбасары Нұржан Нұралиев  құттықтау сөз сөйлеп, Талас аудандық алқа билер кеңесінің төрағасы Сәулембай Әбсадықұлы- на және «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің басшысы Ринат Нұрақбаевқа оюлы шапан жауып, жергілікті аудан әкімдігіне естелік сыйлық тапсырды.

Аталмыш жобаның негізгі жетекшісі, облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің директоры Ринат Нұрақбаев рухани керуеннің маңыздылығына кеңінен тоқталып, іс-шараға белсене атсалысқан бірқатар азаматтарды арнайы Алғыс хаттармен марапаттады.

Талас ауданының қолөнер шеберлерінің бұйымдары мен республикаға танымал ақын-жазушылардың шығармалары, кітап инсталляциялары халық назарына ұсынылды. Сондай-ақ, жергілікті аудан тұрғындары мен қонақтарына  Талас ауданының республикамызға танымал  өнерпаздары мерекелік концерттік бағдарлама ұсынды.

Салтанатты шарада Талас ауданынан келген, рухани азыққа толы, шеберлік сағаттары мәдениет үйінің ғимаратында өткізілді.

C.Есқараев, «Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.