Еліміз жаңа кезеңге қадам басты
Тәуелсіздікті алу бар да оны мәңгі сақтап қалу бар. Бұл міндет әрине, оңай емес. Оны әлемнің көптеген мемлекеттерінің тарихынан жақсы білеміз. Қазақстан да егемендікке қол жеткізген елең-алаң шақтан бері талай қиындықтармен бетпе-бет келді. Ол түсінікті де. Өйткені, бұрынғы одақтас мемлекеттер арасындағы экономикалық байланыстар үзілген соң әр ел өз бетінше даму бағытын айқындады. Шүкір, еліміз өтпелі кезеңнің өткелектерінен сүрінбей өтіп, өсіп-өркендеп келеді.
Дегенмен, әр уақыттың өз сын-қатерлері болады. Сондықтан да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев геосаяси жағдайларды ескере отырып, жаңа бастамаларға ден қоюда. Оның ең бастысы «Әділетті Қазақстан» ұстанымы. Шынында да әділдік берік орнықтаған жерде сенім де, алға жылжу да болмайды. Осы тұрғыдан алғанда «Таза Қазақстан», «Заң мен тәртіп», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» сынды байыпты бастамалардың берері мол.
Бағамдап қарасақ, соңғы жылдары елімізде осы идеологиялық негіздемелердің нәтижесінде қыруар жұмыс атқарылды. Құқықтық нормалар қатаңдатылып, тәртіп жолға қойылды. Дегенмен, заңдарға енгізілген өзгерістер мен түзетулер кей жағдайларда бір-бірімен толыққанды үйлеспей, түбегейлі конституциялық реформаларды қолға алу талабын туындатты. Осылайша елімізде жаңа Ата заңды қабылдау бастамасы көтеріліп, Конституция жобасы көптің талқылауына ұсынылды. Осылайша жан-жақты саралаудан өткеннен кейін биылғы 15 наурызда жалпыхалықтық референдумда жаңа Конституциямыз қабылданды.
Тарих өздігінен қалыптаспайды. Осынау тағдыршешті кезеңде халқымыз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып ынтымақ пен бірліктің үлгісін көрсетті. Жасампаздық пен жарқын болашаққа деген ұмтылысын аңғартты. Мұны Президентіміз де айрықша атап өтті.
–Конституция – мемлекетіміздің ұзақ мерзімді мақсат-мұратын айқындайтын, ұлтымыздың келешек тағдырына тікелей әсер ететін тарихи құжат. Бұл – шын мәнінде Халық Конституциясы. Оның жобасы шамамен екі жыл бұрын пысықтала бастады. Кейін мұқият талқыланып, зерделеніп жазылды. Конституциямыз – табанды ұжымдық еңбектің нәтижесі.
Біз бүгін бір ел болып ұлт жылнамасының жаңа межесіне өттік, түбегейлі өзгерістердің сапасы және мазмұны ерекше бірегей кезеңіне аяқ бастық. Кеше ғана елімізде жалпыхалықтық референдум ойдағыдай өтті. Оған жұртшылық жаппай белсене қатысты. Азаматтарымыз өз таңдауын жасады, халқымыз бір кісідей жаңару мен жаңғыру жолын жақтап дауыс берді. Халқымыз Отанымыздың болашағы үшін өте жауапты сәтте жұмыла еңбек етті, ортақ іске орасан зор үлес қосты. Ұлы Абайдың «Бірлік – ақылға бірлік» деген өсиет сөзі осындай кезде айтылған болса керек,– деді Қасым-Жомарт Кемелұлы Конституцияны қабылдауға арналған салтанатты жиында.
Міне, халық қолдаған жаңа Конституция 1 шілдеде күшіне енді. Бұл– еліміз үшін тарихи сәт, маңызды бетбұрыс. Алда ауқымды өзгерістер күтіп тұр. Жасампаздық жарғысымен бірге жарқын жетістіктерге жете беретіндігімізге сенім мол.
Т.Бектөреева, ауданның
Құрметті азаматы, еңбек ардагері