Мемлекетіміздің алтын қазығы
Адамзат баласының өмір сүруі белгілі бір заңдылықтарға бағынатыны сияқты, ғаламшарды мекен еткен әр мемлекеттің де негізгі заңы болуы шарт. Ол заңның барлық тілдердегі мойындалған атауы-Конституция. Дүрбелең замандарды бастан өткеріп, ақыр соңында қазақ елі де армандаған тәуелсіздігіне қол жеткізді. Сол уақытта еліміздің егемендігін паш еткен айбынды Ата Заңымыз қабылданып, ұлы дала төсіндегі тәуелсіз Қазақстанның өз көші басталған болатын. Халқымыздың сан ғасырлық салт-дәстүрі мен таным-түсінігін ескере отырып, әлем елдерінің тәжірибелерін де назардан тыс қалдырмай, халқымыздың игілігі мен жарқын келешегін ойлап қабылданған Ата Заңымыз-еліміздің ілгері жылжып, жаһандану заманына жұтылып кетпеуінде маңызды рөл атқарып келеді. Бұл орайда еліміз 1995 жылы өзінің талғам-талқысынан өткен басты құжаты Конституцясын жүрек қалауымен қабылдады. Жасампаздықтың жаңылмас жарғысы болған Конституция біздің барша жарқын істеріміздің қайнар бастауына айналды. Қастерлі құндылығымыздың қағидаттарын бұлжытпай орындаудың нәтижесінде біз қысқа мерзімде мызғымас мемлекетімізді орнатып, тәуелсіздігімізді тұғырлы еттік.
Ата Заң біздің бүкіл жарқын істеріміздің қайнар бастауына айналды. Конституция мызғымас мемлекетіміздің алтын қазығы, бірлігі мен ынтымағы жарасқан, елдігіміздің бұлжымас бағдары, кемел келешегіміздің кепілі! Біз аз уақытта айбары асқан қуатты ұлтқа, дәулеті тасқан әлеуметті елге айналдық. Ортақ шаңырағымыздың шекарасын шегелеп, іргемізді мызғымастай етіп бекіттік. Тағдыр тоғыстырған, тарих табыстырған түрлі ұлт өкілдері Конституция қағидаттары төңірегіне топтасты. Еуразияның жүрегіне орналасқан елордамыз, әлемге руханияттың ірі орталығы, саясаттың іргелі ордасы ретінде танылды. Әрбір азамат өзін тең сезінетін, татулығы жарасқан Қазақ елінің, Қазақстан халқының қарымды істері бүгінде әлем жұртшылығы үшін үлгі-өнегеге айналды. Мұның өзі біздің Ата Заңымызда бүкіл адамзаттық құндылықтар мен өркениеттік игіліктердің барлығы қамтылғанын айғақтайды. Әрбір қазақстандықтың Конституциясының мемлекет пен қоғам үшін ғана емес, сонымен бірге жеке өзі, өз отбасы мен өз балалары үшін де мәнділігін бағалай білу, өз міндеттемелерін қастерлеп сақтап, орындауы маңызды. Конституция біздің басты құндылығымыз-тәуелсіздікті, бейбітшілік пен тұрақтылықты ғасырларға бекітті. Барша мемлекеттік институттардың, әрбір қазақстандықтың парызы-осы құндылықтардың қырағы күзетінде болу.
Осынау қол жеткізген жетістіктерді баянды ете отырып, оны ары қарай жалғастыру, елінің ертеңін ойлайтын әрбір азаматтың және бүгінгі білім алып отырған жастарымыздың абыройлы борышы екендігі даусыз.
Ж.Орымбаев,
қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы