ҚОСЫМША БІЛІМ БЕРУ-БІЛІМ БЕРУДІҢ АЖЫРАМАС БӨЛІГІ

0

Балаларға қосымша білім беру – білім берудің ажырамас бөлігі, салауатты өмір салтын қалыптастыруға, жеке тұлғаны өздігінен дамытуға, шығармашыл, дарынды балаларды анықтауға, оларға қолдау көрсетуге және балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған көп деңгейлі білім жүйесі. Бүгінгі қоғамда, оның ішінде білім саласында қосымша білім беруді дамыту кезек күттірмейтін шаралардың бірі.

Қосымша білім беру ұйымдары білімнің адам өмірі мен қоғамдағы рөлін балаларға түсіндіру арқылы олардың білімге, өнерге, мәдениетке деген қызығушылығын, ынтасын оятып, жеке қажеттіліктерін қанағаттандырады.

Үлгерімі төмен, тәртібі нашар, аз қамтамасыз етілген отбасылардың балаларын және мүмкіндігі шектеулі балаларды үйірме жұмыстарына қызықтыру және қатысуын қамтамасыз ету де маңызды шаралардың бірі.

Қосымша білім беру — өскелең ұрпақты тәрбиелеу жүйесіндегі негізгі кезеңнің бірі. Оның жас ұрпақты тәрбиелеудегі рөлі өте зор. Еліміздің дарынды жастары қосымша өнер орталықтары  арқылы өмірге жолдама алады. Қосымша білім беруді еш уақытта отбасынан, қоғамнан бөліп алуға болмас. Сондықтан оның іс-әрекеті отбасымен, жұртшылықпен тығыз байланысты. Міне, қосымша білімнің  үлкен тәрбиелік қызметі осында.

Қоғам бізге тап қазір, жаһандану заманында, жан — жақты жетілген, рухани бай жаңа заман адамдарын тәрбиелеуді талап етіп отыр. Қазіргі заманауи ұстаздардың алдында өз халқының мәдениетін, әдебиетін, тілін, салт-дәстүрін, тарихын, өнерін сүю арқылы, басқа халықтардың да тілі мен әдебиетіне, салт — дәстүріне құрметпен қарайтын нағыз мәдениетті адам тәрбиелеу міндеті тұр.Сондықтан жалпы білім беретін мектеп қабырғасында әр оқушының болашақтағы өз бағытын дұрыс белгілеп, саралай білуі үшін оларға берілетін білім өзегінде, өзіндік сана, көзқарас, дүниетаным мен сенім қалыптастыруда, сондай — ақ, қай ортаға болсын тез бейімделіп, жаңа ақпараттарды тез түсініп, қабылдау қабілеттілігін, іскерлік қасиетін дамытып, жеке тұлға етіп тәрбиелеудің орны ерекше.

Шығармашылық – бүкіл тіршіліктің бастауы. Мектепте білім беру ісіндегі басты бағдар – оқушылардың тек шығармашылық мүмкіндіктерін дамыту және оларды шынайы өмірдегі дара тұлға етіп әзірлеу. Ол үшін ең біріншіден, өз таңдаулары бойынша оқытудың ұстанымын жүзеге асыру, яғни денсаулығын, дамуы мен қызығушылығын ескеріп, мүмкіндіктерін ашу. Екіншіден, оқыту үрдісінің сапасын арттырудың басты құрамды бөлігі – жақсы түсінікті тілмен жазылған оқулық. Бұрынғы әдіске арналған оқу үрдісінде мұғалімге басымдылық рөл берілсе, ал қазіргі оқу үрдісінде оқушы белсенділігі көрсетілуі тиіс. Ол өздігінен оқуы тиіс, ал мұғалімнің негізгі көңіл аударатын жайы: әрбір оқушылардың жеке қызығуы мен мүмкіндіктерін ашу. Әрбір оқушы басқа оқушымен салыстырылмайды. Керісінше, дамуына қарай өзімен-өзі салыстырылады. Мұғалімнің кез келген сабағы шығармашылық сипатта өткізіліп отырса, оқушы дербестігінің қалыптасуы жоғары деңгейге көтерілері сөзсіз.

Шығармашылық адамын тәрбиелеу процесі жаңаша технологиямен ұйымдастырудың маңызы өте зор. Шығармашылық дегеніміз, оқушылардың даралық бейімділіктері мен қабілеттерінің көрінуі. Ал бейімділік – бұл адамның белгілі бір іс-әрекетпен айналысуға бет бұрысы, оған көңіл аууы, оянып келе жатқан қабілеттің алғашқы белгісі. Сондықтан балалық кезде көзге түсетін бейімділіктердің келешекте олардың қабілет көрсеткіштері екенін ұмытпағанымыз жөн. Кез келген оқушы мұғалімнің басшылығымен орындаған шығармашылық жұмысының нәтижесінде өзінің ішкі мүмкіндіктерін дамытады. Баланың қабілеті мен талантын дамытуды неғұрлым ертерек бастаса, соғұрлым оның қабілеті толық ашылуы мүмкін. Егер бала бойындағы қабілетті мұғалім байқамаса, ол бала басқа оқушылармен бірдей болып қалады. Сондықтан қабілеттің дамуына түрткі бола білу керек. Ең маңыздысы – қабілетті оқушыны зеріктіріп алмау.

Жас ұрпақтың дара ерекшелігін ескере отырып ойлау, шешім қабылдау, қорытынды ой-пікірін білдіруін, белсенділігін, танымдық қабілетін дамытуын, өзінің шығармашылық әрекетін жүзеге асыруын қалыптастыруына мүмкіндік туғызған дұрыс. Оқушылардың қабілетін ашып, дамытуға жан-жақты жағдай жасағанда ғана мақсатқа қол жеткізуге болады.

Ол үшін бірінші шығармашылыққа бет бұрған оқушының  отбасымен қосымша білім беру педагогінің тығыз байланысы,ынтымақтастығы бірінші орынға шығады.Өйткені шығармашыл тұлғаның қалыптасуына педагог пен қатар отбасының ролі жоғары. Егер  отбасы дарынды баланы толық қолдамаса, онда баланың шығармашылық болашағы тоқтап қалуы әбден мүмкін.Баланың шығармашылық жетекшісі балаға жақсы білім бергенімен,отбасындағы қолдауға үнемі зәру. Сондықтан шығармашылық орталықтар (қосымша білім беру) дарынды оқушымен жақсы нәтижеге жетуі үшін,оның отбасымен байланысының маңызы зор. Байланыстың дұрыс жолға қойылуы педагог пен ата-ананың ынтымағында деп есептеймін. Егер ата-ана, педагог пен оқушының кейбір қарапайым талаптарын орындай алуымен өз қолдауын көрсетеді. Мұның өзі оның педагог пен оқушының шығармашылығының дамуына әсер етері сөзсіз.

Академик Ахмет Жұбанов «Музыка жас азаматтардың ішкі дүниесін байытып, әр дәуірдегі қоғамдық өмірдің түрлі құбылыстарын дұрыс түсінуге көмектеседі»- деген екен.Ал Мұхтар Әуезов «Әнге әуес, күйге құмар бала- жаны сұлу, өмірге ғашық болып өседі» деген екен.

Ендеше, елім дейтін ер, халқым дейтін қыз, ұлтым дейтін ұрпақ тәрбиелеуден жалықпайық!

Қазіргі білім беру жүйесінің мақсаты — бәсекеге қабілетті маман дайындау. Мектеп – үйрететін орта, оның жүрегі — мұғалім. Ізденімпаз мұғалімнің шығармашылығындағы ерекше тұс — оның сабақты түрлендіріп, тұлғаның жүрегіне жол таба білуі. Ұстаз атана білу, оны қадір тұту, қастерлеу, арындай таза ұстау — әр мұғалімнің борышы. Ол өз кәсібін, өз пәнін, барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүйетін адам.Өзгермелі қоғамдағы жаңа формация мұғалімі – педагогикалық құралдардың барлығын меңгерген, тұрақты өзін-өзі жетілдіруге талпынған, рухани дамыған, толысқан шығармашыл тұлға құзыреті.Жаңа формация мұғалімі табысы, біліктері арқылы қалыптасады, дамиды. Нарық жағдайындағы мұғалімге қойылатын талаптар: бәсекеге қабілеттілігі, білім беру сапасының жоғары болуы, кәсіби шеберлігі, әдістемелік жұмыстағы шеберлігі. Осы айтылғандарды жинақтай келіп, жаңа формация мұғалімі- рефлекцияға қабілетті, өзін-өзі жүзеге асыруға талпынған әдіснамалық, зерттеушілік, дидактикалық — әдістемелік, әлеуметтік тұлғалы, коммуникативтілік, ақпараттық және тағы басқа құдыреттіліктердің жоғары деңгейімен сипатталатын рухани- адамгершілікті, азаматтық жауапты, белсенді, сауатты, шығармашыл тұлға.

Қосымша білім беру орталықтарындағы ең негізгі мәселелердің бірі-шығармашыл тұлғаны дамыту және қалыптастыру. Қосымша білім беру орталығы үйірмелеріне қатысатын оқушылардың барлығы дарынды оқушылар. Себебі олар өздерінің сүйікті ісімен айналысып, толыққанды  меңгеруге тырысады. Сол себепті қосымша білім беру орталығындағы педагогтар әр баланың бойындағы даралық ерекшеліктерін анықтап, сол бойынша жұмыстар атқаруы керек. Оқушыны қызықтырып, өнерге тарта білулері қажет. Әр ұйымдастырылған сабақ үлгісі екінші өтетін сабаққа ұқсамауы тиіс. Яғни сіздің алдыңызға келетін баланың талабын қанағаттандыру қажет. Мысалы вокал бөліміне қатысатын оқушы эстрада жанрынан гөрі халық әндерін, халықтық нақыштағы орындалған әндерді ұнатады. Олай болса сол бағытта жұмыстар жасап, баланың қалыптасуына жағдай жасау керек. Мемлекеттің білім беру саясаты қосымша білім беру  ісіне үлкен көңіл бөлген. Оны мемлекеттің «Білім туралы  Заңынан (2011.19.01. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен) көруге болады.

37-бап. Қосымша білім беру

  1. Білім алушылар мен тәрбиеленушілерге қосымша білім беру түрлерін білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын қосымша білім беру ұйымдарында жүзеге асырылады.

Қосымша білім берудің білім беретін оқу бағдарламалары бойынша білім алушыларға білім беру қызметтерін көрсетуді бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары шарттық негізде береді.

  1. Кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау қосымша білім берудің білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында, ғылыми ұйымдарда, өндірісте және мемлекеттік ғылым ұйымдары мен жоғары оқу орындарының ғылыми қызметкерлерінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы бойынша әлемнің жетекші жоғары оқу орындарында, ғылыми орталықтары мен зертханаларында ғылыми тағылымдамадан өтуі кезінде жүзеге асырылады деп атап жазылған.

Ә.Әбенов, Жайылма ауылдық балалар өнер мектебінің директоры

Leave A Reply

Your email address will not be published.