Сапалы білім – жарқын болашақ кепілі

0

Сарысу ауданы білім бөлімінің сектор меңгерушісі Кабулова Гүлдана Расулқызы

Білім беру жүйесінің басты мақсаты – оқушыларға сапалы әрі толыққанды білім беріп, олардың жан-жақты дамуына жағдай жасау. Осы бағытта мектептерде жүйелі жұмыстар жүргізіліп, білім сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Оқу жылының нәтижелері де білім беру саласындағы оң өзгерістерді көрсетіп отыр.
2025–2026 оқу жылының І тоқсанында 8765 оқушы білім алып, білім сапасы 66,4 пайызды құрады. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда небәрі 0,1 пайыз айырмашылықты көрсетеді. ІІ тоқсанда 8727 оқушы білім алып, білім сапасы 69,9 пайызға жетті. Бұл өткен жылдың ІІ тоқсанымен салыстырғанда 0,5 пайызға жоғары нәтиже.
Өткен 2024–2025 оқу жылында 11-сыныпты 470 оқушы тәмамдады. Оның ішінде 454 түлек ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, қатысу көрсеткіші 96,5 пайызды құрады. Аудан бойынша ҰБТ-дағы орташа балл 72,3 пайыз болып қалыптасты.
Түлектердің жоғары оқу орындарына түсу көрсеткіші де жоғары деңгейде. Атап айтқанда, 199 түлек мемлекеттік білім грантын иеленіп, еліміздің жоғары оқу орындарының студенті атанды.
Сонымен қатар, білім мен еңбектің нәтижесінде өткен оқу жылында 39 оқушы «Алтын белгі» төсбелгісін иеленсе, 26 оқушы үздік аттестатқа қол жеткізді. Ал биылғы 2025–2026 оқу жылында «Алтын белгіге» 28 оқушы, үздік аттестатқа 24 оқушы үміткер болып отыр.
2025-2026 оқу жылында 22 мектепте 11- сыныпта 418 оқушы білім алуда. Жыл басынан бері ҰБТ-ға дайындық жұмыстары «testcenter.kz», «edutest.kz», «SABAQ. ONLINE», «prob-ent.testcentr. kz» платформаларымен жүргізіліп келеді. ҰБТ ережесіне сәйкес, түлектер 5 рет ҰБТ тапсыра алады, оның ішінде 3-уі (қаңтар,наурыз,тамыз) ақылы,2-уі (мамыр,шілде) тегін. Мамыр,шілде айындағы тестілеудің нәтижесімен жоғарғы оқу орнына грантқа түсуге мүмкіндік бар.
2025-2026 оқу жылында ауданда 11 сыныпта 418 оқушының қаңтар айындағы ақылы ҰБТ-ге қатысқаны-366 (87,5%). Ауданның орта балы-64,3%,100 балдан жоғары 16,шекті деңгейден өтпегені-59.
Биылғы оқу жылында «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткер-28, үздік аттестатқа үміткерлер саны-24 оқушы.
Жылдық жұмыс жоспарға сәйкес, «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткерлерден жазба жұмыстары тоқсан сайын алынуда.
Жазба жұмыстарының қорытындысы бойынша кеткен кемшіліктермен түзету жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, бүгінгі күні пән мұғалімдері және «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткер оқушылармен пәндер бойынша өзара кері байланыс алып отыру үшін чаттар ашылған. Оқушыларға ұсыныстарына байланысты ауданның білім бөліміне қарасты тәжірибелі ұстаздардың қатысуымен, апта сайын жұма күндері «ZOOM» платформасы арқылы бейне сабақтар өтілуде.
Жалпы алғанда, білім сапасының тұрақты өсуі ұстаздар қауымының қажырлы еңбегі мен оқушылардың білімге деген құштарлығының нәтижесі. Алдағы уақытта да білім сапасын арттыру, оқушылардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасын таба бермек. Өйткені сапалы білім – ел болашағының берік негізі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.