Артық ғылым – кітапта…
Қазақ халқы ежелден сөзге, білімге, ғылымға құштар халық. Ұлы ойшыл Абай атамыз: «Артық ғылым-кітапта, ерінбей оқып көруге»-деп бекер айтпаған. Себебі адам баласының ең асыл қазынасы-рухани байлық. Ал рухани байлықтың бастауы-кітап.
Кітап-сан ғасырлық тарих пен тағылымды терең ойдың қоймасы. Бүгінгі жас буынның көкірегіне нұр құйып, ой-санасын оятатын, арман-мақсатына жетелейтін ең сенімді серігі-кітап. Кітап оқыған адам-білімді, көкірегі ояу, рухы биік азамат болып өседі.
Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің атынан айтарым: біздің басты мақсатымыз-өскелең ұрпаққа кітаптың құдіретін түсіндіру, рухани әлемін байыту, ізденіс пен оқуға деген сүйіспеншілігін арттыру. Қазіргі заманда техника қарыштап дамып, ақпарат тасқыны көбейгенімен, нағыз асыл ой мен даналықтың қайнары кітап бетінде сақталып келеді.
Оқырман қауымға айтар тілек-кітаптан қол үзбеңіздер! Әр кітаптың өз сыры, әр беттің өз құпиясы бар. Кітапты ашқан сайын сіз жаңа әлемді танисыз, жаңа ойға қадам басасыз. Әр парақ-сіздің өміріңізге қосылған жаңа қазына.
Бүгінгі ұрпақ-ертеңгі елдің иесі. Болашағымыздың баянды болуы үшін әрбір жас кітаппен дос болып өсуі тиіс. Өйткені кітап-адамды ізгілікке, парасатқа, ой тереңдігіне жетелейтін мәңгілік қазына.
Кітап-рухани күш, кітап-өмірдің шырағы. Ал рухани байлығы мол елдің болашағы да жарқын болмақ.
Аяулым Досаева,
аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі директорының орынбасары