Пернебай Дүйсенбиннің әдеби кеші туралы
Ағымдағы жылдың 31 наурызында Ақтау қаласындағы Қабиболла Сыдиықов атындағы Маңғыстау облыстық әмбебап кітапханасында көрнекті жазушы, журналист, қоғам қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Пернебай Дүйсенбинмен әдеби кездесу ұйымдастырылды.
Рухани кешке зиялы қауым өкілдері, жастар және әдебиетсүйер оқырмандар жиналды. Кеш аясында қаламгердің шығармашылық әлемі жан-жақты таныстырылып, оның тарихи-танымдық еңбектері – «Үркердей болып көшкен жұрт», «Шеркешнама», «Сарысунама» және т.б. кітаптарының мазмұны мен маңызы талқыланды.
Автордың ұлт тарихын зерделеудегі еңбегі мен әдебиетке қосқан үлесі ерекше атап өтілді. Кездесу барысында еркін форматтағы сұхбат өрбіп, қатысушылар жазушыға сұрақ қойып, пікір алмасты. Бұл өз кезегінде кештің мазмұнын байытып, оқырман мен автор арасындағы байланысты нығайтты.
Әдеби кездесу кешінде Қазақстан Журналистер одағының мүшесі және архив ісінің үздігі, тарих ғылымдарының кандидаты – Нұрмаханова Жанат Жанашқызы, физика және математика ғылымының докторы, академик Ахметов Қабылбек Қабиұлы ағамыздың әдеби шығармашылығы туралы сөз білдірді.
Сонымен қатар, Ұлы Отан соғысының тыл ардагері, Батыс өңірінің кен орындарын игерушілердің алғашқыларының бірі, Маңғыстау облысының ауыл шаруашылығы және құрылыс салаларының құрметті ардагері Каракульчиков Майдан Сымғалиұлы, белгілі қазақстандық журналист және жазушы, Атырау облысы, Индер аудандық «Дендер» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Жанай Амантурлин, Боранқұл ауылының ардагері, үзеңгілес інісі Құсайын Абылай Нақышұлы, «Шағырай» қоғамдық қорының директоры Жақсылықов Ерғали сынды азаматтар ізгі тілектері мен ниеттерін білдірді.
Жазушы Пернебай Дүйсенбин әдеби кездесу кешінде Маңғыстау облыстық әмбебап кітапханасына бірқатар кітаптарын табыстады.
1. Шығармалардың 4 томдығы;
2. «Қазақтан шыққан Кеңес одағының Ұлт батырлары» альбомы;
3. «Орақ, Шағырай» деректі кітабы.
Бұған қоса, Асанәлі Әшімұлының «Актермін мен, мың өліп, мың тірілген» атты кітаптары да кітапханаға сыйға тартылды.
Іс-шара соңында Пернебай Дүйсенбин жиналған қауымға алғысын білдіріп, мұндай кездесулердің рухани маңызына тоқталды.
— Ақтаудағы бұл кездесу мен үшін айрықша мәнге ие болды. Оқырманмен жүздесу – қаламгердің ең үлкен бақыты әрі жауапкершілігі. Осындай рухани кештер арқылы біз ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, тарихымызды тереңірек таныта аламыз. Кітапқа деген ықылас бар жерде руханият та биік болады. Бүгінгі жүздесуге келіп, қолдау білдірген барша қауымға шынайы алғысымды айтамын, – деді Пернебай Дүйсенбин.
Қуаныш БАЛЖАНОВ, Ақтау қаласы