РӘМІЗДЕР РУХЫ – КОНСТИТУЦИЯНЫҢ КҮШІ

0

Мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңба және Әнұран Қазақстан Республикасының дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі, мемлекеттің тәуелсіздігін білдіретін символикалық белгілері. Рәміздер – халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды нышандар.

«Мемлекет басшысы: «Ұлт рәміздері – Тәуелсіздігіміздің киелі бойтұмары. Елтаңба, Ту және Әнұран – мызғымас мемлекеттігіміздің белгісі. Қастерлі нышандарымыз Қазақстанның егемен ел, еңселі жұрт екенін жер жүзіне әйгілейді. Байрағы биік елдің рухы асқақ болады», – деп атап өтті.
Мереке күні аудандық мекемелерде жұмыс күні Мемлекеттік Гимнді шырқаудан басталып, орталық алаңда «Рәміздер рухы – Конституцияның күші» атты іс-шарамен жалғасты. Елдік пен егемендіктің басты белгілерін ұлықтаған бұл жиын аудан тұрғындары мен жастардың басын қосты.
Мемлекеттік іс-шара өтетін орталық алаң таңмен таласып көркем әсемделіп, ЛЭД экран мен баннерлерден Мемлекеттік Рәміздер көрсетілді. Алдыңғы шепте бірдей киім үлгісіндегі студенттер сап түзеп, көк туымызды желбіретті.
Оған аудан әкімі, аудан әкімінің орынбасарлары, құқық қорғау органдарының басшылары, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы, мекеме-кәсіпорын басшылары мен мамандары және жастар қатысты.
Жүргізушілер салтанатты фанфар үнімен сахнаға көтеріліп, жиналған қауымды Рәміздер күнімен құттықтады. Бұдан кейін алаңда «Көк тудың желбірегені» композициясы орындалып, көк туымыз көтерілді. Туды көтеру салтанаты Сарысу ауданының Құрметті азаматы, грек-рим күресінен спорт шебері Серік Ниязов, бокстан ҚР спорт шебері, Жамбыл облысының чемпионы, республикалық жарыстардың жеңімпазы Ғалымжан Ермекбаев және республикалық жарыстардың жеңімпазы, қазақ күресінен спорт шеберіне үміткер, Жамбыл облысының чемпионы Тұрар Бекасылға бұйырды. Мемлекеттік Елтаңба мен Ата Заңымызды сахна төріне салтанатты түрде енгізген сәтте жиналған қауым көтерілген көк байраққа қарап, Мемлекеттік Әнұранды бірге шырқады.
Тұрғындарды айтулы мерекемен құттықтау үшін сөз аудан әкімі Сәкен Үмбетұлы Мамытовқа берілді. Аудан басшысы өз сөзінде Рәміздеріміздің ұлттық мақтаныштың символы екенін атап өтті. Құттықтау сөзден кейін аудан басшысы аудан экономикасының дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарды Алғыс хатпен марапаттады.
Іс- шара концерттік бағдарламамен жалғасты. Сахна төрінде «Айжан қыз» және «Шабыт» би ұжымдары мың бұрала билеп, өз өнерлерін паш етті. Кейін жігіттер тобы «Көк тудың желбірегені», Мерейім Тұрысбек «Алға, қазақ жастары», Мөлдір Мусаева «Елім менің» атты әсем әндерімен көпшіліктің көңілінен шықты. Концерт соңында «Жаңа Қазақстан» әні асқақтай шырқалып, жиналған жұртшылық ерекше көңіл күймен тарасты.

Аяжан КӨБЕЙ, М. Х. Дулати атындағы Тараз университетінің 2 – курс студенті

Leave A Reply

Your email address will not be published.