Құлақтан үнің кетпестей, сыңғырла соңғы қоңырау!

0

Республикамыздың барлық мектептерінде мектеп бітіруші түлектер үшін «Соңғы қоңырау» салтанаты өтті. Мектеп – мол қазынасы мөлдіреп жатқан, сол мөлдір әлемнен өзіне керек асыл мен жауһар секілді баға жетпес, «білім» деген байлықты алып, өміріңе нәр беретін алтын ұя.

Қаламыздағы М.Әуезов атындағы мектеп- гимназиясында дәл осы көрініс орын алды. Оқу жылын үздікке аяқтаған оқушылар мақтау қағаздарын алып, жыл бойы үздік нәтижеге қол жеткізген оқушылар үздіктер шеруінде сап түзеді.
Салтанатты жиынға аудан әкімі Сәкен Мамытов, аудандық білім бөлімінің басшысы Жұбаныш Жарықбасов қатысты. Салтанатты шарада аудан әкімі Сәкен Мамытов:
-Құрметті ұстаздар, қадірлі ата-аналар, ардақты түлектер және оқушылар. Сіздерді оқу жылының аяқталуымен шын жүректен құттықтаймын.
Бұл күн – әрбір түлек үшін жүректе мәңгі жатталар, мектеппен қоштасудың ерекше сәті. Себебі дәл осы күні сіздер он бір жыл бойы білім мен тәрбие берген алтын ұя мектеппен қоштасып, үлкен өмірге нық қадам басасыздар. Бұл – ұстаздар үшін де шәкірттерін үлкен өмірге шығарып салып, маңдай терінің жемісін көретін мәртебелі мезет. Ал ата-аналар үшін – ұрпағының есейіп, биік армандарға жол тартқан қуанышты күні.
Мемлекет басшысы Қасым — Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Білім мен ғылым – ел дамуының ең басты кепілі» деп атап өткен болатын. Шын мәнінде, білім – ұлттың рухани тірегі, мемлекет болашағының іргетасы. Бүгінгі мектеп түлектері – ертеңгі инженерлер, дәрігерлер, ұстаздар мен ғалымдар, ел тізгінін сеніп тапсыратын азаматтар. Сондықтан алдарыңызда тұрған сындарлы жолдан қаймықпай, үлкен сеніммен, табандылықпен қадам басуларыңызға тілектеспін.
Бүгінгі таңда Сарысу ауданында білім беру саласы тұрақты даму жолына түсіп, тың серпінмен ілгерілеп келеді. Аудан бойынша білім бөлімінің қарамағында 48 білім беру мекемесі жұмыс істейді. Аталған мекемелерде барлығы 1871 педагог маман жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруде аянбай еңбек етуде. Биылғы түлектер арасында – «Алтын белгі» төсбелгісіне – 27, «Үздік аттестатқа» – 26 үміткер ұсынылып отыр. Өткен жылы «Алтын белгі» төсбелгісіне – 39, «Үздік аттестатқа» – 26 үміткер ұсынылған болатын.Сіздердің өлшеусіз еңбектеріңіздің, адал қызметтеріңіздің арқасында білім мен тәрбиенің шамшырағы сөнбей, жас ұрпаққа жарқын болашақтың жолы ашылуда. Ел Президентінің «Ұстаз – қоғамдағы ең ардақты тұлға» деген сөзі – Сіздердің биік мәртебелеріңізге берілген әділ баға. Өскелең ұрпаққа сапалы білім, өнегелі тәрбие берудегі табанды еңбектеріңіз үшін зор алғысымды білдіремін.
Қымбатты түлектер!
Мектеп қабырғасында өткізген әрбір сәт – өмір жолыңыздағы алтын қазына. Алда сіздерді жаңа белестер мен үлкен мүмкіндіктер күтіп тұр. Хакім Абайдың «Бес нәрсеге асық бол, бес нәрседен қашық бол» деген өнегелі сөзін өмірлік ұстаным ете білсеңіздер, болашақта алар асуларыңыз биік болмақ. Сіздерге мықты денсаулық, толағай табыс, сарқылмас шабыт тілеймін! Туған еліңе адал қызмет етіп, халқымыздың жарқын болашағына сүбелі үлес қосатын саналы азамат болып өсіңіздер.
Сыңғырлаған соңғы қоңырау үні – Сіздер үшін жаңа өмірдің бастауы. Бұл қуанышты күн жүректеріңізде мәңгі сақталсын,-деді.
Одан кейін аудандық білім бөлімінің басшысы Ж. Жарықбасов құттықтау сөз сөйлеп, мектеп бітіруші түлектерге жылы лебізін арнап, сәт сапар тіледі.
Сонымен қатар, мектепті алтын белгімен бітіруші түлектер шара барысында құттықтау сөз сөйлеп, ізгі лебіздерін білдірді.
Оқушылар әннен шашу шашып, мың бұрала би биледі.
Жиын қоңырау соғу рәсімімен және мектеп түлектерінің вальсімен аяқталды.
Айта кетейік аудан бойынша барлық білім ошақтарында соңғы қоңырау салтанаты өтті.
Жыл сайын еліміздің барлық өңірлерінде өтетін бұл шара көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлайтыны да рас. Өйткені, ақ бантик таққан арулар мен ақ жейделі ұлдар барлық шаһарлар мен өңірлердің сәні мен мәнін келістіретіні сөзсіз.

Сәулет ЕСҚАРА, «Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.