Кеңес Одағының Батыры ҚАЗБЕК НҰРЖАНОВ туралы не білеміз?

0

Өткен 1984  жылы жаз айларының бірінде Сарысу аудандық байланыс торабына көше аты, үй нөмірі белгісіз «Қазақ ССР, Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Байқадам селосы, Нұржанов Күржібайға» делінген алыстағы Белоруссияның Волковск қаласынан бір хат келіп түседі. Тораптағы хат тасушылар кімге екені белгілі болғанымен қай көшеге, қай үйге жолданғаны белгісіз хатты әдеттегі тәртіпті бұзып ашады. Бірақ хат ішінде де көше, үй адресі болмай шығады.

Хат жазып отырған Белорус  ССР-і, Гродно облысы, Волковск аудандық «Знамя октября» газеті редакторының орынбасары Валерия Степанович Задаля екен. Ол хатты соғыс кезінде Волковск қаласын азат етуде алапат ерлік көрсетіп, Совет Одағының Батыры атағын алған Нұржанов Қазбектің туған ағасы Нұржанов Күржібайға жолдапты. Мұнда Валерий Степанович өзінің Қазбек туралы очерк жазатынын айтып, соған байланысты Қазбектің соғысқа дейінгі өмірбаянын жазып жіберуді сұранған.

Қазбектің кім екендігі белгілі болды, ал ағасы Күржібай қайда тұрады? Хат сұрыптаушыларды осы жай көп ойландырады. Нұржанов Күржібайды бірі білсе, көнекөз көпті көрген аудандық ардагерлер советінің председателі Нармахан Тоққұлиев қария білер-деп олар хатты Нарекең қарияға  тапсырады.  Нарекең қоғамдық негіздегі аудандық музейде қызмет істеп жүрген маған келді.  Аз уақыттан соң сұрастырып Күржібайдың туыстарын да таптық. Жақын туыстары байқадамдық Сқақов Манап, Садуақасов Айтқұл, Смағұлов Ибаділдалармен кездестік. Хат жолданып отырған ағасы Нұржанов Күржібайдың Жамбыл қаласында тұратындығын білдік. Бір әпкесі Нұржанова Зейнеп Байқадамда, екінші әпкесі Нұржанова Қалиманың Мойынқұм ауданы Ұланбел селосында тұратындығын естідік.

Осы кездесулерден кейін Қазбек жөнінде соңғы деректерді, әсіресе Валерий Степанович сұраған оның соғысқа дейінгі өмірбаянын білу мақсатымен  Жамбылдағы ағасы Күржібайды, 1931-1936 жылдары Жамбыл қаласында Гродеково селосында балалар үйінде Қазбекпен бірге болған досы, қазір Жаңатас қаласында тұратын Қожамберді Тоққұлиевтерді шақырған едік. Олар да  көп кешікпей келіп, қажетті деректерді беріп қайтқан-ды. Белорустік журналистке Қазбектің соғысқа дейінгі Сарысу ауданындағы балалар үйіндегі балалық шағы, оқуы, қалыптасқан мінез-құлқы, парталас және қызметтес жолдастары туралы мәліметтерді  жинақтап, өткен жылы тамыз айында салып жіберген болатынбыз.

Қазбектің әкесі Нұржанов Бейсен 1919 жылы ауыр науқастан қайтыс болған екен. Балалары  жастай жетім қалып семьяның ауыртпашылығы анасы Ақбалаға түседі.  Анасының және Үкіметіміздің қамқорлығы арқасында үш ер бала, екі қыз өсіп жетіледі. Ақбаланың отбасы Саудакент төңірегіне көшіп келіп, Құрттыбұлақ маңына қоныстанады да осындағы Жданов атындағы колхозға бірігеді.

Біз Валерий Степановичтен алғашқы хатымызға 3 қыркүйек күні «Қажетті материалды тез жіберемін» деген жауап хат алған едік. Қазбектің соғыс кезіндегі ерлік қимылы туралы деректерді асыға күттік. Бірақ, осы хаттан кейін бізге көпке дейін Валерийден жауап келмеді. Үшінші, төртінші рет хат жолдадық. Шыдай алмай Волковск қаласындағы П.И.Багратион атындағы әскери-тарихи музейдің директорына да керекті материалдарды сұрап хат жаздық. Ұлы Жеңіс күні жақындаған сайын жауап хатты асыға күткен едік. Өйткені, бұрын белгісіз жерлесімізді Ұлы Жеңіс күні қарсаңында ауыл жұртшылығына таныстыру біздің құрметті борышымыз болды. Біраз уақыттан соң белорустық әріптестерімізден «Сол күні таң ата жаңбыр жауған еді» деген тақырыпта өздерінің аудандық «Знамя октября» газетінде жарияланған жерлесіміз Қазбек туралы очерк пен суреті салынған хат  бізге жетіп,  оны аудандық «Октябрь таңы» газеті арқылы аудан оқырмандары назарына ұсындық.

Жоғарыда кездейсоқ келген хаттың негізінде белорустік журналист Валерий Степанович Задалядаң Қазбек батырдың соғыс жылдарындағы ерлік істерін білсек, туыстарымен кездесу арқылы Қазбектің жерлесі екенімізді анықтаған едік.

Енді соғыстағы ерлігіне оралайық. Қазір біздің қолымызда Волковск әскери-тарихи музейден келген «Олар Гродно үшін соғысқан» деген тақырыпта шыққан Совет Одағының Батырлары туралы көркем-түсті плакат, «Волковск үшін соғыста» деген тақырыпта соғыс жылдарында жарияланған мақалалардың қиындысы, осы жылы 23 ақпанда Волковск аудандық «Знамя Октября» газетінде жарияланған «Сол күні таң ата жаңбыр жауған  еді» деген очерк бар. Бұл материалдар осы деректер негізінде жазылды.

Қазбектің қазіргі Октябрь көшесі маңында, дәлірек айтқанда Волковск теміржол станциясына жақын жараланғанын фактілер дәлелдейді. Осы жерде оның Деречин поселкесіндегі госпитальға түскені туралы да деректер бар. Бірақ, біз  осы уақытқа дейін жауынгердің нақты қай жерге жерлгенгенін білмейміз, іздеу жүріп жатыр. Мүмкін көп кешікпей-ақ өзімізді қызықтыратын жайларға да жауап алармыз. Енді, сонау алыс күндердегі оқиғаларға оралайық,-деп жазады  Валерий Степанович.

22 шілдеде Волковск азат етілгеннен  бір ай кейін 61-ші танкке қарсы дивизионның командирі майор Михалев награда листогын толтырды. Ол қорытынды сөз жазбастан бұрын, ең алдымен текстерді асықпай, байыппен оқып шықты. «Бесінші атқыштар дивизиясының 61-ші дивизионы барлаушылар взводының командирі аға сержант Нұржанов Қазбек 1919 жылы туған.   «ВКП\б\» мүшесі, 1942 жылдың сәуірінен Ұлы Отан соғысына белсене қатысушы. Орлов қаласы үшін болған қиян-кескі ұрыстарда  өшпес ерлік көрсеткен.

Барлаушылар взводының командирі ретінде Друдь өзенінен өтерде 149,4 белгідегі ауданда командованиенің бірнеше жауынгерлік тапсырмаларын ойдағыдай орындап, жау оғының астында барлау жүргізіп, жау танктерінің арақашықтығы туралы бағалы мәліметтер алады. Өзінің взвод барлаушылары мен «Первомайск» совхозы төңірегінде жау тылына өтіп, гитлершілерге өз қаруларынан оқ жаудырды. Осы шайқаста 8 неміс жойылып, қалған 97-сі офицерімен бірге қолға түсті.

Қазбек Волковскіні аларда дербес барлаушылар тобында болды. Қалаға жақын биіктіктегі қорғаныс шебіне бекінген жауға батыл шабуыл жасап, оларға қорқыныш-үрей туғызады. Шегініп бара жатқан гитлершілерді өкшелей қуып, үш солдатын және офицерін қолға түсіреді. Волковскіге  алдыңғылардың бірі болып кіріп, жаяу әскерлерді соңынан ерте білді. Осы жолы Волковск қаласының шет жағында Нұржанов басынан қатты жараланды.»

Михалев осы ерліктердің бәрін оқып болған соң, награда листогына батыл жазды: «Дивизия командованиесінің алдына Нұржановқа Совет Одағының батыры атағын беру жөнінде ұсыныс жасаймын.»  Осы документке көп кешікпей дивизия командирі, подполковник М.Г.Михайцын, 40 атқыштар корпусының командирі, генерал-лейтенант В.С.Кузнецов қолдарын қойды. «Лайықты» деген қысқа сөзді 3-ші армия соғыс советінің мүшесі Кононов, 2-ші Белоруссия майданының командашысы генерал-полковник Захаров, майдан соғыс советінің мүшесі Русскихтер өздерінің қолдарымен бекітті.

1945 жылы 24 наурызда СССР Жоғары Советі Президиумының Указымен Нұржанов Қазбек Бейсенұлына қаза болғаннан кейін Совет Одағының Батыры атағы беріледі. Осымен нүкте қойып, әңгімемізді аяқтауға болар еді,-дейді Валерий Степанович, — бірақ кейінгі кезде Қазбектің өмірбаяны, әсіресе соғысқа дейінгі кезеңдерінен көптеген жайлар белгілі болды. Жауынгерді жақсы білетін адамдардан, сондай-ақ Жамбыл қаласында тұратын ағасы Күржібайдан бірнеше хат-хабар алдық. Оларда Нұржановтардың отбасы туралы очеркімізге өзек болатын деректер бар.

Майданда Қазбек қырағылық пен батылдықты тең меңгере білді. Қазбек елге жазған хаттарында өз ортасында сыйлы екендігін қаруластарына ерекше сенетінін жазады. Алғашқы наградасы «Ерлігі үшін» медалі болды. Одан кейін ерең ерлігі үшін Қызыл Жұлдыз,  Үшінші дәрежелі Даңқ орденін иеленеді.

Қазір Волковскідегі орталық музейде Қазбек туралы арнайы бұрыш ашылған. Мектептерде ерлік сабақтары өтеді. Қазбектің құрметіне жыл сайын спорттық жарыстар да тұрақты өтіп тұрады. Бұдан елу жыл бұрын оның жасаған ерлігі Волковскі қаласының әр азаматының жүрегінде мәңгі сақтаулы. Жерлес батырдың ерлігін насихаттау оның өскен ортасы Байқадамда және Жамбыл облысында да  қолға алынуы қажет деп санаймыз.

Төкен Мақашев

Leave A Reply

Your email address will not be published.