Халықтың әл-ауқатын жақсарту- басты мақсат
Ауыл шаруашылын дамыту арқылы ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру – ел саясатының басым бағыты болып табылады.
Еліміздің экономикалық дамуында агроөнеркәсіп кешенінің, оның ішінде ауыл шаруашылығы саласының алар орны ерекше. Аталмыш салаға ауданымызда да көптеп көңіл бөлініп, қыруар тірліктер қолға алынып келеді.
Осы орайда, аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Молдабеков «Әділет», «Нұр-2000», «Бәйімбет», «Мұрат», «Ақтоғай» шаруақожалықтарының жай-күйімен танысып, төрағаларымен кездесті.
Аралау барысында атқарып жатқан жұмыстарын бақылап, бірқатар мәселелер бойынша тиісті нұсқаулар берді.
Тілге тиек етейік, аудандағы жалпы егістік жердің көлемі 25 619 гектар. 2026 жылдың өнімі 24 695 га алқапта ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарланған. Егістік жердің 97%-ы игеріледі. 2025 жылғы егістік алқабынан 1 546 гектарға жоғары. Шаруаларды тұқыммен қамтамасыз ету мақсатында облыс көлемінде және көршілес Алматы облысындағы тұқым сататын шаруашылықтардың байланыс номерлері мен тұқым бағасы туралы ақпарат алынып, шаруашылықтарға таратылды. Аталмыш сала бойынша тиісті жұмыстар жалғаса бермек.
Аудандық ауыл шаруашылығының берген мәліметі бойынша көктемгі дала жұмыстарына қатысатын техника саны-410. Оның ішінде 242 трактор, 87 соқа, 28 қопсытқыш, 85 дән сепкіш. Техникалар көктемгі дала жұмыстарына толық дайындықпен қатысуда.
Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге шаруалар тарапынан «Gosagro» ақпараттық жүйесі арқылы 901,4 тоннаға өтінім беріліп, энергетика министрлігі тарапынан 780 тонна дизель отыны бөлінді. Тарату бағасы 281 теңге.
Дизель отыны наурыз айындағы лимиті 260 тоннаға келісім-шарт жасалып, қаржысы аударылды. Қазіргі уақытта операторға 260 тоннасы жеткізіліп, шаруаларға таратылуда.
Ауданымызда ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамып, өндірістің барлық бағытында оң динамика байқалады. Мемлекеттік бағдарламалар мен жаңа технологияларды енгізу арқылы аграрлық сектордың тиімділігін арттырып, халықтың әл-ауқатын жақсарту басты мақсат болып қала береді.
Иә, алдағы уақытта ауданымыздың ауыл шаруашылығы саласын дамытуға арналған тиісті жұмыстар жалғасын таппақ.
Сәулет ЕСҚАРА, «Sarysý»