Жазушы, өнертанушы Илья Жақановқа құрмет көрсетілді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Менің Жарлығыммен еліміздің ең жоғары атағы аса құрметті композитор, жазушы, өнертанушы Илья Жақановқа беріледі. Илья Жақанов қазақ мәдениетінің тұғырлы тұлғасы. Оның әуезді әндері, әдеби туындылары және зерделі зерттеулері ұлт руханиятына қосылған құнды қазына. Ол халқымыздың рухани байлығын еселеп, ұлттық музыка өнерін дамытуға өлшеусіз үлес қосқаны үшін Қазақстанның еңбек ері атанды», — деп, жерлесімізге үлкен баға берді.
Қазақстанның Еңбек Ері, Халықаралық Жамбыл Жабаев, Шыңғыс Айтматов атындағы сыйлықтардың иегері, Қазақстан және Қырғызстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, композитор, өнертанушы, суретші, абыз ақсақал Илья Жақанов кіндік қаны тамған құт қонған Сарысу жеріне атбасын тіреді.
Композитор — Илья Жақановтың 90 жас мерейтойына арналған шара ең әуелі Ақтоғай ауылында арнайы шығармашылық тұрғын үйдің салтанатты ашылу рәсімімен басталды. Тағылымды іс-шараға аудан әкімі, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, облыстық ардагерлер кеңесінің өкілдері, зиялы қауым, мәдениет және өнер қайраткерлері, ауыл тұрғындары қатысты.
Салтанатты рәсім барысында Жамбыл облысы әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев құттықтау сөз сөйлеп, Илья Жақановтың қазақ руханияты мен ұлттық өнерді дамыту жолындағы өлшеусіз еңбегіне тоқталды. Сонымен қатар, жаңа шығармашылық үйдің ел мәдениетіне қызмет ететін рухани ордаға айналатынын атап өтті.
Іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Илья Жақанов» қорының президенті Ерболат Саурықов та сөз алып, тұрғын үй құрылысына қолдау көрсеткен азаматтарға алғысын білдірді. Сондай-ақ, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев та даңқты тұлғаға жылы лебізін арнады.
Жаңа үйдің лентасын ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерболат Саурықов, еңбек ардагері Әбдіманап Көпбергенов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев салтанатты жағдайда қиып, жаңа үйдің кілті Илья Жақановқа табысталды. Ақ жаулықты аналар шашу шашып, көпшілік қауым қоныстой қуанышына ортақтасты.
Бұл шығармашылық үйдің бой көтеруіне ел азаматтары мен ауыл тұрғындары бірлесе атсалысып, туған жер перзентіне деген құрметтің айқын үлгісін көрсетті. Илья Жақанов — қазақ музыка өнерінің тарихын терең зерттеп, ұлттық мұраны кейінгі ұрпаққа жеткізген көрнекті тұлға. Оның «Жайлаукөл кештері» сынды халық жүрегінен орын алған әндері мен шығармалары қазақ мәдениетінің алтын қорына енген. Жаңа шығармашылық шаңырақ ұлт руханиятына қызмет етіп, кейінгі буынға тағылым беретін қасиетті орын болмақ.
Жерлесіміз Илья Жақановтың 90 жас мерейтойына арналған дүбірлі шара аудандық мәдениет үйінің алдында жалғасын тапты. Өнер иесінің «Жайлаукөл кештері» әні шырқалып тұрды. Илья Жақановпен бірге келген қадірменді меймандарды аудан жұртшылығы ыстық ықыласпен қарсы алды.
Қазақы киім киген қыздар Илья Жақанов пен жұбайы Тиышкүл апаға гүл шоқтарын ұсынды. Аудандық кітапхана қызметкерлері сазгердің қолынан салынған сурет көрмелерімен таныстырды. Аудан әкімі Сәкен Мамытов Илья Жақановқа ат мінгізіп, құрмет көрсетті. Айтыскер ақын Алик Бекмұсаев Сарысудың мақтанышына айналған аңыз тұлғаға жыр толғауын арнады. Ыстық ықыласқа толы шараны тамашалаған қонақтар аудандық мәдениет үйіне көңілді леппен беттеді.
Одан кейін аудандық мәдениет үйінде композитор, өнер зерттеуші, музыкатанушы, И.Жақановтың 90 жасқа толуына арналған «Сарысу төріндегі сырлы саз» атты көріністі, әдеби сазды кездесу кеші өтті.
Кешке ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерболат Саурықов, Жамбыл облысы әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері, зиялы қауым өкілдері, өнер және мәдениет қайраткерлері мен аудан тұрғындары қатысты. Шара шымылдығы «Айжанқыз» халықтық бишілер ұжымының «Шашу» биімен ашылды. Мұнан соң әдеби композицияда өлеңдер оқылып, «Сарысу» халықтық театрының «Ән болып жаралдым» көрінісі қойылды.
Шараға қатысқан аудан әкімі Сәкен Мамытов құттықтау сөз сөйледі:
— Үстіміздегі жылдың 6 мамырында сонау батыстың атырапты алқабы Атырау өңірінде бастау алып, осыдан бір апта бұрын Тараз қаласында жалғасқан Қазақстанның Еңбек Ері, даңқты тұлға, жерлесіміз — Илья Жақанов ағамыздың 90 жасқа толу мерейтой салтанатының қоңыраулы керуені бүгін қасиетті Қаратау бөктерінде туған жерінде жарасым тауып отыр.Қадірлі Илья аға, Сізді барша сарысулықтар атынан тоқсанның төріне шыққан бүгінгі мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Сізге зор денсаулық пен отбасы амандығын тілейміз, — деп Илья Жақанов пен жұбайының иығына шапан жауып, сый-сияпат жасады. Сонымен қатар, жуырда ауданымызда өткен «Сырлы жүрек сазы» атты Созақ, Талас, Сарысу аудандары аралығында өткен байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне бағалы сыйлықтар тапсырылды. Мұнан соң ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерболат Саурықов пен аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков те сөз сөйлеп, кештің маңыздылығына тоқталып, Илья Жақанов пен жары Тиышкүл апамызға арнайы сый- сияпат табыстады.
Кеш концерттік бағдарламаға ұласып, Жамбыл облыстық филармонияның әншілері Илья Жақановтың әуендерін әуелете шырқаса, аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары өнерлерін көрсетіп, көпшіліктің ықыласына бөленді. Әсіресе «Жайлаукөл кештері» әні шырқалғанда тебіренбеген жан болмады. Қазақ өнерінің алдаспанына арналған шара осылайша сән — салтанатпен өтті. Кештен соң қадірменді қонақтар арнайы әзірленген мерекелік дастарқаннан дәм татып, өнер иесіне ақжолтай тілектерін ағытты.
Сәулет ЕСҚАРА, «Sarysý»