ЕҢ ҮЗДІК АУЫЛДЫҚ КІТАПХАНА
«Әулиеата-кітап оқитын өңір» жобасы аясында ауылдық кітапханалардың заманауи жұмыс бағытын айқындау, оқырманға сапалы әрі жаңаша форматта қызмет көрсету деңгейін арттыру мақсатында ұйымдастырылған «Ең үздік ауылдық кітапхана» облыстық байқауы табиғат сұлулығы мен рухани байлығы тоғысқан қасиетті Сарысу өңірінде өз жалғасын тапты.
Бұл байқау-ауыл кітапханаларының кәсіби әлеуетін көтеріп, жаңа жобаларды жүзеге асырудағы озық тәжірибесін таратуға арналған маңызды рухани шара болып табылады.
Шара аясында Ақтоғай ауылдық кітапханасында заманауи талаптарға сай жабдықталған коворкинг орталығының ашылу салтанаты өтті. Салтанатты лентаны Жамбыл облыстық Шоқан Уәлиханов атындағы әмбебап-ғылыми кітапханасының директоры Эльмира Елеусізқызы Абдинова мен аудан әкімінің орынбасары Ерлан Дайрабайұлы Ермағанбетов қиды.
Коворкинг орталығы-ауыл тұрғындары мен жастардың бос уақытын тиімді өткізіп, шығармашылық қабілеттерін дамытуға, заманауи ақпараттық кеңістікпен еркін жұмыс істеуге мүмкіндік беретін жаңа мәдени орта.
Іс-шара барысында Ақтоғай ауылдық кітапханасының меңгерушісі Жазира Сапарбаева қонақтарға кітапхана құрылымын, бөлімдердің жұмыс бағыттарын таныстырды. Оқырмандарға қызмет көрсету, библиографиялық анықтама беру, цифрландырылған ақпараттық орталық, кітап қорлары мен көрме ұйымдастыру жүйелері жан-жақты көрсетілді.
Сонымен қатар байқау комиссиясы кітапхана құжаттарын, ресми есептер мен тіркеу журналдарын тексеріп, кітапхана ісін ұйымдастыру деңгейіне баға берді.
Шараның мазмұнын байыта түскен кітапхананың «Дәстүр дариясы» клубының мүшелері мен «Шабыт» тобының аталары мен апалары қатысып, өз өнерлерін ұсынып, ел бірлігі мен рухани мұраның маңызы туралы әсерлі әңгімелер өрбітті. Іс-шара ауыл тұрғындарына үлкен рухани серпіліс сыйлап, кітапхана қызметінің заманауи бағыттарын таныстырған тағылымды басқосу болды.
Сонымен қатар байқаудың талаптарына сай Ұлы жеңістің 80 жылдығына орай Ақтоғай ауылдық кітапханасында «Жеңіс жыры-жүректерде» атты кең ауқымды рухани-тағзым кешімен жалғасын тапты.
Іс- шараның мақсаты:
Жастарды Ұлы Отан соғысы жылдарының тарихымен, қазақстандық батырлардың ерлік істерімен таныстырып, отансүйгіштікке, адамгершілікке және елжандылыққа тәрбиелеу.
Кештің ашылу салтанатында сөз сөйлеп, іс-шараның шымылдығын аудан әкімінің орынбасары Ерлан Дайрабайұлы Ермағанбетов ашып берді.
Ол өз сөзінде Ұлы Жеңістің тарихи маңызын атап өтіп, ел үшін жанын қиған жауынгерлердің ерлігі-бүгінгі бейбіт өмірдің негізі екенін айтты.
«Ұлы Жеңіс тарихы-көркем әдебиетте» айдарында соғыс тақырыбындағы әдебиеттерге, майдангер жазушылардың шығармаларына шолу жасалып, Б.Момышұлы, Қ.Қайсенов, Ә.Нұршайықов, Т.Ахтанов сынды қаламгерлердің еңбектері талқыланды.
Ерекше бөлім ретінде кеште жасанды интеллект технологиясы арқылы майдангер жазушылардың бейнесі мен дауысы қайта жаңғыртылып, олардың ұлағатты сөздері экраннан ұсынылды. Бұл көрініс көрермендерге ерекше әсер қалдырды.
«Жауынгер жолы» атты сахналық көрініс соғыс жылдарындағы майдан мен тыл өмірін, ананың баласына деген сағынышты хатын бейнеледі. Ал, «Өлеңмен өрілген отты жылдар» бөлімінде Жамбыл Жабаевтың «Ленинградтық өренім», Қасым Аманжоловтың «Жеңіс даусы», Сырбай Мәуленов пен Жұбан Молдағалиевтің жауынгерлік жырлары оқылды. «Жеңіске рух берген әндер» бөлімінде соғыс жылдарындағы патриоттық әндерді зейнеткер Сапарбаев Дүйсен «Ана туралы баллада», еңбек ардагері Ақділда Диханбай «Кестелі орамал», «Катюша» және «Бейбітшілік сақталады» әндері хор және би сүйемелдеуімен орындалды.
Іс-шара соңында ардагерлер мен тыл еңбеккерлерінің ерлігіне тағзым етіліп, қатысушылар Ұлы Жеңіс рухын ұлықтап, бейбіт өмірдің қадірін сезінді.
«Жеңіс жыры-жүректерде» атты бұл рухани кеш-ерлікке тағзым, бейбіт өмірге құрмет, ұлт рухын көтерген мәні зор тағылымды шара болды.
Аяулым Досаева,
аудандық орталықтандырылған кітапханалар
жүйесі директорының орынбасары