Ол күндердің өшпес даңқы АСАНӘЛІНІҢ ҰСТАЗЫ

0

Қашан да танымал адамдардың дәрісшісі шәкіртіне қарап өзінің қандай ұстаз болғанын біліп көңілі жайланып отыратынын осы журналистика саласындағы ұзақ жолымызда талай ұшырастырып жүреміз. Сонда еріксіз ойға қаласың. «Ұстаз бақыты»- деген, де осы екен-ау дейсің. Өзінің алдынан қанат қаққан қайраткерлері оның ұстаздық жемісінің жетекшісі болып тұрады.

Өткен ғасырдың сексенінші жылдары аудандық «Октябрь таңы» газетінде істеп жүргенде бірде мұғалімдердің тамыз мәслихатында атына жылы сөз айтылған бірнеше мұғалімдерді аудандық білім бөлімінің меңгерушісінің ұсынуы бойынша үзілісте топырлаған топтан әркімнен сұрастырып кейіпкерімді әрең таптым. Бойшаң қағылез ашаң түсті аға екен. Тани кеттім, атын талай ақпараттан оқып, біліп жүрсам де көңіл қоймаппы.

Ол кісі кездескен бетте мені баурап алды. Іші бауырыма еніп мен жайында жақсы білетіндігін байқатты. Көпшіл ұстаздың жан-жақтылығына риза болдым. Тіпті менің жоғарғы газеттердегі Сарысудағы су тапшылығы, елде құрғақшылық құбылып, өріс қурап, Аса, Талас, Шу өзендерінің екпіні бұрынғы алқабын қамти алмайтыны баса айтылған проблемалық мақаламды сөзбе сөз келтіріп арқамнан қаққанда ұялып төмен қарадым.

Бұл Калинин кеңшарын- дағы аудандағы талай қайраткерлерді ұшырып танымал болған В.И Ленин атындағы орта мектептің директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Байдәулет ЗЕТОВ ағамыз болып шықты.

-Аға айып етпеңіз ауданда мың жарымға тақау мұғалім бар атыңызды сырттан естіп қалып жүрсем де діттеп көңіл аудармаппын. Басылымдарда еңбегі жарқырап, жаңғырып жатқан алдыңғы қатарлы ұстаздарға ден қоймау жастық жасықтығымыз ғой. Аядай аудандағы жандардың «кімнің кім екенін» бұдан кейін жаттап алармын. Бұл маған сабақ болды.

-Шәкіртіне қарап шен беретін болса маған берер еді, бұл қазақ. Маған «қандай мұғалім болдыңыз?»- деген сауалды тіке қоя алмай әрненің басын шалып арнаға түсе алмай отырсың-ау інім. Үлкен алдындағы сыпайылығыңа сын жоқ. Маған мынаны айтшы жазғышым Асанәлі, кәдімгі Әшімов қандай адам?. Міне;

-Аға-ау ол кісіге сөз бар ма? «Атақты Әшімов»- деген сөз есіміне тіркеліп жүретін жерлесіміз емес пе? Оның даңқына берісі Сарысу, арғысы облысымыз «жерлесіміз»- деп, көкірек керіп, мақтанатынымыз бар ғой. Тек ол емес текті актёрға бүкіл қазақ мақтанатын тұлғаны кім білмесін-деп менде қара жаяу еместігімді сездіріп желпініп жатырмын.

-Ал,мақтаныштарың болған сол Асанәліні кім оқытқанын неге білмейсіңдер?.

Түсіне қойдым-да ол кісіден кешірім сұрағандай ізетпен, әбден қалам ұстап жұмсарып кеткен қолын алдым. Бакең қолымды босатпай ептен уқалап тұрып:

-Дұрыс түсін інім. Әдетіме жатпайтын пенделікке салы- нып лепіріп кеттім білем. Бүкіл Асанәлі Әшімовке өзің айтқандай қазақ мақтанып жатқанда ұстазы менің де мақтануға қақым бар шығар. Ол менің ұстаз ретінде дайындап берген өнімім. Жұрт мұғалімді біліммен сусындатқан шәкірті арқылы салыстырып қарайтын заман туды. Мұғалім бақыты деген сол. Өз өміріңе, ұстаздық жолыңа ойме есеп бергенде текті, танымалдарың еске түседі де бекер өмір сүрмегеніңді білесін. Асанәлі ағаң тәрізділермен қоғамға қажет алтын кірпіштін бірін өз орнына қоюға мысқалдай үлес қосқаныңа қуанасың. «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деп, Ұлы Абай һәкім айтқан өсиетінің бір жолы осы. Менің кірпішімді құйған туған жердің топырағы осылар. Оны қалай түсінсең олай түсін. Міне осы жылдар ішінде ұстаздық жолымда мұндай мақтанар тұлғаларым бар екеніне шүкір. Сендердің әріптестерің біздің ауылдың түлегі Жеңіс Шыныбеков баяғыда сұбхат алғанда мен шәкірттерімді айтып осылай деп қалғанымда ол күліп; «Өзіңді-өзің мақта, кемшілігіңді ел көрсін»-деп қу бала ұялтып кетіп еді. Содан бері шәкірттерімді айтып мақтанбайтын болғанмын. Сен де бір мақал айтып кетерсің- деп күлді көпті көріп, сөз қадырын түсінетін аға. Шіркін, әр сөзіне қарауыл қойып сөйлейтін бұрынғының адамдары-ай.

-Жоқ аға қауіптенбеңіз. Мен олай демеймін Жеңіс досым екеуіңізден артық мен не айтайын. Менің өз мақалым өзіме жетпей жатқан да –деп едім, ұстаз аға рахаттана күліп арқамнан қағып алып, өтіп жатқан мәслихатқа қайта енген еді… .

… Оған да қырық жылдың жүзі болыпты. Байдәулет аға да, биылғы қаңтарда тілінде әзіл сөздің уы бар Жеңіс досымда өтіп кетті бұл жалғаннан. Тумақ бар да өлмек бар. Бірақ, бәрі өкінішсіз орнымен болса екен.

… Бірде ертеректе ауылға келгенде Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, бірнеше мемлекеттің орден-медальдардың иегері, өткен жылдары омырауына ел президенті «Қазақстанның Еңбек Ері» алтын жұлдызын таққан Асанәлі ағамыз ардагер Байдәулет Зетовты құшақтап тұрып;

-Уа жараңдар мені кім оқытқанын көріңдер. Бұл марапаттарда Бәкең ағамның, сондай ұстаздарымның маңдай терінің тамшылары мен аялап, тілекші болып жататынын бүгін айтуым керек –деп толқып туған жер топырағы мен ұстазға тәу еткен еді. Иә бұл толғанысты сәт болатын. Шәкірт ұстазымен, ұстаз шәкіртімен мақтанып жүрген қандай жарасымды. Осындай айтып жүретін тағылымдар көп болса екен… !

…Бүгінде уақыт өз заңдылығымен өтіп жатыр. Кешегі Бакеңдер де өмірден өтті. Оның қатарлары да некен саяқ қана қалды. Орнына жаңа толқын, жаңа заманың көркін қыздырған жаңа лек келді. Бұлардың бәрі техникалық өнертапқыштың кейінгі жетіс- тігін меңгерген, компьютер бағдарламаларын көзін жұмып тұрып қолданатын кілең білімді мұғалімдер. Ал, біз сөз етіп отырған Байдәулет Зетовтың заманы басқа болатын. Оқулықтан, көрнекілікке дейін қолмен жасап оқытты шәкірттерін. Барлық қаруы компьтер емес қағаз, қалам, қоңыр тақта, бор ғана болғанын бүгінгі балаларға айтсаң таңқалады. Жасамыстары бор мен тақтамен жұмысты айтсаң басын шайқап «сондай да өмір болады екен-ау. Адам сенгісіз ертек. Одан бала қалай білім алады»-деген бір жасқа; «Иә, алған ата-әкелерің сол мұғалімдерден оқып жетілді. Жоғарғы білім алып қызмет етті. Сонымен сені асырап жеткізді. Ал сендер сол аталар алдынан білім алған бүгінгі ғалым профессорлардың алдынан тәлім алдың, осы дәрежеге жеттің. Сенің бүгінгі пайдаланып жүрген кибернетика-компьютерлеріңді де жасап шыққан да сол тақта мен ақ бордан-ақ дәріс алып сол дәрежеге жеткендер»-дегенім бар бір зерек оқушыға. Ол бәрібір ол заманның ырғағына түсінбеді.Көктен тура осындай әп-әдеме мұнтаздай болып, жақсы тамақ, әсем киіммен топ етіп тәтті өмірге түсе салғандай. Бүгінгі ұрпақ сол ұлағатты ұстаздар – Бәкең тәрізді көреген, көпшіл, салихалы, сауатты қиын жылдарды бастан өткізіп жүріп ұрпақты тәрбиелегенін қайдан білсін. Ол ұстаздардың бәріне тұғыр қойып алтынмен әспеттеп атын жазып қою қалды. Бірақ Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Байдәулет Зетов тәрізді ұстаздардың еңбегі ескерусіз тарих қойнауында ұмытылып, көміліп бара жатқанын жұрт біле бермейді.

Маған баяғы Байдәулет Зетов ағамызды жаңғырту ойын салған, аудан десе жаны тыным таппай шырылдап, кемшілікті бетке айтып, жоқтан бар жасауға ұмтылып, есіктен, есікке кіріп туралықтан туысына, алдындағы басшы- сына жаға бермейтін бүгінгі Жайылма ауылдық округ әкімі Жандарбек Смағұлов бірде қоңыру соғып, амандықтан соң;

-Аға, сіз ауданның 25 елді меккеннің, тарихы мен ондағы тірліктің кешегісі мен бүгінгісін жақсы білесіз. Әсіресе біздің Жайылма өңірінен қазаққа танымал қаншама қоғам және өнер саласы тарландары шыққан. Ауданда танымал адам- дарды ұшырған Жайылма, Түгіскен, Өндірісті көпшілік «кадрлар комбинаты»- деп те атап шоқтығымызды көтеріп қояды. Мықтылардың солай түзелуі өздігінен емес ондағы ұрпаққа білім мен тәрбие саласының әсері екенін сіз білессіз. Ол ең бастысы кезең ұстаздарының маңдай терінің жетістігі. Біз осы төңірегінде аз әңгімелейтін болып барамыз. Менің айтпағым қып қызыл соғыс сұрапылы күркіреп жүріп жатқан кезде 1943 жылы 16 жасында майданға сұранып әскери комиссариатқа барған көзінің оты бар жас жігіт Байдәулет Зетовты комиссия құрамындағы бір кісі риза болып:

-Шырағым ұсынысың ұлылық. Сенің жасың толмаған ғой. Сен ауылға да керексің. Сайрап, жайнап тұрсың. Комсомолдық мінезіңде де мін жоқ. Қазір ауылдағы ер мұғалімдер түгелдерлік ел қорғауда. Оқушыға ер жігіт- тердің патриоттық белсенді рухы да керек. Ол жастардың жасық болмауыны әсер етеді. Қазір мұғалімдер жетпей жатыр. Ертең оқу бөліміне бар. Сен мұғалім боласың. Бағытын өздері түсіндіреді. Сырттай мұғалімдер даярлайтын курстарға жібергіземін. Оқу бөліміне өзім айтып аты жөніңді беремін-деп, арызын қабылдамай мектепке жіберген. Міне содан зейнетке шыққанша мұғалім болыпты. Алған атақ даңқ, марапат, медальдары жеткілікті. Өзі анау-мынау емес, «Сарысу ауданының Құрметті азаматы»-осы тұлғаны жарыққа шығарыңызшы,- деп қиылды. Қаншама шығармашылық жұмыстан бас көтермей жүрсем де елжанды. Жандарбек інімнің сөзін жерге тастай алмай қолыма қалам алдым.

…Біздің кейіпкеріміздің өмір жолы қиындықпен астасып, бірақ абыроймен жетістікпен өткен екен.Қайсар ұстаз өз жұмыстарына тәжірибелі ұстаздардың да тәжірибесін тиімді пайдалана білген. Жетістік сыры да соның нәтижесі болған.

1927 жылы Жайылмада қарапайым шаруаның от- басында дүниеге келген Байдаулет еті тірі болып ер жетті. Есейе келе үйдің, колхоздың барлық тірліктеріне қатысып, комсомолдық үлесін қосты. Белсенді жас болып қалыптасты.

1943 жылы 16 жасында Ленин атындағы мектепте бастауыш сыныбының мұғалімі болып еңбек жолын бастады. Елде мұғалім кадрларының тапшы кезі. Еңбек ете жүріп, Шымкенттегі мұғалімдер даярлайтын курста білім алды. Одан соң Алматыдағы қазақ педогогикалық институтын бітіреді.

1947-1950 жылдары талапшыл, іс тетігін жақсы менгерген жігітті білім бөлімі басшылары Жданов елді мекеніндегі Көркею бастауыш мектебіне меңгеруші етіп жіберді. 1950-52 жылдары Бакеңді білім сапасы төмендеп кеткен жон өңіріндегі Үшбас бастауыш мектебіне меңгеруші етіп жіберді. Алыс ауылда ұйымдастыру оқытудың жаңа тұрпатымен, еңбегімен көрінді. Кешікпей 1952 жылы танымалдылығы талайға үлгі бола бастаған Б.Зетовты Калинин жеті жылдық мектебіне меңгеруші, кешікпей 1952 жылы Коммунист жеті жылдық мектебіндегі оқу тәрбие жұмысының төмендеп кетуіне орай іскер басшыны сонда меңгерушілікке бекітті. 1956 жылы Ленин атындағы орта мектебіне оқу ісінің меңгерушісі, 1958 жылдан Қызылдихан жеті жылдық мектептің директоры болды. Аудандық оқу бөлімінің инспекторы, Октябрьдің 40 жылдығы атындағы мектеп директор, Ленин атындағы орта мектеп директордың орынбасыры қызметтерін 1987 жылға дейін абыроймен атқарды.

Педагогикалық жұмысында құрметке бөленіп аты қалды.Талай танымал шәкірттерді ұшырды. Олардың санын тізе берсек таңқалар едіңіз. Еңбегінің, жемісінің көрсеткішін десте-десте марапаттарынан қиналмай байқайсыз. Қазақ ССР-інің білім беру саласының озық қызметкері, Халық ағарту саласының үздік қызметкері, Ұлы Отан соғысындағы тылдағы ерлік еңбегі үшін медальдар, Ұлы жеңістің 40-50-60 жылдығына арналған медальдар, республикалық, облыстық, аудандық білім бөлімі мен аудан басшыларының Құрмет грамоталары, Алғыс хаттары мен «Сарысу ауданының Құрметті азаматы» төс белгілері марапатының бір шоқтығы.

Байдәулет ағамыз 10 бала тәрбиелеп өсіріп, Алтын алқалы Батыр ана Айжан апамызбен бақытты ғұмыр кешті. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған ұлағатты отбасы болды.

Міне, ел болашағы үшін білім саласында ұзақ жыл тынбай еңбек еткен, қалдырған ізі айтарлықтай аудандық мұғалімдер легінің мақтанышы болған.

Байдәулет Зетов өмірден өткенінше зейнет демалысында жүргенде де елмен білім бөлімінен қол үзбей ұрпаққа білгеннінше тәрбие беріп келді.

Бергентай НҰРМАХАНҰЛЫ

СССР Журналистер одағының және Қазақстан журналистер одағының мүшесі

«Сарысу ауданының Құрметті азаматы» Ауданның «Құрметті ардагері»

Leave A Reply

Your email address will not be published.