Құлпынай өсірген кәсіпкер
Аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Молдабеков Ақтоғай ауылына жұмыс барысымен барып, құлпынай өсірумен айналысып жатқан жас кәсіпкердің жұмысымен танысты. Айта кетейік жеке кәсіпкер Жарылқасын Ақжол қазіргі таңда 2 соттық жерге құлпынай көшеттерін отырғызып, кәсібін бастауда. Бейнеттің зейнетін көремін деген кәсіпкердің айтуынша, бұл – тек бастамасы ғана.
Алдағы уақытта шаруашылық көлемін кеңейтіп, өнім көлемін арттыруды жоспарлап отыр. Осы мақсатта «Ауыл аманаты» бағдарламасының 5- бағыты аясында жылдық 2,5% жеңілдетілген несие алуды көздеуде.
Жеке кәсіпкер Жарылқасын Ақжол: — Бұл қолдау оның кәсібін дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Ауылдағы мұндай бастамалар өңір экономикасының дамуына серпін беріп, тұрғындардың әл- ауқатын жақсартуға өз үлесін қосары сөзсіз, — дейді .
Бағбан жігіт құлпынай өсірумен 2 жылдан бері айналысады екен. Жеке кәсіпкердің айтуынша, құлпынайға аса бір ерекше күтімнің қажеті жоқ. Тек тұқымды жақсы таңдай білу, түбін жиі-жиі қопсыту қажет. Бұл – ылғалды сүйетін өсімдік болғандықтан уақытында суарып, арамшөптерден қорғау қажет. Тамшылатып суғару әдісімен құлпынай өсіру тиімді, аққан су далаға кетпей, әрбір қоршалған құлпынай көшетінің бойына ғана тамады.
Аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Оңғарбекұлы кәсіпкердің жұмысына сәттілік тілеп, ауданымыздың экономикасын дамытуға мұндай кәсіптің керегі мол екенін тілге тиек етті.
Жарылқасын Ақжол жылыжай салып, халықты көкөніспен қамтамасыз етуді де қарастыруда. Шаруа оңға басса бұл шаруаны да қолға алуға бейіл. Еңбекқор жігіттің таудай талабы кәсібінің игілігін көруге сендіре түседі.