КАРАНТИНДІК АРАМШӨП ЖАТАҒАН У КЕКІРЕГЕ ҚАРСЫ КҮРЕС ШАРАЛАРЫ

0

Карантиндік арамшөп жатаған (қызғылт) у кекіре – ауыл шаруашылық егістіктері, бақтар мен жайылымдарды, шабындықтарды басатын арамшөп. Сонымен қатар, автомобиль, темір жолдардың және суару жүйелерінің бойында көптеп кездеседі. У кекіре ұрықпен де, тамырcабақтарымен де (вегетациялық түрде) көбейеді. Топырақ астында тұқымының өнгіштігі 3-4 жылға дейін сақталады.

У кекіремен қатты залалданған егістіктің 50-70 пайызға дейін өнімділігі төмендейді. Сондықтан бұл арамшөп аса кауіпті карантиндік арамшөптер қатарына жатқызылады. Ауданымызда қазіргі танда ең көп таралған осы арамшөп болып отыр. Өңдеу жұмыстары жүргізілгенмен, залалданған аумақ азаяр емес. Өйткені арамшөпке қарсы жою жұмыстарына, ауыспалы егіс жүйесін енгізіп, арнайы парға қалдырылған алқапта гербицид пен агротехникалық іс-шаралармен ұштастыра отырып жүйелі түрде, кемінде 3-4 жыл қатарынан жүргізбейінше алқапты тазарту мүмкін емес.

Қазір ауданымызда шаруа қожалықтарының иелігіндегі жерлерде кездеседі. Олар ауыспалы егіс жүйесін қолданбайды, сонымен қатар өздері арамшөппен күресу жолдарын қарастырмайды. Әрі кейбір шаруалар тұқымды тазартылмаған күйі себе салады. Бұл да арамшөптердің көбеюіне бірден-бір себеп.

Карантиндік нысан жатаған у кекіремен күресу шараларын жүргізу шарт. У кекіремен күресудің негізі – топырақ өңдеу жүйесі болып табылады. Егістікті орып алғаннан кейін кекіре тамырын қыршуыш арқылы қопсытып (10-12 см тереңдікте) кесу арқылы жою жұмыстарын жүргізу керек. Ұсақ тамырлардың өсіп жер бетіне шығуына дейін қоректік заттарды пайдаланып үлгермейді де, тамыр жер бетіне шықпай жойылады. Тұқымды себер алдында жақсылап карантиндік арамшөптердің тұқымнан тазалап барып себу керек.

Н.Аханбеков, ҚР АШМ АӨК МИК Сарысу аудандық аумақтық инспекциясының бас маман-өсімдіктерді қорғау және карантині жөніндегі инспекторы

Leave A Reply

Your email address will not be published.